Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Иранда кинематографияның алғашқы жылдарында-ақ әдеби туындылардың сюжеттері пайдаланылған. Оның алғашқы үлгілері Иранның классикалық әдебиеті мен ғашықтық дастандарынан алынған.
Бірақ Ислам революциясынан кейін фильм түсірушілердің әдебиетке бет бұруы кеңейе түсіп, олар Иран мен әлем әдебиетіне көңіл аударды.
Осыған орай режиссерлерді жалпы екі топқа бөлуге болады. Бірінші топтағы режиссерлер әңгіменің тек бір желісін, жалпы бір бағытын алуды көздеді, ал басқа бір топтағылар әңгіменің желісімен қоса, оған өздерінің жеке түсініктерін қосып, жергіліктендіруге тырысты. Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Иран кинематографиясында әдеби сюжетті пайдаланудың ең жарқын үлгілерінің біріне Насер Тақваи түсірген "Капитан Хуршид" деп аталатын фильм жатады.
Әдеби сюжетті пайдалану бойынша сәттілікке қол жеткізген режиссерлердің бірі – Дариуш Манучехри.
Егер естеріңізде болса, өткен бағдарламаларда сіздерге ирандық режиссер Дариуш Манучехри жайлы айттық. Ол Иран кинематографиясында 50 жылға жуық еңбегі барысында көрнекті әрі көңіл аударуға тұрарлық туындылар түсірді. Оның бірқатар маңызды фильмі ирандық және шетелдік жазушылардың туындыларының негізінде түсірілген. Иран кинематографиясында әдеби сюжеттерді пайдалану үдерісін жалғастыруда Дариуш Манучехридің әсерлі рөлін ешкім жоққа шығара алмайды.
Әдеби сюжеттерді пайдалану үдерісі мен өзінің сәттілікке қол жеткізу себебі туралы өзі былай дейді: "Мәселе тек осы тақырыпқа қызығушылық немесе жаңа идея табуда ғана емес. Әңгіменің құрылысы, кейіпкерді жасау тәсілі, әңгімені өрбіту барысы мен көрерменді тарту да маңызды. Мазмұн өте көп, бірақ әңгіме жазу өнерін, соның ішінде әдеби сюжетті негізге алып сценарий жазу өнерін білу өте маңызды".
Ол өз сөзінің жалғасында: "Негізгі туындыға беріктікті сақтау-сақтамау тақырыбы да әдеби сюжетті пайдалану ісінде өте маңызды. Менің пайымдауынша, кинематографияның қабілеттерін пайдалана отырып негізгі туындыға жаңа бір түсінік берілуі тиіс. Бұл жолда тіпті бір әңгіменің негізгі философиялық ұғымдарын да жергіліктендіру керек",-дейді.
Манучехридің осы айтқандары оның өз фильмдеріне сәйкес келеді. Оның әдеби туындылар негізінде түсірген көптеген фильмі өзінің осы сөзіне куәлік етеді. Мысал ретінде ол кісінің "Сиыр", "Сара", "Хамун", "Пері" және "Пошташы" атты фильмдерін атауға болады.
Дариуш Манучехри "Пері" атты фильмді х.ш.ж.с.б. 1373 жылы (1994 жылы) түсірген. Бұл фильмнің сюжеті америкалық жазушы Джером Дэвид Сэлинджердің "Фрэнни және Зуи" атты кітабынан алынған. Бұл шығарма Қиыр Шығыстың мистикалық тағылымдары АҚШ қоғамында үлкен мәдени өзгеріс тудырып, ағартушылықтың жаңа бір түрін қалыптастырған кезде жазылған еді. "Пері" фильмі жас студент қыздың жағдайын баяндайды. Бұл қыз белгісіз мистикалық жол туралы бір кітап оқып, ой-сана тұрғысынан қатты өзгеріске ұшырайды. Кітап өрт кезінде қаза тапқан үлкен ағасынікі болатын. Қыздың басқа бір ағасы қарындасына жол тауып беріп, мистикалық жолды жүріп өтудің жеңілірек тәсілін ұсынуға тырысады.
Манучехри осы фильмде ирандық-исламдық белгілерді пайдалану арқылы әлемдік мәселені ирандық тілмен баяндап, шамасы келгенше әңгіменің негізгі элементтерін бейне тіліне аударуға тырысқан. Осы фильмде қолданылған мәдени белгілердің шебер түрде пайдаланылғаны соншалықты, сыншылардың көбі оны Иран кинематографиясында әдеби сюжеттерді сәтті пайдаланған фильм ретінде атаған.
Иран кинематографиясы мен теледидарында әдеби туындылардың сюжетін пайдалануда Манучехримен қоса, Киумарс Пурахмадты атауға болады. Ол бірнеше көркем фильммен қоса, "Мәжидтің ертегілері" атты кітаптың негізінде түсірілген телехикаяны, германиялық жазушы Ариш Кострнердің әңгімесі негізінде түсірілген "Бөтен апалы-сіңлілер" атты фильмді түсірді. Бұл кітап пен фильм адамның балалық шағын еске түсіреді. Мұнда ата-анасының ажырасуы салдарынан бір-бірінен жырақта қалған екі егіз қыз туралы баяндалады. Бұл екеуі бір жазғы лагерьде кездейсоқ бір-бірімен кездесіп қалып, апалы-сіңлі екендіктерін түсінеді. Олар бір-бірімен орындарын ауыстыруға келіседі. Бұл олардың өмірінде бірқатар оқиғаның орын алуына себеп болады.
