Құрандағы имам Мәһдидің (ғ.с.) бейнесі (9)
«Ибраһим» сүресінің 5-ші аяты: ... وَ ذَکِّرْهُمْ بِأَیَّامِ اللهِ إِنَّ فی ذلِکَ لَآیاتٍ لِکُلِّ صَبَّارٍ شَکُورٍ
«Ибраһим» сүресінің 5-ші аятында Алла Тағала: «..."Алланың күндерін ескерт" деп, мұғжизалармен жібердік. Шәксіз мұнда; бейнетке сабыр етіп, нығметке шүкіршілік етушілер үшін өнегелер бар»,- деді.
Әрине, барлық жерлер Алланың жерлері болғандай, барлық күндер – Алланың күндері. Егер бір жер «Алланың үйі» деп аталған болса, оның ерекшеліктері байланысты. Сондай-ақ «Алланың күндері» де ерекше ұпайға ие арнайы күндер. Негізінен, «Алланың күндері» - бұл адамзат өміріндегі ұлы күндер. Яғни, Алланың бір әмірі басқа нәрселерді өз көлеңкесінде қалдыратындай жарқыраған кез келген күн Алланның күндерінен болып табылады. Құдайдың қаһары күндері - Нұх, Ад және Самуд сияқты тайпалар жойылған күндер. Хазірет Нұх пен оның серіктері кемеден шығып, Құдайдың батасын алған немесе хазірет Ибраһим өрттен құтқарылған күн илаһи нығметтер керемет көрініске ие болған күндер саналады. Басқа сөзбен айтқанда, пайғамбар келген кез келген күн немесе перғауынның озбырлығы үшін жоқтық аңғарының түбіне жіберілген күн – бұл күндердің барлығы «Алланың күндері» аталады.
Пәк имамдардың (ғ.с.) хадистері мен рауаяттарында Алланың күндері тағдыр шешетін және маңызды күндер ретінде аталды. Ерекше илаһи күндердің бірі – хазірет Мәһди (ғ.с.) келетін күн. Имам Садық (ғ.с.): «Алланың күндері – үш күн: хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) әулетінің жасырын ұрпағы келетін күн, адамның дүниеден озған күні және қиямет күні»,- деген болатын.
Құранның әйгілі тәпсіршісі ғұлама Мұхаммад Хұсейн Табатабаи «Әл-Мизан» кітабында: «Бұл рауаят Алланың күндерінің осы үш күнмен шектелетіндігін емес, Алланың күндерінің кейбір айқын мысалдарын көрсетуге көзделген»,- деп жазды.