Қар 09, 2019 13:20 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (181)

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, Шейх Калини жайлы сөз қозғаймыз.

Айтып өткеніміздей, "Шейх Калини" деген атпен танымал шейх Абу Джафар Мұхаммад бен Яқуб бен Исхақ Рази – х.қ.ж.с.б. 3 ғасырдың екінші жартысы мен 4 ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ең атақты данышпан, факиһ әрі хадисші. Қолда бар мағлұматтарға сәйкес, ұлы хадисші х.қ.ж.с.б. 258 жылы имам Хасан Асгяридің имаматтығы дәуірімен бір мезгілде Иранның ең көне қалаларының бірі Рейдің маңындағы Калин ауылында дін мен ғылымға жақын отбасында дүниеге келген. Шейх Калинидің әкесі мен бөле ағасы өз заманындағы атақты ғалымдар мен хадистанушылардың қатарында болды. Калини бастауыш білімді туған жері Калинде осы екі адамнан алған. Содан соң білімін жетілдіру үшін Калиннен Рей, Құм, Куфа мен Бағдад қалаларына барды. Ол имам Асгяри (ғ.) мен имам Хадидің (ғ.) өз аузынан тікелей хадис естіген соңғы адамдармен кездесіп, ұлы ұстаздардан білім алды. Калини шиіт имамдарының хадистерін жинау жолында көп қиыншылық көріп, көптеген ауылдар мен қалаларды аралады. Сондай-ақ, айтып өткеніміздей, ол ислам дәуірінде сөзі шын, ісі дұрыс және хадистер мен рауаяттарды тануда ерекше шебер болғандықтан "Сақа ул-Ислам" деген атаққа ие болған алғашқы ислам ғалымы. Калини х.қ.ж.с.б. 329 жылдың шағбан айында, басқа бір дерек бойынша 328 жылы қайтыс болып, Бағдадтың "Баб әл-Куфа" базарында жерленген.

 

Шейх Калини

Мезгіл мен мекеннен хабардар адамдар мен Алланың оқыған пенделері кез келген уақытта халықтың діни сенімдерін сақтау жолындағы миссияларын орындауды өздеріне міндет санайды. Шейх Калини өз заманындағы қысылтаяң жағдайды сезініп, тарихи іс атқарып, зерттеу және жазу арқылы ислам мен мұсылмандарға құнды қызмет еткен адамдардың қатарына жатады. Шейх Калини көздеген мақсатына сәйкес көшіп-қону ауыртпалығын көтеріп, өзінің діни миссиясын орындауға талпынған. Зерттеушілердің пікірі бойынша,  Калинидің ең маңызды тарихи шараларының бірі – Рейден Құмға, Құмнан Куфаға, Куфадан Бағдадқа сапар шегіп, Аһл-е бейттің (ғ.) хадистерін жазып алғаны. Калинидің заманында Құмда рауаятшылар мен хадисшілер әрбір мешіт пен хусейниеде хадис айтатын. Олардың көбі бейкүнә имамдардың (ғ.) заманынан тікелей хадис естіген соңғы хадисшілер болатын. Осындай оқымысты адамдардың болуы Ислам пайғамбарының Аһл-е бейтінің (ғ.) сөздеріне қызығушылардың осы қалаға сапар шегуіне себеп болды. Калини де осындай адамдардың бірі болған. Ол Құмда ұлы ұстаздар және хадисшілермен танысты. Олар оның тұлға болып қалыптасуында түбегейлі рөл атқарды. Солардың арасында Әбілхасан Әли бен Ибраһим бен Һашем Құми сенімді шиіт рауаятшылардың бірі еді. Зерттеушілер Калиниді Құми арқылы, Құмиді Калини арқылы тану керек дейді. Әбілхасан Әли бен Ибраһим бен Һашем Құми – Калинидің "Кафи" атты еңбегінің үштен бір бөлігіндегі құжаттарда аты аталған адам. Оның аты-жөні "Кафи" кітабындағы 7140-тан аса рауаяттан көзге түседі. Һашем Құми – "Кафи" кітабы арқылы аты мәңгі сақталған адам. Калини оның болмыс шамының айналасында көбелектей шыр айналған. Аман-сау немесе науқас халде болса да, оны үйі мен медреседе бір сәтке де жалғыз қалдырмаған.

