Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Дүниежүзілік деректі фильмдер одағы: "Деректі фильм дегеніміз ешқандай боямасыз шынайы фильм түсіруге немесе оқиғаларды қисынды түрде қаз-қалпында қайта жаңғыртуға негізделген шындықты жан-жақты бейнетаспаға түсіру. Бұл іс халықтың білімі мен түсінігін кеңейту, әртүрлі мәселелерді көтеру және олардың шешім жолдарын ұсыну мақсатында ең шынайы жолмен жүзеге асырылуы тиіс".
Иран кинематографиясының тағы бір тарауы – деректі фильмдер. Деректі фильмде фантастикалық әңгімелер мен шытырман оқиғалар жоқ, онда шындықты шынайы түрде көрсетуге талпыныс жасалып, мүмкіндігінше оған өзгеріс енгізуден бас тартылады. Сондықтан деректі фильм адамдар, елді мекендер, оқиғалар, шынайы белсенділіктермен жұмыс істейді.
Әрине, қалай болғанда да, шындықты ұсыну таңдау, алып тастау және қалыпқа түсірумен қатар жүреді. Сондықтан деректі фильм режиссердің белгілі бір шындыққа бақылау жасау деңгейі негізінде бағаланады. Бірақ барлық деректі фильмдерге қатысты бір нәрсе – бұл туындыларда көрерменді көріп-естіп тұрғанының шындық екендігіне нандыруға талпыныс жасалады.
"Деректі" деген сөзді алғаш рет британдық деректі фильм түсіруші Джон Грирсон (John Grierson) 1926 жылы қолданды. Ол кейінірек бұл сөзді "шындыққа жасампаздықпен қарау" мағынасында сипаттады. Соңында 1948 жылы Дүниежүзілік деректі фильмдер одағы бұл сөзді қабылдап, деректі фильмге мынадай анықтама берді: «Деректі фильм дегеніміз ешқандай боямасыз шынайы фильм түсіруге немесе оқиғаларды қисынды түрде қаз-қалпында қайта жаңғыртуға негізделген шындықты жан-жақты бейнетаспаға түсіру. Бұл іс халықтың білімі мен түсінігін кеңейту, әртүрлі мәселелерді көтеру және олардың шешім жолдарын ұсыну мақсатында ең шынайы жолмен жүзеге асырылуы тиіс».
Деректі фильм ұғымы кең аядағы фильмдерге қатысты айтылады. Соның ішінде үгіт-насихат, оқу-ағарту, хикаялық деректі фильмдер, әлеуметтік, тарихи және саяси тақырыптағы фильмдерге тоқталуға болады.
Кинематография тарихындағы алғашқы фильмдерді деректі фильмдер деп атауымыз қажет. Ағайынды Люмьерлер (Lumiere) өз жұмыстарының басында халықтың күнделікті өмірінен алынған бірнеше фильм түсірді. АҚШ-та да Эдисон мен оның серіктестері өздерінің жұмыс орындарында болып жатқан оқиғалар жайында фильмдер түсірді. Басқа елдерде де осындай өнеркәсіптің түрі пайда бола салысымен деректі фильмдер түсіріле бастады.
Қазіргі мағынадағы деректі фильмдер кинематографиясы 1922 жылы түсірілген Роберт Флаэртидің "Солтүстік Нанук" (Nanook of the North) фильмінен басталды. Бұл фильмде Канадада өмір сүретін эскимостардың ауыр өмірі баяндалған. Фильм тақырыбының жаңа болуы, жарқын бейнеленуі және жасампаздықпен дайындалуы киносыншылар мен көрермендердің назарын аударды.
"Солтүстік Нанук" фильмінің сәттілігі және оны түсіруге кеткен қаржының аздығы АҚШ киноиндустриясының деректі фильмдер түсіруге бет бұруына себеп болды. Осы бағыттың жалғасында Флаэрти "Моана" (Moana) атты фильмін түсірді. Онда Самоа аралдары халқының өмірі поэтикалық сипатта көрсетілген.
Алайда, революция мен соғыс сияқты әлеуметтік өзгерістердің әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдердің деректі фильмдер кинематографиясына қатты әсер еткенін, 20 ғасырда орын алған оқиғалардың ең құнды құжаттарының осы деректі фильмдерде сақталғанын ұмытпауымыз қажет.
Енді Ирандағы деректі фильмдер кинематографиясының басталуы жайында сөз қозғаймыз. Х.ш.ж.с.б. 1279 жылдың мордад айында (1900 жылы) Ибрахимхан Әккасбашы Бельгияның гүл фестиваліндегі Мұзаффараддин шах туралы Иранның алғашқы деректі фильмін түсірді. Ол кейін осы Қажар шахы туралы басқа да фильмдер түсірді, сондай-ақ, мұхаррам айындағы аза тұтушы топтар мен аза тұту рәсімдері, "Душан таппе" сарайы, базарлар мен тарихи ғимараттар жайлы деректі фильмдер түсірді.
Русихан – х.қ.ж.с.б. 1327 жылғы (1909 жылғы) Ашура күндеріндегі аза тұту рәсімдерін түсірген режиссер. Ханбаба Мұтазеди де – шетелдерде тәжірибе жинап, Иранға қайтып оралған соң бақтар мен гүлханалар жайында, сондай-ақ сарай маңындағылар жайында ақпараттық-деректі фильмдер түсірген режиссер. Иранда алғаш түсірілген деректі фильмдерді бірнеше топқа бөлуге болады: реалистік деректі фильмдер, саяхат, оқу-білім, репортаж, үгіт-насихат бағыттарындағы фильмдер, поэтикалық, тайпалық көзқарас және тарихи фильмдер.
