Нау 05, 2016 10:42 Asia/Almaty
  • Діни жетекшінің Батыс жастарына арнаған екінші хатын сараптау

Ислам Революциясы жетекшісінің Батыс жастарына жазған екінші хатының бір бөлігі лаңкестіктің шыққан тамырлары және осы ортақ түйткілмен күресу жолдарын іздестіруге арналған.

Хазірет аятолла Хаменеи хатының басында былай деп жазды: «Францияда соқыр лаңкестік салдарынан орын алған ащы оқиға менің жастар, сіздермен тағы да сұхбаттасуыма себеп болды. Мұндай оқиғалардың сөздің негізін қалап отырғаны мен үшін өкінішті. Бірақ шындық мынада: егер қиын мәселелер пікірлестік үшін шара іздеуге негіз қаламаса, оның шығыны екі есе болады». 

Ислам Революциясының жетекшісі осы хатында Батыстың мәдени саясаттарының әсірешілдіктің өрістеуіне әсері туралы былай деп жазды: «Мен мәдени байланыстардың маңыздылығы мен құнын жоққа шығармаймын. Бұл байланыстар үнемі табиғи жағдайда қабылдаушы қоғамға құрмет негізінде орын алса, мәдениеттің дамуы, кемелденуі мен баюына септігін тигізеді. Ал керісінше, сырттан таңылған үйлесімсіз байланыстар сәтсіз әрі зиянды болады. ИСИМ сияқты қараниетті топтардың келімсек мәдениетпен осындай сәтсіз байланыстан туындағанын өкінішпен айтуым керек».

Хазірет аятолла Хаменеи әсірешілдік пен лаңкестіктің идеологиядан тамырланбайтынын қуаттап, хатының жалғасында былай дейді: «Егер түйткілдің шынымен-ақ идеологиялық негізі болса, бұдан бұрын да отаршылдық заманында осыған ұқсас құбылыстар ислам әлемінде орын алуы тиіс болды, бірақ тарих оған керісінше жайттарды көрсетіп отыр. Айқын тарихи айғақтар отаршылдық түсінігінің бір бәдәуи тайпасындағы экстремистік оймен аймаққа радикализмнің дәнін қалай сепкенін анық көрсетеді. Болмаса, әлемнің ақлақ пен адамгершілікке негізделген ең гуманизмді мектептерінің бірінен ИСИМ сияқты қоқыс қалай шығады?»

Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, жап-жасыл бақтарда арамшөптердің өскені сияқты тарих бойында да басты идеологиялық ағымдармен қатар экстремистік ағымдар да болды. Бірақ Исламның негізгі ой-пікірі бай мазмұнға ие болғандықтан, әрдайым экстремистік ағымдарды жеңіп келді. Арамшөптер ешуақытта Исламдық ойдың құдіретті ағашына нұқсан келтіре алмаған. Тарих отаршылдық дәуіріне дейін экстремистік ағымдардың Ислам әлемінде бүлдіргі ағымды қалыптастыра алмағанын көрсетеді. Алайда Ислам келгеннен кейін шамамен 12 ғасыр өткеннен соң Ұлыбритания өз отаршылдығын кеңейткен кезде исламдық мазхабтар одан теріс айналған ибн Таймияның әсірешіл ой-пікірі қайтадан жанданды. Өткен бағдарламада Ұлыбританияның ваххабилік сектаны жан-жақты қолдауы туралы айтып, осы отаршыл үкіметтің исламдық елдердің арасында алауыздық тудыру үшін ваххабилік Сауд әулетін екі рет жеңілістен кейін қалайша қайтадан билікке келтіріп, оның мұсылмандарға қарсы адам сенгісіз қылмыстарын қолдағанына тоқталдық.

Тарихқа жүгінсек, Арабстан құрылғаннан кейінгі 30 жыл ішінде саудиялық-ваххабилік әулеттің мүшелері Арабия түбегінде рақымсыздықпен он мыңдаған мұсылманды құрбан қылып, мыңдаған адамның дене мүшелерін бөлшектеп тастаған. Оған қоса, ондаған мың адамды қашуға және әлемнің басқа жерлерін барып мекендеуге мәжбүрледі. Олар ешуақытта өз отандарына қайтып оралмады. Ол кезде араб әлемі мен мұсылмандар Батыстың отаршыл алпауыттараның рақымсыз бақылауында болды. Саудиялық-ваххабилік әскер Британияның қарамағында болып, осы елдің досы саналғандықтан кез келген жазадан құтылып отырды.

