Сәу 13, 2016 20:12 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (66)

Иранда діни, ұлттық және әдеби салада аты шыққан адамдардың қабіріне ескерткіш ретінде құрылыс салудың кеңінен таралғандығын айттық.

Бұл құрылыстар Иранның әртүрлі жерлерінде кездеседі және әртүрлі тарихи кезеңдерге тиесілі. Құрылыстардың архитектуралық жобасы әрбір дәуірде кең таралған сәулет өнеріне тікелей байланысты болған. Оларды зерттеуге тұрарлық үлгі десе де болады. Имам Реза (ғ.) кесенесі Иранның ең маңызды діни-тарихи құрылысы болып табылады. Жылына миллиондаған адам әлемнің түкпір-түкпірінен осы қасиетті орынды зиярат ету үшін Иранның солтүстік-шығысында орналасқан Мешхед қаласына келеді. Бұл жерде Ислам пайғамбары ұрпақтарының бірі х.қ.ж.с.б. алғашқы жылдарында шәһид болған имам Әли ибн Мұса әл-Реза (ғ.) жерленген. Тарихи деректер бойынша имам Резаның (ғ.) денесі алдымен Тус қаласының айналасында орналасқан Санабад атты кішкене ауылда жерленген болатын. Бірақ ол жерде имам Реза жерленген кейін бұл ауыл үлкен қалаға айналып, Тус қаласы оның атырабындағы қала болып қалды. Осы қабірдің алғашқы құлпытасы кішкене көлемдегі мәрмәр тастан жасалған еді. Оның бетіне Құран аяттары мен Ислам дінінің көрнекті тұлғаларының есімдері куфа жазуымен жазылды. Тас бетінде жазылған уақыт 900 жыл бұрынғы заманға тиесілі. Ол қазір Мешхедтегі Қасиетті Разави облысының мұражайында сақтаулы. Кейінгі жылдары тастан сандық пішінде төртбұрышты қоршау жасалынып, хазірет Реза мазарының үстіне қойылды. Бұл сипаттама имам Реза (ғ.) кесенесінің салыну тарихы жайлы кіріспе ғана. Имам Реза (ғ.) кесенесінің алғашқы құрылысы Самани дәуірінде салынған. Оны салу х.қ.ж.с.б. 5-6 ғасырларда толықтай аяқталып, 7 ғасырда әртүрлі архитектуралық безендіру түрлері, атап айтқанда, сырлы кірпіштер және ағаш оюлармен безендірілді. Имам Реза (ғ.) кесенесінің үстіне қойылған алғашқы күмбез х.қ.ж.с.б. 8 ғасырда салынды. Бұл күмбез сол кездегі барлық күмбездер сияқты екі қабатты болып келеді. Бірақ оның сыртқы беті керамикалық тақшалардың орнына алтынмен апталған. Атақты саяхатшы Ибн Батута өзінің сапарнамасында осы кесене жайлы: «Мешхедте үлкен күмбез бар. Оның жанында мешіт пен медресе салынған. Оның барлық ғимараттары әдемі әрі салтанатты. Бұл ғимараттардың қабырғалары шикі кірпішпен безендірілген. Кесененің ішіне күмістелген қоршау қойылған», деп жазды. Күмбездің биіктігі төбенің үстінен 16 метр. Имам Реза (ғ.) кесенесінің күмбезінің іш жағы күйдірілген кірпіштен салынған, оның бетін шикі кірпіштен жасалынған тақташалар жауып тұр. Күмбездің сыртқы беті мыс түстес алтынмен апталған кірпіштермен безендірілген. Күмбездің астында насталиқ жазуымен өте әдемі жазба тақташалары ойылып жазылған. Темуридтер дәуірінде Мешхед қаласы дами түсті. Осы кезде Гаухаршад тарихи мешіті мен Имам Реза (ғ.) кесенесінің айналасындағы бірнеше портик салынды. Содан соң осы кесенеге жапсарлас бірнеше діни медресе салынды. Бұл кесененің күмбезі Сефевилер дәуірінде алтынмен жалатылған. Сол замандағы ғалымдардың бірі шейх Бахаи жасаған әдемі жоба арқылы Имам Реза (ғ.) кесенекешені Иранның ең үлкен әрі ең әдемі тарихи кешеніне айналды. Сол заманнан бүгінге дейін бұл кесенеге бірнеше қабір қоршауы қойылды. Бұл қоршаулар одан да әдемірек қоршаумен алмастырылып отырған. Имам Реза (ғ.) кесенесінің ең соңғы қоршауы х.