Жел 05, 2018 13:29 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (52)

Армысыздар, құрметті оқырмандар! Бүгінгі бөлімде имам Мұса Каземнің (ғ.с) өмірлік жолын талдауды жалғастырамыз.

Қымбатты оқырмандар! Өткен бөлімде көтерілісшілерге жасалған қоқан-лоққы, қуғын-сүргін, тұтқындау мен қамауға алу және Мансұр Дауаниқидің бұйрығымен адам өлтіру мен тонауларға байланысты жетінші имамның имам Садықтың (ғ.с) мәдени революциясына қатысты үлкен әрі ықпалды қадамдар жасағанын айттық. Имам Казем (ғ.с) өзінің ұлы әкесі секілді ашық түрдегі саяси әрекеттерден гөрі мәдени саладағы әрекеттерді артық көріп, асқан қырағылық және көрегенділікпен Аббаси әулетінен шыққан Мансұрдың үрей мен қорқынышқа толы он жылдық билік кезеңін бастан өткізді. Мансұр х.қ.ж.с.б 158 жылы қайтыс болып, билік тізгіні ұлы Меһди Аббасиге көшті. Ол қоғамдық пікірді алдау үшін әкесінің кезеңінде қамалған имам Каземнің (ғ.с) жолын қуған саяси тұтқындарды босатып, олардың тәркіленген мал-мүлкін өздеріне қайтарып, тек саяси тұтқындардың аз бөлігін ғана қамауда қалдырды.

Мәһди Аббаси осындай жалған жомарттығының тасаында тыңшылары мен адамдарына жетінші имамның барлық әрекетін бақылауға алуға бұйрық берді. Меһди Аббаси өз әулетінен шыққан діннен безген әрі қанаушы барлық билеушілер секілді имам мен таза мұхаммадтық (с.ғ.с) Ислам дінінің жарқын бейнесіне нұқсан келтіруді көздеді. Меһди Аббаси қитұрқы мақсатын жүзеге асыру үшін хазірет Әлидің әулетін жамандап, масқаралайтын ақындарға қыруар сыйлық үлестірді. Соның ішінде Башар ибн Борд деген бір ақынға 70 000 динар, Маруан ибн Аби Хафсаға 100 000 динар берген. Меһди Аббаси сонымен қатар мұсылмандардың қазынасынан ішіп-жеп, шарап ішіп, көңіл көтеріп, ақшаны есепсіз, оңды-солды шашты. Мысалы ұлы Харунның үйлену тойына 50 миллион дирхем жұмсаған болатын.

Осындай бейберекет ақша шашу, ысырапшылдық пен нәпсіқұмарлық Аббас әулетінің болмысы мен олардың жалған ұрандарын бұрынғыдан бетер айқындап, халықтың жүрегіне ашу мен жиіркеніштің тұқымын септі. Керісінше, имам Каземнің (ғ.с) ықпалы мен халықтың көңілінен шығуы күн сайын арта түсті. Меһди Аббасидің күткеніне қайшы имамның халық арасындағы танымалдығы мен беделі барлық жерге тарады. Қарапайым халық топтасып, жасырын түрде оған бет бұрып, берекелі әрі құтты бұлақтан сусындап, өздерінің рухани шөлдерін қандырған. Дәл осы мәселе оны үрейлендіріп, ол имам Каземді (ғ.с) Мединеден Бағдадқа апарып, абақтыға қамауға бұйрық берді. Алайда ол да қанқұмар баскесерлер секілді ажалдың уысына түсіп, х.қ.ж.с.б 169 жылы қайтыс болып, ұлы Һади Аббаси таққа отырды. Һади билікке келген кезден бастап хазірет Әлидің (ғ.с) ұрпақтарына қаталдық көрсетіп, оларды қыспаққа алып, қоқан-лоққы жасады. Олардың мал-мүлкін тәркілеп, "Фах" деген апатқа себеп болды.