Осылайша тәкфіршіл лаңкестік ағым отаршылдықтың көлеңкесінде өрістеді. Сауд әулеті мүшелерінің билікке қол жеткізіп, оның Арабия түбегінде өрістеуі және олардың Осман империясы бола тұра құдіретке қол жеткізуі тек отаршылдықпен байланысы және Британияның рөліне арқа сүйеу шеңберінде ғана мүмкін болды. Осман империясы құлағаннан кейін Британияның Сауд әулетін жан-жақты қолдауы аймақтың саяси болашағын толығымен өзгертті. Осылайша, бәдәуи көшпенді тайпасы 12 ғасыр бойы Ислам әлемінде қабылданбаған бүлдіргі экстремистік наным-сенімнің көмегімен күш-құдіретке жетіп, аймақта әсірешілдіктің дәнін септі.

Қазір ол кезден бері бір ғасырдан астам уақыт өтті. Саудиялық-ваххабилік билік өзінің ойдан шығарған нұсқасын нағыз Ислам ретінде таныстырып отыр. Басқа мазхабтағы мұсылмандарды кәпірлер әрі өлтіруге лайықты деп санайды. Әлемдегі мыңдаған ақпарат құралдары өздерінің барлық жарнамалық айла-шарғыларын қолданып, халықтардың санасында Исламның бейнесін саудиялық вахаббилікпен теңдестіруге талпыныс жасауда. Ваххабилік мүфтилер Сирия мен Ирактағы мұсылман әйелдер, балалар мен нәрестелердің қанын төгуге рұқсат ететін үкімдер шығарып, Ислам дінінің жан, мал-мүлік пен ар-намыстың құндылығы туралы барлық қағидаларына көзжұма қарап отыр. Тәкфіршіл лаңкестер сол ваххабилік мүфтилердің үкімімен түрлі қылмыстар жасауда. Арабстан бар күшімен әсірешілдікпен қарсыласу өзегіне соққы беру үшін лаңкестерді қаржылай және қару-жарақпен қолдауда. Ал Батыстың Арабстанға қатысты ұстанымы бұрынғысынша достық пен қолдау көрсету болып отыр. Хазірет аятолла Хаменеи хатының бір бөлігінде былай деп жазады: «Осындай тікелей қолдаудың қасында лаңкестік-тәкфіршілдердің айқын да танымал қолдаушылары саяси тұрғыдан ең артта қалған жүйеге ие болуларына қарамастан әрдайым Батыстың одақтастарының қатарынан орын алып келді. Бұл аймақтағы серпінді демократиядан шыққан алдыңғы қатарлы ең айқын ойлар рақымсыз түрде басып-жаншылып жатқан жағдайда орын алуда».

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ әлемдегі басым алпауыт ретінде Британияның орнын басқан кезден бастап Арабстанды АҚШ-тың виртуалды отары деп санап, ваххабилікті қолдау рөлін Ұлыбританиядан да айқынырақ жүзеге асыра бастады. АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон АҚШ Конгресінде сөйлеген сөзінде АҚШ-тың ваххабилік қозғалыстарды құрудағы рөлін ашық түрде мойындап былай деді: «Осы жерде қазір олармен соғысып жатқан адамдарды (Талибан мен әл-Каида) жиырма жыл бұрын өзіміз қаруландырғанымызды еске түсіргеніміз жөн. Себебі Кеңес үкіметіне қарсы соғыста қиыншылыққа тап болдық. Олар Ауғанстанды алды. Біз олардың Орталық Азияны бақылауына алғанына көне алмадық. Сол себепті біз де іске кірістік. Президент Рейган демократтар басқарған Конгреспен бірігіп, былай деген еді: «Пәкістанның қауіпсіздік күштері және әскерімен әріптестік жасап, моджахидтерді күш ретінде қолдану, Арабстан мен басқа жерлерден де көбірек адам күшін жинау және ваххабилікті бір исламдық ағым ретінде енгізу жақсы идея болып табылады. Осы жолмен Кеңес үкіметін жеңеміз!»»

