Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (69)
Низамиді шын мәнінде парсы әдебиетіндегі лирикалық поэзияның ең танымал ақыны деп санауға болады.
Көптеген зерттеушілер мен низамитанушылардың, соның ішінде доктор Саид Хамидианның пікірі бойынша, «Фердоуси эпикалық поэмалардың атасы саналса, Низами лирикалық өлеңдер саласында парсы тілі мен әдебиетіндегі ең биік тұлға саналады».
Низамиден қасидалар мен ғазалдар жинығынан басқа бес поэма қалған. «Махзан ул-Асрар», «Ләйлі-Мәжнүн», «Хосроу-Шырын», «Жеті сұлу» мен «Ескендірнама» – «Бес қазына» деген атпен танымал Низамидің лирикалық және хикметтік поэмалары. Олардың көбі әлем әдебиетіне де жол тауып, ирандық және шетелдік зерттеушілер тарапынан аударылып, сыналып, соларға қатысты көптеген тәпсірлер жазылған.
Низамидің заманы мен одан кейінгі кездегі олардың поэмаларына еліктеген немесе оның туындыларын талдаған ақындар мен ойшылдардан басқа соңғы бір-екі ғасырда да Еуропа мен әлемнің басқа елдерінде Низами туралы зерттеулер мен сын мақалалар жазылды, бірқатар адамдар оның туындыларын басқа тілдерге аударды немесе сын білдірді.
Англиялық Вильям Джонс, Фон Хаммер Пургшталь, Хельмут Рейтер, германиялық Вильям Бахер, италиялық Итало Питзи, ресейлік Евгений Эдуардович Бертельс, Абдулманам Хосейнин және басқа да зерттеушілер мен аудармашылар Ираннан тыс жерде Низамидің туындыларын талдап, сынап, аударған адамдардың қатарына жатады.
Низамидің поэмалары мазмұн бойынша әртүрлі болғанымен бір-бірімен геометриялық дәлдікте үйлескен бөлшектердің жиынтығы болып табылады. Әрбір поэма Алла мен оның елшісін мадақтау және туындыны жырлаудың себебімен басталып, содан соң негізгі тақырыптар мен оның түпкі мақсаты баяндалады. Әрбір поэманың мақсаты әрқилы.
Низамидің танымал «Бес қазынасындағы» бірінші поэма «Махзан ул-Асрар» деп аталады. Низами бұл кітапты жас шағында жырлаған. Дегенмен ол кезде ақын үшін ақыл ғашықтықтан жоғарырақ болған. Шын мәнінде ол осы кезеңде ақылдың аяғының ағаштан жасалғанын түсінгенге дейін оны илаһи танымға жетудің ең жақсы құралы деп санаған. Бірақ кейін бұл ойдан бас тартып, илаһи ақиқатқа жетудің жалғыз жолы ғашықтық деген түйінге келген.
Әдеби сыншылардың сенімінше, Низами «Махзан ул-Асрар» поэмасын жырлау кезінде Санаидің туындыларына көңіл бөлгенімен, оның туындысы өзіндік ерекшелікке ие. Низамидің «Махзан ул-Асрар» поэмасы біртұтастық пен баяндау тәсілі тұрғысынан көп жағдайда Санаидің «Хадиқатынан» мықтырақ. Мазмұн тұрғысынан да Низами ақлақтық және жағымды көзқарастарға ие және зұлымдықпен күресті қолдайды деп айтуға болады. Ал бұл жағдайда Санаи мистикалық және теориялық мәселелерге жақын болғандықтан зұлымдықты қабылдауға, оған төзуге шақырды.
«Махзан ул-Асрар» – уағызға толы әңгімелерден тұратын ақлақтық шығарма. Адам – оның басты өзегі. Бұл поэма тәлім-тәрбие мен мистика сарынында жазылған. Низами бұл туындысында өте күрделі тілмен астарлап сөйлеген. «Махзан ул-Асрар» – Низамидің 2400 бәйіттен тұратын ең қысқа поэмасы. Бұл поэмада кіріспеден кейін 20 бөлім бар. Олардың әрқайсысы «мақала» деп аталады. Онда Низами адамның нәпсісіне қаратып ақлақтық және мистикалық мән-мазмұндарды баяндап, әрбір тақырыптың соңында жақсырақ түсіну үшін оның мазмұнын аша түсетін хикаятты баяндайды. Бұл хикаяттарда бұлыңғырлықтар болғанымен, поэманың басқа бөліктеріне қарағанда жеңілірек, көбіне аллегория немесе мысал әңгімелер қолданылған. Низами осы тәсіл арқылы шын мәнінде өзінің тақырыптарын жалпақ жұртқа түсініктірек жеткізген.
