Қаз 01, 2019 19:40 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (176)

Бүгінгі бағдарламада Иран, әлем философиясы мен хикметінің белді тұлғасы саналатын "Садр әл-Мұтаалалин" немесе "Молла Садра" деген атпен танымал Мұхаммад бен Ибраһим Қавами Ширази жайлы сөз қозғаймыз.

Алланың атымен бастаймыз! "Иранның танымал тұлғалары – әлемдік мақтаныштар" атты бағдарламаның келесі бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Бүгінгі бағдарламада Иран мен әлем философиясы мен хикметінің белді тұлғасы саналатын "Садр әл-Мұтаалалин" немесе "Молла Садра" деген атпен танымал Мұхаммад бен Ибраһим Қавами Ширази жайлы сөз қозғаймыз.

"Молла Садра" деген атпен танымал Мұхаммад бен Ибраһим Қавами Ширази х.қ.ж.с.б. 980 жылдың джамади ул-аууал айының 9 жұлдызында (1571 жылы) Ширазда дүниеге келген. Бастауыш білімді үйде жеке мұғалімдерден алған. Жанұясы Шираздан Қазвинге көшкеннен кейін Садреддин Мұхаммад өзінің бастауыш және орта білімін Қазвинде осы қаланың көрнекті ұстаздарынан алып, басқалардан тезірек жоғары сыныпқа көшті. Ол Қазвинде сол кездегі екі данышпан – шейх Бахаи мен Мирдамадтан дәріс алып, аз уақыттың ішінде дарынының арқасында озат шәкірт атанды. Сефевилер әулетінің астанасы Қазвиннен Исфаханға көшірілген кезде Садреддин Мұхаммад ұстаздарымен бірге Исфаханға барып, Мир Фандараскиден дәріс алуды бастап, біраз уақыттан кейін ұстаздарының рұқсатымен өзі де дәріс бере бастайды. Ол сол кезден бастап өз мектебінде философияның жаңа негіздерінен дәріс берді. Бірақ бұл кезең ұзаққа бармады. Оның сопылыққа бет бұруына қарсы болған кейбір білімі таяз үлемдердің қысымдары салдарынан Молла Садра Исфаханнан кетуге мәжбүр болып, Құмның маңындағы "Каһак" ауылына қоныс аударып, бес немесе он бес жылдан кейін Ширазға қайтып оралған. Молла Садраның көптеген кітаптары сол кезде жазылды. Ол х.қ.ж.с.б. 1050 жылы (1640 жылы) Меккедегі Құдайдың үйіне жетінші сапары барысында Басра қаласында 71 жасында дүниеден өтті. Бұл ирандық философ , мистик Наджаф қаласындағы шиіттердің бірінші имамы хазірет Әли (ғ.с.) кесенесі маңындағы "Үлемдер террасасында" жерленген.

 

Молла Садраның тұлғасын әртүрлі қырдан қарастыруға болады. Өйткені оның өмірі шытырман оқиғаларға толы еді. Ол басқа философтар сияқты жай ғана қарапайым өмірге ие бір ойшыл немесе философ болған жоқ. Молла Садраны тек бір ойшыл, философ және бір философиялық мектепті қалыптастырушы ретінде ғана қарастыруға болмайды. Ол өз заманындағы барлық ғылымдарды толық меңгерген тұлға. Ол тек философия пәнінің ұстазы және философиялық кітаптардың авторы ғана емес, басқа қырдан және басқа көзқарастан алғанда сопы да болды. Сопы Молла Садра метафизикалық қабілеттерге ие болған. Оның туындыларында өз еркімен өз рухын денесінен шығарып, онымен бірге метафизикалық құбылыстарды көруге бара алғаны айтылған.   

Молла Садраның еңбектері мен осы күнге дейін жол нұсқайтын ойларына шолу жасағанда оны тек философ деп таныстыру аздық етеді. Тіпті егер оған сопы немесе теориялық сопылықтың білгірі деген сипат қоссақ та, ол жайында толық айтпаған боламыз.

Молла Садра – көпқырлы адам. Оның әрбір қырында сол заманда таралған ғылымдардың бірі көрініс тапқан. Ол – перипатетик философ, ишракизм философиясының маманы, исламдық теология ғылымының білгірі және теориялық сопылықтың шебері. Мұнымен бір мезгілде Молла Садра мықты тәпсірші, теңдессіз хадистанушы, парсы және араб әдебиеттерінің ұстазы саналады. Математика, көне медицина, астрономия, жаратылыстану ғылымдарынан, тіпті ғайып ілімінен хабардарлығы Молла Садраның ғылыми өмірінде тіркелген.

