Иран мәдениеті және сәулет өнері (68)
Иран территориясын мекендеген адамдар қолайлы географиялық жағдай мен ежелгі өркениетке ие болуына байланысты өнер мен эстетикаға өте көп көңіл бөлген.
Тарих бойында ирандық сәулетшілер әртүрлі тәсілдер мен қолда бар құрылыс материалдарына сәйкес ғимараттардың іші-сыртын безендіріп, теңдессіз үлгілер жасады. Ғимараттардың ішін безендіруде көп қолданылған әрі ирандық өнерпаздардың бастамасы болып табылатын өнерлердің бірі – айна сынықтарын жапсыру. Ерекше ынта мен нақтылықты қажет ететін бұл өнер түрі пайда болған күнінен бастап ирандық өнерпаздардың қолымен жасалып келеді. Иранның кейбір аймақтарында айна сонымен қатар қолөнер бұйымдарын жасауда да пайдаланылады. Бұл аймақтарда айна сынықтарын жапсыру өнерін мата бетінен, жергілікті және дәстүрлі киімдерден, дастархан беті мен қабырғаға ілетін заттардың бетінен көруге болады. Бүгінде айна жаңа стильдегі декорациялық заттарды жасауда және кішігірім кеңістіктерді безендіруде де қолданылады. Айна жарықтың артуына көмектеседі. Оны дұрыс пайдалану арқылы бөлменің тартымдылығын арттыруға болады. "Айна сынықтарын жапсыру" ғимараттың ішкі кеңістігінде үлкенді-кішілі айна сынықтарынан әртүрлі геометриялық фигуралар жасау өнері болып табылады. Ол жарық әрі жылтыраған кеңістік тудырады. Осы өнердің нәтижесінде нұрдың сансыз айна сынықтарымен шағылысуы жанға жайлы жарық кеңістік тудырады. Тарихи деректер бойынша, ғимаратты айна сынықтарымен безендіру алғаш рет шах Тахмасп Сафави кезінде астана болған Қазвин қаласында х.қ.ж.с.б. 965 жылы салынған ғимаратта қолданылды. Астана Қазвин қаласынан Исфаханға ауысқаннан кейін бұл өнер осы қалада таралып, Исфаханның көптеген сарайларын безендіруде қолданылды. Франциялық саяхатшы Шардин атап өткен Исфахандағы жүзден астам сарайдың көбінде айна сынықтарынан жасалған өте әдемі жобалар бар. Олардың арасынан "Айнахана" деген атпен танымал сарай айна сынықтары көптеп пайдаланылғандықтан барлық сарайлардан әдемі. "Айнахана" – кіреберісінде кең терасса орналасқан ғимарат. Барлық бағандар, зал мен терассаның төбесі мен қабырғалары айна сынықтарымен жабылған. Бұл сарай Зайяндеруд өзенінің жағасында салынған. Ағынды су мен оның айналасындағы бұталардың ғимараттың айналарында шағылысуы жанға жайлы панорама тудырады. "Айнахана" сарайынан кейін салынған "Челсутун" сарайында да айна сынықтарынан жасалған жобалар көптеп кездеседі. Челсутун сарайында адам бойымен бірдей айналар қабырғаларға жабыстырылған. Айна сынықтары мен әртүрлі шынылар төбе, терасса мен залды безендіруге пайдаланылған. Х.қ.ж.с.б. 12 ғасырдың басында (18 ғасыр) сапарнама жазған италиялық саяхатшы Джемили Карери өзінің Әзірбайжандағы бір сарайды тамашалағандығын сипаттай келіп, оның бір ауласында айна сынықтарымен безендірілген әдемі бөлме барын айтқан. Ол: "Сәуле түскенде айнаның жарқыраған сынықтары көз шағылыстыратын сахна тудырады. Мен сәулет өнеріндегі мұндай безендіру түрін бірінші рет көрдім", -деп жазған. Сафави дәуірінен кейінгі саяси-экономикалық тұрақсыздық Иранда айна сынықтарын жапсыру өнерінің тоқырауға ұшырауына себеп болды. Бірақ Кәрімхан Зендтің кезінде Шираз қаласында айна сынықтарымен безендірілген әдемі ғимараттар салынды. Қаджарлар заманында шахтар мен байлардың сән-салтанатқа қызығушылығы Иранда айна сынықтарын жапсыру өнерінің дами түсуіне себеп болды. Х.