Нау 31, 2017 14:29 Asia/Almaty
  • Иранға сапар (217)

Теһран қаласы бірнеше миллиондық тұрғыны мен ауыр кептелістермен қатар, географиялық жағдайына байланысты теңдессіз табиғи тартымдылықтарға ие. Мұнымен қоса, Теһран қаласының жауапты басшылары қаланың ішіндегі табиғи кеңістіктерді пайдаланып, қолдан саябақ жасауға талпыныс жасады. Бүгінгі бағдарламада осы саябақтардың бірқатарымен таныстырамыз.

Теһранның солтүстік‑шығыс жағында Лавизан ормандары ортасында «Құстар бағы» деп аталатын ең үлкен кешен орналасқан. Бұл кешен Иранның алғашқы құстар бағы болмаса да, ең үлкен әрі ең толық бақ болып саналады. Теһранның «Құстар бағы» шамамен 23 га аумақты алып жатыр. Таза табиғат аясында салынғандықтан әртүрлі құстарды сақтау үшін қолайлы кеңістік жасалған. Қазіргі таңда мұнда 55 түрге жататын 6500‑ден астам құс бар. Бұл кешеннің бірінші бөлігінде қазіргі қоршаған ортаға көбірек үйлесімді құстарды көрсетуге талпыныс жасалған. Теһранның «Құстар бағындағы» бірегей ерекшеліктердің бірі – құстардың еркін ұшып жүруі. Яғни, осы кешендегі құстардың 90  пайызы торда қамалмай, ашық кеңістікте өмір сүреді. Егер әдемі аққулардың жүзуін, бірқазандардың кішкене құстарды аулауын, фламинголардың бір аяқпен ұзақ уақыт бойы тұруын, түрлі түсті үйрек пен қаздардың балапандарымен бірге жүзуін осы күнге дейін тек деректі фильмдерден тамашаласаңыз, енді осы көріністердің барлығын құстар бағынан көретін мүмкіндігіңіз бар.

Теһранның Құстар бағы ерекшеліктерінің бірі – бақтың өте әдемі әрі теңдессіз жобасы. Құстар бағының аумағын екі жағын ағаштар мен гүлдер қоршаған тастан жасалған жолдар кесіп өтеді. Ағаш, қамыс пен сабаннан жасалған күркелер, әртүрлі жобадағы ағаш орындықтар, ағаш алашықтар, ағаштан жасалған жол белгілер, әдемі шағын субұрқақтар, ұтымды ойластырылған көлшіктер мен ағаш көпірлер – осының барлығы бақтың көрсеткіштері болып табылады. Мұнда жалпақ жапырақты және қылқан  жапырақты ағаштар да кездеседі. Осы бақта әралуан түрлі гүлдер де жыл маусымына сәйкес егіледі. Жалпы алғанда бұл бақтағы өсімдік жамылғысы Лавизан орманының өсімдіктері мен ағаштарынан бастау алады.

Құстар бағы «Дәштчар» және «Абчар» деген екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде торда ұсталатын немесе ұша алмайтын құстар өмір сүреді. Бірінші фазадан азырақ ауданды алып жатқан «Абчар» деп аталатын екінші фаза бақтың солтүстігінде орналасқан. Бұл фазада ұша алатын құстар бар. Бақ тотылар мен кептерлердің түрлерін ұстайтын жермен басталып, сөйлей алатын кейбір құстар «Қош келдіңіздер» деп сөйлеп, тамашалаушылардың назарын өздеріне аударады. Жол бойында жыртқыш құстар мен тау, дала мен су құстарын бір‑бірінің жанынан өздерінің табиғи ортасынан көре аласыздар. Тек тоты тұқымдастар мен жыртқыш құстар ғана торда сақталынады. Алайда бұлардың торлары олардың жоғары биіктікте ұша алатындай және барлық жерді көре алатындай жобаланып, жасалған. Құстар бағының соңғы аялдамасында африкалық және ирандық түйеқұстар өмір сүреді. Белгілі бір құстың түріне тиесілі әрбір тор немесе ашық вальердің жанында құстың аты мен ағылшын тіліндегі ғылыми атауы жазылған тақташа ілінген. Құстар бағының солтүстік бөлігінде жыртқыш құстар көңіл аудартады. Онда бүркіт тұқымдастардың түрлері бұтақсыз ірі ағаштардың үстіне қонақтап отырады. Осы тордан күшіген түрлерінің кейбірі де көзге түседі. Үкі мен сұңқардың түрлері де кішкене торларда ұсталады. Құстар бағының орталық бөлігінде жылы жақта тіршілік ететін құстар, соның ішінде қырғауыл, тауыс, бірқазан, фламинго және тағы да басқа құстар орналасқан. Бұл аумақ бақтың жоғары жағынан үлкен көлшіктер мен субұрқақтармен қоршалып, өте әдемі панорама тудырады. Бақтың оңтүстік жағынан да суда тіршілік ететін аты таныс құстарды, соның ішінде үйректер мен ақ және қара қуларды, қаздар мен тағы да басқа құстарды көруге болады.

