Қаз 08, 2019 18:51 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (177)

Бүгінгі бағдарламада Иранның келесі танымал тұлғасымен таныстырамыз.


 

"Иранның танымал тұлғалары – әлемдік мақтаныштар" атты бағдарламаның келесі бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Бүгінгі бағдарламада Иранның танымал тұлғасы, тазкерешісі әрі ақыны Әлиғоли Вазири жайлы сөз қозғаймыз. 

«Вале Дағыстани» деген атпен танымал Әлиғоли хан х.қ.ж.с.б. 1124 жылдың сафар айында шаһ Сұлтан Хосейн Сафавидің кезінде Исфаһанда шаһ сарайында дүниеге келген. Валенің әкесі Мұхаммад Әлихан Вазири х.қ.ж.с.б. 1126 жылы Ереванның «Бектердің бегі» деген лауазымына ие болды. Ол кезде екі жаста болған Вале әкесімен бірге осы қалаға барған.

Мұхаммад Әлиханның мансабы өсіп, әскербасы дәрежесіне жетіп, Ереван мен Әзірбайжанның билеушісіне айналған кезде Сафави шаһының бұйрығымен Қандағарды басып алып, сол аймақтағы ауғандардың бүлігін басуға тапсырма алды. Бірақ, ол Қандағарға жетпей, Нахичеванда көз жұмды.  Оның мүрдесін Наджафқа апарып, шиіттердің бірінші имамы хазірет Әлидің (ғ.) мазарының жанына жерлеген.  Осы кезде Вале жанұясымен бірген Исфаһанға қайтып оралды. Ол х.қ.ж.с.б. 1129 жылы Исфаһанда мектепке барып, сол замандағы ғылым мен әдебиет ұстаздарынан білім алды. Бұл кезде Валені немере ағасы Хасанәли қамқорлығына алды. Хасанәлидің үйінде Валемен жасты «Хадидже Сұлтан» деген қыз бала болған. Вале мектепке барғанда Хасанәли хан да өз қызына мұғалім жалдап, үйде сабақ оқытқан. Вале Құранды үйреніп алған соң аз уақыттың ішінде Құдайдың берген зеректігінің арқасында арабтар мен парсылар арасында кең таралған ғылымдарды, тарих пен әдебиетті меңгергенімен оқуын аяқтай алмаған.

Х.қ.ж.с.б. 1133 жылы Сұлтан Хосейн Сафавидің уәзірі болған Валенің немере ағасы Фатх Әлихан «билікті басып алуға талпынды» деген айыппен мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Содан кейін Вале әулеті үлкендерінің барлығы, соның ішінде ағалары мен інілері қызметтерінен босатылып, түрмеге қамалды. Тура сол жылдың соңында, х.қ.ж.с.б. 1133 жылы ауғандар Исфаһанға шабуыл жасап, қоршауға алды. Бұл аймақта соғыс оты өршіді. Х.қ.ж.с.б. 1135 жылдың мұхаррам айында Махмұд Ауған Исфаһанды басып алып, Сұлтан Хосейн Сафавиді түрмеге қамап, өзі шаһ тағына отырды. Ол х.қ.ж.с.б. 1142 жылға дейін 7 жыл бойы Исфаһанда билік етті. Бұл кезде бір‑біріне бауыр басып қалған Вале мен немере ағасының қызы Хадидженің қайғылы тағдыры басталды. Вале өз кітабының соңында жазған өмірбаянында осы мәселеге тоқталып, «сол кезең «шарапшысының» екі ғашыққа сәтсіздік шарабын құйғанын» жазған. Валенің анасы Хадидже Сұлтанның анасының екі жасты үйлендіру туралы ұсынысына жылы рай танытпаған. Бұл ғашықтық дертіне шалынған Валенің қоштасу азабының басы болды. Осы жағдай оның өлеңдерінде кең баяндалды. Біраз өткеннен кейін Хадидженің жанұясы Махмұд Ауғанның қысымы мен қоқан-лоққысы салдарынан қызды Махмұд Ауғанның жақындарының біріне тұрмысқа беруге мәжбүр болды. Осы қайғылы оқиғадан кейін Вале диуана сияқты қаланың көшелері мен базарларын кезіп, ғашығын іздеумен сенделген. Осы кезде Шаһ Тахмасп II Сафави Исфаһанға кіріп, ауғандарды Фарс пен Керманға қарай қуып, Ашраф Ауғанды Белучистанға жақын жерде өлтірді.

Хадиджеден айрылғанына қайғырған Вале х.қ.ж.с.б. 1144 жылы  20 жасында Надер шаһ Афшар билікке келген соң туған жерінен кетуге шешім қабылдап, көп қиыншылықтан өтіп, Үндістанға қоныс аударады. Көптеген тазкерешілермен бірге оның өзі де осы сапардың себебін «Немере ағасының қызы Хадидже Сұлтанға деген ғашықтық дерті» деп атаған.  

