Maм 17, 2016 19:23 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Кинематография, жалпы өнер туралы сөз болған кезде кейбіреулер оның экономикамен байланысын қарастырудан жалтарады.

 Ал бұл жағдайда өнердің кез-келген саласының интеллектуалдық және шығармашылық қырларын былай қойғанда, өнерді тудыру үдерісі шамамен басынан аяғына дейін экономикамен тығыз байланысты.

Бүгінгі бағдарламада Иранның қазіргі заманғы кинематографиясымен көбірек танысу үшін Иран киноиндустриясы мен оның өндірушілерінің экономикасына қысқаша тоқталып өткіміз келеді. Әрине, тақырып айқын жеткізілу үшін алдымен әлем киноиндустриясындағы экономиканың рөлін талқылаймыз.

Әртүрлі өнерлердің арасында кинематография әлем елдерінің экономикасында көңіл аударуға тұрарлық рөл атқарады. Саяси және мәдени қырларынан бөлек, кинематографияның экономикалық қыры да оның дайындау және өндіру үдерісінде шешуші орынға ие. Кинотеатр шын мәнінде зал, көрермен, өндіріс пен табыс көлемінің үздіксіз байланысқан жиынтығы. Оның табыс табу қыры тек киноиндустрия саласында жұмыс істейтіндер үшін ғана маңызды емес, үкіметтер де оған ерекше назар аударады. Кейбір елдерде, әсіресе қуатты экономикаға ие әлем елдерінде киноиндустрия өнімдері жалпы ішкі өнімнің айтарлықтай үлесін құрайды.

Мысалы, Үндістанның киноиндустриясы Болливуд – әлемнің ең үлкен кинематографиялық өнеркәсібі. Жыл сайын фильмнің саны жөнінен бірінші орында тұрады. Бұл елде жылына 900-ден астам фильм түсіріледі.

Болливудтың немесе Үндістанның коммерциялық фильмдер түсіру орталығының өнімдері осы ел мен басқа да елдерде, әсіресе аймақтық елдерде қатты танымал. Сонымен қатар, бұл ел өзінің заңдарында кинематографиялық өнеркәсіпке шетелдік инвестицияны тарту үшін арнайы шаралар ойластырған.

Үндістан киноиндустриясының негізгі табыс көзі өз елінің киносын сүйетін қауымның қалың нөпірі тарапынан қамтамасыз етіледі. Бұл елде кинотеатр крикет ойынынан кейінгі ең үлкен көңіл көтеретін жер деп айтуға болады.

Бірақ табыс жөнінен Солтүстік Америка кинотеатрларындағы сатылым көлемі бірінші орында. 2012 жылы бұл аймақтың киноиндустриясы 10 млрд. 807 млн. доллар табыс тапты. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға артық. Бұл АҚШ, Канада мен Мексика киноиндустриясының табысы. Оның басым бөлігі АҚШ-қа тиесілі.

АҚШ киноиндустриясы жылына 700-ден 1000-ға дейін фильм өндіріп, Болливудтан кейін әлем бойынша екінші орында. Бірақ бәрінен бұрын Голливуд – мәдени өнімдер өндіру формасы. "Голливудтық экономист: фильмдердегі жасырын қаржының шындығы" атты кітаптың авторы Эдвард Дж. Стайнның айтуы бойынша, "Голливуд – ақша табудың машинасы".

Иран киноиндустриясы дамыған әлемдегі 30 елдің қатарына жатады. Оның өндіріс желісінде жыл сайын 70-100 фильм түсіріледі. Мұндай көлем Иранды әлемнің 5-тен 15-ке дейінгі аралықтағы елдерінің қатарына қосады.

Бүгінде Иранда 300-ге жуық кинотеатр бар. Олардың барлығы дерлік ирандық фильмдерге арналған. Онда шетелдік фильм көрсетілмейді.

Заң бойынша, кинотеатрларда сатылатын билеттің 50 пайыз табысы сол кинотеатрдың өзіне тиесілі, ал 35-40 пайызы фильм түсірушіге берілсе, 10-15 пайыз табысы жарнама сияқты істерге жұмсалады.

Ислам революциясынан кейінгі Иран кинематографиясы мемлекеттік қолдау саясаты қабылданған кейін "Фараби" қоғамы тарапынан қолдауға ие болып, көптеген мәдени және қаржылай көмектерге қол жеткізді. "Фараби" кинематографиялық қоғамы өзінің жарғысы бойынша мемлекеттік емес ұйым. Бұл ұйым ИИР-ның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің қарамағында осы министрліктің мәдениет және өнер саласындағы саясатының тірегі ретінде қызмет жасайды.

Бұл қоғам елдің іші мен шетелдерде фильм түсіріп, таратумен қоса, техникалық қызметтер мен өндіріс бөлімдеріне, соның ішінде лаборатория, дайындау және дыбыс студиясы, дубляж жасайтын орындарға инвестиция салу арқылы көмектеседі. Иран киноиндустриясының жылдық өнімінің шамамен 30 пайызы осы қоғамда түсіріледі.

Статистикалық мәліметтер бойынша, көркем фильм түсіруге қолдау көрсетумен қоса, деректі, қысқа метражды және тәжірибелік фильмдер түсіру де мемлекеттік қолдаулар мен мүмкіндіктердің аясында соңғы отыз жылда айтарлықтай дамыды.

