Тәкфиршіл ағымдардың идеологиясы мен әрекеттерінің негіздеріне шолу 19
Сүннит ғұламалары мен ойшылдарының лаңкестік тәкфиршіл ДАИШ тобы туралы ой-пікірлері
Мысырдың әл-Азхар университетінің ректоры шейх Ахмад әл-Тайиб мұсылман ғұламалары кеңесінің отырысында ДАИШ лаңкестерінің зорлық-зомбылықтары туралы: «Бұл зорлық-зомбылықтардың Исламға ешбір қатысы жоқ. Сол қылмыстар мен бомбалауларды және қиратуларды іске асыратын адамдарды қылмыстарын іске асырған кезде «Аллаһу акбар» деп айғайлағандары үшін Исламға қатысты деп санау – айқын зұлымдық және анық кемсітушілік. Бұл құбылыс хазірет Ибрахим діндерінің ешбіреуінің, яғни ешбір монотеистік дінге қатысты емес. Лаңкестік – дінді майдан ретінде пайдаланатын психикалық ауру, ақыл-ойдың кемдігі»,- деді.
Әл-Азхардың уәкілі доктор Аббас Шуман де: «Біз әл-Азхарда сан рет ДАИШ-тың мұсылмандар мен жазықсыз адамдарды өлтіруі мен христиандарды көшуге мәжбүрлеуі мен езидтерді қорлап, өлтіргенін айыптадық. Өйткені, исламда мазхабтар үшін азат кеңістік қалыптасқан. Егер олар біздің наным-сенімдерімізге шабуылдамаса, бізге қарсы қылмыс жасамаса, бұл барлық қарсыластарға қатысты» деді. Мысырдың Бас мүфтиі ДАИШ туралы айтқан сөзінде ДАИШ тобының Ирактағы әрекеттерін жиһад емес деп атады. Ол исламның жолдауын әлемдіктер үшін рақым мен мейірім деп таныстырып: «Экстремистік әрекеттерді зерттеушілер экстремистердің өздерін ақтау үшін айтатын сөздерінің Исламның шариғатымен ешбір қатысы жоғын түсінеді. Зерттеулер бойынша ДАИШ тобы Құран аяттарының бірін қате сараптап, өз мүдделеріне пайдаланды»,- деп түсіндірді.
Мысырдың исламдық зерттеулер одағының мүшесі, мұсылман ойшыл Мұхаммад әш-Шаһат әл-Джунди: «ДАИШ – зорлық-зомбылық пен қырып-жоюды өзінің негізі етіп таңдаған және өз қаруын мұсылмандарға қарсы көздеген лаңкестік топ. Бұл әрекетке исламда тыйым салынған. ДАИШ өзін сүнниттердің өкілі деп таныстырғанымен, негізінде сүннит мұсылмандардың өкілі емес. Өйткені, сүнниттер еш уақытта шиіттермен соғысып, күреспейді. Сондықтан бұл мәселе олардың Иракты бейберекеттіктерге тіреуіне сылтау бола алмайды»,- деді.
Каирдың орталық болуы мен әл-Азхардың сүнниттер арасындағы беделінің жоғары болуына байланысты Мысырдың сүннит ғұламаларының көзқарасы өте маңызды саналады. Әлемнің әртүрлі елдеріндегі сүннит ғұламаларының көбі әл-Азхарда білім алған. Басқа мұсылман елдерде де сүннит ғұламалары ДАИШ-тың болмысы мен қылмыстары туралы өз пікірлерін білдірді. Пәкістандағы әл-Азхар одағы бөлімінің басшысы шейх Сахебзаде Азиз: "ДАИШ лаңкестік тобы – сионистердің мұсылмандарды қырып, олардың қандарын ағызып, мұсылман әйелдер мен қыздарға жыныстық шабуыл жасау жобасы",- деп мәлімдеді. Пәкістан ғұламалары кеңесі мәлімдеме жариялап, ДАИШ-ты айыптауымен бірге бұл топтың әрекеттерін исламдық емес және Ислам тағылымдарына күдік-күмән тудыруды көздейді деп атап: "Ислам діні мен мұсылмандар жазықсыз адамдардың өліп, олардың мүліктерінің талан-таражға салынуына төзе алмайды",- деп қуаттап, әлем жастары мен әлем мұсылмандарынан зорлық-зомбылық жасайтын, Ислам тағылымдары мен Алла елшісінің сөздерін таптайтын топтармен ынтымақтастық жасамауды талап етті.
