Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Ирандық режиссер Ансие Шаххосейни ханым: "Шәһид Авини майдандағы оқиғаларды өзінің жүрегінен шыққан ашуралық мәдениетпен астастырып, мәңгілік естелікке айналдырды. Ашураның қайталанбайтыны сияқты "Жеңіс рауаяты" да ескіріп, қайталамалы болмайды. Өйткені оның қайталамасы ашуралық түрмен жасалады. Осындай мәдениетпен қазіргі заман соғысы жайлы фильм түсірілгенде оның мәңгіге қаларында күмән жоқ".
Шәһид Сейед Мұртаза Авини – Ислам революциясынан кейінгі Иран киноматографиясының көрнекті тұлғаларының бірі. Бүгінгі бағдарламамызды осы өнер иесі мен оның деректі фильмдеріне арнаймыз. Бұл кісі "Өнер туындысында ақлақтық құндылықтарға көңіл аударатын адамдардың деректі фильмдерге ден қоятындығы таңқаларлық емес, өйткені деректі кинематография көбіне-көп осы шыншылдық қасиетті ақиқатты баяндауда қолдана алады" деген болатын.
Сейед Мұртаза Авини х.ш.ж.с.б. 1326 жылы (1947 жылы) Теһранның оңтүстігіндегі Рей қаласында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге құмартып, өлең, әңгіме мен мақала жазған, сурет салған. Жеткіншектік шақ пен орта мектеп кезеңін басынан өткергеннен кейін Теһран университетінің эстетикалық өнерлер факультетінде архитектура мамандығы бойынша білім алып, сол кездері әдебиет, поэзия, музыка және сурет салу салалары бойынша зерттеулер жүргізді. Өнер ортасына белсенді түрде қатысты.
1979 жылы Иран Ислам революциясы жеңіске жетіп, "Жасампаздық джиһады" құрылғаннан кейін имам Хомейнидің (р.) бұйрығымен Авини "Жасампаздық" джиһадында жұмыс істей бастады, Иранның ауылдарындағы қиындықтарды шешу мақсатында ауылдар мен шалғай аудандарға жіберілді. Авини Иранның бұрынғы тәртібінің қоғамның осы тобына жасаған зұлымдығын көргеннен кейін "Жасампаздық джиһадында" фильм түсіруге кірісіп, "Таңдаулылар" атты өзінің алғашқы телетоптамасын жасады. Бұл телетоптамада Авини жағдайы ауыр ауылдардың тұрғындарына тілектестік білдіре отырып, осы адамдарға көңіл аударуды сұрады.
Авини өзінің жемісті өмірі барысында 100-ден аса деректі фильм түсіріп, дайындады. Ұзақ жылдар бойы Исламды насихаттау ұйымының өнер бөлімі аясында мәдени шаралар өткізіп, "Сүре" деп аталатын айына бір рет шығатын көркем журнал мен соған қатысты басылымдардың бас редакторы қызметін атқарды.
Шәһид Авинидің жарияланған еңбектерінен "Сиқырлы айна" атты кинематографиялық мақалалар топтамасын, "Бір ақырдың бастауы", "Қан жеңісі", "Хазірет имам Хомейни (р.) ғазалдарын тәпсірлеудегі нұрдың түсініктемесі", "Сайтанның иірімі" атты кітаптары мен өнер, мәдениет, философия және саясат саласындағы ондаған мақаланы атауға болады. "Сиқырлы айна" – Авинидің құнды еңбектерінің бірі. Онда кинематография мен бейне жайында жаңа теориялар мен көзқарастар берілген. Бұл кітап Авинидің кинематографияға қатысты тәртіпке келтірілген мықты көзқарасқа ие болғанын және оның бұл өнерге жаңа саңылаудан қарайтынын көрсетеді.
Мұртаза Авини жағдайы нашар ауылдар мен аудандардың халқы жайында бірнеше фильм түсіргеннен кейін "Джаһад" теледидар тобына қосылып, "Жеңіс рауаяты" атты топтаманың түсірілімін бастады. Бұл телетоптамада 8 жылға созылған Қасиетті қорғаныс кезіндегі ирандық жауынгерлер мен майдандар жайында құнды естеліктер берілген. Ол тіпті соғыс аяқталғаннан кейін де жалғасын тауып, жауынгерлердің естеліктеріне шолу жасауға кірісті. Бұл режиссер соғыс біткеннен кейін "Жеңіс рауаятының" жаңа топтамасын жасау үшін шәһидтердің сүйектерін табу және анықтау тобымен бірге соғыс болған аймақтарға барып, фильм түсіруді жалғастырды.
Авини х.ш.ж.с.б. 1372 жылы 20 фарвардинда (1993 жылы 9 сәуірде) Иранның оңтүстік-батысындағы Факке аймағында Иран-Ирак соғысынан қалған мина жарылысынан қаза тапты. Осы өнер иесінің шәһид болған күні ақын-жазушылар мен өнер иелерінің ұсынысымен "Ислам революциясы өнерінің күні" деп аталды.
"Жеңіс рауаяты" – Саддам армиясының Иранға қарсы 8 жылдық соғысы барысындағы саяси және әскери оқиғаларға қатысты түсірілген деректі бағдарламаның аты. Авини тарапынан осы деректі топтаманың дайындалуы таңылған соғыстың басынан басталып, ол қаза болғанға дейін жалғасты. Бұл бағдарлама үнемі 1-арнадан көрсетіліп отырды. Бұл бағдарламада майданда орын алған оқиғалар мен ирандық жауынгерлермен сұхбаттарға деректі талдаулар берілді. Әрбір бөлімде сол уақыттағы жағдайға байланысты Иран қарулы күштерінің әскери амалдарының бірінің барысы да баяндалып отырды. "Жеңіс рауаяты" бағдарламасы 5 топтама түрінде дайындалды. Солардың барысында "Валфаджр-8", "Кербала-1", "Кербала-5" әскери амалдары мен 1366 жылғы (1987 жылғы) саяси-мәдени оқиғалар, "Кербала-10" сияқты Иран күштерінің өткен әскери амалдары мен елдің батысында жүзеге асырылған кейбір әскери амалдарға шолу жасалынды.
Шәһид Авини осы фильмдерде қолданған сөз бен бейненің қосындысы бірегей. Бейнекамераның соғыста ащы дүниелерді көрсететінін білеміз. "Жеңіс рауаяты" бағдарламасы осындай ащы дүниелер жайлы баяндаса да, онда көрермендердің майданның рухани кеңістігінде болмағанына өкінуіне себеп болатындай үміт беріп, мақтаныш сезімін тудыратын жайттар кездеседі. Бұл бағдарламаның бейнекамерасы шын мәнінде жауынгерлерге, майдандағы сезім мен жағдайға ғашық. Ол осы ғашықтықты көрермендерге де жеткізеді.
Иран кинематографиясының барлық мамандары мен сыншылары "Жеңіс рауаяты" телетоптамасын Иран кинематографиясы тарихындағы тұлғаға тоқталған жалғыз деректі фильм және Иран кинематографиясы тарихының басынан бүгінге дейінгі ең маңызды деректі фильм деп есептейді. Бұл топтама соғыс жайлы ерекше баяндау тәсілін қолданады. Мұндай баяндау тәсілі осы күнге дейін басқа деректі фильмдерде қолданылған жоқ. Бұл топтамада режиссердің өзі өз достары мен замандастарын талқылайтын соғыс алаңындағы адамдардың бірі сияқты, ал оның бейнекамерасы үнемі достарының артынан жүріп отыратын оның көзі іспетті. Ол жауынгерлермен амандасып, олардың сезімдері мен көңіл-күйлері жайлы сұрап, сол мезеттердегі өзінің сезімін де эмоцияға толы әдеби тілмен баяндайды. Кейбір жағдайларда олардың қуанышы мен қайғысына ортақтасып, өзінің реакциясын баяндау, музыка немесе тіпті үнсіздік арқылы көрсетеді.
Авинидің осы деректі топтамадағы маңызды ісі – тұлға жасауда. Бұл тұлға жасау жекелеген адамға да, жауынгерлер тобына да қатысты болды. Ұжымдық сезім топқа бірігу сезімін қалыптастырады. Ол жауынгерлерді бірдей адамдардың тобы деп қарастырмайды. Оның бейнекамерасы осы телебағдарламаның барлық бөлімдерінде олардың өзіндік болмыс-бітімі бар біріккен бейнесін таспаға түсіре алды.
Сейед Мұртаза Авинидің туындыларында көрініс тапқан көрнекті ерекшеліктердің бірі – режиссердің көрерменге аса байсалдылықпен қарауы. Оның пайымдауынша, алдымен көрерменді тану қажет, содан соң онымен байланыс орната алатын фильмді түсіру керек. Осы жолда ол мазмұнды баяндауда өзі мен көрермені арасында қабылданатын және екеуі де оған сенетін тәсілді таңдайтын. Басқаша айтқанда, оның ойынша, кинематографияның тәсілін жергіліктендіру керек. Оны жергіліктендіру әрбір мәдениет пен жағдайға байланысты әртүрлі атқарылады. Сол себепті сыншылардың көбі оның осы теориясын "кинематографияның жергілікті және ұлттық баяндау қалыбы", кейде діни кинематография деп те атайды.
Авини өнер иесін Қасиетті қорғаныс майдандарына тартатын дүние әкімшілік міндет емес, ішкі уәждеме дейтін. Фильм түсірушілер тобы да жауынгерлерді майданға тартатын стимулмен жұмыс істейді. Майдан тек тәсіл немесе өнер ғана болатын сала емес.
Соғысты түсіруші фотографтар, режиссер мен өнер иелері ие рух пен борыш сезімі Авиниді бейнекамера, фильм мен кинематографияның ақпарат тарату болмысын қайта қарауына ынталандырды. Мұның нәтижесі кинематографияның болмыс-бітімі, Иран және әлем кинематографиясын сынау, діни-дәстүрлі өнер мен революциялық өнерді түсіндіру туралы теориялық мақалалардың жазылуы болды.
"Жеңіс рауаяты" топтамасы 98 бөлімнен тұрады. Ол соңғы жылдары бірнеше рет теледидардан көрсетілді. Соған қарамастан, көрермендер осы топтаманы қайта көруге ынталы. Мұндай ынтаны басқа ешбір бағдарламаға қатысты қызығушылықпен салыстыруға болмайды.
Ирандық режиссер Ансие Шах Хосейни ханым осы сәттіліктің құпиясы жайында былай дейді: "Егер шәһид Авинидің дауысын оның туындыларынан алып тастаса, оның еңбегінің басқа деректі туындылардан аса айырмашылығы болмас еді. Алғы шепке жақын кеңістікте айналадағы жағдай бейнетаспаға өте жақсы түсірілгендігі анық, бірақ мұнда шәһид Авинидің берген бағыты өте маңызды. "Шәһид Авини майдандағы оқиғаларды өзінің жүрегінен шыққан ашуралық мәдениетпен астастырып, мәңгілік естелікке айналдырды. Ашураның қайталанбайтыны сияқты "Жеңіс рауаяты" да ескіріп, қайталамалы болмайды. Өйткені оның қайталамасы ашуралық түрмен жасалады. Осындай мәдениетпен қазіргі заман соғысы жайлы фильм түсірілгенде оның мәңгіге қаларында күмән жоқ".