Maм 11, 2021 05:09 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (199)

Өткен бірнеше бағдарлама барысында х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген танымал ирандық ақын Масуд Саад Салманмен таныстырдық. Бүгін де таныстыруды жалғастырамыз.

Айтып өткеніміздей, Әмір Саид ад-доуле Әбу ән-Наджм Масуд Саад Салман Хамадани Үндістанда Ғазнавилер мен Селжұқтар заманындағы танымал ақындардың бірі және Ғазнави үкіметінің ірі тұлғаларының бірі болған. Жанұясы хамандандық болғанымен Масуд әкесінің мемлекеттік қызметіне байланысты х.қ.ж.с.б. 425-438 жылдар аралығында (1033-1046жж) Лахорда дүниеге келген. Масудтың әкесі мен атасы өз заманының білімді, оқымысты адамдарының қатарында болған. Масуд Лахор мен Ғазни қалаларында танымал ұстаздардан ғылым, өнер, жауынгерлік, атқа міну және садақ атуды үйренген. Әдебиетпен танысу оның ақындық пен поэзияға қызығушылығын оятқаны сондай, ол қасида жырлауда өз заманының маңдай алды ақынына айналып, ұстаздық дәрежеге жеткен. Масуд Саад жастайынан сарайға қызметке тұрған. Сұлтан Ибрахимнің бұйрығымен ол патшаның ұлы Сейфеддин Махмұтқа көмекші болып тағайындалып, онымен бірге Үндістанға аттанды. Сейфеддиннің жанында Масудтың мәртебесі өте жоғары болған. Алайда бұл кезең Ғазнидағы күншілдердің жала жабуы салдарынан жылдам аяқталды. Сұлтан Ибрахим Ғазнавидің бұйрығымен шахзада Сейфеддин мен оның көмекшілері мен жақындары абақтыға қамалды. Солардың қатарына іліккен Масуд Саад та 20 жыл өмірін түрмеде өткізді. Масудтың осы замандағы өлеңдерінде әйел-баласынан алыста абақтыда көрген қиындықтары баяндалған. Ол бостандыққа шыққаннан кейін билік аппаратында жоғары лауазымға ие болуға ұмтылмады. Бірақ сарай маңынан алыстап кетпеді. Өмірінің соңына дейін сарайдың мәдени істері, соның ішінде Масуд Ғазнавидің үлкен кітапханасының жұмысын басқарумен айналысты. Масуд Саад Салман х.қ.ж.с.б. шамамен 515-516 жылдарда (1121-1122жж) Ғазнида қайтыс болды.

Сондай-ақ айтып өткеніміздей, Масуд Саад Салман өлеңдерінің жинағында шамамен 17 мың бәйіт бар. Оның өлеңдерінде мадақ пен хабсият (зынданда шағым айту) мазмұны көбірек қайталанған. Оның хабсият өлеңдері жайлы толық баяндап бердік.

Мадақ – парсы поэзиясындағы лирикалық өлеңдердің бір түрі. Ақындар бұл  салада түрлі қалыптарды пайдаланса да, оның басты қалыбы – қасида. Мадақ – парсы поэзиясында кең таралған ең көне әрі ең маңызды мазмұн. Бағзы заманнан бүгінге дейін ақындардың туындыларының үлкен бөлігін қамтып келеді. Әдеби зерттеушілер парсы поэзиясында мадақ айту кезеңдерін төртке бөліп қарастырады. Солардың арасында бірінші кезең ең маңызды саналады. Мадақ айтудың алтын кезеңі Саманилер заманынан басталады. Содан кейін Ғазнавилер мен Селжұқтар заманында да проза мен поэзияның таралуына қатты қолдау білдірілді. Сол заманда селле-сыйақы мен қымбат жүлделер тағайындау арқылы қаламгерлерді (ақындар мен жазушыларді) қолдап ынталандыру тек патшалар, әмірлер мен мемлекет қайраткерлері тарапынан жүзеге асырылатын. Осылайша поэзия толықтай ресми түрде сарайға жол тартты. Ақындар сарайлардың ажырағысыз бөлігі саналды. Патшалар оларды жай кезде де, соғыс кезінде де өздерімен бірге алып жүрген.

Мадақтаған кезде әрдайым мақталушының ізгі қасиеттеріне көңіл аударылады. Мадақ мақталушының жағдайы мен арман-тілегіне сай келуі тиіс. Егер мақталушыда көрнекті әрі ізгі қасиеттер болмаса, оған осындай қасиеттер телу арқылы оны жақсы болуға ынталандырып отырған. Мадақталушы осы қасиеттерге ие болса деген ниет білдірілген. Ұстаз сейіт Джафар Шаһидидің сенімінше, «Иран әдебиетінің тарихына шолу көрсеткендей, мақталушы ақындардан тек өзіне жағу үшін жақсы сөздермен мақталуды талап етпеген, бірақ олардың сөздері халықтың жүрегіне жететіндей әсерлі болуын қалаған. Сонда мақталушының ұлылығы әлемнің түкпір‑түкпіріне жетеді».