қ.ж.с.б. 13 ғасырда әдемі айна сынықтары Теһрандағы Шамс ол-Эмаре ғимаратының залдары мен бөлмелері, Гүлстан сарайы мен хазірет Абдулазим кесенесінің кіреберісі, Машһад қаласындағы Имам Реза кесенесін безендіруде қолданылды. Бұлардың әрқайсысы осы өнер түріндегі бірегей туындылар болып саналады. Айна сынықтарын жапсыру өнерінің соңғы әдемі үлгілерін Теһрандағы екі сарайдан көруге болады. Біріншісі –Теһранның солтүстігіндегі "Саадабад" кешені, екіншісі – қала ортасындағы "Мәрмәр" сарайы. Әрине, соңғы онжылдықта айна сынықтарын жапсыру өнері өзгерді. Бұл өнер салтанатты сарайлар мен діни ғимараттар аумағынан шығып, қонақ үй, мейманхана және кейбір театрлар, тіпті сауда орталықтары мен үйлерде де кең түрде пайдаланыла бастады. Орын алған өзгерістер аталмыш өнердің дәстүрлі тәсіліне жаңашылдық енгізді. Айна сынықтарын жапсыру өнерінде жобалаушы алдымен қажетті жобаны қағаз бетіне түсіреді, содан соң сол жобаны арнайы инелермен қабырға, төбе немесе баған бетіне ауыстырады. Жапсыруға қажетті айнаның қалыңдығы – 1 мм. Айна сынықтарын жапсыру өнері жазық және бедерлі екі пішінде орындалады. Бұл өнерде кең таралған жоба "гереһ" (түйін) деп аталады. Аталмыш жоба Иран өнерлерінің әртүрлі салалардағы қолданыс аясы мен пішіннің әралуандығы жөнінен теңдессіз болып келеді. Қаджарлар заманында айналардың тегіс әрі үлкен көлемде қабырғаға жабыстырылғандығын біліп жүргендеріңіз жақсы. Содан соң оның бетіне қажетті сурет жобасы салынатын болған. Исфаханда жасалған үлгілерде айна сынықтарын жапсырушы өнерпаздар осы жоба салынған айна бетіне кішкене айна сынықтарын жапсыратын болған. Айна сынықтарын жапсыру өнері кейде алебастр жапсырумен қатар жүрді. Бұл шын мәнінде, екі өнердің қосындысы болып табылады. Соңғы жылдары айна сынықтарын жапсыру өнерінің бір түрі түрлі түсті шыны сынықтарын жапсыру арқылы орындалады. Онда өсімдік негізіндегі жобалар қолданылады. Әрине Иран ғимараттарын безендіруде ағаш бетіне айна сынықтарын жапсыру да кең таралған еді. Мұның көрнекті үлгісін Теһранның Гүлстан сарайлар кешеніндегі "Бадгир" (желтартқыш) сарайы мен Шираздағы "Наренджестан" ғимаратынан көруге болады. Иранның ең жақсы айна сынықтарын жапсырушылары Исфахан, Шираз бен Теһраннан шыққан сәулетшілер мен жобалаушылар болған. Олардың өнер туындыларын да осы қалалардан көруге болады. Айна сынықтарын жапсыру өнері әдемілігі мен тартымдылығына байланысты соңғы онжылдықтарда Иранның географиялық аумағынан шығып, кейбір Ислам елдеріне де таралды. Мұның ең жақсы үлгісі –Ирактың Наджаф қаласындағы хазірет Әли (ғ.) кесенесінде жасалынған айна жобасы. Бұл сол өнер түрі бойынша бірегей туынды болып табылады. Айна сынықтарын жапсыру өнері ирандық шайырлардың өлеңдеріне де жол тапты. Әдебиетте айнаның әдемі әрі жарқыраған сыртқы келбетіне көбірек көңіл бөлінген. Х.қ.ж.с.б. 11 ғасырда (17 ғасырда) өмір сүрген шайыр Бинеш Кешмири айна сынықтарын жапсыру өнеріне символ ретінде қарап: "Жүрегімнің әр бөлшегі, сенің назарыңның көгалы, Айна ұсатылып, сынғанда ғана айнаханаға айналады", -деп жырлаған екен.