Иранның танымал тұлғалары (204)
Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 11 ғасырда (17 ғасырда) өмір сүрген атақты ирандық ақын Талеб Амолидің өмірі, ойлары және еңбектерімен таныстырамыз.
"Ирандық танымал тұлғалар – әлемдік мақтаныштар" атты бағдарламамыздың кезекті бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 11 ғасырда (17 ғасырда) өмір сүрген атақты ирандық ақын Талеб Амолидің өмірі, ойлары және еңбектерімен таныстырамыз.
Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Мұхаммед Талеб Амоли х.қ.ж.с.б. шамамен 991 жылы Амольда дүниеге келген. Осы қалада өз заманының ғылымы мен өнерін меңгеріп, жауынгерлік машық пен атқа мінуді үйренген. Талеб Амоли х.қ.ж.с.б. 1010 жылы Амольдан Кашанға көшті. Кашан мен Исфахан қалаларында 4 жыл тұрған. Бұл кезең әдеби және ғылыми мағлұматтар жинау тұрғысынан Талеб өмірінің ең жемісті кезеңі болды. Әдеби сыншылардың сенімінше, Талебтің кейінгі жемістері мен мансаптық өсуі ақынның осы кезеңде жинаған мәлімметтеріне тікелей байланысты. Талеб осыдан кейін Үндістанға жол тартты. Сапар барысында біраз уақыт Мерв қаласында өмір сүрді. Талеб Үндістанға қоныс аударарда 25 жас шамасында болған екен. Ол біраз уақыт Үндістанның түрлі қалаларын кезіп, өзіне қолдау берер адам іздеумен болған. Көптеген құлдыраулар мен шарықтауларды бастан өткергеннен кейін ақырында Жаһангир ханның уәкілі әрі бас уәзірі Этемад-уд-доуленің назарына ілікті. Жаһангир сарайдың "Малек уш-Шоара" (Шайырлардың шайыры) атанған ол өмірінің соңына дейін осы қызметте жұмыс істеді.
Талеб Амоли Үндістанның патшасы Жаһангир қайтыс болардан бір жыл бұрын, яғни х.қ.ж.с.б. 1036 жылы ақындық шабытының шарықтаған кезінде 45 жасында қайтыс болды.
Талеб Амоли – Сефевилер заманында екі поэтикалық ағымның арасында өмір сүрген ақындардың бірі. Ағымдардың бірі – үнді стилінің ирандық тармағы. Ол "исфаһани" деген атпен танымал. Екіншісі – үнді стилінің үнді тармағы. Талебтің өлеңдері осы екі ағымның ортасында орналасқан. Талеб өлеңдерінің маңыздылығы мынада: оның поэтикалық тілін түсіну үшін екі ағымды да зерттеу керек. Өйткені екеуі де әсерлі рөл ойнаған.
Х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда өмір сүрген ирандық ақындардың бірі Орфи Ширази поэзияда метафораға толы қысқа да нұсқа тілдің бастамашысы болды. Зуһури Таршизи оның жолын жалғастырды. Бұл тіл Талеб Амолидің поэзиясында түрлене және абстрактілене түсті. Тіпті кейбір зерттеушілер үнді стилінің үнді тармағындағы ғазал тілін Талеб Амолидің өте күрделі әрі абстрактілі ғазал тілі деп санайды.
Талеб Амолидің поэзиясын екі тұрғыдан – тіл және мән тұрғысынан қарастыруға болады.
Талеб өлеңдерінің тілдік ерекшеліктерінің бірі – ауызекі сөздерін қайталап, көп қолдану. Көше мен базар тілінің парсы ғазалдарына енуі Баба Фоғанидің кезінде кең тарай басталды. Үнді стилінің ақындары оны азды-көпті пайдаланды. Бұл ерекшелік үнді стиліндегі өлеңдерде көп көрініс тапқаны соншалықты, ол осы кезеңдегі поэтикалық тілдің жалпы сипаттамасы саналады. Талеб Амолиден қалған өлеңдер жинағына шолу жасағанда оның өзіне дейінгі ақындардан көбірек көше мен базар тілін қолданғанын көруге болады. Әдеби зерттеушілердің көзқарасынша, бір мисра – жолда бірнеше ауызекі сөздің болуы Талебтің халық тіліне ерекше көңіл аударғанын көрсетеді.
Жан бердік, шаршаған жүрек пен өз зақымымызды
Алғыспен тігіп, жамай алмаймыз.
