Сәу 19, 2016 13:43 Asia/Almaty
  • Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан

Балалық шақ кезінде бала болмысында қалыптасатын тәрбиелік тұрғылардың бірі діни тәрбие болып табылады.

Діни тәрбие үшін балалық шақтың басынан бастап әрекет ету керек. Себебі бала илаһи рақымның жер бетіндегі нышандарымен танысады. Сонымен қатар, баланың Аллаға деген қызығушылығы діни ғибадаттардың оның жүрегі мен жанында орнығуына себеп болады. Балалық шақта ғибадат ету сол әрекеттердің оның болмысынан орын алуына ұластырады. Мұндай балалар ержеткеннен кейін бұл рәсімдерді оңай орындайтын болады. Ғибадаттық парыздарын дұрыс орындамау ересек адамдардың көбісінің діни негіздерге сенбейтіндігін білдірмейді, керісінше олардың олқылықтары балалық шақтарында қажетті діни дайындықтар мен үйретуді көрмеу салдарынан болады. «Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: тслам көзқарасы тұрғысынан» бағдарламасының 11-ші бөлімінде діни тәрбиенің маңыздылығы мен баланы намаз, ораза, Құран оқу және тағы да басқа ғибадат түрлерімен таныстырудың тәсілдері жайлы баяндаймыз.

 

Отбасы – исламдық қоғамның негізгі ұйытқысы болып табылады. Сол себепті осы ұжымның діндар әрі хабардар ұрпақ тәрбиелеудегі міндеті ерекше маңыздылыққа ие. Баланың діни тәрбиесі кезеңдерінің қатарына оны осы жолды басып өтуге дайындау жатады. Бұл кезеңде баланың бітім-болмысы пәк әрі таза болады. Әке-шеше, әсіресе ана баланы діни ілімдермен таныстыру арқылы оның жасөспірімдік және одан кейін ержеткен шағында діндар болуына жағдай жасайды. Балалық шақтың оңай үйреніп, оқып-білген нәрсе ұмытылмайтын кезең екені белгілі. Исламның ардақты елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Балалық шағында оқу-білімге ұмтылған адам тасқа ойып сурет салатын адам сынды». Баланың рухы мен психикасы әлі егін егілмеген тың жер сияқты. Оған еккен кез келген дән өсіп-өнеді. Имам Әли (ғ.с.)-ның баласы имам Хасанға (ғ.с.) қаратып айтқан мына сөздері барлық жастарға да арналады: «Жастың жүрегі мен жаны егін егілмеген жер тәрізді оған себілген әрбір дәнді қабылдайды. Сол себепті жүрегің мен жаның қатайып, ақыл-ойың басқа нәрселерге бет алғаннан бұрын сені әдепке үйрете бастадым».

 

Балалар діни тәрбиеге көніп, діни тақырыптарды өз түсінігіне сай қабылдау қабілетіне ие. Ислам көзқарасы бойынша ұл бала 15 жасында, ал қыз бала 9 жасында балиғатқа жетеді. Бірақ діни ілімдер мен парыздарды орындауды үйрету ісін бұл жасқа дейін кейінге қалдыруға болмайды. Ата-ана балалық шақтан бастап перзенттерінің бойында діни мәселелерді қабылдау қабілеттігін дайындап, оларға діни парыздар мен ғибадаттарды орындау арқылы өміршеңдік пен бақытқа жетуді үйрету қажет. Осылайша балалар ер жеткен шақтарында ғибадатқа өздері ұмтылатын болады. Олай болмаған жағдайда балиғатқа жеткен шақтарында намаз оқып, ораза ұстау сияқты ғибадаттарды орындау олар үшін қиынға соғады.

 

Ата-ана баланың эмоциялық сезімдерін пайдалана отырып, оған Алла мен діни парыздардың әдемі бейнесін ұсына алады. Ата-ана қолпаштау арқылы перзенттерін дін мен руханиятқа қызықтырып, баланың болмысында Аллаға ғибадат ету рәсімдерін орындайтын ниет қалыптастыруы керек. Баланың психикасы мен ой-санасына әсер етіп, болашақта оның тұлғасы уәхилік ілімдер негізінде қалыптасуына себеп болатын ғибадаттардың бірі оны аспандық кітап – Құранмен таныстыру болып табылады. Әке-шеше балалық шақта өз перзенттерін Құран оқу, сонымен қатар илаһи ілімдермен мүмкіндігінше таныстыра алады. Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) бұл жайында былай деді: «Баласына Құран үйреткен адам он мың рет қажылыққа барып келгендей болады...». Бала үшін Құранның өнегелі тағылымдары және илаһи пайғамбарлардың өмірімен таныстыру тартымды болумен қатар, оның тұлғасының қалыптасуына да ықпал ете алады.

