Иран мәдениеті және сәулет өнері (72)
Қабырғаға сурет салу – алғашқы қауым адамынан бастап, 21 ғасыр адамына дейін әртүрлі мән-мағына беру үшін символды түрде қолданатын өнерлердің бір түрі.
Қабырғаға сурет салу және қабырғаны безендіру Иранда терең тамыры бар өнер болып табылады. Иран таулы қыратындағы үңгірлерде өмір сүрген адамдардан бастап біздің заманымызға, сондай-ақ Ислам дәуірлеріне дейін Иранның әртүрлі аймақтарынан қабырғаға сурет салу өнерінің әралуан үлгілерін көруге болады. Қабырғаны безендіру ғимараттардың қабырғасы мен ішкі немесе сыртқы бетіне үлкен көлемде сурет салу дегенді білдіреді. Иранда табылған ең ежелгі суреттер б.з.д. 8 мыңжылдыққа тиесілі. Ол Луристанның таулы аймағынан табылды. Бұл суреттерде соғыс алаңы, садақпен аңға шығу көрінісі және жылқы, тау текесі мен ит сияқты жануарлар бейнеленген. Үңгірлерде өмір сүрген алғашқы қауым адамдары бұл суреттерді қарапайым тәсілмен қара мен сары түсті араластырып салған. Б.з.д. 8 ғасырда өмір сүрген Мадтар дәуірінің суреттерінен бізге жеткен ескерткіштер өте аз. Грек тарихшысы Геродот өзінің "Тарих" атты еңбегінде Мадтардың астанасы Экбатанның қабығаларының түрлі түске боялғандығын жазған. Ахеменидтер дәуірінде де қабырға бетіне сурет салу кең таралған. Б.з.д. 6-4 ғасырлардағы ирандық суретшілер көбінесе ашық түстерді, әсіресе сары, көк, жасыл, қызыл және алтын түстес бояуларды қолданған. Ашканидтер дәуірінен де қабырға бетіне салынған суреттер қалды. Иранның қауымдық мәдениеті мен аңыздары осы суреттердің ең маңызды тақырыбы болып табылады. Самарқанд, Нишапур және Шуш сияқты әртүрлі қалалардан Сасанидтер дәуірінен қалған көптеген суреттерді көруге болады. Олар бояулардың құрамы мен сызықтардың теңгерімі тұрғысынан үйлесімді әрі әдемі. Ал Ислам келгеннен кейінгі алғашқы ғасырларда қабырға суреттері көбінесе салт атты аңшы мазмұнында салынған. Сефевилер заманында ирандықтар еуропалықтармен мәдени-экономикалық байланыстар орнатқаннан кейін ирандық өнерпаздар біртіндеп басқа елдердегі сурет салу өнерімен танысты. Соның арқасында ғимарат бетіне салынатын суреттердің тәсілі өзгерді. Күнделікті тіршілік, әлеуметтік мазмұндар, Еуропаның бейнелейтін суреттері немесе Иранға сапармен келген еуропалықтардың бейнелері сурет салу өнеріне жол тартты. Бұл суреттерде реализм, материалдық мазмұндағы суреттер мен сыртқы бейнелер арабеска, өсімдік, арман бақтар мен жұмақтың суреттерін алмастырды. Қаджарлар дәуірінде патша сарайлары, мемлекеттік мекемелер мен ақсүйектердің үйлерінің корпусының бір бөлігіне айналды. Мұндағы суреттердің мазмұны тарихи оқиғалар, әдеби хикаялар, аңыздар мен кейбір діни тұлғалар мен оқиғаларды қамтыды. Олардың көбісі табиғи көлемде салынған. Осы заманның ескерткіштері Иран сурет өнері мен еуропалық-ресейлік суретшілердің стильдерінің қосындысынан тұрады. Бұл суреттердің көбінен жарқыраған бояулар көзге шалынады. Теһрандағы "Гүлстан" сарайы, Карадждағы "Сүлеймание" сарайы, Қазвиннің "Чеһелсутун" сарайы қабырғаға сурет салу өнерінің үлгілерін өз бойына жинаған. Суреттер шын мәнінде тек сарай маңындағылардың жарқыраған өмірімен байланысы бар жобаларға айналды. Олардан өнерпаздардың рухани дүниесі мен жасампаздығынан туындаған ескерткіштер өте сирек кездеседі. Каир университетінің Ислам өнері және архитектурасы саласының ирландық ұстазы профессор Бернард Окейн Ислам келгеннен кейінгі Иран сәулет өнері жайында еңбектер жазған. Ол Иран сәулет өнеріндегі қабырғаға сурет салу өнері жайлы: "Ауғанстандағы сұлтан Махмұд Ғазнави сарайының қирандыларында қазір жойылу