Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (72)
Айтып өткеніміздей, х.қ.ж.с.б. 4 ғасырдың (10 ғасырдың) математигі әрі астрономы «Абул-Вафа Бузджани» деген атпен танымал Мұхаммад бен Мұхаммад бен Яхия Хорасанда дүниеге келген.
Ол ғылымдардың бастамасын өзінің туған жерінде туған ағасы мен нағашы ағасынан үйренген. Ол білім қуып Бағдадқа барғанда жиырма жаста ғана болатын. Содан өмірінің соңына дейін, яғни х.қ.ж.с.б. 388 жылға дейін Бағдадта болып, сол жерде жерленген. Ол көзі тірісінде-ақ ұлы ғалым ретінде танылған. Әбу Райхан Бируни Хорезмде болған кезде Бағдадтағы Бузджанимен айдың тұтылуын бір мезгілде бақылауға келіседі. Осылайша олар екі түрлі жерде жасалған бақылаудың нәтижесін салыстырмақ болған. Сондай-ақ, айтып өткеніміздей, Бузджани геометрия, тригонометрия, арифметика, қолданбалы геометрия, астрономия мен математика ғылымдарына жаңалық енгізу мен оларды дамытуға айрықша үлес қосқан. Сондықтан оған «арифметик» және «инженер» деген лақап аттар берілген. Бузджанидің еңбектерінің құрметіне Ай жерсерігінің бетіндегі кратерлердің бірі оның есімімен аталған.
Абул-Вафа Бузджани математика ғылымының үшінші кемелдену дәуірінде өмір сүрген. Оның еңбектері – осы дәуірдегі математиканың айқын көрінісі. Математиканың кемелденуі үздіксіз практикалық және теориялық дәуірлерде жүзеге асып келеді. Математиканың кемелденуінің бірінші дәуірі б.з.д. 6-5 ғасырларда болған. Ол «гректерге дейінгі математика» немесе «танымға дейінгі дәуір» деген аттармен танымал. Бұл дәуірде математика практикалық бағытқа бейім болды. Сонымен бірге алғашқы сипаттамалар мен алғашқы теориялық мәселелер мен есептер қалыптасты. Барлық халықтар математиканың кемелденуіне қатысты осы дәуірдің қалыптасуына азды-көпті атсалысқан. Математиканың кемелденуінің екінші дәуірі шамамен 10 ғасырға созылды. Оның орталығы басында Грекияда, содан соң Александрияда болды. Бұл дәуір теориялық бағытқа бағытталуымен ерекшеленеді. Екінші дәуірде логикалық дәлелдер мен нәтижелер тәжірибе мен дедукцияның орнын басты. Математиканың кемелденуінің үшінші дәуірі жалпы алғанда орта ғасырларды (х.қ.ж.с.б. 2 ғасырдың ортасынан 10 ғасырдың басына дейін/8 ғасырдан 16 ғасырдың басына дейінгі аралықты) қамтиды. Шын мәнінде, бұл математиканың кемелденуінің практикалық бағытын ұстанған екінші дәуір болып табылады. Бірінші дәуірмен салыстырғанда өте жоғары деңгейде тұрған бұл дәуір өткеннің барлық жетістіктерін пайдаланып, дәлелдерде кеткен қателіктер мен олқылықтардың орнын толтырды.
Үшінші дәуірде теориялық аспектілер байып, бәрінен бұрын сол кездегі ең күрделі ғылыми мәселелерді шешуге талпыныс жасалды. Осы дәуірдегі математикалық ізденістердің негізгі ауыртпалығы Иранның мұсылман математиктерінің мойнында болған. Бұл ізденістер ибн Мұса мен Хорезмиден басталып, Қиаседдин Джамшид Кашанимен аяқталады. Содан соң өз орнын математиканың кемелденуінің төртінші дәуіріне берді. Мұнда да теориялық бағытта жұмыс жасалып, жалпы алғанда Батыс Еуропада жалғасын тапты.
Ирандық математиктер өткеннің мұрасын Батыс Еуропаға тапсыру үшін сақтаған грек математикасының аудармашылары мен тәпсіршілері ғана болмаған, өздері де математиканың кемелденуінің біртұтас дәуірін құрап, математиканың теориялық негізін байытқан. Ирандық математиктер жаңа тәсілдер мен тармақтардың негізін қалап, еңбектерінің практикалық сипатын назарға ала отырып, басқа ғылым салаларының дамуына себеп болып, математиканың кемелденуінің келесі дәуірінің басталуына жағдай жасаған.
Ғылым жайлы жазған тарихшылар х.қ.ж.с.б. 4 ғасырды (10 ғасырды) «Ислам өркениетінің алтын ғасыры» деп өте орынды атаған, өйткені ирандық Але Буйе әулеті Ирак пен Иранның басым бөлігіне билік жүргізген бұл дәуірде ғылым мен философия қарқынды дамып, рационалды ғылымдар бойынша математика мен астрономия айтарлықтай өркендеді. Медреселер, әсіресе ғылыми-философиялық үйірмелер ашылды. Онда философтар, ойшылдар мен әдебиетшілер ғылыми-философиялық мәселелер жөнінде пікір алмасатын болған. Бұл Але Буйе патшасы Азад ад-Доуленің маңызды істерінің бірі болды.
