Жел 10, 2023 21:51 Asia/Almaty

NASA хәкім Омар Хайям Нишапуридің құрметіне бір астероидты 3095 ‎Omarkhayyam деп атады.

Тура 975 жыл артқа оралайық. 1048 жыл! Селжұқтар заманы! Бұл жылы Ғиаседдин Әбулфатх Омар бен Ибраһим Хайям Нишапури (Ghiyāth al-Dīn Abū al-Fatḥ ʿUmar ibn Ibrāhīm Nīsābūrī) есімді бала дүниеге келді. Бұл бала жүздеген жылдан кейін Иранда ғана емес, бүкіл әлемге әйгілі ғалымға айналды. NASA оның құрметіне Айдағы бір жанартау мен бір астероидты "3095 ‎Omarkhayyam" деп атаған.

Иә, біз бұл подкастта Иран жеріне сапар шегіп, бірнеше эпизодта/бөлімде Иран мен әлемнің ұлы ойшылы хәкім Омар Хайям Нишапури мен оның еңбектері және жетістіктері жайлы сұхбаттасып, осы дана ғалыммен көбірек танысамыз. Бірінші эпизодта Омар Хайямның балалық және жасөспірім шағына тоқталамыз, туған күнінен есейген кезіне дейінгі аралықты қамтимыз. Бізбен бірге болыңыздар!

Хәкім Омар Хайямның өмірі туралы сөзімізді бастамас бұрын осы данышпан өмір сүрген заман жайлы көбірек біліп алғанымыз дұрыс. Хайям болашақта "Исламның алтын ғасыры" деп аталған заманда дүниеге келген.

Алтын ғасыр 8 ғасырдан басталып, 14 ғасырға дейін жалғасын тапқан. Осы 600 жылда ислам әлемі түрлі ғылымдар, соның ішінде  философия, медицина, астрономия, математика және тағы басқа салалардың теңдессіз орталығына айналды. Бұл осы дәуірден кейінгі әлемнің өміріне және қазіргі жағдайға тікелей және жанама түрде әсер етті. Ол заманда Бағдаттың көшелерінде жүздеген кітап дүкені болған. Онда қолжазба нұсқалар сатылатын. Крестшілер соғыстарына дейін Ливанның Триполи кітапханасында 3 млн-нан аса кітап болған.

Ислам әлемі гүлденген дәуірді басынан өткеріп жатқан кезде Еуропа пен Батыс бірнеше ғасыр өз айбынынан айырылып, ежелгі Римнің салтанаты кілт тиылған тәтті түстей аңызға айналған еді. Бұл заманда еуропалықтар Орта ғасырлар деп аталған кезеңде өмір сүріп жатқан. Яғни 5-15 ғасырлардың аралығы батыстықтар үшін қараңғылық дәуірі саналады!

Бұл дәуірдің алғашқы 5 ғасыры, яғни 5-10 ғасырлар "Қараңғы ғасырлар" деп аталады. Өйткені 4 ғасырдың аяғында Рим империясының батыс бөлігі Африканың солтүстігінен шыққан тайпалардың шабуылына ұшырады. 410 жылы күтпеген дүние орын алып, Рим қаласын берберлер жаулап алды. Ақырында 476 жылы Батыс империясының соңғы императоры готтардың бір патшасының қолымен тақтан тайдырылды. Осылайша іс жүзінде Батыс империясы жойылды. Бірақ Орта ғасырлар деп аталатын 11-13 ғасырларда Еуропа халқының жағдайы бұрыннан жақсарды, Жер шарында температура көтерілгеннен кейін Еуропада егін шаруашылығы жақсарып, шіркеулердің билігі артты. Бірақ сондай-ақ халықта ғылым мен білім болмады. Халықтың көбі күйбең тіршілік соңында жүрген, сауатсыз болған.

Батыс қараңғы дүниеде өмір сүріп жатқан кезде ислам әлемі бастаған Шығыс ғылымда көш бастады. Мұсылмандар бұл заманда Құран мен Алла елшісінің тағылымдарына сүйеніп, "Шын болса да, білім сұра" деп ғылыми қозғалысты бастап, ғылымның түрлі салаларында биік шыңдарға жетті.  