Бірақ мына маңызды жайтты айта кету қажет: негізінде Иранға кинематография деректі фильммен келді. Бейнекамера тек шахта ғана болғандықтан, алғашқы туындылар Қажар сарайының өмірі мен ондағы рәсімдерді баяндауға арналды. Жылдар өткеннен кейін бейнекамера халықтың өміріне еніп, олардың өмірінен деректер түсіре алды.
Х.ш.ж.с.б 1330 жылдың аяғында (1950 жылы) деректі фильмдер түсіру жолға қойылды. Университетті жаңа бітірген режиссерлер деректі фильмдер түсіруге ерекше ынта танытты. Иранның деректі және ақпараттық фильмдері кинотеатрларда экрандалды. Жеке ынта және мемлекеттік деңгейде деректі фильм түсірудің жалғасуының арқасында деректі фильмдер кинематографиясының гүлдену дәуірі келіп жетті. Иранда түсірілген деректі фильмдер дүниежүзілік кинофестивальдерде көрсетіліп, көпшіліктің көңілінен шықты.
Бірақ бұл үдеріс ұзаққа созылмады. Ирандық деректі фильм түсірушілер біртіндеп Иранның бұрынғы режимі тарапынан көптеген қысымдар мен шектеулерге ұшырады, олардың туындылары өзгертіліп, түзетіліп, көрсетілуге тыйым салынды. Сол кездері шах режимін мақтап-мадақтаған фильмдер ғана жұрт назарына ұсынылды.
Кинематография тарихының маманы Джамал Омид "Иран кинематографиясының тарихы" атты еңбегінде: "Әсіресе х.ш.ж.с.б. 1340 жылдары (20 ғасырдың 60 жылдар) түсірілген деректі фильмдер ащы шындықтарды әшкерелейді. Бұл шындық фильм түсірушілердің деректі фильмдердің тақырыбын таңдауда шектеуге ұшырауынан сезіледі. Х.ш.ж.с.б. 1342 жылы 15 хордадтағы (1963 жылы) Пехлеви режиміне қарсы халықтық көтерілістен кейін кинематография саласындағы мамандар тарапынан жасалған біртіндеп сезілетін қаталдықтардың арқасында деректі фильмдерден тазалық пен гүлдену кетіп, үгіт-насихат пен репортаж стиліндегі деректі фильмдерді түсіру қыза түсті",-деп жазады.
Ол осы туындылардың түсірілуіне қаншалықты қаржының жұмсалғанына тоқталып, осы қаржының арқасында ішкі жағымпаздар мен кейбір шетелдік пайдакүнемдердің осы салаға еніп, қымбат та нәтижесіз тәжірибелер жасағанын айтты. Осы дәуірдің нәтижесі көрерменді адастыру үшін белгіленген сюжеттер пен шектеулі көзқарасты таңдау арқылы Иран халқы мен қоғамы жайында шындыққа жанаспайтын бейнені көрсетуге талпынған туындылардың жиынтығынан тұрады.
Тарих – әрбір адамға әрбір дәуірде ғибратқа толы сабақ беретін оқытушы. Х.ш.ж.с.б. 1357 жыл – Иранның жаңа заман тарихындағы ең елеулі кезең. Сол жылы халықтық күрес жемісін беріп, Ислам революциясы жеңіске жетті. Бұл революцияның Иранның өнері мен мәдениетіне, әсіресе кинематографиясына әсерін ешкім жасыра алмас. Осы арада деректі фильмдер құрылым, тақырып және сан жағынан қатты өзгеріске ұшырады.
Революция барысында бейнекамера көп қолданылды. Парвиз Набави, Масуд Джафари Джоузани, Асқар Бичаре, Мұхаммадали Наджафи мен Хосейн Тораби революция үдерісі мен халықтың қозғалыстарынан деректі фильмдер түсірген режиссерлердің қатарына жатады. Сол кездегі мүмкіндіктердің шектеулілігіне қарамастан, бүгінде мұрағаттарда революция күндері жайлы 50 сағаттан асатын 8-16 мм-лік фильм сақталынған. Бұл фильм сол тарихи кезеңнен қалған құнды құжат болып саналады. Хосейн Торабидің "Азаттық үшін", Масуд Джафари Джоузани мен Маджид Джафаридің "Азаттық жолында" атты екі деректі фильмі аталмыш режиссерлердің революция барысы мен оның жеңіске жетуі жайындағы шындықты бейнелеуге талпынғандықтарын көрсетеді.
Революциядан кейінгі алғашқы жылдарда кедейлік пен байлық, үстемшілдікке қарсы қатаң сезімдер тақырыбында әлеуметтік фильмдер түсіріліп, жұрт назарына ұсынылды. Пехлеви режимінің қауіпсіздік ұйымының (Савак) түрмелері жайлы тікелей баяндаған, көтерілісшілердің сұхбаттарын көрсеткен, олардың күрес жылдарындағы естеліктерін жеткізген фильмдер болды. Мұнымен қоса, бірқатар фильмдер революция мен халықтық қозғалыстың әрбір сәтінен мағлұмат беруге арналды.
Әлеуметтік тақырыптағы деректі фильмдер осындай тізімнің басында тұрды, ал осы туындылардың бір бөлігі әлеуметтік қимыл-әрекеттерді түсіндіруге арналды. Мұхаммадреза Аслани түсірген "Бала және қанаушы" және "Кішкентай нан табушылар" атты фильмдерде әлеуметтік қимыл-әрекеттер балалар арқылы түсіндіріліп, өткеннің бейнесі жасалатын туындылардың қатарын құрады. Бұл топтама ИИР Телерадио бірлестігінің режиссерлер тобы тарапынан түсіріліп, балалардың өмір сүру жағдайын көрсету арқылы қоғамды сынауды мақсат еткен фильмдердің бір тармағының негізін қалады.