"Фах" оқиғасы – имам Хасан Моджтаба ұрпақтарының бірі Хосейн ибн Әлидің жетекшілігімен алавилер әулеті Аббаси әулетіне қарсы Мединеде жасаған көтеріліс. Меккенің маңындағы «Фах» атты мекенде болған шайқас салдарынан Хосейн ибн Әли мен оның серіктерінің басым бөлігі қаза болды. Ол апатта Кербала оқиғасы кезіндегідей  барлық шәһидтердің бастары кесіліп, имам Әлидің (ғ.с) бір топ ұрпағы, соның ішінде имам Казем (ғ.с) қатысқан отырыста баршаға көрсетілді.  Бұл отырыста ешкім тіс жармағанымен тек қана имам Казем (ғ.с) ғана Фах көтерілісінің қолбасшысы Хосейн ибн Әлидің басын көргенде: «Хосейн мұсылман әрі ісі мен сөзі адал болып, көп ораза ұстап, көбінесе түнде сергек болып, жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыюға шақырған жағдайда шәһид болғанына Құдайдың атымен ант етемін. Оның әулетінде ол секілді ешкім болмаған",- дейді.

Вахаббилер тарапынан бірнеше мәрте қиратылған "Фах" шәһидтерінен қалған мазар

Имамның осындай ашық ұстанымы осы көтерілістің имамның келісімімен басталғанын көрсетіп, Хади Аббасиді қатты ашуландырып, ол имамға қоқан-лоққы жасап: "Құдайдың атымен ант етемін, "Фах" қозғалысының жетекшісі Хосейн Мұса ибн Джафардың бұйрығымен маған қарсы көтеріліске шығып, оған бағынып, соның жолын қуды. Себебі, оның әулетінің имамы мен жетекшісі – Мұса ибн Джафар. Егер оның көзін құртпасам, мені Құдай атсын",- дейді. Бұл қоқан-лоққыға толы сөздер имамға мүлдем әсер етпегенімен хазіреттің айналысындағыларға әсерін тигізіп, олар қауіптің төнгенін сезеді. Һади Аббаси өзінің сұрқия жоспарын жүзеге асырмастан бұрын дүниеден өтіп, Һадидің өлімі жайлы хабар Мединені қуанышқа бөлеген.

Һадиден кейін оның бауыры Харун билік басына отырды. Харунның халифатқа билік етуімен ислам тарихында оқиғаларға толы кезең басталды. Ол жиырма үш жыл билік етіп, соның он бес жылы шиіттердің жетінші имамның жетекшілігімен тұспа-тұс келді. Бұл аралықта көптеген оқиға орын алды. Бұл оқиғаларды баяндап, жете талдау Һарунның озбыр билігінің болмысы мен имам Мұса Каземнің (ғ.с) дана ұстанымдарын түсінуге көмектеседі. Һарун билік басына жиырма үш жасында келді. Ол кезде Аббаси әулеті билік еткен территория кеңейіп, оларға бағынышты мемлекеттердің саны қырықтан асқан болатын. Сол мемлекеттердің ішінде Иран мен Мысыр ең үлкен елдер болған. Жастығы мен саяси биліктегі тәжірибесіздігі, ұлан-ғайыр мұсылман жерлерінің билік тізгінін қолға алу қайратсыз Һарунның бойында жалған тәкаппарлық тудырды. Бір күні ол шалқасынан жатқанда көшіп бара жатқан бұлтты көріп: "Қалаған жерге көшіп кетсең де, сен беретін салық маған бәрібір жетеді",- деп айтқан екен.

Байлық пен билікке ие болған барлық адамдар секілді Һарунның да мадақ пен жағымпаздаздыққа жаны құмар еді. Һарунды сипаттап, мадақтаған Ашджи Солама деген ақын мадақ өлеңі үшін 1 миллион дирхам сый алған. Сонымен қатар сол кездегі әнші Ибраһим Мосалла мадақ әндерін айтқаны үшін сыйға 100 000 мың дирхам мен жүз дана киім алған. Бұдан бөлек, Һарунның сарайында ән айтатын сұлу әйелдер мен музыкалық аспаптардың алуан түрі болған. Сондай-ақ, Һарун әшекей бұйымдарын қатты жақсы көрген. Бір жүзікті 100 000 мың динарға сатып алған кезі болған.

Һарун мен Абасси әулетінен шыққан барлық билеушілердің өмірі Алла елшісінің (с.ғ.с) өмірлік жолына толығымен қайшы болуымен қоса, барлық діни және адамгершілік принциптер мен құндылықтар олардың жиіркенішті мақсаттарының құрбанына айналған жағдайда олардың мұсылмандардың халифі әрі Пайғамбардың (с.ғ.с) мұрагері ретінде бес ғасырдан астам уақыт бойы мұсылман елдеріне билік еткені өте өкінішті. Сол себепті шиіттердің имамдары мен жетекшілері халифат басындағы озбыр билеушілермен қарсыласуда күштерін аямай, шәһид болғанға дейін күрестерін жалғастырған.