Нишапурда өмір сүрген хәкім Омар Хайямға қайта оралайық!

Хайям парсы тілінде "шатыр тігуші" немесе "шатыр сатушы" деген мағына береді. Хайямның әкесінің аты – Ибраһим. Ол шатыр тігумен айналысып, осы кәсіппен күн көретін. Сол себепті "Хайям" оның ұлына лақап ат болды. Қазірге дейін бүкіл әлем осы данышпанды "Хәкім Омар Хайям" деп таниды.

Хәкім Омар Хайям х.ш.ж.с.б. 427 жылы Нишапурда дүниеге келген. Ол бала кезден-ақ зерек, жасампаздық құдіреті мен таланты көпке танымал болған. Осы тұрғыдан Хайямның әкесі Ибраһим баласының зеректігі мен талантын байқап, өзінің азғандай сауатымен баласының барлық сауалдарына жауап бере алмайтынын түсінген. Сондықтан Хайямды мектепке жіберуге шешім қабылдаған.

Ол заманда мектептер діни тағылымдар мен заманауи ғылымдар үйрететін жер болған. Әдетте қаланың діни қайраткерлері тарапынан басқарылатын. Сол заманда сауат ашуға арналған ең жақсы жер болып саналған.

Хайямның әкесі ұлын алдымен Моулави қазы Мұхаммедтің мектебіне беруді жөн көрген. Мектепте балалар бастауыш пәндерін үйренетін көптеген құжыралар (бөлмелер) болған. Парсы тілінің сөздері, араб тілі грамматикасы, діни негіздер және есеп сияқты пәндер оқытылған.

Хайям осы мектепте екі жыл оқып, бастауыш пәндерді толық меңгерген. Білім үйренудегі бұл жылдамдыққа таңқалғаннан басқа амал жоқ. Сондықтан Моулави қазы Мұхаммед Хайямның әкесіне ұлын Қожа Әбулхасан Ансаридың мектебіне жіберуге ұсыныс жасайды. Қожа Әбулхасан Ансари сол заманда атақты хәкім әрі математик болған. Оның мектебінде көбіне дәстүрлі тәсілмен геометрия мен астрономия үйретілетін.

Омар Хайям қожа Әбулхасан Ансаридың алдына барғаннан кейін оның мектебінен мүмкін болған барлық пәндерді үйренді. Омар хикмет, ирфан-мистика, ақлақ пен Құран ғылымдарын үйрену үшін сол замандағы ең мықты ұстаздардың бірі, яғни имам Мұваффақ Нишапуридің алдына жіберілген. Бұл Омардың өміріндегі маңызды бетбұрыс нүктесі болды. Ол бұл мектепте дәрістерді меңгеруде теңдессіз қабілет байқатып, тез дамыды.   

Омар Хайям жайлы сұхбатты жалғастырамыз. Бірақ алдымен артқа қайта оралып, Хайям өмір сүрген заманда билік басында кім отырғанын және қандай істер істегенін көрелік.

Омар Хайям дүниеге келгеннен 10 жыл бұрын Селжұқ түркілері 1037 жылы Иран жерінің айтарлықтай бөлігіне билік жүргізген Ғазнавилер әулетін биліктен тайдырып, өздері билік басына келді. Тоғрұл Селжұқтар әулетінің негізін қалаған. Ол өзін Селжұқтың (Seljuk) ұрпағы санаған. Селжұқ асқан жауынгер болған, сондықтан әулетке оның аты берілген.