Ардақты ағайын, біліп жүргендеріңіз жақсы, Теһранның құстар бағының бірінші фазасы х.ш.ж.с.б. 1392 жылы (2013 жылы) ашылып, іске қосылды. Теһранның құстар бағында тамашалаушылар үшін мейрамхана, атарба, алашық, электр машинасы жұмыс істеп, балалардың ойын алаңы салынған. Сонымен қатар, бұл бақта құстарды тексеру үшін карантин жарияланады. Өздігінен баққа ұшып келген барлық құстар мен халық тарапынан сыйланатын құстар бақылауға алынып, олардың денсаулық жағдайы тексеріліп, расталғаннан кейін ғана баққа кіргізіледі.

Ардақты ағайын, бүгінгі бағдарламаның екінші бөлігін Иранның «Миниатюра» мұражай‑бағын таныстыруға арнаймыз. Ол Теһранның шығысындағы Джанбазан даңғылының солтүстігінде 3 га ауданды алып жатыр. Иран жері құнды көне ескерткіштер мен көптеген мәдени мұраларға ие. Олардың кейбіреулері Дүниежүзілік мұра тізіміне тіркеліп, баршаға танылған. Теһранның «Миниатюра» мұражай‑бағында Иранның тарихи және туристік тартымдылықтарының кешендері шағын макеттер қалыбында су мен жасыл кеңістіктердің қосындысынан тұратын ортада жұрт назарына ұсынылған. Жалпы алғанда «Миниатюра» мұражай‑бағы қызығушыларға Иранның тарихы мен өркениетін таныстыруға арналған. Тамашалаушылар ол жерден ЮНЕСКО‑ның дүниежүзілік мұра тізіміне тіркелген Иранның көне ескерткіштерінің кейбіреуін көре алады.

«Миниатюра» мұражай‑бағында қойылған 12 макет ирандық өнер иелері тарапынан салынған. Тахт‑е Джамшид (Персеполис) қаласы, Чоғозамбил ғибадатханасы, Нақш‑е жаһан алаңы, Пасаргад сарайы, Тахт‑е Сүлеймен, Сұлтание күмбезі, Бам аркасы, Бистун жазба тақташасы мен шейх Сафаеддин Ардабилидің кесенесі «Миниатюра» мұражай‑бағында қойылған ескерткіштердің үлгілері болып табылады.

Мұнымен қоса, бұл кешенде әртүрлі бөлімдер, соның ішінде галерея мен кітапхана бар. Онда оқырмандар үшін көне ескерткіштерге қатысты кітаптар мен суреттердің толық топтамасы жинастырылған.

Ардақты ағайын, бүгінгі бағдарламаның соңғы бөлігін Теһранның әдемі сарқырамасын таныстыруға арнаймыз. Теһранның сарқырамасы – осы қаланың ең үлкен сауық‑сайран және туристік кешендерінің бірі. Бұл парк Альборз тауының етегін жандандырып, адам мен табиғат арасында қатынас қалыптастырып, табиғи құрылыс материалдарының көмегімен табиғатпен үйлестіріліп салынған. Теһранның сарқырамасына жету үшін Хеммат күре жолымен қаланың батысына қарай жүру қажет. Шәһид Бақери қалашығынан шығар жолға жеткенде жол белгісі сізге сарқырамаға қарай жол сілтейді. Содан соң жол бойында басқа белгілер оңайлықпен діттеген жерге жетуге көмектеседі.

