Иранның танымал тұлғалары (120)
Бүгінгі бағдарламада Абуталеб Калим Кашанидің өлеңдеріндегі саяси-әлеуметтік мәселелердің көрінісін талдаймыз.
Айтып өткеніміздей, Абуталеб Калим Кашани Аббас шах Сефевидің заманында өмір сүріп, Шахжаһан Гурканидің сарайында «Малек аш-шоара», яғни шайырлардың патшасы болған. Калим Кашанидің өмірбаяны оның туындыларының тасасында қалғандықтан, басым бөлігі әлі белгісіз. Жас кезінде Сефевилер заманындағы көптеген әдебиетшілер мен ақындар сияқты Үндістанға барып, Шахжаһан Гурканидің сарайына жол тауып, «Малек аш-Шоара» деген лақап атқа ие болып, х.қ.ж.с.б. 1061 жылы Үндістанның Кашмир қаласында дүние салды. Оның қабірі Саринегарда «Кашмир мазарлары» деген атпен танылған жерге қойылған. Өткен бағдарламада Сефевилер заманындағы саяси-әлеуметтік жағдайға тоқталып, Калим Кашанидің осы әулеттің алты шахының тұсында өмір сүргенін айттық. Сол заманда сарай маңындағылар ақындар мен ақындыққа көңіл аудармағандықтан, поэзия халықтың арасына келді. Бұл әдеби тілдің беріктіктен айырылуына себеп болды. Сол заманда танымал ирандық ақындардың бір тобы көрші елдерге аттанып, Үндістан мен Даккадағы сұлтандардың сарайының көркіне айналды.
Калимнің өлеңдері Сефевилер заманын шынайы күйінде көруге болатын айнадай. Калим қоғамтанушы сынды өлеңнің арнайы бір саласында ғылыми қоғамтанудың сараптамалық тәсілдерін пайдаланып, өлеңдерінде қоғамды көрсетуді мақсат етіп, халықтың барлық қиындықтарын баяндаған. Калим өлеңдерінде сыбайлас жемқорлық, зорлық-зомбылық, халықтың құқығын аяққа таптау, билеушілердің сауық-сайран құруы мен әлеуметтік ауытқушылықтарды баяндаған. Ол шах билік етіп, халықтың жаны мен малына ие болған кезеңде өмір сүрген. Калимнің айналасындағы дүние рақымсыз болған. Онда семсер абсолютті түрде билік еткен.Калим сол замандағы билеушілердің саясаттары салдарынан шарықтаулар мен құлдырауларды басынан өткерген Иранның жағдайын жақсы түсінген. Оның сенімінше, рақымсыздық заманның кең тараған сипаты болған кезеңде өлім – өмірдің жалғыз шешім жолы, ал өлім періштесі – жер бетіндегі ең мейірбан мақұлық.
Тынышсыздық, текетірес пен екіжүзділіктің таралуы, қадірлі адамдарды қорлау, пәс әрі тексіз адамдардың жоғары орындарға табан тіреуі, сөздің, өлең мен ақындардың қадірлерінің түсуі, қоныс аудару мен бөгде елдерде тұру Калим Кашани кезінде болған қиындықтар мен ауыртпашылықтардың қатарына жатады. Осының барлығын Калимнің өлеңдер жинағынан көруге болады. Бұл жинақтан әртүрлі әлеуметтік органдарды тауып, соларды зерттеу арқылы ақынның заманындағы саяси-әлеуметтік кеңістікті түсінуге болады. Калим өлеңдерінің мазмұндарына шолу жасағанда оның жинағында діннің, үкімет пен тәлім-тәрбиенің көріністерінің басқа органдарға қарағанда көбірек екенін байқауға болады. Калимнің көзқарасынша, ақындардың сарайдан қуылуымен қатар жүрген заманда үнсіз қалып, адам өз тілегіне жеткісі келсе, икемге келетін рухқа ие болып, көп жағдайда өзін надан етіп көрсетуі керек. Калимнің көзқарасынша, қоғамды жайлаған зорлық-зомбылық салдарынан халық торға қамалған құс сияқты. Олар ешкімнен көмек сұрай да алмайды:
Үндеме, көріп тұрсың ғой.
Қаламның тілі болғандықтан,
Басы қатерде.
Калим өз заманына налиды. Өйткені, Иранда өз ақындығынан пайда көре алмады. Ол әдебиет саласындағы адамдардың жағдайы нашар заманда өмір сүрді. Оның көзқарасы бойынша, егер Иранда ақындардың көбінің сөзін қажет қылған адам болмаса, бұл ақындардың сөздері құнсыз дегенді білдірмейді, сөз түсінетін адамның болмағанын көрсетеді. Оның ойынша, ел басқарып отырған адамдар ақындар мен сөз шеберлерінің қадірін білмейді. Карим өз өлеңдерінде құйын заңы жайлаған заманды сипаттаған. Бұл заңға сәйкес, шөп-шаламнан басқа ештеңе жоғары көтерілмейді. Сауатсыз әрі екіжүзді адамдар билік басында отырады, ал мәдени қайраткерлер мен ойшылдар бөгде елдерге босып, қиындыққа душар болды:
Өз отанында мұраттардың дәні көктегенде,
Калим босқа сапар шекпес еді.
Калимнің заманында көптеген ақындар мен ғалымдарға қысым жасалды. Сол себепті ол «Отанымда жанға жайлы жағдай жоқ» деген.
Калимнің өлеңдерінен сол заманда қандай адамдардың билік басында болғанын түсінуге болады. Бұл адамдар діндарлық туралы уәж айтса да, күнә жасап, жемқор болып, өздерін халықтың жаны, малы мен намысының иесі санаған. Тақуалар мен олардың ойлары мен іс-әрекеттері – Калим Кашанидің өлеңдер жинағының ең маңызды мазмұндарының бірі. Бұл топ діни киіммен халыққа тиісіп, қоғамда жалған ырым тудырған. Олар жалған наным тарату арқылы халықтың ой-санасын аспан денелерінің адам тағдырына әсері сияқты мүмкін емес, қияли мәселерге сеніп, соны қорғауға дайындаған.
Сефевилер заманында жүргізілген саясат пен діни қақтығыстардың болуы, мәдени және ғылыми орталықтардың жойылуы салдарынан бұл замандағы ақындардың хабардарлық аясы өте тар болған. Бұл кезеңде әдеби білім мен ауқымды жалпы мәліметтерге ие ақындар саусақпен санарлықтай болды. Тіпті, олардың кейбіреулері парсы тілінің грамматикасын білмейтін. Калимнің көзқарасы бойынша, надандықтың таралуы ұсақ әрі таяз адамдардың өздерін «феникс» құс сияқты санауына себеп болды. Калим Кашанидің сенімі бойынша, ол өмір сүрген заман сұмпайы адамдарды тәрбиелеген, төмен отыратын адамдардың көбі төрге шыққан, ғазал мен мистикалық поэзия бұл дәуірде қолдаусыз қалған. Өйткені, Сефевилер әулетінің шахтары мұның екеуінен де алшақ кеткен еді.Калимнің көзқарасы бойынша, Сефевилер заманында өнер иелеріне аса көңіл бөлінбеді. Өнер мен ғылымның өскіндерінен жапырақ өсіп, жеміс шықпады. Оның ойынша, бұл заманда кеудесінде өнер нұры бар кез келген адамның тағдырдың тәлкегіне түсетіні соншалықты, тіпті алдында жатқан дүниені көруден қалады:
Кемелдікке жеткен әрбір адам қорлық көреді
Ия, піскен жеміс жерге түседі.