Ғылымдардың барлығынан хабардар болуын оның мағлұматының ауқымдылығымен түсіндіруге болады. Бірақ бұл ирандық ойшылды басқалардан ерекшелендіретін нәрсе – екі ғылыми қасиеті. Бұл екі қасиет басқа данышпандардың бойынан азырақ байқалады. Молла Садраның айшықты қасиеті – оның білімінің тереңдігі. Ол білу, үйрену, сабақ беру және жазумен шектеліп қалмаған, философиялық мәселелерді түбіне дейін зерттеп, тереңге бойлауға әдеттенген. Осы ерекшеліктің арқасында ол философияда үлкен өзгеріс жасай алды.

Молла Садраның келесі бір ғылыми қасиеті – философиялық білімінің тереңдігі. Ол сараптау тәсілімен қарапайым философиялық дәлелдер мен түсініктерден өтіп, күрделі философиялық мәселелерді жалпылама әрі ауқымдырақ көзқараспен зерттеді. Осы ерекшеліктің нәтижесінде ол кейбір мәселелерге қатысты философиялық көзқарасты толығымен өзгертіп, философияға жаңа көзқарастар енгізді. Молла Садраның көрнекті келесі ерекшеліктерінің бірі – философиядағы жасампаздығы мен жаңашылдығы. Оның жаңашыл идеялары өте танымал.

Молла Садра да х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда өмір сүрген ирандық эшрағи философ Сухраварди мен ұлы мысыр философы Платин сияқты көзқарас білдіріп, өз еркімен рухын денесінен шығара алмайтын, әдеттен тыс істер қолынан келмейтін адам шынайы хәкім және философ емес деп санайды. Оның екі ұстазы шейх Бахаи мен Мирдамадта да рухани қабілеттер болған деседі.

Молла Садра өз заманындағы ұлы ұстаздардан дәріс алып, сұхбаттасудың арқасында  ең жоғары рухани дәрежеге жеткенімен, оның 30-35 жасында Құмға жақын жердегі Каһак ауылында оқшау қалып, ғибадат етуі және халықтың мұң-мұқтажын көруі оған ақиқат пен ғайып әлемінің жаңа есігінің ашылуына себеп болды.

Ол бұл тақырыпты "Асфар" кітабына кіріспеде қозғаған. Оқшаулық пен психикалық жеңіліс оның рухы мықты адамға айналуына себеп болды. Ол философиялық ақиқаттарды дәлелдермен ғана емес, өзінің ішкі түйсігімен түсінген. Тура осы аскетизм сезімтал әрі кінәмшіл жас жігіттен мықты да сабырлы ер адамның қалыптасуына себеп болды. Ол үстірт ойлайтын ғалымсымақтардың шабуылдарына қарсы тұрып, өз заманындағы қызғаншақтарға таудай төтеп беріп, өз миссиясын өмірінің соңына дейін жақсылап орындауға қуат алды.  

Молла Садраның Каһак ауылында оқшаулануы  оның өміріндегі ең маңызды бетбұрыс нүктесі болды. Бұл оның рухани және ғылыми дамуын жылдамдатып, өмір жолын таңдауына көмектесті. Оның балалық және жастық шағындағы өмірінен оқуының басында білім үйренуге қаншалықты құштар болса, өз рухын тазартып, тәрбиелеуге де соншалықты қызыққанын көруге болады. Ол басқа ізденушілер сияқты өз жолын алдын ала таңдаған. Бірақ Каһак ауылындағы оқшаулық пен тақуалық оны нығайтып, өмірлік жоспарын айқындаған.  

Батыс философтары арасынан философия, мінез-құлық пен руханилық тұрғысынан Молла Садрадай адам табу қиын. Профессор Генри Корбин ол туралы: "Якуб Боме мен Сведенборгты Фома (Томас) Аквинскийге қоссақ қана Молла Садра шығады",-деген.

Бірақ бұл мақтау ирандық танымал философ әрі мистик Молла Садра үшін өте аз.  Оның өмірі мен еңбек жолы көрсеткендей, оны Пифагор немесе Платон сияқты тұлғалармен тең санау керек. Оның философиясы  да осы екі тұлғаның көзқарастарына жақынырақ. Генри Корбин мен басқа да ғалымдар оны неопифагоршы немесе неоплатоншы деп атаған.

Ол – шынайы бір адамның үлгісі. Оның жайлы мінез-құлқы, нәпсісін тазарту мен білім алуға, әсіресе философияны үйренуге ұмтылысы бір жерге тоғысқан. Танымал философиялық мектебімен қоса, ол тәрбие мектебін де басқарған. Кейін бұл мектептен ұлы тұлғалар шықты.  

Ардақты ағайын, осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз. Оған дейін аман-сау болыңыздар!