Иран мәдениеті және сәулет өнері (58)
Иманның маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде Құдай жолында қаржы жұмсау – илаһи діндердің назарына алынып, қуатталып отырған.
Пәк жүректі адамдар үнемі оған көңіл аударып келген. "Вакфқа беру" – иманды адамның Алла алдында аманатқа қалдырып, оның рухани пайдасынан нәр алу үшін беретін сыйдың бір үлгісі. "Вакф" – экономикалық, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан қоғамға ерекше әсер етеді. Ол қадым замандардан бүгінге дейін Иран қоғамында адамдық және илаһи дәстүр ретінде қолданылып келеді. Исламның «вакф» дәстүрімен танысу үшін оның адамзат мәдениетіндегі тарихына тоқталып өтеміз. Әртүрлі қауымдар мен ұлттар тарихын зерттеу нәтижесінде қоғамдық орындар салу және басқалар қолдану үшін мүлікті сыйға тартудың әр түрлі ұлттар арасында әртүрлі пішінде болғандығын көруге болады. Мысалы, ежелгі Мысырда кейбір жерлер қоғамдық орындар мен ғибадатханалар салуға арналған және оның табысы аталмыш жерлерді жөндеуге, әртүрлі рәсімдерді өткізуге және қызметкерлердің жалақысын төлеуге жұмсалып отырған. Осы жылжымайтын мүліктерді сыйға тартудағы мақсат – Аллаға жақындай түсу деп түсіндіріледі. Қолда бар жазба тақташаларда оның нақты детальдары көрсетілген. Бұл құжаттарда «вакфқа» берілген ғимаратты басқа адамға беруге тыйым салынған еді. Римдіктердің арасында да қайырымдылық қорлардың жүйесі болған. Иесі белгілеген мүлік пен ғимарат кедейлердің пайдалануына беріліп отырған және ешбір адамның оны өз меншігіне алуға құқығы болмаған. Германия, Франция, Англия, АҚШ және басқа да кейбір елдерде де мүлік пен ғимарат мұрагерге берілмей, «вакфқа» беріліп отырған. Оның табысы қауқарсыз, кедей адамдарға арналып отырған. Вакфтың тарихы қоғамдағы басқа адамдарды ойлайтын қайырымды адамдардың ізгі ниетін көрсетеді. Ал ежелгі Иранда жағдай қалай болды? Сасанилер әулеті патшалығының аяғында Иранда адам рухын қайта өрлету мақсатында көптеген қайырымдылық орталықтары пайда болды. Олардың табысы кедейлерге көмектесуге және қоғамдық орындар салуға жұмсалды. Тарихи кітаптарда былай делінген: «Ежелгі ирандықтар өз табыстарының бір бөлігін қайырымдылық істерге және жоқ-жітіктерге көмектесуге арнап отырған. Олар өлер алдында өз мал-мүлкінің бір бөлігін, соның ішінде бақ, жер, су мен үйін қайырымды істерге «вакфқа» беріп отырған. Сондай-ақ, сый беруге арналған әртүрлі рәсімдер мен ерекше мерекелер жыл бойы бірнеше рет қайталанып отырған». Тарихшылар осы мерекенің негізін қалаушы Пишдадтардың патшасы "Джамшид" деп біледі. Ол осы мерекеде кең дастархан жайып, баршаны шақыратын. Бұл мерекеде Құдайдың берген нығметтеріне алғыс айтылып, кедейлерге сыйлықтар беріліп, ізгі істер жасалатын. «Вакф» – әдемі әрі қабылдауға тұратын дәстүр ретінде Исламда жоғары орынға ие. Ол – тамыры терең қайырымдылық дәстүрлерінің бірі болып саналады. Құран Кәрімде «вакфтың» фикхтік үкім екендігін дәлелдейтін ешбір аят жоқ. Бірақ бұқара халықты қайырымдылық жасауға және мұқтаждарға көмек қолын созуға шақыратын көптеген аяттар бар. Құран «вакфты» ізгі дәстүр деп біледі. «Вакф» адамзат тарихында әралуан түрде болған. Мысал ретінде, Құранда хазірет Мариямның (ғ.) анасы өз баласын дүниеге әкелер алдында оны Құдайға қызмет етсін деп ғибадатханаға «вакфқа» беруге ұйғарғандығы айтылған. Екінші жағынан, Құранның көптеген аяттарында мал-мүлік жинау, оған мастану, харам жолмен, мұқтаждарды жылатып мал жинауды