Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Киномузыка (Film Score) – бір фильм немесе телехикаяға арнап шығарылған музыка. Ол музыка өнеріндегі жеке бір бағыт болып саналады.
Бұл музыка фильмдегі оқиғаның орны мен әңгіме барысына тікелей байланысты және көрерменнің сезімін арттыруда айтарлықтай рөл атқарады. Кейбір музыкаларды симфониялық оркестрдің мүшелері орындап, жазады. Оларда көбінесе мәтін болмайды. Бірақ әлем кинематографиясындағы фильмдерде бір адамның немесе бір музыкалық топтың орындауындағы музыкалардың көптеген үлгілері бар.
Кинематография тарихы мен киномузыка шамамен бір мезгілде басталған. Люмьер ағайындылары 1895 жылы өздерінің алғашқы фильмін жұрт назарына ұсынған кезде музыка ойнау үшін пианисті шақырған. Біртіндеп дыбыссыз фильмдер артта қалғаннан кейін музыка фильмнің ажырағысыз бөлігі ретінде ерекше маңыздылыққа ие болып, фильм үшін музыка шығару фильм түсіріле бастағаннан-ақ режиссер мен дайындаушылардың назарында болатын болды.
1900 жылы Насераддин шах Қаджар өзінің Францияға сапары барасында синематографты көріп, оны ұнатады. Осы аппаратты сатып алдыртады. Мырза Ибрахим хан Аккасбашы онымен бір карнавалды таспаға түсіреді. Алғашқы дыбыссыз фильмдер деректі фильмдерге жақын болған. Бірақ "Лур қызы" атты фильм түсірілгеннен кейін әртістік өнер, композиторлық пен гримдеу өнері де кинематографияда қарастырыла бастады. Абдулхосейн Сепанта "Фирдоуси" мен "Шырын мен Фархад" сияқты фильмдерді түсірді. Соңғы фильмде диалог ән түрінде берілген. Ол шын мәнінде мюзикл болған.
Шынтуайтында Иран кинематографиясындағы музыка 1960 жылдары тек ән түрінде болып, көрермендердің назарын аударып, кинематографияның экономикасын жалғастыру үшін қолданылғандығын, бұл әндердің көбінің жеңіл-желпі, тұрпайы болғанын айту керек. Әрине бұл арада музыкасын Абудхасан Саба сияқты Иран музыкасының ұстаздары шығарған санаулы фильмдер де болды. Бірақ олардың өзінің әлемнің қазіргі кинематографиясында киномузыка ретінде аталып жүрген дүниеден көп айырмашылығы бар.
Х.ш.ж.с.б. 40 жылдардың аяғында Дариуш Манучехридің режиссерлығымен "Сиыр" атты маңызды да әсерлі фильм түсірілді. Оның музыкасын Хормоз Фархат шығарған. Бұл маңызды туынды тек Иран кинематографиясына ғана емес, Иранда киномузыканы пайдалану тәсіліне де әсер етіп, жалпы көрермендер мен кинематографтар алдында оның көрнектілігі мен сүйкімін арттырды. Бұл музыка бүкіл фильммен астасып, әуендік құрылымы жағынан бай әрі ғылыми негізге ие болды. Фильмнің жақсы қабылдануына байланысты оның музыкасы да көбірек тыңдалды. Жалпы Ислам революциясы орын алғанға дейін фильмдерде қолданылған музыкалардың аз ғана бөлігін, соның ішінде Масуд Кимиаи түсірген "Цезарь" фильмінің музыкасын көрнекті деп айтуға болады.
Басқа өнер салалары сияқты музыка да Ислам революциясынан кейін бейпіл, тұрпайы қалыптан шығып, мазмұн тұрғысынан да, қолданыс аясы тұрғысынан да түбегейлі өзгерді. Тұрпайы фильмдер мен азғындалған ортадан алшақтау музыканың биіктеп, оның өзінің жергілікті тамырына жақындай түсуіне септігін тигізді. Көрнекті музыканттар мен сазгерлер үшін біртіндеп өздерінің өнер туындыларын ұсынуға мұрсат туды.
Иранның жаңа заман кинематографиясы х.ш.ж.с.б. 60 жылдары (шамамен 80 жылдары) тез дамып кетті. Музыка да онымен қатарлас ілгерілеп, сазгерлер көркем фильмдердің әдемі мәтіндеріне арнап музыка шығаруға кірісті. Осы музыкаларды тыңдау әлі күнге дейін "Керхеден Рейнге дейін", "Ғашықтар", "Юсефтің жейдесінің иісі", "Оқиға күні", "Қасиетті Мариям" сияқты фильмдер мен "Имам Әли (ғ.)" және "Бұлбұл" атты жарқын телехикаяларды көрермендердің есіне түсіреді.