Талеб Амолидің ғазалдарына жол тартқан ауызекі сөздер – жай және күрделі сөздер, астыртын сөздер және мақал-мәтелдер. Талеб көше мәдениетіндегі тілдік мүмкіндіктердің барлығын қолдануға тырысқан.
Талеб ғазалдарының көрнекті элементтерінің бірі – оның өлеңдерінде көп қайталанатын сөздер. Әдеби сыншылар қайталамалы сөздерге "мотив" (айрықша сөздер) деп ат қойған. Мотив сөздердің міндеті осы кезеңдегі поэзияда болған вакуумды толтыру болды. Вакуум әдетте өзекті идеяның жоқтығынан туындайды. Бытыраңғы ойлар ақынның ерекше тілінің арқасында поэтикалық суреттерге айналады. Бұл айрықша сөздер ақынның ерекше дүниетанымы мен текті тілін нығайта түседі. Басқа жағынан оның таңдаған стилін түсіндіреді.
Талеб өлеңдерінің мотивтері кейде тек сөздердің бір қырын қамтиды. Олар сипаттама тудыру тұрғысынан мықты әрі көрнекті болмады. Ал кейбіреулерінің сипаттамалық құны жоғары болды. Мұндай сөздер арқылы түрлі сипаттамалар мен бейнелер қалыптасқан.
Талеб өлеңдерінде жиі қайталанатын сөздердің бірі – "шәһс" – тұлға/жеке. Бұл сөзді Талебтің жеке сөзі деп айтуға болады. Талеб "шәһс" сөзін басқа сөзбен тіркестіріп, күрделі метафоралар тудырған.
Болмысымның әлсірегені соншалықты, кімді көрсем де,
Мені саған қарай белгісіз бір қиял тартады.
Кәсіп, айқай, жындылық, зақым мен дәрі, әуен мен нала – осының барлығы Талеб өлеңдерінде көп қайталатын мотивтердің қатарына жатады.
Талебтің кейбір қосымшаларға ерекше көңіл бөлуі оның ғазалдарына айрықшы ерекшелік сыйлады. Тіпті кейбір қосымшалар оның өзіндік көрсеткішіне айналды. Талеб Амолиден бұрын Орфи Ширази "зар", "нак" және "гуне" жұрнақтарымен сөз жасай бастады, бірақ Талебтің өлеңдерінде парсы тілі жұрнақтарымен сөз жасау көбірек көзге түседі. Ол жұрнақтармен жасаған сөздер, мысалы, "ғазалане" (ғазалдық), "ғамстан" (қайғыстан), "хасратзар" (сарғаю даласы), "керешмезар" (наздану даласы) оның тіліне жаңалық сыйлап, айшықтай түсті.
Күрделі сөздердің жиі қолданылуы – Талеб Амолидің ғазалдарындағы тілдік көрсеткіштердің бірі. Талеб өлеңдерінде күрделі сөздер, сын есімдік тіркестер, сөз тіркестерінің көп үлгілері бар.
Ақындар парсы тіліндегі сөзжасамның таңғажайып әлеуетін жаңа мән-мағына мен бейнелер тудыруға қолданады. Егер парсы поэзиясының өзгеру үдерісіне шолу жасасақ, сөзжасамды пайдаланудың қарқындай түскенін көруге болады. Жаңа сөздер мен образдар парсы поэзиясында стильдік көрсеткіштердің пайда болуына себеп болды. Парсы поэзиясының тарихында үнді стиліне кезек келгенде тіл қысқа да нұсқа бола түсті. Ұзақ сипаттаудың орнына жинақы сөз тіркестерін пайдалану жиіледі. Әдеби сыншылардың пікірінше, бұл Талеб Амоли сияқты ақындардың поэтикалық тілінің айшықтала түсуіне себеп болды.
Жаңа күрделі сөздер жасау, яғни сөздердің жаңа жанұясын құру екі тұрғыдан тілді байытады. Біріншісі – жаңа мағына жүйесін қалыптастыру, екіншісі – жаңа образдар жүйесін тудыру.
Жаңа тіркестер жаңа мағына береді. Мысалы, "барқ-к баһаресуз" (көктемді күйдіретін жарқыл/тоқ), "нешат-е арезу" (тілек қуанышы). Образдар құрамы жаңа бейленер тудырады. Мысалы, "жегәрпардази абр-е баһар" (көктем бұлтының бауыр сығымдауы), "герие гереһ дәр гәлу" (тамаққа түйілген өксік). Талебтің жаңа сөздерінің маңызы олардың жаңа құрылысымен қоса, өлеңдерде жиі қолданылғандығында жатыр.