Иран мәдениеті және сәулет өнері (63)
Ирандағы кесенелер мен мазарлардың архитектуралық құрылысы – көңіл аударуға тұрарлық тақырып.
Бүгінде біз Иранның түкпір-түкпірінен осы байтақ дала тарихының ұлы тұлғалары жерленген мыңдаған кесенені көре аламыз. Бұл ғимараттардың архитектуралық құрылысы орналасқан жері мен сол аймақта бар құрылыс материалдары, сондай-ақ салынған уақытына байланысты әралуан болып келеді. Адамзат баласы тарих бойы қайтыс болған адамдарды әралуан тәсілмен жерлеп отырған. Жерлеудің бірнеше түрі болған. Әлемнің түкпір-түкпірінде бір-біріне ұқсамайтын әралуан кесенелер бар. Адам баласын үнемі алаңдатып келген мәселелердің бірі – қайтыс болған адамды қайда және қалай жерлеу болған. Осы күнге дейін табылған ең ежелгі қабірлердің тарихы б.з.б. мыңдаған жылдарға дейін барады. Жерлеудің ең ежелгі түріне тас дәуірінен бұрынғы замандарда мәйітті құрсақтағы балаға ұқсатып, бір қырымен тас қабірге жатқызып жерлеу жатады. Осындай күйде жерлеу мәйітті ұйқыға кеткендей көрсетіп, қиямет күні қайта оянып, қайта тууына деген үмітті білдіретін. Бүгінгі адамдардың ата-бабалары өте ерте замандарда қайтыс болған адамның денесін жіппен байлап отырған. Бұл өлгендер қайта тіріліп, тірілердің соңынан түседі деген қорқыныштың себебінен болуы мүмкін. Тарихы б.з.б. 3500 жылға жететін ежелгі мәдениеттерде жерлеу рәсімі ерекше маңызды болған. Ұзындығы 12 метрді құрайтын тас тақташалардан жасалған үлкен қабірлер ежелгі адамдар үшін жерлеу рәсімінің қаншалықты маңызды болғандығын көрсетеді. Бұл қабірлерде 100 мәйіт қойылған. Оның беті топырақпен жабылған. Мұндай үлкен қабірлер салтанатты ғимараттарға ұқсас болған және оларды салуға көп уақыт пен көп қаржы жұмсалатын. Барлық дүние аңызбен астасып жатқан б.з.б. ғасырларда кейбір еуропалықтардың пайымдауынша, аталмыш қабірлерді диюлар өздері үшін салған-мыс. Ежелгі Грекияда қайтыс болған адамдар әктастан жасалған табытқа қойылатын болған. Бұл тас табытты "саркофаг" немесе "етжегіш" деп атаған. Орта ғасырларда адамның рухы оның жүрегінде орналасқан деп есептелген. Сондықтан да кейбір патшалар мен ұлы өнер иелері өз жүректерін бөлек жерлеуге өсиет қалдырып отырған. Наполеон Бонопарт, Данте мен Шопен – жүректері бөлек жерленген атақты адамдардың қатарына жатады. Иран сынды жерлерде қайтыс болған адамның денесін үңгірге немесе тау ішіне қойған. Нақш-е Рустамда тау ішінде Ахеменидтер мен Сасанидтер дәуірлерінен қалған үлкен қабірлер сақталып қалған. Иран патшалары Ұлы Дарий, Ардашир, Дарий II мен Артаксерокстердің денелері тау ішінде жерленген. Иран таулы қыратында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарынан табылған құжаттарға назар аударсақ, осы жерді мекендеген жергілікті тайпалардың қайтыс болған адамдарды бөлме ішіне, аулаға, олар өмір сүрген аумақта жерлеп отырғандығын көреміз. Бірақ арий тайпалары Иранға қоныс аударып келгеннен кейін қайтыс болған адамдарды жерлеу үшін тұрғын ауданнан тысқары жерде арнайы жарақталған орын белгілеп отырған. Арий тайпалары қарапайым адамдарды жерде қазылған көрлерге қойып, олардың үстін үлкен тастармен, шатыр пішінде жауып отырған. Осындай қабірлердің үлгісін Кашанның Сиалк зиратынан көруге болады. Хақаманши патшаларының қабірлері басқа адам қабірлерінен