Бір күні жетінші имам (ғ.с) Һарунның Бағдадтағы зәулім сарайларының біріне барады. Билікке масаттанған Һарун өз сарайын меңзеп, тәкаппарлықпен: "Бұл сарай жайлы не ойлайсыз?",- деп сұрайды. Хазірет еш қорықпастан: "Бұл – зинақорлардың үйі. Құдай ондай адамдар жайлы былай деген: "Жер жүзінде орынсыз дандайсығандарды ұзақтастырамын. Олар барлық белгілерді көрсе де оған сенбейді. Сондай-ақ, олар тура жолды көрсе, оны жол қып ұстамайды. Ал егер қисық жолды көрсе, оны жол қып алады. Бұл олардың аяттарымызды өтірік санап, одан қапыл болғандықтары" (Араф сүресі, 146-аят)",- деп жауап береді.

Мұндай жауапты күтпеген Һарун қатты ашуланып, қызбалықпен: "Онда бұл үй кімге тиесілі?",- деп сұрайды. Сонда имам кідірместен: "Егер шындықты естігің келсе, бұл үй – шиіттер мен біздің жолды ұстанатын адамдардың үйі. Алайда басқалар оны күшпен басып алған",- дейді. Һарун қатты ашуланып: "Онда үй иесі неліктен оны бізден тартып алмайды?",- деп сұрайды. Сол кезде жетінші имам: "Уақыты жеткенде міндетті түрде оны қайтарып алады",- дейді.

Ол хазіреттің қайтарып аламыз деп меңзегені Һаруннің сарайы болмағаны анық. Ол имам озбыр билеушілердің арам жолмен және айлакерлікпен алған халифаттың билік тізгінін қайтаруды меңзеген еді. Һарун мен жетінші имам (ғ.с) арасында болған айтысты танымал сүннит тәпсіршісі Абулқасем Замахшари баяндап, дәл осы пікірді растаған. Бір күні Һарун хазіретке: "Сіз Фадак бағының шекарасын анықтап берсеңіз, біз сізге оны қайтарамыз",- дейді. Хазірет оған: "Бұл сөзіңді қайтып ал",- дейді. Сонда Һарун сөзін тағы қайталап айтқанда, жетінші имам: "Егер Фадак бағының шекарасын саған анықтап беретін болсам, оны қайтарып беруден бас тартасың",- дегенде Һарун: "Оны сізге қайтарып беремін",- деп ант берген екен.  Сонда имам Казем: "Оның алғашқы шекарасы Аден саналады"-дейді. Сол кезде Һарунның құты қашып: "Сонда оның келесі шекарасы қай жерге дейін?",- деп сұрайды. Хазірет: "Екінші шекарасы – Самарқанд",- депті. Бұл сөзді естігенде Һарун қатты қапаланады. Сонда имам кідірместен: "Келесі шекарасы – Африка",- дейді. Һарун аң-таң болып тұрып қалғанда хазірет: "Ал одан кейінгі шекарасы Хазар теңізі мен Армения",- деп сөзін жалғастырады. Сол кезде Һарунның берекесі қашып, ашумен: "Онда менің орныма отырыңыз. Сіз анықтап, бекіткен шекараға қарағанда біз билік ететін жер қалмаған сияқты ғой",- дейді. Хазірет: "Мен саған Фадақ бағының шекарасын анықтайтын болсам, оны бізге қайтарып бермейтініңді айтып, ескерттім ғой",- дейді. Жетінші имамның осындай ұстанымы ол хазіреттің қасиетті ата-бабаларының кесімді саясатының жалғасы болатын. Атап айтқанда алтыншы имам Мансұр мен бесінші имам Абдулмалек Маруанға, төртінші имам Хишам ибн Абдулмалекке қарсы асқан батылдық және ерлікпен табандылық танытып, билік пен байлықтың көріністеріне қарсы тұрып, олардың жалған салтанатты мен ұлылығын әшкере еткен.

Қымбатты оқырмандар, осымен топтамамыздың бүгінгі бөлімі аяқталды. Аман-сау болыңыздар!

 

 

Тегтер