11 қыркүйектегі лаңкестік шабуылдан кейін АҚШ-тың БАҚ-ның жарнамаларына қарамастан, қайтадан ваххабилік Сауд әулетін жан-жақты қолдай бастағаны белгілі. Саудиялықтар мен катарлықтар қомақты экономикалық және ақпараттық инвестиция салу арқылы кейбір еуропалық елдерде саяси және ақпараттық қолдауларға қол жеткізе алды. Осы лоббилердің ақпараттық қолдауы ваххабилік ағым мен саудиялық азаматтардың әл-Каида тобын құрудағы және 11 қыркүйек оқиғасындағы рөлінің жасырылуына себеп болды.

Сарапшылардың пайымдауынша, ваххабилік ағым АҚШ-тың исламдық түсініктерді Вашингтонның пайдасына қарай өзгертуге қатысты бұйрықтарын жүзеге асыруға міндеттелген тарап болып табылады. Әрқайсысы ахлақ пен адамгершілікке арқа сүйеген джиһад, шаһадат және қарсыласу сияқты жоғарғы түсініктер қазір жаңа отаршыл-үстемшіл саясаттар тарапынан бір жағынан Исламның бейнесін қаралау, екінші жағынан мұсылмандарды жаппай қыру құралына айналған. Шынайы Исламмен күресу үшін осыдан артық қандай жол бар? Ваххабилік шын мәнінде отаршылдықтың Исламның біртұтас үмбетіне қарсы қолданған «сиқырлы таяқшасы» болды.

Қазір АҚШ пен оның еуропалық одақтастары ИСИМ-ге қарсы коалиция құрып, лаңкестікпен күресу туралы уәж айтуда. Алайда, егер Батыс пен оның одақтастарының ақпараттық құралдарындағы жарналамарын ысырып қойсақ, шындық басқа жайтты көрсетеді. Ирактың халқы мен қарулы күштерінің қолбасшылары осы елдің солтүстігі мен батысында бірнеше рет коалиция ұшақтарының ИСИМ-ге логистикалық тұрғыдан және әуеден қолдау көрсеткендеріне куә болғанын мәлімдеді. ИСИМ-ге қарсы халықаралық коалицияның өз ұшақтарымен ИСИМ басып алған аймақтарда осы лаңкестік топ үшін азық-түліктер мен қару-жарақ жөнелткенін дәлелдейтін көптеген құжаттар мен бейнелер бар. ИСИМ-нің тәкфіршіл лаңкестері Израильдің жабдықталған ауруханаларында емделіп, осы режимнің жоғары дәрежелі қайраткерлері тарапынан қарсы алынады. Ирак Мәжілісі өкілдерінің бірі әл-Замели былай дейді: «АҚШ-тың ИСИМ-мен күресі өтіріктен басқа ештеңе емес. Себебі, егер АҚШ осы лаңкестік топпен шынымен күрескісі келсе, оны бір аптаның ішінде жойып жібере алады». Сарапшылардың пікірінше, АҚШ өзінің үстемшілік мақсаттарын ілгерілету үшін ИСИМ-ді қажет етеді.

Иран Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи Батыс жастарына арнаған екінші хатында Батыстың лаңкестікке қатысты саясаттары мен оның екіұшты ұстанымдарының арасындағы қайшылыққа тоқталып былай деп жазды: «Құрметті жастар! Мен сіздер қазір немесе болашақта өтірікке ластанған, алыс мақсаттарды жасырып, аяр мақсаттарды әрлеп көрсететін ойды өзгертеді деп үміттенемін. Менің ойымша, қауіпсіздік пен тыныштық қалыптастырудағы алғашқы кезең – қатігездік тудыратын осы ойды түзету болып табылады. Батыстың саясатында екіұшты өлшемдер үстемдік еткен уақытта, терроризмнің құдіретті демеушілер тарапынан «жақсы», «жаман» деп бөлінуі жалғасқанға дейін, мемлекеттердің мүдделері гуманитарлық және ақлақтық құндылықтарға негізделген күнге жеткенше қатігездіктің тамырын басқа жерден іздеудің қажеті жоқ».


Тегтер