ерекшеленеді. Бұл қабірлер не тауды тесіп салынған, не ашық жерде тас қабір түрінде болған. Ежелгі Мысыр қалаларының бірі Мемфистің үйінділерінен тас тақташа табылды. Онда Хақаманши патшаларының бірінің денесі бедерленген. Бұл тақташада қайтыс болған адамның денесі тас тақтайдың үстіне қойылған және оның жақындары айнала отырып жоқтау айтып жатыр. Бұл тақташа қазір Берлин мұражайында сақтаулы. Иранның аңызбен астасқан тарихында да осындай жерлеу түрі жайлы сөз қозғалған. Фердоусидің "Шахнамасында" Висе ақсақалдарын жерлеу, Кианилер патшасы Кейхосроудың бұйрығы жайлы былай делінген: (өлең жолдары) یکی دخمه فرمود خسرو به مهر برآورده سر تا بگردان سپهر نهاده در و تختهای سران چنان چون بود درخور مهتران نهادند مر پهلوان را به گاه کمر بر میان و بسر بر کلاه... Куруш пен оның жақындары ашық жерде салынған қабірлерде жерленген. Дарий мен оның жақындары тауды ойып салынған үңгірлерде жерленген. Археологиялық зерттеулер Персеполиске жақын жердегі Куруштың кесенесін Ирандағы ең ежелгі жерлеу құрылысы деп есептейді. Бұл ғимарат б.з.б. 540-530 жылдары әктастан жасалған. Куруш кесенесі салтанатты бақтың ортасында орналасып, үлкен тастардан жасалған. Бұл тастардың кейбіреуінің ұзындығы 7 метрге дейін жетіп отырған. Кесене құрылысында екі бөлік бар: ауданы 165 шаршы метрді құрайтын тіктөртбұрышты текше пішіндегі 6 баспалдақты платформа мен ауданы 5 шаршы метрді құрайтын көлбеу шатыры бар әрі қабырғасының қалыңдығы 5 метрді құрайтын кішкене бөлме. Куруш соғыста қаза тапқаннан кейін оның денесін мумиялап, алтынмен апталған тақтайдың үстіне қойып, оның патшалық заттары мен соғыс құралдарын жанына қойып жерлеген. Қабірдің көлбеу төбесінде екі үлкен тесік бар. Ол төбені жеңілдету үшін жасалған. Бірақ кейбіреулер қателесіп, оны Куруш пен оның әйелінің денесін сақтауға арналған орын деп есептейді. Бұл кесене ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне алынған. Ахеменидтер дәуіріндегі қабір салудың тағы бір түрі жартасты ойып салынған үңгірлер түрінде болған. Мұндай қабір Дарий I мен оның мұрагерлері кезінде қолданылған. Бұл қабір-үңгірлер Нақш-е Рустам мен Персеполистің айналасында салынған. Кесенелер сыртқы түрі жағынан бірдей. Олардың сыртқы жағы үш бөліктен тұрады. Бірақ ежелгі Иранда қайтыс болғандарды тек жерге немесе тау ішіне көміп отырмаған. Иранның отқа табынушылары қайтыс болған адамдардың денесін ашық жерге тастап отырған. Зардушт дінін ұстанушылардың көзқарасынша, жер мен от – қасиетті. Қайтыс болған адамның денесі рух тәннен шыққаннан кейін лас деп есептелінеді. Лас дене айналасындағы барлық заттарды ластайды, сондықтан да қайтыс болған адамның денесін жер мен отқа бермеу керек. Зардушт дінін ұстанушылар Сасанилер заманында қай жерде өмір сүрсе, сол жерде үңгір қазып, қайтыс болғандарды сонда апарып, ашық аспан астында, үңгір қабырғасына сүйеп кететін болған. Бұл дене жыртқыш құстар мен аңдардың жеміне айналатын. Содан соң оның сүйектерін алып, кішкене ойық жерге жерлеп отырған, оны "эстудан" деп атаған. Исламның Иранға енуі ирандықтардың дінінің өзгеріп, өмірлерінің барлық саласында ұлы өзгерістердің орын алуына себеп болды. Өлім мен өлімнен кейінгі өмір жайлы көзқарастың өзгеруі Ирандағы жерлеу тәсілі мен кесене салу үлгісіне өзгеріс енгізді.