Ғазнави сұлтандары, әсіресе Масуд Ғазнавидің ізбасарлары саяси-экономикалық негіз қалыптастырып, өз заманындағы ақындардың дарындарының гүлденуіне жағдай жасаған. Осы кездегі ақындардың өлеңдеріне шолу жасағанда патшалардың оқымыстылар, әдебиетшілер мен ақындарды сарайдағы лауазымды қызметтерге, соның ішінде уәзір мен әмір ретінде тағайындағанын көруге болады. Мысал ретінде Масуд Саад Салманды атауға болады.

Х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың екінші жартысы мен 6 ғасырдың бірінші жартысында (11-12 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын Масуд Саад Салман абақтыда жатқан кезде жазған хабсияттарымен танымал болса да, оның өлеңдер жинағының басым бөлігін мадақтау қасидалары құрайды. Масуд Саад Салман хабсияттарының өзіндік тілі мен тәсілі бар, мадақ өлеңдерінде де өзіндік стиль байқалады.   

Масуд Саад Салман өзінің мадақ өлеңдерінде билік басындағылар мен өз заманындағы ақындарды өзінің ерекше критерийлеріне сәйкес шынайы қасиеттері үшін мадақтаған немесе жақсылыққа ынталандырып, жамандықтардан сақтандырған. Неміс шығыстанушысы Герман Эттенің сенімінше, «Масудтың мадақ өлеңдері оның шынайы талғамын көрсетпесе де, патшалар мен әмірлердің құдіреті мен салтанатын сипаттауда көркемдік және поэтикалық тіркестерді қолданғанына байланысты оның өлеңдерін романтикалық мадақ деп атауға болады».

Масуд Саад Салман өлеңдеріндегі сипаттамалардың көрнекті ерекшеліктерінің бірі – оның философиялық, кейде ғылыми реңкі. Бұл жолда ол бірінші адам болып саналмайды. Оның өлеңдерінде байқалатын сипаттамалардан философиядан хабары барын, өз заманының ғылым-білімімен таныс екенін көруге болады.

Масуд Саад Салманның мадақ өлеңдерінің сыртқы ерекшеліктерінің бірі – оның қасидасының құрылымында байқалатын біртұтастық. Басқа сөзбен айтқанда оның қасидаларының барлық бәйіттері мен бөліктері парсы қасидалары мен ғазалдарының көбіне керісінше бір-бірімен тығыз байланысты.

Доктор Хосроу Фаршидвардтың сенімінше, «Масуд өлеңіндегі бөлшектердің бір-бірімен байланысының беріктігі сондай, кейде оның қасидалары бір хикаят немесе өмірбаянға ұқсап кетеді. Сол себепті кейбір әдеби сыншылар оның мадағын рауаяттық мадақ немесе мадақтау рауаяты деп атаған. Яғни ол мадақтауға дейін немесе барысында өзінің абақтыдағы жағдайын және  ойлап-түйгенін баяндап, еске салып отырады».

Масуд Саад Салманның мадақ өлеңдерінің ерекшеліктерінің бірі мынада: олардан сарай маңындағылардың мінез-құлқы мен қасиеттері жайлы, сол заманда қоғамда қандай ақлақтық ауытқушылар болғаны туралы жанама түрде ақпарат алуға болады. Оның мадақ өлеңдерінде ойлануға тұрарлық жайт мынау: ақын клишелік сипаттамалармен бірге жанама және астарлы түрде өз қоғамының талап-тілектерін көрсетіп, ақыл-кеңес берген.

Патшалар мен әмірлер

Патшаға лайықты істер атқару керек

Мемлекет қарап тұрмайды,

Қашанғы күтуге болады?

Ол кейбір өлеңдерінде тіпті бұдан да асып түсіп, ашық түрде өз заманының жағдайы туралы сөз қозғаған. Масуд өзінің кейбір өлеңдерінде: «Исламның ережелері мен рәсімдері сақталмайды, жемқорлық шектен шықты, әділетті жақтайтын ешкім жоқ. Бәрінен маңыздысы, намазхандар мен мұсылмандар көп. Бірақ исламға қайшы істерге наразылық білдіретін кісі жоқ»,-деп ашық айтқан.

Тегтер