Бақара сүресі, 1-5 аяты
Бақара сүресі, 1-5 аяты
Қасиетті Құранның екінші сүресі – "Бақара" сүресіне тоқталып, оның аяттарының аудармасы мен түсіндірмесімен танысамыз. "Бақара" – "сиыр" деген мағынаны білдіреді және Бәни Исраил қауымының сиыры деген дастанға қатысты. "Бақара" сүресі 286 аяттан тұрады және қасиетті Құранның ең ұзын сүресі. Бұл сүре "Әліф-Ләм-Мим" бөлшек әріптерінен басталады. Құранның бұдан басқа бірнеше сүрелері бөлшек әріптермен басталған. Тәпсір жасаушылардың көбі бөлшек әріптерді – Құранның ұлылығы мен кереметі деп есептейді. Жаратушы оның мәңгілік кереметі әліппенің осы қарапайым әріптерінен тұратынын көрсеткелі тұрғандай.
Ал енді осы қасиетті сүренің алғашқы аяттарын оқиық:
بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
الم ﴿۱﴾ذَلِكَ الْكِتَابُ لاَ رَيْبَ فِيهِ هُدًى لِّلْمُتَّقِينَ ﴿۲﴾
"Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен
Әліф-Ләм-Мим.(2:1) Міне осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші.(2:2)"
Бұрынғы ұрпақтардан бүгінгі адам баласына қалған ең бағалы мұралардың бірі – кітап. Кітап өзінің тілімен әлемге мол тағылымдар жеткізді. Алла тағала да өз Елшісіне адам баласы өмірінің толық ережелерін кітап түрінде сыйлады. Құдай Елшісі аяттар түскеннен бастап, халықты аяттарды жазуға, оны жаттауға шақырды. Ондағы мақсат аяттардың бұрмалауына жол бермеу еді. Құран - мәңгілік, әрі жол нұсқаушы Кітап болып табылады. Христиан ойшылы Кент Грейк былай деген: "Осы Кітап - бүгінде әлемдегі ең бағалы діни кітап".
Жоғарыдағы аятта Алла осы илаһи Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші дейді. Кімде-кім хақты тануға ұмтылса, осы Кітаптан мол мағлұмат ала алады. Нұрдың сәулесі таза әйнектен өтетіні секілді Құранның жол көрсетуінен нәр алу үшін адам тақуа болуы керек. Біз Құранның нұрын өз жүрегімізге түсіре алсақ, оның шексіз байлығын қолдана аламыз. Жаратушымыз аяттың жалғасында тақуаларды мадақтап, былай дейді:
الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ ﴿۳﴾والَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْكَ وَمَا أُنزِلَ مِن قَبْلِكَ
وَبِالآخِرَةِ هُمْ يُوقِنُونَ ﴿۴﴾
"Олар көмеске иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) пайдаландырады.(2:3) Олар саған түсірілгенге, әрі сенен бұрынғы түсірілгенге сенеді және ақыретке анық нанады.(2:4)"
Тақуа адамдар өзін тануда заттық әлеммен шектеліп қоймайды, өйткені адамның шектеулі сезімі - барлық жаратылысты түсінуге әлсіз. Тақуа адамдар иман мен наным-сенім аясында жаратылыс әлемі заттық әлеммен шектелмейтінін жақсы біледі. Тақуа адамдардың бір ерекшеліктері Аллаға иман келтіреді, намазды толық орындайды, Алла жолында мал-мүлкін сарып қылады, ғылым үйренеді. Тақуа адам намаз оқумен Құдайды еске алады. Рухани және психикалық мұқтаждықтарын қамтамасыз етіп, қауіпсіздікке қол жеткізеді. Өз табысының бір бөлігін кедей-кепшіктерге бөліп беріп, қоғамның гүлденуіне өз үлесін қосады. Осы аят бізге иман істен бөлек емес және Ислам қоғамдық өмірді басқаратын толыққанды дін деп нұсқайды.
Аяттың жалғасы, тақуалардың ерекшелігі - Ислам Пайғамбары Мұхаммед(с) пен одан бұрынғы пайғамбарларға түсірілгенге сенуі дейді. Иман дегеніміз – сенімнің жүректе орын алуы. Иманды адам наным-сенімдерін күдіктен тазартады. Иман мен сенімге ие болу адамның ақиқатты тануына көмектеседі. Осындай иман адамды күнәдан құтқарып, оны игі істерге бастайды. Осы аяттар адамдар Алланың өз елшілеріне түсіргеніне иман келтіріп, дінде келіспеушілік туғызбауы тиіс деп ескерту жасайды.
Тақуалардың ерекшеліктерін баяндайтын "Бақара" сүресі аяттарының осы бөлімінің соңында Жаратушы тақуаларды - құтылушалар және бақытқа қол жеткізушілер деп қуанышты хабар береді. Ал енді 5-ші аятты оқиық:
أُوْلَئِكَ عَلَى هُدًى مِّن رَّبِّهِمْ وَأُوْلَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ ﴿۵﴾
"Міне солар Раббылары тарапынан тура жолда және солар құтылушылар. (2:5)"
Осы қасиетті аятқа сәйкес тура жолдағылар Алланың нығметіне бөленеді. Адамның кәмілдіктің ең жоғарғы дәрежесіне көтерілуі - өз нәпсісін жеңе біліп, адамгершілік құндылықтарды өз бойына сіңіре білуіне байланысты. Өйткені, Алла көптеген аяттарында жаратылыс адам баласы үшін адамды жаратудағы мақсат оның ғибадат пен тақуалық арқылы кәмілдікке қол жеткізуіне мүмкіндік беру деп көрсетеді. Жаратушымыздан, жүрегіміздегі иман нұрын ұлғайтып, құтылушылардың қатарына бізді де қоссын, деп тілейміз!