Қолда бар деректерге сәйкес, Вале х.қ.ж.с.б. 1146 жылы Үндістанға жеткен. Ол Татхарабадтан Ходаабадқа, ол жерден Бекхар мен Малтанға, одан Лахурға, содан соң Шаһжаһанабадға барып, сол жерде тұрақтаған. Үндістандағы Темір әулетінің патшасы Мұхаммадшаһ пен оның сарайындағы әмірлер оны сарайға келіп, сұлтанға қызмет етуге шақырды, бірақ Вале Дағестани «бұл қызметке лайық емеспін» деп, ұсынысты қабылдаудан бас тартқан. Алайда бірнеше күннен кейін шаһтың бұйрықтары үсті‑үстіне берілгеннен кейін қабылдауға мәжбүр болып, Үндістан патшасы Мұхаммадтың сарай қызметкерлерінің қатарына қосылған. Ол аз уақыттың ішінде шаһқа жақын адамдардың біріне айналып, жоғары мансапқа қол жеткізді.

Вале Үндістанда болған жылдары сарайда қызмет етіп, достарымен араласса да, ғашығы Хадидже Сұлтанды ешқашан ұмытқан емес. Ол үнемі ғашығын ойлап, оған арнап өлең шығарып, хат жолдау арқылы онымен рухани байланыста болған.

Бұл хат менің жүрегіме

Сенің қайғыңды салған Құдайдың атымен басталады.

Кейде қосып, кейде айырып, кейде сенің жүрегіңді ұмыттырды.

Кейде сенің мейірбандығыңа қуантты.

Сенен айырылғаныма он төрт жылдан астам уақыт өтті.

Саған жүзден аса хат жіберіп,

Жан сырымды жаздым.

Вале Үндістанда тұрған кезде жоғары лауазымды адамдар мен ақындардың арасынан көп дос тапқан. Олар оның үйіне келіп‑кетіп тұратын. Тіпті, оның үйінде құрылған әдеби қоғамға қатысатын. Алайда, оның ең жақын әрі шынайы досы Шамседдин Фағир Дехлеви болды. Ол Валенің сырласы болған. Вале өзінің ғашықтық оқиғасын оған айтып берген. Досы Валенің рұқсатымен бұл оқиғаны жырға қосуға шешім қабылдайды. Осылайша, Фағир Дехлевидің «Вале мен Сұлтан» поэмасы Вале Дағестанидің Хадидже Сұлтанға ғашықтығы негізінде жазылды.  

Бұл поэма х.қ.ж.с.б. 1160 жылы Низамидің «Ләйлі‑Мәжнүн» поэмасы стилінде 3230 бәйітте жырланды. Бірақ, оның нақты нәтижесі болмады, өйткені ол кезде Хадидже Сұлтан мен Валенің екеуі де тірі еді және қайтып оралып, бір‑біріне қосылуға үміт бар еді. Валенің Хадидже Сұлтанға деген ғашықтығы мен ынтызарлығы және оған қосылуға деген үміті ешқашан азаймады. Вале әрдайым Иранға қайтып оралып, Исфаһанда тұруды армандаған. Өз өлеңдерінде осы арманын көп жазған:

Үндістанда Исфаһанды ойлап көп жыладым,

Зендерудке деген сағынышым Ганг өзеніне айналды.

Вале өмірінің соңына дейін Иранға қайтуды аңсаумен болып, Үндістаннан Иранға қайтқандарға қызғана қараған.

Вале оқуын аяқтай алмағанымен, уақытын кітаптар мен өлең жинақтарын оқумен өткізген. Білімінің артқаны соншалықты, «Риаз уш‑Шоара» деген тазкере‑өмірбаяндар жинағын жазған. Вале тазкеренің соңында өзінің оқу мәселесіне тоқталған.

Азад Белгерами және Ғодратулла Гупамай сияқты тазкерешілер Валенің Үндістандағы жағдайы Хадидже Сұлтаннан жырақта болған соң қам‑қайғыға толы болғанын сипаттаған. Тазкерелерде Хадидже Сұлтанның Валені көру үшін Үндістанға аттанғанда алдымен Кербалаға, сол жерден Басраға барып, теңіз жолымен Үндістанға жеткісі келгені жазылған. Алайда, ол Иранның батысындағы Керманшаһ қаласында дүние салды. Вале Дағестани де Хадидже Сұлтанның қайтыс болғанын естігеннен бірнеше ай өткен соң жаны күйзеліп, қайтыс болған деседі. Вале Дағестани х.қ.ж.с.б. 1170 жылы 46 жасында Делиде дүниеден өтіп, сол қалада жерленген. Алайда қазір оның мазарынан еш белгі қалмаған.