Иранның танымал тұлғалары (211)
Бүгінгі бағдарламада танымал ирандық ақын Нұреддин Әбдірахман Жәмидің Нақшбандия тариқатына бет бұруы тақырыбында сөз қозғаймыз.
Алланың атымен бастаймыз! «Ирандық танымал тұлғалар – әлемдік мақтаныштар» атты бағдарламаның келесі бөлімінде х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген Иранның тағы бір танымал тұлғасы, ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл Нұреддин Әбдірахман Жәмимен таныстыруды жалғастырып, оның өмірі, шығармашылығы мен ойлары жайлы сөз қозғаймыз.
Айтып өткеніміздей, Нұреддин Әбдірахман Жәми – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл. Ол х.қ.ж.с.б. 817 жылы (1414 жылы) Хорасан облысында орналасқан Жәм уәлаятында дүниеге келген. Жәмидің ата-бабасы Исфаханда өмір сүрген. Жәмидің әкесі Әбдірахман дүниеге келерден бірнеше жыл бұрын жанұясымен бірге Гератқа қоныс аударған. Жәми бастапқы білімін сол кезде Гераттың айналасындағы ауылдардың бірі болған Харгорд-е Жәм елдімекенінде алып, әкесінің алдында парсы әдебиеті, араб тілінің грамматикасын үйренді. Ол сол замандағы ең маңызды ғылыми-әдеби орталықтарыдың бірі болған Герат және Самарқанның Низамия мектептерінде білімін толықтырып, араб тілі, шешендік өнер (риторика), қисын мен хикмет, математика мен шариғат ілімін меңгеріп, өз заманының білгіріне айналды. Содан соң сопылыққа ден қойып, Нақшбандия тариқатына қосылды. Жәми ғылым мен білімінің тереңдігіне және сопылық мінез-құлқына байланысты сол замандағы сұлтандардың алдында ерекше орынға ие болған және қартайғанға дейін қол жеткізген ғылыми, әдеби және рухани дәрежесіне байланысты сол заманда парсы тілінде сөйлейтін барлық мемлекеттерде, яғни Осман империясынан Орта Азия мен Үнді түбегіне дейін әйгілі болып, айрықша құрметке ие болған.
Жәми х.қ.ж.с.б. 898 жылы 18 мохаррамда, сәйкесінше 1492 жылы 81 жасында дүниеден озып, Үлкен Хорасан қалаларының бірі саналатын Гератта ұстазы Саадеддин Қашқаридың мазары жанында жерленді. Жәмидің қабірі қазір "Тахт-е мазар" деген атпен танымал.
Қожа Бахауддин Мұхаммед Нақшбанд Бұхараи Нақшбандия тариқатының негізін қалады. Бұл тариқат ұстамды да ымырашыл тариқаттардың бірі саналады. Сол себепті Тимурилер дәуірінде айрықша кең тарады. Нақшбандия тариқатының шейхтері ислам шариғаты мен сүннетін сақтауға берік болған. Бұл сопылар дін мен шариғатқа жаңа тәпсір мен өзгеріс енгізуге түбегейлі қарсы болған. Нақшбандия тариқатының шейхтері қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар арасында жоғары орын мен құрметке ие болған. Тимурилер дәуірінің басында бұл тариқаттың шейхтері осы әулетпен тығыз байланыста болмай, сопылық салтпен өмір сүріп жатқан. Бірақ Тимурилер дәуірінің орта шенінен бастап Нақшбандия тариқатының орны мен құдіреті арта түсті. Олар осы кезеңде орын алған оқиғалардың көбіне ықпал етіп, қарапайым халықтың қиындықтарын шешу үшін паршалардың алдында маңызды рөл атқарған және қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысқан.
Жәми Ханафи мазхабындағы сүннит болған. Кейін Нақшбандия тариқатына қосылды. Ол қожа Абидулла Ахрарға арнап жазған "Тохфат әл-Ахрар" кітабында өзінің Нақшбандия тариқатына қосылғанын ашық түрде айтады. Сондай-ақ ол "Нафахат ул-унс" кітабында қожа Бахауддин Бұхари және моулана Саадеддин Кашқари сияқты ұлы шейхтердің өмірбаяндары мен айтқан сөздерін жазған. Сонымен қатар ол өзінің прозалық шығармаларының көбінде осы ұлы шейхтердің атын атап, олардың рухынан медет пен аян берілуін сұраған. Сол себепті оны Гератта Нақшбандия тариқатын таратушылардың бірі болған деп санауға болады.