харам іс деп атайды. Құранда келтірілгендей, егер қолыңызда бар мал-мүліктен Құдайға қарыз берсеңіз, ол сізге бірнеше есе арттырып қайтарады. Құдайға қарыз беру – басқа сөзбен айтқанда, кем-кетікке қол ұшын созу деген сөз. Бақара сүресінің 245 аятынан былай деп оқимыз: "Құдайға қарыз беріп, оны бірнеше есе арттырып алатын кім? Пенденің нәсібін шектейтін де, арттыратын да – Құдай. Сіз оған қайта қайтарыласыз". «Вакф» – басқаларға көмектесудің ең маңызды жолдарының бірі. Садақа мен басқа да қайырымды істермен салыстырғанда, әдетте оның пайдасы мықтырақ әрі баяндырақ болып табылады. Ислам мемлекетінде «вакф» істерін қарастыру және оған бақылау жасау үкіметтің міндеттерінің бірі болған. «Вакф» сөзінің негізгі мағынасы – қамауға алыну, тоқтату, тынышталу дегенді білдіреді. Исламдық фикхта «вакф» деп белгілі бір мүлікті сақтау және оны садақа мен қайырымдылық сияқты істерге арнауды айтады. Марқұм Мұхаққеқ Хали «вакфты» сипаттай келіп: ««Вакф» – мүліктің өзін сақтай отырып, одан түскен пайданы басқалардың мүддесіне арнау туралы келісімшарт", -деген. Вакфтың негізгі мақсаты басқалардың қажеттіліктерін өтеуге арналғандықтан, ол қоғамның мүддесіне орай жұмсалуы тиіс. Ислам қоғамында вакф өте маңызды тақырыптардың бірі. Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) мен оның Аһл-е бейтінің рауаяттарында келтірілгендей, халық әртүрлі тәсілдермен өз мүлкін вакфқа беруге ынталандырылып отырған. Мұхаммед пайғамбар: "Адам өлген кезде оның амал-әрекеттер кітапшасы жабылады. Бірақ мына үш жағдайда ол ашық қалады: халықтың пайдасына жараған садақасы, білім-ғылымы және ол үшін Құран бағыштайтын перзентінің болуы", -деді. Имам Садық (ғ.) : "Мүмин қайтыс болғаннан кейін оған пайда әкелетін алты қасиет бар: оның кешірілуін сұрап дұға оқитын баласының болуы, оған бағышталған Құран, қазған құдығы, еккен ағашы, ағызған суы, өзінен кейін жалғасын табатын жақсы дәстүрдің болуы", -деген екен. Исламдық мәтіндер мен діни тұлғалардың сөздерін зерттей келіп, Исламның қоғамнан кедейлікті жойып, баршаға бірдей заң мен ақылға сыйымды тұрмыстық жайлылық жасауды қалайтындығын көреміз. Кедейлікпен күресу жолдарының бірі вакфқа беру ісін кең тарату болып табылады. Өйткені ол қоғамдық мүліктің артуына себеп болады. Вакф – рухани-мәдени шара. Онда көбірек пайда табу мақсат емес, тіпті табыс тауып, баюға дәлел жоқ. Сол себепті вакфта екі: ішкі және сыртқы пайда бар. Осындай сыйға тарту жеке адам тұрғысынан, вакфқа беруші адамның нәпсісінің тәрбиеленіп, тұлғасының қалыптасуына септігін тигізеді; әлеуметтік тұрғыдан қоғамда кедейлер санының азаюына көмектеседі. Алла тағала "Тәубе" сүресінің 18 аятында: "Алланың мешіттерін тек Алла мен қиямет күніне иман келтіріп, намаз оқып, зекет беріп, құдайдан басқадан қорықпайтын адам ғана абадтандырады", -дейді. Бұл аяттың мазмұны бір жағынан мешіттерді абадтандыру және оларды вакфқа беруге меңзейді. Ислам тарихы барысында көптеген адамдар Исламның осы ізгі дәстүріне бет бұрып, өздерінің ғимараттары мен мүліктерін қоғамдық деп жариялады. Вакфқа берілген бұл қоғамдық ғимараттар Иранның әкімшілік ғимараттарының көбісін құрайды. Осы ұзын-сонар тізімге Иранның әртүрлі аймақтарындағы мешіт, медресе, монша, көпір, керуен сарай, текие мен су қоймалары енгізілген. Бұл мекен-жайлар қайырымды адамдар тарапынан салынып, вакфқа берілген. Бұл вакфқа берілген ғимараттар Иранның сәулет өнерінің дамуына ерекше әсер етті.