Иранның танымал тұлғалары (107)
Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда өмір сүрген ирандық көрнекті жазушы, ғалым, астроном, математик әрі Құран тәпсіршісі Моулана Хосейн Ваез Кашефи жайлы сөз қозғаймыз.
Айтып өткеніміздей, «Моулана Хосейн Ваез Кашефи» деген атпен танымал Камаледдин Хосейн бен Әли Сабзевари бастауыш білімін Сабзевар қаласында алып, артынан Мешхед пен Герат қалаларына аттанды. Ол ұзақ жылдар бойы діни тағылымдар мен ақлақтық қасиеттерді уағыздап, үгіт‑насихат жасаумен айналысқан. Сұлтан Хосейн Байқара билік басына келіп, оның білікті уәзірі Әмір Әлішер Науаи өнер мен әдебиет майталмандарына қолдау көрсеткен соң Кашефидің орны мен танымалдығы арта түсті. Ұлы хадисшілер мен ғұламаларға берілетін уағыз бен құтпа жасау орны Гератта Кашефиге берілді.
Кашефи Джами арқылы Нақшбандия тариқатымен танысқан. Кейбір тарихшылар Кашефиді Нақшбандия тариқатының сопыларының бірі деп санаған, алайда оның туындыларына шолу жасағанда оның осы тариқатқа бет бұруының тек сопылық ағымдарға бет бұруымен ғана мағынаға ие болатынын көруге болады.
Ол Нақшбандия тариқатының басшыларының бірі қажы Абидулла Ехрардің де, Нуреддин Абдуррахман Джамидің де мүриді саналмаған. Кашефидің кейбір туындыларынан көрініс тапқан мистикалық ағымдар жайлы мағлұматтарға оның ғылыми қабілеттері әсер еткен. Бұл Ваез Кашефи тұлғасының осы қырын оның тұлғасының басқа қырларымен салыстырғанда өте солғындатып көрсетті.
Кашефидің қолымен жазылған, бізге жеткен және оның өмірбаяны жайлы көптеген дереккөздерде аталған көптеген туындыларының барына қарамастан, оның діні мен наным‑сеніміне қатысты көптеген бұлыңғырлықтар бар. Кейбіреулер оны сүннит, басқа біреулер шиіт деп санаған. Кейбір зерттеушілер бұл бұлыңғырлықтың себебін оның туған және өмір сүрген екі негізгі қаласы – Сабзевар мен Гератта деп санаған. Сабзевар қаласы – Кашефидің туған жері. Ол жылдар бойы сонда өсіп, Бейхақ пен Сабзевар қалаларының қазысы болған. Бұл қалада шиіттер тұрған. Кашефи елу жылдан астам өмірін өткізген Герат қаласы тұрғындарының басым бөлігі сүннит болған. Шәк келтіруге болмайтын мәселе мынада: Кашефи пайғамбар әулеті мен имамдарға ерекше ықыласпен қараған. Ол кез‑келген жерде мұны тура айтып отырған.
Иранның қазіргі заман тарихшысы Расул Джафариан бұл жөнінде зерттеп, маңызды нәтижеге жетті. Ол осы зерттеуде Иранның шығысында сүнниттердің бір тобының арасында пайғамбар әулетіне ынта танытатындардың бар екендігін айтқан. Олар «Он екі имамдық сүнниттер» деген атпен танылған. Джафарианның сенімінше, «7-8 ғасырлардан кейін осындай шиіттік сүнниттер арасында рәсім болған тәсіл бойынша, олар сөзді Құдайға мадақ, Пайғамбарға салауат айтумен бастаған. Бұл топ содан соң төрт халифтің атын атап, сосын пайғамбар әулетінен шыққан он екі имамды атаған». Моулана Хосейн Ваез Кашефи де өз туындыларында, әсіресе «Сұлтанның фотутнамесі» атты еңбегі мен «Роузат аш‑Шохада» атты еңбегінде осы тәсілді қолданған.
«Сұлтанның жауанмәрттігі» атты еңбегінде Ваез Кашефи адамдардың жомарттық шеңберіне кіру шарттарын баяндауда он екі имамның атын атау қажет деп санаған. Осы кітаптың кіріспесінде үш халифтің аты аталған. Кітапта он екі имамның аты бірнеше рет қайталанған. Қазіргі заман зерттеушісі Расул Джафарианның сенімінше, «Кітаптың тоғызыншы тарауы жауанмәрттікке арналып, жомарттықты ұстанушылардың ерекше рәсімі баяндалған. Бұл тарау Ваез Кашефидің дінін тануға көмектеседі. Ол бұл бөлімде жауанмәрттердің тәсілі мен рәсімдерін баяндап, осы рәсімде жомарттардың пірі тарапынан оқылатын екі құтпаны атаған. Бұл екі құтпа Кашефидің имамиттік шиіт болғанын көрсетеді».