 

 

Әбілхасан Әли бен Ибраһим бен Һашем Құмидің кесенесі

Калинидің хадиске құштарлығы оны естілмеген рауаяттар мен хадистерді табу үмітімен Құмнан жолға шығуға ынталандырды.  Ол хадис жинап, қорын толтыру үшін Құмнан Куфаға барды. Бұл қала шын мәнінде ислам әлемінде пікір алмасатын және бастамалар жасалатын жер саналған. Ол заманда Куфада барлық адамдар еркін түрде өз мазһабын жарнамалайтын. Сол себепті исламның түрлі мазһабтарының хадисшілері мен жазушылары өз алдына дәріс беріп, пікірталас өткізіп, өздері білетін хадистерді баяндайтын. Ибн Ағда осы қалада тұрған адамдардың бірі еді. Ол хадистерді жатқа білетін адамдардың бірі саналған. Оның мықты есте сақтау қабілеті әлемде "Көрнекті илаһи аяттардың аяты" саналуына септігін тигізді. Ибн Ағда мазһаб тұрғысынан "зейди джаруди" болған, бірақ тақуалық пен діндарлық одан сенімді хадисші қалыптастырды. Барлық мазһабтар хадистерді баяндауда оған сенім артқан. Калини де осы ұлы адамнан хадис естіп, одан көптеген рауаят үйренген. Калини сол замандағы қалалар мен ауылдарда ондаған ұстаз бен хадисшілерден хадис ғылымын үйренгеннен кейін ақырында Бағдадқа жетті. Ол аз уақыттың ішінде ғылым мен тақуалық тұрғысынан Бағдадта өзіне лайық орынға ие болды. Шиіттер де, сүнниттер де діни мәселелерді шешу үшін оған жүгінетін. Тіпті жалқы мен жалпы да пәтуа шығаруды оған жүктейтін болған. Шейх Калини Бағдадта өзінің ең ірі ғылыми еңбегі "әл-Кафи" кітабын жазып бітірді.

Шейх Калини берекелі ғұмыры барысында құнды еңбектер жазып қалдырды. Солардың қатарына "әр-Реджал", "әр-Рад әла әл-Қарамате", "Расаел ул-Айеме (ғ.)", "Табир ур-Руйа" және Аһл-е бейттің (ғ.) қасиеттерін мадақтауға арналған өлеңдер жинағын жатқызуға болады. Өкінішке орай, бұл еңбектердің нұсқасы келешек ұрпақ үшін сақталып қалмады. Калини кітаптарының атаулары басқа ойшылдардың еңбектерінде ғана сақталған. Калинидің ең маңызды кітабы – "әл-Кафи". Шейх өз өмірінің 20 жылын осы кітапты жазуға арнаған. "Әл-Кафи" – шиіттік фикһ пен хадистің төрт беделді кітабының біріншісі. Ол Калинидің ең үлкен еңбегі ғана емес, ислам қоғамында хадис саласында жазылған ең беделді кітап болып табылады. Бұл кітап  басқа 3  кітаптан бірінші, «кіші ғайып» кезінде жазылған. Бейкүнә имамдарға (ғ.) сілтеме жасайтын құжаттар тізбегінің қысқалығы осы кітапқа сенімді арттыра түсті. "Әл-Кафи" 11 ғасыр бойы шиіт хадисшілер, факиһтер мен дерекшілердің шариғат үкімдерінде сүйенетін негізді дереккөзі болып келеді.

 

Калини "әл-Кафи" кітабының кіріспесінде оны жазудағы мақсатын былай баяндаған: "Діни бауырларымның бірінен мынадай хат алдым: "Біздің заманымыздың адамдары ғылым мен білімді қойып, надандық пен жәһілдікке бой алдырып жатыр. Өздерін мұсылман атағанымен исламның мағынасынан хабарсыз. Әртүрлі істер мен әдет-ғұрыптарды өз қалауы бойынша немесе ата-бабаларына еліктеп орындайды. Барлық істе өздерінің кем ақылдарына сүйенеді. Бұл дұрыс па?". Міне, сол кісі діни ғылымдарды қамтитын, өзі мен барлық мүміндерді қанағаттандыратын кітап жазып шығуымды өтінді. Бұл Исламның ақиқатын біздің діни жетекшілеріміздің көзқарастары мен амал-әрекеттеріне негізделген мықты дәстүрлерден алып, соған сәйкес әрекет еткісі келетін адамдар қолдана алатын кітап болуы тиіс еді". Марқұм Калини сол діни бауырдың тілегін орындау үшін "әл-Кафи" кітабын жазған. Ол кітапта пайғамбар мен Аһл-е бейттен(ғ.) 16000 хадис келтірген. Кітап үш бөлімнен тұрады: «Усул» – негіздер, «Фору» – тармақтар және «Роузе» – шиіт имамдарының шәһадаты жайлы қайғылы әңгімелер. Онда діни наным-сенімдер мен ақлақ мәселелері 8 бөлімде қарастырылған.

Осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз.