Maм 17, 2016 19:13 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Бүгінгі бағдарламада негізгі рөлде бала немесе жеткіншек ойнаған фильмдер жайлы сөз қозғаймыз.

 Бұл туындылар шетелдерде ерекше қолдауларға ие болған еді. Өткен бағдарламаларда айтқанымыздай, Ирандағы балаларға арналған кинематография 1345 жылдан (1966 жылдан) басталады. Бұл жылы "Балалар мен жасөспірімдердің ой-санасын тәрбиелеу орталығы" алғаш рет Балалар мен жасөспірімдердің халықаралық кинофестивалін өткізу арқылы балалар кинематографиясына көңіл бөліп, "Канун" кинематография орталығының құрылуына жағдай жасады. Бұл орталықта балалар кинематографиясы дербес құрылыммен жаңа жолға аяқ басты. Балалар жайында жұмыс жасауға қызыққан киногерлер алғашқы үлгілер дайындауға кірісті. Бірақ қуаныш, толғаныс, қозғалыс, талпыныс, жасампаздық, махаббат пен жаратылыс белгілерімен танысудың қосындысынан тұруы қажет болған балалар кинематографиясы "Канунның" сол заманғы кеңістігінен шынайы көрініс таба алмады.

Сол заманда "реализм" мен "сенгіштік" сияқты ұғымдарға жаңа түсініктер берілді. Ересек адамдардың өмірінің ащы тұстарын көрген кісілер кинематографияның осы саласына келді. Сол замандағы балалар кинематографиясында ересек адамдардың, әсіресе киносыншылардың жақсы ынталандыруымен бірқатар фильмдер түсірілді. Туындыларды қайта қарастыру осы жанрдағы айшықты фильмдерде тек бір бала немесе жеткіншек ойнайтындығын, сондықтан осы жастағы топтарға мүлде лайықты емес екендігін жақсылап көрсетті.

Масуд Мехраби "Иран кинематографиясының тарихы" атты кітабында осы жөнінде: "Өткен режимнің (революцияға дейінгі) мәдени саясаттары "Канунның" кинематографиялық белсенділіктерінен бір витрина мен фестивальдік тауар жасауды көздеді. Осы орталықты құрудағы мақсат өнердің саяси емес жұмыстарына наразы ағартушыларды жұмыспен қамтамасыз ету болды",-деп жазады.

Мехраби сөзінің жалғасында: "Канунның" фильмдері балалар әдебиеті саласында жұмыс істейтін адамдардың көзқарастарынан бастау алатын ой-санадан нәр алатын. Бұл туындылардың кейбіреулерінің интеллектуалды деңгейінің жоғарылығы соншалықты, балаларға ғана емес, ересек адамдардың өздері үшін де түсініксіз болды. Бұл фильмнің түсірушілері ішкі көрерменді разы қылуды өз міндеті санамайтын. Фильм тек кәсіби мамандар мен фестивальдердің көрермендеріне әсер етуі тиіс деген ой басым болған",-деп жазады. Көптеген қысқа және толық метражды фильмдер "Балалар мен жасөспірімдердің ой-санасын тәрбиелеу" орталығында осындай көзқараспен түсіріліп, әлемдік кинофестивальдерге жіберілді. Аббас Киоростами, Амир Надери, Насер Тақваи, Нураддин Заррин Келк, Әлиакбар Садеқи "Канунда" көптеген фильм түсіріп, туындылары сыншылардың назарына ілігіп, шетелдерде талқыланған режиссерлердің қатарын құрады.

Бірақ егер осы фестивальдердегі үлгілердің басым бөлігіне назар аударсақ, балалардың табиғи талғамынан алшақ интелектуалдық тенденцияны байқаймыз. Бұл фестивальдер бір жолмен, ал балалар одан басқа жолмен жүріп отырды. Сондықтан фестивальдер үшін тартымды туындылардың көбісі балаларға арналған фильмдер болмады. Бұл туындыларда отаршылдық, түрмеден босау, символдық тілмен әділетсіздікке сілтеме жасалып, зұлымдық пен қысым астындағы халықтың символы ретінде бір бала немесе жеткіншек актер қолданылған.

Ирандық режиссер Аббас Киоростами – әлемдегі осы өнердің ең әйгілі тұлғаларының бірі. Ол өз жұмысын "Балалар мен жасөспірімдердің ой-санасын тәрбиелеу" орталығынан бастады. Ол х.ш.ж.с.б. 1319 жылы (1941 жылы) Теһранда дүниеге келген. Оның туындыларының көбісі әлем сыншыларының ауқымды қолдауына ие болды. Киоростами 1348 жылдан бері кинематография саласында жұмыс істеп келеді. Соның нәтижесінде көркем, қысқа метражды және деректі 41 фильм түсірді. Ол кинематографиямен қоса, поэзия, фотосурет, музыка, графикалық жобалар жасау және сурет салу сияқты өнер түрлерімен де айналысқан. Киоростами бірнеше кино жүлденің иегері, соның ішінде "Канн" кинофестивалінің "Алтын пальмасы" мен "Локарно" кинофестивалінің "Қола бабыры" да бар. 2003 жылы оның есімі әлемнің ең үздік он режиссерінің қатарына кірді.