Нақшбандия тариқаты бұл кезеңде билік аппаратында да күш-құдіретке ие болған. Өйткені Сұлтан Хұсейн Байқара сарайының ғалым уәзірі Әмір Әлішер Науаи осы тариқатқа және Жәмиге ерекше ықыласпен қараған. Жәми өзін биліктен тыс ұстап, саяси істерге тікелей араласпаса да, тариқат арқылы үкіметпен байланыста болып, оларды халыққа зұлымдық жасаудан тыйып отырған. Шын мәнінде Жәми қарапайым халық пен билеушілерді байланыстырып отырған.
Жәми өз заманында кең таралған ғылымдарды оқып жатқан кезде сопылыққа қызығушылық танытып, қожа Бахауддин Бұхаридың орынбасары әйгілі сопы Саадеддин Кашқаридың шәкірттерінің қатарына қосылып, ғылыммен қоса сопылықтың рәміздерін үйренді. Бұл заманда Гераттың Низамия мектебінде тұрған. Өз заманындағы ең әйгілі ұстаздардың алдында білім алған. Ол оқуын жалғастыру үшін Гераттан Самарқанға барды. Ол кезде Самарқанд Ұлықбек мырзаның арқасында маңызды ғылыми орталықтардың бірі болатын. Жәми Самарқанда Қазизада Румидың алдына барып, ұстазды өзінің зеректігі және қырағылығымен таңқалдырған. Саадеддин Кашқари қайтыс болғаннан кейін Жәми қожа Ахрар деген атпен әйгілі қожа Абидулланың шәкірттерінің қатарына қосылды. Осы аралықта өзінің сапарларын бастады.
Жәмидің өмірін үш кезеңге бөліп қарастырсақ, бірінші кезең Герат пен Самарқанда білім алу болды, екінші кезең оның Нақшбандия тариқатына қосылуы болды, үшінші кезең алғашқы екі кезеңнің шынайы жетістіктерінің нәтижесі болды. Яғни бұл кезеңде оның түрлі еңбектері жазылды. Жәми Самарқанда үш рет, Гератта бір рет және Мервте бір рет қожа Абидулламен кездескен. Кейбіреулердің айтуынша, Саадеддин Кашқари қайтыс болғаннан кейін Жәми Нақшбандия тариқатының халифі болып тағайындалған, бірақ Жәмидің өзі "Шейх болу міндетін атқара алмаймын" деп жауапкершіліктен бас тартқан.
Бұған қарамастан Жәмидің Нақшбандия тариқатына бет бұруы осы кезеңде оның ғылыми тұрғыдан әйгілі болуына байланысты тариқаттың шейхтері үшін өте маңызды болған. Ваез Кашефидің "Рашхат ейн әл-Хайят" кітабында Гераттағы Нақшбандия тариқатының шейхтерінің біріне сілтеме жасап айтуынша, "Әбдірахман Жәми Нақшбандия тариқатына қосылғанға дейін ресми ғылым үйренгеннен артық ештеңе жоқ деп саналған. Жәми тариқатты қабылдағаннан кейін оның артықшылығы айқындала түсті".
Жәми ешқашан сопы болуға тырыспаған. Оның өлеңдеріндегі негізгі мазмұндардың бірі сопыларды, шын мәнінде сопы-сымақтарды сынау болған. Ол сол замандағы сопылықты өтірік әрі екіжүзді деп санаған. Ал басқа жағынан Нақшбандия тариқатының шейхтерін мадақтаған. Ол өзінің сопылық көзқарасын әлемге тарату үшін осы тариқатта қолданылатын терминдерді пайдаланған. Бірақ теория тұрғысынан Жәми Мұхитеддин ибн Арабидың жолын таратушы болған. Зәрринкубтың сенімінше, Жәми Саадеддин Кашқари және Гераттың кейбір ғалымдарымен байланыста болып, қожа Абидулла Ахрармен сұхбаттасқанының арқасында Ибн Арабидың ойларымен таныс болған.