Азад ад-Доуле барлық философтар мен ойшылдар, дін мен ақлақ саласындағы ғалымдарды еңбек етуге ынталандырды. Ол ғылым мен әдебиеттің араб тілінде жазылуына шабыттандырғанымен Иран мәдениетін қайта жандандыруға да қатты қызығушылық танытқан. Але Буйе тарапынан қалыптастырылған ғылыми кеңістік көптеген ғалымдар мен философтарды, атап айтқанда Абу Сүлеймен Мантеғи Саджестани, Абусахл Кухи, Абул-Вафа Бузджани мен тағы басқаларды өздерінің туған жерлерін тастап, Бағдадқа, яғни ислам әлемінің ең маңызды ғылыми орталықтарының біріне, сол заманда бір ирандық қаланың сипатына енген жерге қоныс аударуына себеп болды.
Але Буйенің ең атақты патшасы Азад ад-Доуле ғылымдардың күнделікті өмірді жақсартуға пайдаланылуын талап етті. Сол себепті бұл дәуірде жаратылыстану ғылымдары мен математика қызығушылықты қанағаттандыру үшін ғана емес, қоғамдық жағдайды жақсарту және дамыту мақсатында оқытылды. Бұл дәуірдегі ғылым-білімге деген құштарлықты сол заманда өмір сүрген ғалымдардың еңбектерінің кіріспесінен көруге болады.
Бағдад бұл заманда бір үлкен ғылыми орталыққа айналған болатын. Онда ғалымдар көптеген ғылымдар мен ғылыми тәжірибелер бойынша өздерін грек ұстаздарының ықпалынан босатып, біртіндеп қолданбалы бағыттағы ғылымдарды қалыптастыруға бет бұрған болатын. Сол себепті Азад ад-Доуленің ең атақты математигі Абул-Вафа Бузджани өзінің арифметика мен геометрия саласындағы екі кітабын практикалық сипатта жазған. Бузджанидің «Арифметика ғылымында жазушыларға, шаруаларға және басқаларға нені білу керек туралы» және «Геометриялық құрылыстардан кәсіпшіге не қажет туралы» атты екі кітабы математиканы практикалық жолмен қолданудың айқын үлгілері болып табылады. Бузджани осы тәсілмен математикаға қатысты басқа да трактаттар мен мақалалар жазған. Солардың бірі – «Фи маарефат ул-абад бейн ул-масакен» атты шағын трактат. Ол бұл трактатта әртүрлі екі тәсілмен Бағдадтан Меккеге дейінгі арақашықтықты анықтаған. Содан осы тәсілді басқа қалалар арасындағы қашықты анықтауға пайдаланған. Бұл трактат та Бузджанидің басқа еңбектері сияқты осы ирандық ғалымның білімінің тереңдігі мен есептеулерінің нақтылығын көрсетеді.
Абул-Вафа Бузджанидің еңбектері көп болған, бірақ олардың бірқатары жоғалып кеткен. Алайда олардың кейбіреулерінің атауы ибн Надимнің «әл-Фехрест» атты еңбегінде келтірілген. Солардың бірі «Зидж ул-Камел» деп аталады. Ибн Надимнің «әл-Фехресте» жазғаны бойынша, бұл кітап үш бөлімнен тұрған: бірінші бөлімі жұлдыздардың қозғалысын бақылағанға дейін үйренуге тиіс нәрселерге, екіншісі жұлдыздардың қозғалысына, үшіншісі жұлдыздардың қозғалысына әсер ететін факторларға арналған.
«Альмагест» – Бузджанидің математика мен астрономия саласындағы келесі маңызды еңбегі. Оның бір нұсқасы Парижде таныстырылған. Кейбіреулер бұл кітапты «Зидж ул-вазех» деп атап, онда Абул-Вафа Бузджани мен оның әріптестерінің х.қ.ж.с.б. шамамен 360 жылы Бағдадта жүргізген бақылауларының нәтижесі жазылған деп санаған. Бірақ Абу Райхан Бируни бірнеше рет «Альмагестті», бір рет «Зидж ул-вазех» пен «Альмагесті» екі бөлек еңбек ретінде қатар атаған. Бузджани «Альмагестің» кіріспесінде басқа ғылымдардан хабары жоқ адамдар қиындыққа ұшырамауы үшін геометриялық есептерді дәлелдеуде геометриялық тәсілдерді, ал сандық есептерде сандық дәлелдерді пайдаланғанын айтқан. Бұл еңбекте көңіл аударуға тұратын мәселе «Альмагест» ғылыми еңбек болғанымен, Бузджанидің оны қарапайым тілмен жазуға тырысқандығында жатыр. Бұл кітап тригонометрия, тригонометриялық заңдарды обсерваториялық бақылауларда пайдалану және планеталар туралы гипотезалар атты үш бөлімнен тұрады.