Мысалы, Низами «Махзан ул-Асрар» кітабының 9 бөлігінде оқырманға талпынысты сақтап, дүниеге тәуелділіктен арылу қажеттігіне кеңес беріп, оларға істің ақырын ойлап, о дүниеге дайындалуды ескертеді.
Низамидің көзқарасынша, бұл дүние тыным табатын жер емес, адам алдындағы «дүние» атты кең сахараны қаласын, қаламасын, басып өтуі қажет. Сондықтан ол осы ұзақ жолды жүріп өту үшін бір тұлпар табуы тиіс. Низамидің сенімінше, осы дүниеден өтуге көмектесетін тұлпар діннен басқа ештеңе емес:
Қашанғы қайғыра бересің,
Тұр да, ізгіліктің туын көтер,
Егер ер болсаң, жолға шық.
Сапарға аттанғаның дұрысырақ,
Өзіңнен бұрын сыртқа жібер,
Өзіңнің ертеңгі жүгіңді қазір жібер...
Бұл даланың тұлпары – дін,
Бұл істің шарасы – осы.
Содан соң Низами өзінің сөзін жақсырақ түсіндіру үшін тақуа туралы әңгімені баяндайды. Ол мешіттен шарапханаға барып, содан тәубесіне келіп, ластықтан алшақтап, дін мен ғибадатқа қайта бет бұрған еді.
Низамидің көзқарасынша, адам – шексіз қабілеттерге ие мақтауға тұрарлық тіршілік иесі. Оның ойынша, егер адам іс жүзінде періштедей әрекет етіп, таным-түсінік тұрғысынан құдайдай болса, әлемнің сұлулығының мәйегі әрі тіршілік иелерінің мақтанышына айналады. Ол адамның санасы, зеректігі мен өнеріне терең сеніп, бұларды адамды басқа тіршілік иелерінен ерекшелендіретін басты белгі деп санайды. Сол себепті «Махзан ул-Асрардың» кіріспесінде шешендік ғылымының орны мен адамның мәртебесі жөнінде сөз қозғаған. Низами адамның барлық тіршілік иелерінен жоғары екендігін оның есіне түсіруді көздеген сияқты. Оның сенімінше, адамның денесі мен жаны жерлік және аспандық элементтердің қосындысынан тұрады. Ол өзінің ақындық тілімен адамның екіқырлы болмысының бетпердесін ашуға тырысқан. Низами адамның сыртқы болмысын тек аздаған топырақ пен бірнеше тамшы су деп санап, оның болмысындағы биік рухани қасиеттерді бейнелеуді жақсы көреді.
Жалпы алғанда Низамидің көзқарасында адам – басты өзек, орталықта орналасқан; басқа құбылыстар оған қарай, онымен қатарлас, онымен тікелей байланыста қозғалады. Шын мәнінде ақын барлық оқиғалар мен мүмкіндіктерді пайдаланып, адамның назарын оның рухани әлеміне, өзінің шынайы кемелдік жағдайына аударуға талпынады. Низамидің көзқарасынша, адамның психикасы дүниеқоңыздық, нәпсіқұмарлық пен күнәшілдікке салынып, тот басып, Құдайдың берген үлгісінен шығып кеткен айна сияқты, сол себепті өзінің шынайы табиғатына қарсы әрекет етеді. Низами «Махзан ул-Асрарда» осы тоттарды адамның болмыс-бітімен тазартуға тырысады.
Қазіргі заман әдебиетшісі әрі зерттеушісі доктор Абдулхосейн Зарринкуб «Махзан ул-Асрар» кітабы мен оның тақырыптық ерекшеліктері туралы былай дейді: «Низами «Махзан ул-Асрарда» өзінің ащы, өткір әрі сөгіске толы сөздерін әрбір бөлімнің соңында қысқа да мағыналы әңгімелер келтірумен тартымды етті... Бұл хикаялар мен мақалалар Гяндже ақынының жастық шағындағы түнгі оқшауланулар мен ұзақ жылдардағы тақуалығы кезінде бойына сіңірген жүрек тебіренісі болып табылады».
Низами «Махзан ул-Асрарды» жырлауда Санаидің туындыларына, әсіресе оның «Хадиқат ул-Хақиқатына» көңіл аударған. Сол замандағы Санаи туындыларының танымалдығы мен қабылдауға ие болуы Хақани, Низами мен Заһиреддин Фариаби сияқты шайырларды ақындық тәсілде Санаидің жолымен жүріп, оның зерттеу және тәлім беру тәсілін өздерінің туындыларында көрсетуге ынталандырды.