Балаға үйрету маңызды болып табылатын ғибадат түрлерінің біріне намаз бен Алладан дұға тілеу жатады. Барлық ғибадаттық рәсімдер, соның ішінде намаз оқуға баланы баулу үшін алдымен оған жағдай жасалып, перзенттердің діни тәрбиесі үшін шара қолданылуы керек. Пайғамбар (с.ғ.с.) имам Хасан (ғ.с.) мен имам Хосейн (ғ.с.) дүниеге келген кезде олардың оң құлақтарына азан шақырып, сол құлақтарына иқама оқыды. Бұл екі рәсімді намаздан бұрын орындауға кеңес етілген. Сондай-ақ имам Саджад (ғ.с.) бір рауаятта былай дейді: «Балаңыз үш жасқа жеткен кезде оған «Ла илаһа илалла» сөзін айтқызыңыз. Бала 3 жас, 7 ай, 21 күнге жеткен кезде оған пайғамбардың атын, яғни Мұхаммад (с.ғ.с.) деп айтқызыңыз. 4 жасқа жеткен кезде бала пайғамбарды (с.ғ.с.) мадақтайтын сөздерді айтсын. Бес жасында оны құбылаға қаратып отырғызыңыз, ал 6 жасында оған сәждеге бас июді үйретіңіз. 7 жасында оған дәрет алуды үйрету қажет».

Сонымен қатар ораза ұстауға ниет ету де балалық шақ кезінде қалыптасады. Бала әлі ораза ұстауды бастамаған кезінде, яғни баланың 3-6 жас арасында егер оның алғашқы сұрақтарына дұрыс жауап және жақсы мағлұмат беретін болсақ, балаларымыз да ораза ұстауға қызығатын болады. Ата-ана ораза кезінде жақсы ғамалдар жасап, рухани күйге бөленетіндіктен олар баланың ораза ұстауы үшін алғышарт жасауда жақсы үлгі болып есептеледі. Осылайша бала ораза ұстай бастаған кезде оразаның ахлақи тұрғылары мен тәрбиелік ерекшеліктерін оңай сіңіретін болады. Ораза баланың басқаларға қатысты жағымды эмоциялары мен сезімдерін және аяушылығын дамыта түседі. Пәк имамдардың (ғ.с.) жолында да бала балиғат жасына жеткенге дейін оған ораза ұстауды үйрете бастау керектігі айтылған. Имам Садық (ғ.с.) тіпті ораза туралы былай дейді: «Біз өз балаларымызды ауыз бекіту үшін таң сәріде оятамыз, бірақ олар күні бойы өздері қалаған уақытта ауыздарын аша алады». Имам (ғ.с.) осы тәсіл арқылы балалар біртіндеп ораза ұстауға әдеттенеді дейді. Бұл мәселе оларды ер жеткен кездерінде толық ораза ұстауға дайындайды.

Балалар басқаларға толығымен еліктеуге әзір. Олар көптеген қылықтар мен әрекеттерді үлкендерге еліктеу арқылы үйренеді. Сол себепті психологтар балаларға бір қылықты үйрету үшін оларға сол қылықтың жақсы үлгісін көрсетуге кеңес береді. Әли (ғ.с.): «Адамдарды тілсіз түрде Алланың жолына шақырыңдар" дейді. Осылайша ол іс жүзінде шақыруды сөзбен шақыруға қарағанда әсерлірек деп санаған. Алла Тағала адамдарды дұрыс жолға салу үшін олардың көз алдына жақсы үлгі жіберіп, былай деді: «Пайғамбар (с.ғ.с.) сендер үшін жақсылықтың үлгісі» Пайғамбар (с.ғ.с.) парыздарды орындаумен қатар, кеңес етілген істерге де назар аударып, тіпті одан артық орындаған. Біз де ата-ана болған кезде намазға берік перзент тәрбиелегіміз келсе, олардың алдында ғибадат етіп, әсіресе намаз оқуымыз керек. Оларды намазға баулу қаншалықты қажет болғанымен олардың көз алдында ғибадатты іс жүзінде көрсету шақырудың әсерін жүз есе арттырмақ. Тәлім-тәрбиедегі осы тәсіл үлгі болу тәсілі деп аталады. Псхиологияда да оны «үлгі болу» деп атайды. Жақсы ғамал мен ғибадат жасайтын ата-ананы көрген балалар да сол істерді қайталауға тырысады.

Тегтер