үстіндегі қабырғаға сурет салу өнерінің теңдессіз үлгілері бар. Тарихи және әдеби еңбектерде осы сарай, ондағы бояулардың әралуандығы мен оның ішкі декорациясы жайлы кең түрде сипаттама берілген. Бізге жеткен осы ескерткіштерден бояу мен оның сызықтарының біте қайнасуының шынымен-ақ таңданыс тудыратындығын көреміз", -деп жазады. Ол осы еңбегінде Исфахандағы Сефевилер сарайларын Иран сәулет өнерінде қабырғаға сурет салу өнерін пайдаланудың ең жақсы үлгісі ретінде атап өтеді. Ол сурет салуды ғимараттың ішкі кеңістігін безендіруге қажетті басты элементі деп санайды. Ол, сонымен қатар, осы суреттерде жарық пен бояуды үйлестіруді ирандық сәулетшілер ойлап тапқан жаңалықтардың бірі деп есептейді. Ирандағы қабырғаға сурет салу өнері үнемі бай адамдар мен билеуші тап өкілдеріне ғана тиесілі болмаған. Сефевилер мен Қаджарлар дәуілерінде қабырғаға сурет салу қарапайым халық арасында да кең таралды. Бұл суреттер табиғат суреттері негізінде бояу және маймен қабырға бетіне салынып отырған. Осылайша, монша немесе кесене сияқты қоғамдық ғимараттардың қабырғасына сурет салу стилінің қалыптасуына жағдай жасалды. Кермандағы "Ганджалихан" моншасы Сефевилер дәуірінде салынған және онда қабырғаға сурет салу өнерінің ең маңызды ескерткіштері орналасқан. Бұл суреттер Ирандағы қабырғаға сурет салу өнерінің көңіл аударуға тұрарлық халықтық үлгілері болып саналады. Бұл суреттерде аңдар, адамдар мен өсімдіктердің суреті, аңшылық, соғыс пен піл, бұғы және қоян сияқты аңдардың айқасы бейнеленген. Гүлдер мен бұталар сауырағаш пен анар ағаштарының жанында бейнеленген. Алты жапырақты гүл осы моншаның барлық қабырғалары мен төбесінде бейнеленген. Әрине, осы сурет салу стилінің қызықты үлгілері бар. Бұл – әртүрлі дәуір суретшілерінің бастамашылдығын көрсетеді. Мысал ретінде Аббас шах Мешхед қаласында салған моншадан халықтық суреттерді көруге болады. Бұл суреттерде бірнеше адам бір-бірімен күреседі, бірақ олардың бастары адамдікі емес, оның орнына құс пен жыланның суреттерін пайдаланады. Х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда өмір сүрген ирандық шайыр Әбдібек Ширази Қазвин қаласының кейбір сарайлары мен ғимараттарының қабырғаларында бейнеленген суреттерді былайша сипаттайды: Есігі мен қабырғасы – жапырақ, бұта мен әртүрлі құстардан алынған жұмақтың үлгісі. Құс бұтаға қонып, қисса айтып жатқандай, Әртүрлі бейнелер тұрғысынан Бейне жасаушы ісінен айырылды. Бұл шайыр өлеңнің жалғасында бөлмелердің қабырғаларына салынған Иранның ғашықтық дастандарындағы суреттерге тоқталып өтеді. Хосроу, Шырын, Бистун тауы, той-томалақ пен аңшылық, поло ойынының суреттері, сондай-ақ, хазірет Жүсіпке қатысты дастандардың суреттері өте әдемі бейнеленген. Бұл суреттер Исфахандағы "Чеһелсутун" мен "Али Ғапу" сарайларының қабырғаларындағы суреттермен бірге ғимараттардың ішкі бетін безендірудегі қабырғаға сурет салу өнерінің таралу аясын көрсетеді. Кейбір зерттеушілер, атап айтқанда франциялық Андре Годар: "Голландиялық суретшілер ирандық суретшілермен бірге "Чеһелсутун" мен "Али Ғапу" сарайларының кейбір суреттерін салған", -деп есептейді. Кейбір дәуірлерде соғыстар мен әскери қақтығыстарға байланысты өнерді дамытуға жағдай болмады. Бірақ қалай болғанда да, қабырғаға сурет салу өнерінің өзіндік қолдаушылары болды. Оның бір үлгісі Исфаханның "Чеһелсутун" сарайында Надер шах Афшардың Кернал соғысындағы жеңісі бейнеленген үлкен сурет болып табылады. Оны Молда Садеқ бояу мен май пайдаланып салған. Бұл суреттен киімдер мен соғыс құралдарының детальдарын анық көруге болады.