Қар 30, 2022 00:59 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (208)

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл Нұреддин Әбдірахман Жәми жайлы сөз қозғаймыз.

Алланың атымен бастаймыз! «Ирандық танымал тұлғалар – әлемдік мақтаныштар» атты бағдарламаның келесі бөлімінде х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген Иранның тағы бір танымал тұлғасы,  ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл Нұреддин Әбдірахман Жәмимен таныстыруды жалғастырып, оның өмірі, шығармашылығы мен ойлары жайлы сөз қозғаймыз.

Нұреддин Әбдірахман Жәми – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл. Ол х.қ.ж.с.б. 817 жылы (1414 жылы) Хорасан облысында орналасқан Жәм уәлаятында дүниеге келген. Жәмидің ата-бабасы Исфаханда өмір сүрген. Түріктер Исфаханға шабуыл жасағанда Хорасанға көшіп, Жәмнің Харджир елдімекеніне тұрақтаған. Жәмидің әкесі Әбдірахман дүниеге келгеннен бірнеше жыл бұрын жанұясымен бірге Гератқа қоныс аударған. Жәми бастапқы білімін сол кезде Гераттың айналасындағы ауылдардың бірі болған Харгорд-е Жәм елдімекенінде алып, әкесінің алдында парсы әдебиеті, араб тілінің грамматикасын үйренді. Ол сол замандағы ең маңызды ғылыми-әдеби орталықтарыдың бірі болған Герат және Самарқан назмиелерінде (мектептерінде) білімін толықтырып, араб тілі, риторика, қисын мен хикмет, математика мен шариғат ілімінің білгіріне айналды. Содан соң сопылыққа ден қойып, Нақшбандия тариқатына қосылды.

Содан соң хикмет үйренуге бет бұрып, оған құштарлықпен бас қойды. Жәми ғылым мен білімінің тереңдігіне және сопылық мінез-құлқына байланысты сол замандағы сұлтандардың алдында ерекше орынға ие болған және қартайғанға дейін қол жеткізген ғылыми, әдеби және рухани дәрежесіне байланысты сол заманда парсы тілінде сөйлейтін барлық мемлекеттерде, яғни Осман империясынан Орта Азия мен Үнді түбегіне дейін әйгілі болып, айрықша құрметке ие болған.

Жәми 1492 жылы 81 жасында дүниеден озып, Үлкен Хорасан қалаларының бірі саналатын Гератта ұстазы Саадеддин Қашқаридың мазары жанында жерленді. Жәмидің қабірі қазір "Тахт-е мазар" деген атпен танымал.

Гераттағы Жәмидің қабірі

Нұреддин Әбдірахман Жәмиден қалған еңбектер мен ойларды талдау үшін ол өмір сүрген заман мен қоғамның саяси-әлеуметтік және мәдени кеңістігіне шолу жасауымыз керек. Жәми өмір сүрген заманды екі тұрғыдан қарастыруға болады. Біріншісі – әдеби жағдай. Екіншісі – саяси-әлеуметтік жағдай. Жәми заманын осы екі тұрғыдан талдау зерттеушіге сол ғасыр туралы әрқилы сипаттама береді. Бірі билеушілердің жағдайын сипаттаса, екіншісі қоғамның жағдайын көрсетеді. Жәми заманы 15 ғасырмен тұспа-тұс болды.  Моңғолдардың жойқын шабуылынан екі ғасыр өтсе де, Иран әлі де сол шапқыншылықтың ащы салдарын тартып жатқан еді. Х.қ.ж.с.б. 9 ғасыр мен 10 ғасырдың басында (15 ғасырда) Иранда Темір әулеті билік құрған. Сол заманда Иранда өнер мен әдебиет айтарлықтай дамыды. Бұл да ирандық мәдениет пен өркениеттің осы билеуші әулетке әсер еткенін көрсетеді.  

Тарихшылар мен зерттеушілердің бір тобы осы замандағы Иранның мәдениеті пен өркениетінің дамуын қателесіп Темір әулетіне телиді. Ал негізі іс басқаша болатын. Тарих осы сөзімізге куә бола алады: Тимурилер заманында  өнер мен әдебиеттің дамуына себеп болған нәрсе бай исламдық-ирандық мәдениет пен өркениеттің әсері болды. Басқа ешнәрсе емес.   