Фильмнің ең мықты тұсы әңгіменің рухына деген беріктіктен сезіледі. Шын мәнінде фильм әңгімені бейне тілге аудару болып табылады. Режиссер осы туынды жайында: "Әңгіме сипаттамаға толы. Бұл кішкене оқырмандар үшін өте тартымды",-деген.
Пурахмад "Мәжид ертегілерін" бейне тіліне аударуда әңгімеге аздап өзгеріс енгізіп, оның негізгі кейіпкері мен кеңістігін өзінің идеалдарына жақындатқан. Бұл "Мәджид ертегілері" атты топтаманың жұрттың қолдауына ие болып, жазушының танымалдығының одан әрі артуына себеп болды.
Бехруз Афхами – әдеби сюжеттерді пайдалануға қызыққан, өзінің ең үздік туындыларының бірін британиялық романның негізінде түсірген Иран кинематографиясының тағы бір режиссері. Фредерик Форсайттың "Төртінші протокол" атты кітабының сюжеті күрделі. Романда АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы "қырғи қабақ" соғыс кезіндегі тыңшылық оқиғасы жайында баяндалған. Орыстар тарапынан бір тыңшы бомба жару арқылы Англиядағы саяси тепе-теңдікті бұзу миссиясын орындауға аттанады. Кітапта ашық та нақты кеңістіктер арқылы күрделі сюжет егжей-тегжейлі баяндалып, әңгіменің кейіпкері оқиғалардың қақ ортасына жіберілген. Бұл оқырманның оқиға соңын білуге қызығушылық танытуына себеп болды.
Афхами "Шайтан күні" атты фильмін осы романның негізінде түсіріп, салыстырмалы түрде сәтті бейнефильм ұсынды. Полициялық-тыңшылық фильм осы жанрдың заңдарын сақтай отырып, өз кейіпкерін белгісіз бір географиялық жағдайға орналастырған. Бұл жайт фильмнің мықты тұстарының бірі болып саналып, осындай оқиғалардың әлемнің кез-келген жерінде орын алуы мүмкін екендігін еске салады.
Әдеби сюжеттерді пайдалану саласы бойынша Сейфулла Дад түсірген «Тірі қалған» атты фильмді де атауға болады. Бұл фильм Ғұсан Канфанидің «Хайфаға қайту» атты романы негізінде түсірілген. «Хайфаға қайту» атты роман палестиналық жазушы Канфанидің ең әйгілі туындыларының бірі болып саналады. Бұл роман негізінде көп фильм түсірілген. Соның ішінде «Тірі қалған» фильмі ең сәтті үлгі болып саналады. Марқұм Дадтың сенімінше, ол өзінің романнан түсінгенін түсірген. Жазушының үмітсіздік пен әрекетсіздігін қабылдамай, Палестина халқының интифаза қозғалысындағы үміт рухын жазушының роман желісіне енгізген. Сонымен қатар, бұл фильмде отансүйгіштік ұрандар мен шәхид болу сияқты ұғымдар мен құндылықтарға баса назар аударылғандықтан романмен арасында айырмашылықтар пайда болған.
Ирандық жас режиссерлердің арасында да әдеби туындылардың сюжеті негізінде фильм түсіруге деген қызығушылық бар. Соңғы жылдары Иран мен әлемнің әдеби туындылары негізінде түсірілген көркем фильмдерді көріп отырмыз. Соңғы ең сәтті үлгілердің біріне Бахрам Таваколли түсірген "Мұнда менсіз" фильмі жатады. Ол Теннесси Уильямның "Шыныдан жасалған бақ" атты пьесасынан алынған. Бұл фильм Ирандағы әдеби пьесалар негізінде түсірілген ең жақсы үлгі болып саналады.
Соңында әдеби сюжеттерді пайдалану жайында мынаны айтуға болады. Осы күнге дейін Иранның кинематографиясында түсірілген фильмдер Иран мен әлем әдебиетінің танымал туындыларынан салыстырмалы түрде сәтті алынған фильмдер болып табылады. Әрине, аздап жергіліктендірілген, бірақ санаулы үлгілердің өзі-ақ ирандық кинематографтардың қабілетін көрсете алды. Ирандық жазушы әрі тілші Мұхаммад Мансур Хашемидің пікірінше, осы фильмдердің барлығына қарамастан, Иранның әңгімелер әлемінде қиындығына қарамай, фильмнің сюжетіне айналдыруға тұрарлық туындылар бар. Оның айтуынша, болашақта ирандық атақты жазушылардың Қасиетті қорғаныс тақырыбындағы айтулы туындылары немесе ирандық әйел жазушылардың шығармалары кинематография тіліне аударылып, Иран әдебиетінің осы бай көзінен көбірек пайдаланатындығына үміттенуге болады.