Ол 40 жылдардың аяғында "Канун" орталығында "Нан мен көше", "Үзіліс" және "Жолаушы" атты фильмдерін түсіріп, ерекше режиссер ретінде танылды. Сыншылардың көбі оның фильмдеріндегі қарапайымдық, балаларды басты кейіпкер ретінде қолдануы, деректілік стилі, ауылдық кеңістіктерді пайдалану, поэтикалық сарынның болуы сынды ерекшеліктерді атап көрсетті.

Ол революциядан кейін өзіне ұнайтын стильді басқа бірнеше фильм түсірумен жалғастырып, біртіндеп шетелдік кинофестивальдерде ирандық режиссер ретінде таныла бастады. Көбінесе ол сол уақытқа дейін көптеген режиссерлер ізін басып, шетелдік кинофестивальдерге қатыса алған кинематографияның негізін қалаған адам болып саналады.

Киоростами – Ислам революциясынан кейін Иранда фильм түсіруді жалғастырған және үнемі Иранда болуының өзінің фильм түсіру қабілетін бірнеше еселендіргенін бірнеше қайтара айтқан режиссерлердің бірі. Ол бір сұхбатта: "Егер жерге тамырын жайған ағашты қазып алып, басқа бір жерге апарып отырғызса, ол жеміс бермейді. Тіпті жеміс берген күннің өзінде өз отанында берген жемістің тәттілігіне жетпейді",-деген болатын.

Бұл режиссер х.ш.ж.с.б. 1366 жылы (1987 жылы) "Достың үйі қайда?" атты фильмін түсірді. Бұл фильмде көрші ауылда өмір сүретін досының дәптерін оған қайтаруға талпынған кішкентай ұл туралы баяндалады. Бұл фильм барысында Иранның ауыл тұрғындарының дәстүрлі наным-сенімдері бір баланың көзқарасы тұрғысынан баяндалған. Иранның ауылдық панорамаларын поэтикалық түрде пайдалану, сонымен қатар, өмірдің шындықтарын көрсету, баланың сол шындықтарға шырмалуы және баланың өзіне ғана тән шешім жолын табуы – осы фильмнің оң сипатқа ие ерекшеліктерінің бірі.

Киоростами өзінің басқа бірнеше фильмінде де осы формулаларға жүгініп, кинофестивальдер мен әлемдік қауымдастықтың қолдауына ие болған фильмдер түсірді. Ол өзінің саясат пен саяси фильмдерді түсіруге қызықпайтынын бірнеше рет айтқан болатын. Бірақ туындыларының көбісі шетелде саяси тұрғыдан сыналды. Бұл қатынас Иранның ішінде де кейбір адамдардың Киоростамидің туындыларына ұқсас фильмдер түсіре алса, шетелдерде қолдауға ие болады деп ойлауға және ақырында өздерінің саяси көзқарастарын фильмнің астарында айтуларына себеп болды.

20 ғасырдың 90 жылдарынан кейін Иран кинематографиясында басты кейіпкері бала мен жеткіншектер болған туындылар көбірек түсіріле бастады. Бұл фильмдер өмірдің қиындықтарын, ата-аналар мен қоғамның балалар мен жасөспірімдерді түсінбеушілігін бейнелейді, кейде тіпті көрермендерді күйзеліске дейін жеткізеді. Бұл туындылар "Балалар туралы" фильмдер деген атпен танымал болды. Мұндай фильмдерді түсірушілер актер баланы пайдалану арқылы адамдардың қиындықтарын бейнелеуді көздеді. Олардың арасында көрнекті туындылар да, әлсіз де құнсыз туындылар да бар. Бірақ қалай болғанда да, олардың көрермені балалар емес. Осы арада шешуші рөл атқарған нәрсе – халықаралық кинофестивальдердің түрлі түсті кеңістігі. Бұл кинофестивальдер белгілі бір кезеңдерде туындыларды қолдап, оны түсірушілерге қызыл кілем жайып отырды. Мұндай фильмдерге ондаған жүлденің беріліп, шетелдіктер тарапынан мадақтардың айтылуы осындай тәсілмен фильм түсіретіндердің санын арттырып, оны Иран кинематографиясындағы бір ағымға айналдырды. Бұл ағым қатты дамып, нығайды, бірақ шетелдік кинофестивальдердің критерийлері мен талғамдары өзгергеннен кейін олардың назарынан тыс қалып, құлдырады.

Әрине, мына жайтты естен шығармауымыз қажет: Киоростами мен тағы бірнеше режиссер жеке стимул мен қызығушылық негізінде балалар мен жасөспірімдер кинематографиясына ат басын тіреді. Біздің бүгінгі бағдарламадағы мақсатымыз осы режиссерлердің туындыларын сынау емес, керісінше Ирандағы фестивальдік кинематографияның қалыптасу себептерін түсіндіру ғана. Бұл бағдарламадағы біздің негізгі сынымыз бен талқылауымыз осы тәсілден үлгі алып, шетелге шығу, батыстық сыншылардың қолдауына ие болу мақсатымен фильм түсіруге бет бұрған режиссерлер мен олардың туындыларына бағытталып отыр.

 

 

Тегтер