Иран мәдениеті, әсіресе Ислам келгеннен кейін өзінің байырғы тереңдігіне байланысты әрдайым басқыншы қауымдар мен мәдениеттерге әсер етіп келген. Тіпті кейде олардың билеушілері де ирандық-исламдық мәдениет пен өркениетті қолдаушылар мен таратушылардың қатарында болды. Моңғолдар Иранда халықты қырып-жойып, мал-мүлкін талан-таражға салғаннан кейін уақыт өте келе ирандық мәдениет пен әдебиетке қызмет ете бастады. Олар исламға бет бұрып, сарайлары ғылым, әдебиет пен өнердің бесігіне айналды. Темір әулетінің сарайы да моңғолдардың Ильхандар сарайы сияқты ирандық қайраткерлер арқылы басқарылған. Солардың ішінде Әмір Әлішер Науаиді атауға болады. Ол сұлтан Байқара сарайының әйгілі әмірлерінің бірі болды. Сол себепті сұлтан сарайында ақындар, әдебиетшілер мен мәдениет өкілдері жоғары орынға ие болған.

Тимурилер үкіметінің қызметкерлері шын мәнінде Әмір Темірдің балалары мен туыстарына білім берген адамдар болған. Сол себепті  Темірдің ұрпағы ирандық-исламдық мәдениетпен тәрбиеленіп, ирандық әдебиет пен өнерге ерекше құштар болған.   

Ақсақ Темір

 

Бір ғасырдан аса уақыт алған Тимурилер дәуірі парсы әдебиетінде маңызды замандардың бірі саналады. Өйткені ол парсы әдебиетінде жаңа дәуірдің бастамасы болды, кейін Сефевилер заманында дами түсті. Бұл ғасыр ақындар, жазушылар мен түрлі әдеби қозғалыстар тұрғысынан Иранның ең маңызды әдеби кезеңдерінің бірі болды.  

Тимурилер дәуірін зерттеушілердің сенімінше, билік тұрғысынан тұрақты болмаса да, сол замандағы кейбір әмірлер мен мемлекет қайраткерлері ирандық-исламдық мәдениеттің ықпалымен маңызды да құнды қызмет атқарған.

Тимурилер әулетінің шахтары мен шахзадаларының ғылым, әдебиет пен өнерге көңіл аударғанын барлық тарихшылар атап өткен. Темір өз сарайында кейбір ирандық патшалардың салтанатындай салтанат пен ұлылық болуын қалаған. Сол себепті ол мәжбүрлі және кейде ерікті түрде түрлі қалалардан атақты ғалымдар мен ақындарды Самарқанға алдырып, сол қалада қоныстандырған. Темірдің бұл ісі ол қайтыс болғаннан кейін оның ұлдары мен немерелері тарапынан жалғасын тапты.

Тимурилер дәуірі Иран мен одан тыс жерде өмір сүрген парсы тілді ақындар мен жазушылар саны тұрғысынан Иранның ең бай әрі жемісті тарихи дәуірлерінің бірі саналады. Ұстаз Саид Нафиси "Парсы поэзиясы мен прозасының тарихы" атты кітабында 15 ғасырда мыңнан аса ақын өмір сүргенін жазған. Бұл тізімде танымал және танымал емес ақындар, поэзияға қызыққан шахзадалардың есімдері жазылған.

Тарихи деректерге сәйкес, бұл кезеңде поэзиямен айналысу оқыған адамдар үшін мақтаныш саналған. Бұл кезеңде ақындық тәсіл түрлі-түрлі болған. Өйткені қоғамның барлық әлеуметтік топтарынан ақындар шыққан. Дәріс алып, ескі мәтінмен таныс болған адамдар көне қалыпта өлең жазған.  Бірақ қарапайым халық арасынан шыққан ақындар көбіне Құдай берген қабілеттеріне сүйенген.  

Бұл заманда сарайға тәуелді ақындар да болды. Олар сұлтандар, уәзірлер мен олардың жеңістері мен салтанатты жиындарын мадақтауға міндетті болған. Ұстаз Зарринкубтың сенімінше, "Бұл кезеңде ақындар мен өнер иелері сарайда жиын өткізетін болғандықтан,  Герат қаласы өнер мен әдебиет орталығы саналды. Сарай байлық пен салтанатқа толы еді. Ақындар мен өнер иелері осы қалада Тимурилер әулетінің қазынасынан үлес алып, сән-салтанатта өмір сүрген".

Бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Жәми заманының саяси-әлеуметтік жағдайы жайлы сөзімізді келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз.

Тегтер