Үндістанның 1050 мұсылман ғұламасы: "ДАИШ тәкфиршіл лаңкестік тобының әрекеттері Ислам дінінің негіздері мен тағылымдарына қайшы. Ислам діні қырып-жою, қирату және тіл тигізу емес",- деп баса айтты. Үндістанның мұсылман ғалымдары тарихтағы ең үлкен пәтуа саналатын 15 томдық құжатты әлем елдерінің барлық басшылары мен БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунға жіберген болатын. Пәтуаға қол қойғандардың арасынан Дели мешітінің жамағат имамы Сейед Ахмад Бухари, Бомбейдегі Реза Академиясының қызметкерлері Аджмар Шариф пен Низамаддин, Бомбей ғұламалары кеңесі мен Бомбей ғұламалары жамағатын байқауға болады. Басқа да жүздеген исламдық ғұламалар мен діни қызметкерлер бұл пәтуаны растаған.
ДАИШ Ауғанстанда көп әрекет жасап жатыр. Бұл лаңкестік топтың қылмыстары Ауғанстанның мұсылман ғұламалары тарапына айыпталды. Ауғанстан ғұламаларының кеңесі: "ДАИШ-тың барлық іс-әрекеттері Исламға сай емес. Бұл топ әлемдіктерге Исламды қорқынышты, жабайы дін етіп көрсетпек",- деп жариялады. Бұл сөздер ДАИШ-ке қатысты адамдар басқа діндерді ұстанатын әйелдерге жыныстық шабуыл жасауды рұқсат санаған соң айтылды. Ауғанстан ғұламалары кеңесінің баспасөз хатшысы Моулави Мұхаммад Қасем Халими бұл туралы: "Ислам жақтастарын тыныштық және бауырластық пен теңдікке шақырып, әйелдерді тұтқынға алып, оларды жәбірлеуге рұқсат етпейді. Бұл топтың барлық әрекеттері Исламға сай болмауымен қатар, Ислам мұндай адамдарға қарғыс жібереді. Бұл топ – діннің өкілдері емес. Исламның қай жерінде халықты бомбалауға немесе екі күндік сәбиді бөлшектеуге, әйелдерге шабуыл жасауға рұқсат етілді? ДАИШ шабуылдарымен бірге қырып-жою және шеркпен айналысады. Олардың барлық әрекеттері Исламға қайшы. Өкінішке орай, кейбір адамдар осы күнге дейін оларды исламның күрескерлері деп санайды. Негізінде, керісінше. Олар қасиетті Ислам дініне кір келтіретін әрекеттерді іске асыруда",- деп баса айтты.
Ливанның әл-Уммат қозғалысының басшысы әрі сүннит ғұламаларының бірі шейх Абдулнасер әл-Джабари ДАИШ туралы: "ДАИШ сынды тәкфиршіл топтардың әрекеттері Исламға қайшы. Сондықтан халық бүкіл мүмкіндіктерін пайдаланып, ислам үмбетін құтқару үшін бұл қатерлі құбылысқа қарсы тұруға міндетті",- деді. Ол лаңкестердің мұсылмандарға қарсы әрекеттеріне қатысты: "Тәкфиршілер Исламның ұлық пайғамбарының сүннетінен емес, өйткені пайғамбар (с.ғ.с.) "Алладан басқа Құдай жоқ. Мұхаммад Алланың елшісі" деп айтқан әр адамның жаны мен мүлкіне тиісуге болмайтынын айтқан. АҚШ тәкфиршіл топтардың арқасында аймақты соғысқа итермелегісі келеді. Осы уақытта тәкфиршілер тек ой-пікірмен шектелмей, Ирак, Сирия және Ливанда жазықсыз адамдарды қырып-жоюда. Тәкфиршілер «үлкен шайтан» –АҚШ-ның қолдауына ие",- деді.
Тунистің Бас мүфтиі шейх Хамде Саид те ДАИШ тәкфиршіл ағымы туралы: "ДАИШ ислам әлемі үшін обыр безінен де қатерлі. Тәкфиршілер мен олардың демеушілері негізінде Палестина тақырыбын ұмыттыру бағытында Израильге қызмет етеді. ДАИШ жобасы Батыстың ислам әлемін құлдырату және крес соғыстарын жалғастыру мақсатында жоспарланған",- деп мәлімдеді.
Айтылған жайттар сүннит ғұламалары мен ойшылдарының лаңкестік тәкфиршіл ДАИШ тобының қорқынышты әрекеттерін талқылаған ой-пікірлері болды.