Моулана Хосейн Ваез Кашефидің туындыларының арасында «Роузат аш‑Шохада» еңбегі бәрінен көбірек шиіттік реңкке ие. Бұл кітаптың басында пайғамбарлардың тарихы толығымен келтірілген. Содан соң ислам пайғамбарының өмірі баяндалып, артынан басқа имамдардың өмірбаяны келтірілген. Бұл кітапта Кербала тақырыбы басқа тақырыптарға қарағанда егжей‑тегжейлірек жазылған. Автордың кітапты жазудағы мақсаты осы Кербала болған. Уақыты келгенде осы кітапты таныстырып, талдайтын боламыз.
Кашефи еңбекқор адам болған. Ол парсы және араб тілінде көптеген прозалық және поэзиялық туындылар жазған. Оның еңбектері алуан түрлі, жанға жайлы және оқырман мен тыңдармандар үшін тартымды. Кашефидің туындыларының өзінің көзі тірісінде-ақ халық арасында таралғанын көрсететін көптеген белгілер бар. Оның еңбектерінің көбісі Османдар заманында түрік тіліне аударылып, сол жерде таралған. Мұнымен қоса, имамат пен велаят тақырыбына арналған осы еңбектердің діни қырына байланысты оның еңбектері парсы тілді аймақтың жер‑жеріне таралған. Х.қ.ж.с.б. 929 жылы, яғни Кашефи қайтыс болғаннан он тоғыз жыл өткен соң оның өмірбаянын жазған тарихшы Хантемір еңбектерін санамалап, халық арасындағы кейбір туындыларының танымалдығына сілтеме жасаған.
Иранның қазіргі заманғы зерттеушісі Саид Нафиси Кашефидің «Лаб әл‑Лабаб» атты еңбегіне кіріспеде оның 37 кітабының атын атаған. Доктор Ғұламхосейн Юсефи де ағылшын тіліндегі исламның үлкен энциклопедиясында Кашефидің 40 туындысын түрік немесе еуропалық тілдерге аудармасымен бірге атаған.
Ваез Кашефи еңбектерінің басты ерекшелігі – тілінің жатықтығы. Еңбектердің кейбірін уақыты келгенде талдайтын боламыз. «Ізгі ақлақ», «Роузат аш‑Шохада», «Фотутнаме‑е солтани», «Асрар‑е Қасеми», «Құран Кәрімнің тәпсірі» және «Джаваһер ут‑Тафсир» – осының барлығы Кашефидің еңбектерінің қатарына жатады. Дін, мистика, астрономия, оккульттық ғылымдар, тарих, тәпсір мен ақлақ саласында жазылған еңбектермен қоса, Ваез Кашефиден бізге бірнеше әдеби кітап жеткен. Бұл еңбектер Кашефидің әдебиеттің проза мен поэзия саласын жетік меңгергенін білдіреді. Ол парсы прозасын жақсы білген, шешендік өнерде де жеке көзқарасқа ие маман болған. Кашефидің «Махзан ул‑Енша» еңбегінің тақырыбы – хат алмасу техникасы. Оның бұл кітабында қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтарға арналған хаттардың жазылу үлгілері келтірілген.
Молла Абдуррахман Джами мен Әмір Әлішер Науаи сияқты өз заманындағы әдебиетшілермен араласу моулана Хосейн Ваез Кашефидің әдеби талғамына терең әсер еткені анық. Кашефидің туындылары көрсеткендей, оның бұл салада ауқымды танымы болған. Ол әдебиеттегі көркемдік құралдар жайлы «Бадайе ул‑Афлак фи Санайе ул‑Ашар» атты кітап жазған. Онда, сондай‑ақ, Моулавидің поэмаларынан екі үзінді бар. Олардың ең танымалы «Ләб ул‑Лабаб» деп аталады. Ол осы екі туындымен қоса, Моулавидің "Мәснауиіне" түсіндірме жазған. Кашефи өлеңді зерттеумен қоса, өзі де өлең шығарған. Алайда әдеби сыншылардың көзқарасынша өз заманындағы ортанқол ақындардың бірі саналған. Ал проза саласында Кашефи х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдың екінші жартысындағы ең көрнекті жазушылардың бірі саналады. Оның туындылары жазу стилі бойынша әдебиет саласындағы шәкірттерге үлгі болып қана қойған жоқ, осы техниканың ұстаздары үшін де еліктеу үлгісіне айналды.
Иранның қазіргі заманғы көрнекті зерттеушісі доктор Забихулла Сафаның Ваез Кашефидің жазу тәсілі туралы пікірі бойынша, «Кашефидің жазу стилі басқа мәтін немесе аударма мен араб тіліндегі мәтіндердің әсерінде болмаған. Кез‑келген жерде қарапайым, жатық және х.қ.ж.с.б. 9 ғасыры мен 10 ғасырдың басындағы жақсы мәтіндердің қатарына жатады. Кашефидің еңбектерінің көптігі оның мінберде сөз сөйлеп, уағыз айту кәсібі үшін тұрақты түрде зерттеу жүргізуді қажет еткенін көрсетеді».