ИИР-ның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігіне қарасты "Деректі және тәжірибелік фильмдерді тарату орталығы" үнемі толық, орташа және қысқа метражды деректі фильмдер мен әңгіме түріндегі қысқа, тәжірибелік фильмдерді, сондай-ақ толық және қысқа метражды анимациялық фильмдерді түсіруді қолдап, соған қатысады. Бұл орталық, сонымен қатар, жас режиссерлердің ең алғашқы кинематографиялық туындысының жасалуына қолдау көрсетіп, оның дайындалуы мен өндірілуін өз мойнына алады. Осылайша жас та жасампаз өнер иелерінің кәсіби жұмысы мен Иранның мақтанышқа толы кинематографиясына жарқын көкжиек сыйлауына жағдай жасалады.

Әрине, "Иранның жастар кинематографиясының қоғамы" да Иранда фильм түсіру саласында жұмыс істейтін және оған кететін қаржының бір бөлігін жастарға беретін тағы бір орталық. Бұл қоғам х.ш.ж.с.б. 1353 жылы (1974) құрылып, шамамен сол кезден бері мүшелер қабылдап, оқыту жұмыстарын өткізді. Ислам революциясының жеңісінен кейін қоғам ирандық жеткіншектер мен жастарды сурет салу және фильм түсіру өнерімен айналысуға ынталандыру мақсатында елдің әртүрлі жерінде 50-ден аса өкілдік ашты. Осы орталықта режиссерлік, сценарий жазу, сурет салу, бейне түсіру мамандықтары бойынша оқытумен қоса, әралуан кезеңдерді дайындау, өткізу және фильм өндіру саласына да инвестиция салынады. Осы орталықтың жылдар бойғы белсендігінің нәтижесі ретінде жыл сайын 2000-нан астам қысқа метражды фильм өндіру және әртүрлі халықаралық фестивальдерден 100-ден аса жүлдеге ие болуын айтуға болады.

Мемлекеттік органдар тарапынан Иранда фильм түсіру саласында көрсетіліп жатқан барлық қолдаулар мен белсенділіктерге қарамастан, Иранда түсірілген фильмдердің дайындалу және өндірілу жұмыстарының басым бөлігі жеке сектордың мойнында. Бұл салада фильм өндіру және тарату кеңселеріндегі дайындаушылар көркем фильмдер түсірумен айналысып, Иран кинематографиясының жарқын фильмдерін түсіруге инвестиция салудың осы бөлімде атқарылып жатқанна жылдар болды.

Дәл қазір Иран кинематографиясы саласында шамамен фильм түсіретін 30 жеке орталық жұмыс істейді. Алайда соңғы жылдары мұның саны өзгерді. Осыған дейін 60-тан аса орталық болған еді. Көркем фильмдер дайындау, өндіру және тарату саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан адамдардың бірі – Әли Сартипи. Соңғы жылдары кинотеатрларда ең көп сатылған фильмдердің көбі осы кісінің атсалысуымен өндіріліп, экрандалды. Оның пайымдауынша, жеке сектор Иран кинематографиясының даму үдерісіне қатты әсер етті. Бұл дайындаушының айтуы бойынша, өндіру саласында тәжірибелі әрі кәсіби мамандарды жұмысқа алу, фильмдерді өндіру және жарнамалау саласында жаңа тәсілдерді пайдалану, сондай-ақ, фильмге қатысушылардың жасампаздығы – соңғы жылдары оның осы салада сәттілікке жетуінің дәлелдерінің қатарына жатады.

Мұртаза Шайесте де Иран кинематографиясындағы тәжірибелі продюсер. Оның пайымдауынша, кинотеатр көрермендерінің артуы осы саланың негізгі бөліміне, әсіресе көрермендердің назарына түбегейлі өзгерістер жасауды қажет етеді. Бұл продюсердің айтуынша, көзқарас пен тәсілді өзгеру арқылы бірінші кезеңде Иран кинотеатрларындағы көрермендердің санын жылына 80-100 млн. көрерменге, содан соң жылына 200 млн. көрерменге жеткізуге болады.

Әрине, әртүрлі салаларда, соның ішінде мәдениет пен кинематография салаларында жаңа саясат орындалғаннан кейін фильм түсіру үдерісінің өзгерістерге ұшырап, көптеген көрермендердің қолдауына ие болатындығына үміт бар. Ирандық танымал продюссерлердің бірі Мұхаммад Махди Дадгар жылдар бойы атқарушы қызметтерде жұмыс жасаған. Ол осы сала бойынша былай дейді: "Негізінде жергілікті және ұлттық кинематография нығайтылуы тиіс. Бұл жұмыс өнеркәсіптік тұрғыдан да, экономикалық қабілет тұрғысынан да мықты болуы тиіс. Әрине, өнер тұрғысынан да ерекше орынға ие. Егер тек бір сипатқа көңіл аударсақ, кинематографияның жалпы қалпына зиян тигіземіз. Осы арада аталмыш салаға атсалысушылардың өсуі мен дамуын да назарға алуымыз қажет. Біз мәдени салада жұмыс істейміз. Біздің ісіміздің нәтижесі мәдениетті қалыптастырады. Сондықтан оның болашақтағы оң әсерлерінің куәсі болу үшін өндіріс саласына көбірек көңіл бөлуіміз қажет".

 

Тегтер