Тоғрұл сол замандағы ірі экономикалық орталықтардың бірі саналған Нишапурды басып алғаннан кейін оны өз мемлекетінің астанасы етіп таңдайды. Сол қаладан басқа мемлекеттерге шапқыншылық жасап, шекараны кеңейте бастаған. Сондықтан Селжұқтар әулетінің билігі Нишапурда басталған. Кейінгі кезеңдерде мемлекеттің астанасы Селжұқтарға дейін ғалымдар мен өнерпаздар шоғырланған Исфахан қаласына ауыстырылды. Тоғрұл 1037-1063 жылдар аралығында үздіксіз соғыс жүргізе отырып, Мәуереннахр, Үлкен Хорасан, Иран үстірті мен көршілес жатқан жерлер, соның ішінде Оңтүстік Кавказ, Ирак, Анадолының бір бөлігі, Үлкен Арменияның бір бөлігін жаулап алған. Сол заманда бір империяның осындай аумақты алып жатуы таңданыс тудырады. Әрине Селжұқ түркілері империясының аумағының кеңдігі ғана тарихшылардың назарын аударған жоқ, олар кейінгі жылдарда ислам әлемі территориясының ауқымды бөлігін өз қол астына кіргізе алған. Өйткені 1059 жылы Аббасилер халифатының астанасы Бағдат қаласын өз ықпал аймағына енгізіп, Аббасилер халифатына саяси билік жүргізіп, ислам әлемінде басты аймақтық алпауытқа айналған.

Мынадай сұрақ туындайды: Селжұқтар кім еді? Билікке қалай жетті? Иран мен әлемнің тарихына қалай әсер етті?

Селжұқтар түркі нәсілінің оғыз тармағынан шыққан. Олар Арал теңізінің маңында өмір сүрген. Содан соң Хорасанға қарай қозғалған.

Олар шын мәнінде айшықты мәдениеті мен өркениеті жоқ көшпенділер еді. Тайпалық сипатта өмір сүрген. Осындай өмір сүру тәсілі олардың ұдайы көшіп жүруіне себеп болған. Өмірдің қиыншылықтары оларды мықты жауынгерлерге айналдырған. Селжұқтар ат үстінде садақ атудан теңдессіз жауынгер саналады. Осы ерекшеліктердің барлығы олардың Ғазнавилерді жеңіп, билік басына келуіне себеп болды.

Селжұқтар қарапайым да қарабайыр болғандықтан материалдық дүниенің жылтырағына қатты қызыққан. Бұл мәселе ирандық мәдениеттің гүлденуіне жақсы жағдай жасады. Тілі мен мәдениеті бай ирандықтар Селжұқтарды баурап алды. Селжұқтардың бұл қызығушылығы ирандық мәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды Анадолы үстіртіне апарып, ирандық-исламдық өнердің таралуына себеп болды. Селжұқтар кезіндегі ирандық сәулетшілер тыныштық сыйлау, пайдасыздықтан аулақ болу, адамдарға жағдай жасау сияқты архитектуралық ерекшеліктерді пайдалану арқылы Исфахандағы орталық мешітті дамытқан. Осы заманға тиесілі архитектуралық туындылардың қатарында Қазвин облысының Аваж ауданындағы Харақан мұнаралары, Теһран облысының Рей қаласындағы Тоғрұл мұнарасы, Семнан облысының Дамған ауданындағы Пір Аламдар кесенесі, Оңтүстік Хорасан облысының Сарахс ауданындағы Робат-е Шараф керуенсарайы және тағы басқа құрылыстар бар.

Империяның шекарасын кеңейту үшін Византияға дейін барған Селжұқтар біртіндеп Шығыс Рим империясына (Византияға) қатер төндіре бастады. Византиялықтардың алаңдайтын жөні бар еді. Өйткені осы көршілестіктің салдарынан Селжұқтардың екінші құдіретті патшасы Алып Арсыланның заманында селжұқтар мен византиялықтардың арасында үлкен соғыс болды. Ол тарихта «Малазгерд шайқасы» деген атпен танылған. Бұл соғыста Селжұқтар жеңіске жетті. Малазгерд – тарихтағы өте маңызды шайқас. Өйткені бұл соғыс болашақта «Крестшілер соғысы» деген атпен танылып, 400 жылға созылған соғыстардың басталған нүктесі болуы ықтимал.