Иран кинематографиясында жарқын орынға ие көрнекті музыканттардың бірі – Маджид Ентезами. Ол х.ш.ж.с.б. 1326 жылы (1947 жылы) Теһранда дүниеге келген. Балалық шағынан музыканы меңгере бастаған. Жастық шағында Берлин консерваториясында Карл Штайн сияқты ұстаздардан музыка үйренген. Осы аралықта Берлиннің симфониялық оркестрі және Германияның филармониялық оркестрімен әріптестік жасаған.
Ентезами х.ш.ж.с.б. 1353 жылдан (1974 жылы) бастап Теһран университеті мен Жоғары музыка мектебінде сабақ беруге кіріскен. Сонымен қатар фильмдерге арнап бірнеше симфония мен 70-тен астам музыка жазған. Ентезами – киномузыка саласындағы ең белсенді сазгер. Ол шығарған музыкаларының көбі революциядан кейінгі кинематографияда көрнекті туынды саналып, халық арасында ерекше қолдауға ие болды.
"Тастың сапары" мен "Пойыз" атты фильмдердің музыкасын шығарумен қатар, "Оқиға күні", "Юсеф жейдесінің иісі", "Керхеден Рейнге дейін", "Шыны такси" және "Жекпе-жек" фильмдерінің музыкасын да осы сазгер шығарған. Х.ш.ж.с.б. 1371 жылы (1992 жылы) түсірілген "Керхеден Рейнге дейін" фильмі Саддамның Иранға қарсы соғысы кезінде қолданылған химиялық бомбадан зардап шеккендердің тағдырын баяндайды. Осы фильмнің танымал музыкасы – Маджид Ентезамидің туындыларының бірі.
Иранның қазіргі заман кинематографиясында фильмдерге арналған музыкалардың даму үдерісі барысында маңызды рөл атқарған тағы бір сазгер – Мұртаза Ханане. Ол х.ш.ж.с.б. 1301-1368 (1922-1989) жылдар аралығында өмір сүрген. Музыка саласындағы байсалды жұмысты х.ш.ж.с.б. 1332 жылы (1953 жылы) "Әбу Әли Синаның мыңжылдығы" атты фестивалімен бір мезгілде бастаған. Осы рәсімде оның аспапта жарқын ойнауы Ватикандағы жоғары музыка орталығында оқуын толықтыруға көмектесті. Содан кейін "Иран" радиосының жоғары кеңесінің мүшелігіне қабылданып, сонда "Фараби" оркестрінің негізін қалады.
Ханане 26 жасында киномузыкамен айналысуды "Иран – қара алтын жері" атты деректі фильммен бастады. 25 көркем және деректі фильмнің музыкасын жазуы – оның Ислам революциясына дейінгі және кейінгі кинематографиядағы еңбегінің нәтижесі. Музыка саласында ондаған еңбек жазып, аударуымен қоса, көптеген музыкалық этюдтар мен симфонияларды шығаруы – осы сазгердің жарқын еңбегінің нышаны.
Иранда фильмге музыка шығаратын сазгерлер көп, ал біздің уақытымыз шектеулі. Бірақ Иранда киномузыка саласындағы көрнекті сазгерлерді атап өте отырып, Хосейн Әлизаде туралы айтпай кету мүмкін емес.
Х.ш.ж.с.б. 1330 жылы (1951 жылы) дүниеге келген ирандық сазгер, зерттеуші, сырнайшы, сетарда ойнаушы сазгер Әлизаде бүгінде Иранның ең жемісті сазгерлерінің бірі болып саналады. Ол осы күнге дейін әлемнің үш ең үлкен музыкалық рәсімінің бірі Грэмми жүлдесін алуға үш рет үміткер болған. Әлизаде Иранда фильмдерге музыка шығаратындар арасында ең көрнекті мойындалған тұлғалардың бірі болып саналады. "Ғашықтар", "Габбе", "Сұлу және сұрықсыз", "Торғайлардың әуені" және "Ханшайым" фильмдерінде қолданылған музыканы осы Әлиреза шығарған. Ирандағы "Фаджр" халықаралық кинофестивалінде негізгі жүлделердің бірі фильм үшін дайындалған ең жақсы музыкаға беріледі. Хосейн Әлиреза мен Маджид Ентезамидің әрқайсысы 4 хрусталь «Самұрық» жүлдесін жеңіп алып, осы фестивальде фильмдерге арналған музыка жөнінен ең көп «Самұрық» жүлдесін алған адамдар болып табылады.
"Желдің көзінде" атты телехикаяда Иран тарихының 1300-1360 жылдар аралығындағы (1921-1981) тарихының үш кезеңі қарастырылады. Бұл фильм Иранның ең көп тамашаланатын фильмдерінің қатарында болған. Ал фильмнің музыкасын ұстаз Хұсейн Әлиреза жазған.