Бұл сарқыраманың ең төменгі бөлігінде тұрып айналаға қарасаңыз, кешеннің ортасында тың да тыныш табиғаттың аясында тұрғаныңызды байқайсыз. Автотұрақ бөлігінен басталатын тас төселген баспалдақтар бірінші сарқырамаға баратын жолды жеңілдетеді. Осы жолдың басында сізге кездесетін бірінші аялдама – әдемі көлшік. Мұның өзі бір күндік сапардың соңында көптеген таңғажайып дүниелерді кездестіретініңдігізге үміт береді. Бұл көрініс басқа да сұлулықтарды көру үшін баспалдақтарды бірінен соң бірін басып өтіп, жер бетінен 200 метр биіктікке шығу үшін түрткі болады. Бұл жерде бірінші сарқырама орналасқан.

Осы сатыдағы алашықтардың біріне жайғасып, айналадағы үнсіздіктен ләззат алып, Теһранды биіктен тамашалай аласыз. Мұнда жан‑жағыңыздағы табиғи сұлулықтар жиектемеге салғандай көрінеді. Осы тұстан Читгяр жасанды көлін оңай көре аласыз. Егер табиғатттың дыбысына ғашық болсаңыз, көлшіктегі су мен сарқыраманың дыбысынан ләззат ала аласыз. Осы сұлулықтардың барлығына қараған кезде бұл жердің бүкіл табиғи кеңістіктерінің адам қолымен жасалғанын елестету қиынға түседі.

Теһранның сарқырамасы мен көлшіктерінің жолында ағып жатқан су «Латмал Кан» ормандары арқылы қамтамасыз етіледі. Теһран сарқырамасының ең жоғары бөлігінде «Суды бөлу мұнарасы» деп аталатын алашық бар. Бұл мұнара үлкен ағаш алашыққа ұқсайды. Оның ортасында кіші көлшік бар. Осы алашықтың айналасында орналастырылған орындықтар демалып, төмендегі панораманы көру үшін қолайлы жер болып табылады.

Теһран сарқырамасының ең биік алашығының жанында тұрып, әртүрлі биіктіктерде салынған үлкенді‑кішілі сегіз көлшікті көре аласыздар. Алғашқы үш көлшік шағын, ал келесі көлшіктер аздап үлкейеді. Барлық көлшіктер бассейн пішінінде салынған. Әрбір көлшік әртүрлі өсімдіктермен қоршалып, жаңа кеңістік тудырған.

Әрбір көлшіктің жанындағы көк лалагүл мен қызыл‑сары гүлдер табиғи көлшікті еске түсіреді. Сәл әрірек батпақ пен шалғынды жердің пальмаларын көруге болады.

Үшінші көлшіктің жанында кактустардың түрлері есте қаларлық көрініс тудырған. Сонымен қатар, америкалық сумақ, емен мен мого ағаштары тас төселген жолдарға көлеңке түсіреді.

Теһран сарқырамасынан түрлі тұт ағаштары мен мушмуланы көруге болады. Терек пен шырша сияқты ағаштар да осы табиғи паркте өз орындарын тапқан.  

Екі жол арқылы тауға шығып, көлшіктерге жетуге болады. Тас жол сол жақта орналасқан, ал екінші баспалдақты ирелең жол сарқыраманың оң жағында орналасқан. Тас төселген бұл жолдар қосалқы жолдармен көлшіктерге жеткізеді. Осы жолдардың арасында жіңішке арықтар салынған. Олар суды бақшалар мен көлшіктерге қарай бағыттайды. Теһран сарқырамасының жоғарыдағы алты көлшігі үлкенді‑кішілі арықтар арқылы бір‑бірімен байланысып жатыр. Сондай‑ақ, бұл көлшіктердің арасындағы биіктіктің айырмашылығына байланысты су жолында сарқырамалар қалыптасқан. Олардың ең биігі – шамамен 10 метр.

Көлшіктер мен арықтардан басқа Теһран сарқырамасының келесі тартымдылығы тас мұнаралардың үстіне салынған алашықтар болып табылады. Бұлар – шын мәнінде демалу үшін қолайлы күркелер. «Ұлу» немесе «Кептер» мұнарасы деген атпен танымал мұнара үштік мұнарадан жоғарырақ орналасқан. Осы мұнараның атынан мәлім болғандай,  оның басына жету үшін спираль пішіндес тас баспалдақтарды басып өту керек. Бұл баспалдақтың соңында кептерлердің ұясынан басқа ештеңе жоқ. Алашықтардың барлығы өте берік ағаштан жасалған. Мұнараның қабырғаларына құстардың ұялары ілінген. Бұлар Теһранның сарқырамасында тіршілік ететін торғайлар үшін тұрақты мекен болып табылады. 

Тегтер