ш.ж.с.б. 1379 жылы (2000 жылы) Иранның қазіргі заманғы ұлы өнерпазы әрі суретшісі Махмұд Фаршчианның жобалауы әрі бақылауымен жасалынып, орнатылды. Имам Реза (ғ.) кесенесінің ішкі қабырғалары жоғары сапалы мәрмәр тастардан салынған және оның жоғары жақтары әдемі керамикалық тақташалармен жабылған. Бұл керамикалық тақшалар төрт, алты және сегіз бұрышты болып келеді. Қоршаудың үстінде, қабырғалардың үстінде және күмбезді айнала, сондайақ есіктердің үстінде Құран аяттары, хадистер, Алла мен діни жетекшілерді мадақтауға арналған Иран шайырларының өлеңдері ойылып жазылған. Имам Реза (ғ.) кесенесінде Иранның әртүрлі архитектуралық безендіру түрлері, атап айтқанда айна сынықтарын жапсыру, сырлы кірпіш жапсыру, жазба тақташаларын орнату, каллиграфия мен металл бетін көмкеру өнерлері пайдаланылған. Имам Реза (ғ.) кесенесінің мұсылмандар үшін қасиетті зиярат ететін орын болумен қатар, құнды тарихи кешен де болып табылады. Бұл кесененің архитектуралық жобасы тарих бойында Иран сәулет өнері принциптері негізінде кемелдене түсті. Мазарбақ – әдетте барлық немесе бір бөлігі кесенеге арналған бақтың түрі. Фердоусидің «Шахнамасында» да осындай бақ түрлері аталып өтілген. Ардабиль қаласындағы шейх Сафааддин Ардабилидің мазары мен Махандағы шах Нематулла Валидің мазары Иран сәулет өнері дәстүрінің көрнекті үлгілері болып табылады. Бұл бақтардың көбінесе демалыс күндерін өткізетін жерлер немесе тамашалаушылардың көңілін тыныштандырып, дұға оқитын орталықтар болғандығын айта кеткен жөн. Шах Нематулла Валидің мазарын Иранның әртүрлі жерлерінде кездестіруге болатын үлгімен салынған кесенелердің қатарына жатқызуға болады. Шах Нематулла Вали – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда өмір сүрген шайыр әрі мистик. Ол Самарқанд, Герат және Йезд қалаларында өмір сүрген. Ол өз өмірінің соңғы жиырма бес жылын Махан қаласында өткізіп, қайтыс болғаннан кейін сол қаладағы жанға жайлы бақтың ішінде жерленген. Бұл мазар Иранның оңтүстікшығысындағы Керман қаласына жақын жердегі Махан қаласында орналасқан. Оған бақ, үш аула мен оған жапсарлас ғимараттар жатады. Бұл аулалардың барлығының ортасында бір хауыз, оның айналасында бірнеше шырша мен сауырағаш бар. Аулалардың бұрышбұрышынан раушан гүлін көруге болады. Мұның өзі бақ кеңістігін көркейте түседі. Х.қ.ж.с.б. 9 ғасырға жататын бұл архитектуралық ескерткіш шах Нематулланы жақсы көрген Үндістанның Дакан патшасы Ахмад шах Даканидің бұйрығымен салынған. Кейінірек Сефевилер мен Қаджарлар кезінде оның ғимараты толықтырылды. Бұл құрылыста күмбез бен мұнара бар. Мазарда «хатамкари» – ұсақ ағаш қиындыларын көркемдеп жинап, лактау өнерімен жасалынған бес есік бар. Олар үндістандық өнерпаздардың бірегей туындысы болып табылады. Онда піл сүйегінің бөлшектері де пайдаланылған. Сондайақ, архитектуралық сталактик жасау, алебастр бетіне сурет салу, жеті түсті керамикалық тақташалардың қолданылуы аталмыш мазарды Иран сәулет өнерінің бірегей туындыларының біріне айналдырды. Бұл құрылыстың ауданы 6 мың шаршы метрге жуық. Мазардың кіреберіс маңдайшасы мен сыртқы келбеті көгілдір, ақ және сары түсті керамикалық тақташалармен көмкерілген. Мұны көрген кезде әрбір тамашалаушы Иран өнерпаздарының шеберлігі мен жасампаздығына тәнті болады.

 

Тегтер