Хәкім Омар Хайямның өмірі Селжұқтар әулетімен тығыз байланысты. Ол Алып Арсылан мен Малекшах патшалардың заманында өмір сүрген. Қоғамдағы жағдай оған да әсер еткені анық.

Хәкім Омар Хайям жайлы сөзімізді жалғастырамыз. Подкасттың осы жеріне дейін  Хайямның балалық және жасөспірім шағы туралы айттық. Енді сәл ілгерілейік. Омар Хайям батыл, әдепті әрі аз сөйлейтін жігітке айналды. Әлі де білімге құштар. Ол имам Мұваффақ Нишапуридің мектебінде оқып, ықпалды адамға айналған. Ол жас жағынан мектептегі басқа шәкірттерден кішірек болса да, білімі мен қырағылығының арқасында зор құрметке ие болған.

Селжұқтар философия мен даналыққа онша мән бермегеніне қарамастан, Омар Хайям философияны үйренуден бас тарта алмаған. Ол осы пәнді үйрену үшін сол замандағы ең ірі философия ұстазы шейх Мансұрдың алдына барған. Шейх Мансұр бұған дейін көптеген шәкірт тәрбиелеп шығарған болатын. Солардың ішіндегі ең танымалы ретінде 11-12 ғасырда өмір сүрген атақты ирандық сопы әрі ақын Санаиды айтуға болады.

Хәкім Омар Хайям шейх Мансұрдың мектебінде көп білім алған. Ол осы мектепте бірінші рет Әбу Әли Синаның кітаптары және оның философиялық ойларымен танысқан. Шейхтердің басшысы Әбу Әли Сина – 10-11 ғасырларда өмір сүрген Иран мен әлемнің данышпан ойшылы. Оның бір кітабы «Канон» деп аталады. Ол медицинаға арналған. Бұл кітап Еуропаның ғылыми орталықтарында шамамен 700 жыл бойы оқытылған. Еуропада қасиетті кітаптан кейін ең көп данамен шығарылған екінші кітап саналады.  

Әбу Әли Синаның теорияларының көбін өз дәлелдерімен сәйкес деп тапқан Хайям осы ойшылдың ойларына тереңдей бойлағаны соншалықты, өзін оның шәкірті санаған. Әбу Әли Синаның ғылыми-философиялық ой-пікірлерін түсінуге шебер тұлғаға айналған. Содан кейін Әбу Әли Синаның кітаптары мен хикметін үйрете бастаған.

Ардақты ағайын, келесі эпизодта сіздерге Омар Хайямның маңызды жетістіктері жайлы айтып береміз. Жалали күнтізбесі жайлы айтамыз. Бұл күнтізбе жұлдыздарды нақты зерттеуге негізделген. Сол замандағы Селжұқтардың қиыншылықтарының біраз бөлігін азайта алған. Бұл жайлы келесі эпизодта айтамыз. Сондай-ақ осы күнтізбе жасалғаннан кейін бірінші рет ирандық Наурыз көктем мезгілімен сәйкестендіріліп, осы күнге дейін сақталып келеді.

Келесі эпизодта Омар Хайямның математикаға қатысты бастамаларымен таныстырамыз. Оның  осы саладағы талпыныстары бірінші, екінші және үшінші дәрежелі есептерге жүйелі ғылыми зерттеулер жасалуына себеп болды. Осылайша аталмыш есептер классификацияланды.

Бағдарлама соңында айта кететін жайт: біз осы эпизодты дайындауда хайямтану саласындағы беделді кітаптар, Мұхаммедреза Қамбари, Хасан Садеғи Самарджани, Әли Яхияи және тағы басқалардың құнды мақалаларын пайдаланып, дәлелді де деректі мәтін ұсынуға талпындық.

Сіздер әлеуметтік желілер арқылы бізбен байланыса аласыздар. Сондай-ақ біздің подкастты Ютуб-тағы парақшамыздан тыңдап, сын-пікірлеріңізді электронды поштамызға жібере аласыздар. 

Тегтер