Босқындар – еуропалықтардың адам құқығына беріктігінің өлшемі (3)
(last modified Mon, 09 Jan 2017 07:51:32 GMT )
Қаң 09, 2017 13:51 Asia/Almaty
  • Босқындар – еуропалықтардың адам құқығына беріктігінің өлшемі (3)

Бұл бағдарламада Еуропадағы босқын балалардың аянышты жағдайы жайлы сөз қозғаймыз.

Бұл бағдарламада босқындардың Еуропаға ағылуының гуманитарлық қырлары және гуманистпіз деп уәж айтушылардың гуманитарлық қағидаларға қайшы шаралары сыналды. Өткен екі бағдарламада көші-қон (миграция), мигранттар, босқындар мен олардың Еуропадағы ауыр жағдайы туралы сөз қозғадық. Еуропаға ағылған босқындардың нөпірі  батыстықтардың адам құқығына қатысты екі қырлы стандарттарын олардың өздерінің шекараларының ішіне алып барды. Бұл мәселе еуропалық үкіметтер үшін үлкен түйткіл тудырды.

Балалар – босқындардың Еуропаға ағылуының басты құрбандары

Балалар босқындардың Еуропаға ағылуының басты құрбандары болып табылады. Физикалық күші жеткілікті босқындар үшін ауыр болатын сапар балалар мен жеткіншектер үшін одан ауырырақ болады. Еуропалық органдардың статистикалық мәліметтері бойынша, 2015 жылы Еуропаға келген 1 млн босқынның 27 пайызы заңды жастан төмен балалар мен жасөсіпірімдер болған. Осы балалардың жартысынан азының қарайлайтын қамқоршысы болмаған. Олардың есімдері ешбір еуропалық елде тіркелмеген. Олар жоғалғандар санатында.  2015 жылдың тамыз айының аяғында Айлан атты төрт жасар баланың Жерорта теңізінің жағалауында жатқан жансыз денесінің суреті әлем халықтарының сириялық босқындардың Еуропаға бару жолындағы гуманитарлық апатқа қатысты сезіміне қозғау салды. Жағалауда бетімен құмға батқан Айланның жансыз денесінің суреті әлемдік және жергілікті ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден кең түрде көрініс тапты. «Independent» газеті: «Егер мына баланың суреті еуропалық елдердің босқындарға қатысты ұстанымын өзгертпесе, онда не нәрсе оны өзгертеді?»-деп жазды. «Лемонд» бұл суретті есеңгірететін әрі Еуропаның ұжданын оятатын сурет деп атады. «Люпьен» газетінің жазуынша,  бұл сурет жылдамдықпен Еуропаның барлық газеттерінде басылып шығып, Еуропадағы босқындардың гуманитарлық трагедиясының символы ретінде аталды. Канаданың саяси партия мүшелерінің бірі Филипп Кавиар: «Біздің ұжданымызды ояту үшін суға батқан сириялық босқын баланың суреті қажет болғаны өкінішті»,-деді. 

Айлан Курди

Айланның әкесі Канададан баспана сұраған болатын, алайда бұл ел оның өтінішін қабылдамаған. Ол өзінің төрт адамнан тұратын жанұясын Түркиядағы  ауыр қиыншылықтарға толы өмірден құтқару үшін теңіз арқылы Еуропаға жеткізуге мәжбүр болды.  Бұл ащы оқиға олар мінген қайық Түркияның Бодрум қаласынан Грекияның Кос аралына қарай жүзіп бара жатқанда Айгон суларында аударылып қалған кезде орын алды. Анасы және ағасымен бірге батқан қайықтан аман қала алмаған Айлан Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейінгі Еуропада босқындардың салдарынан туындаған ең ауқымды дағдарыстың символына айналды.

Еуропалық елдердің мемлекет басшылары осы сезім толқынына мініп, оны саяси және жарнамалық мақсатта пайдалануға талпынды. Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Дэвид Кэмерон: «Бұл суретті көрген кез-келген адамның өзгермей қалуы мүмкін емес. Мен бір әке ретінде Түркия жағалауларының бірінде мына баланың жансыз денесін көргенде қатты толқыдым. Біз жақын арада өзіміздің ақлақтық міндеттерімізді өз мойнымызға аламыз»,-деді. Францияның Премьер-министрі Мануэль Вальс (Manuel Valls) Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында осы оқиғаға қатысты қынжылыс білдіріп: «Оның аты Айлан Корди еді. Тез арада шара қолдану керек. Еуропа қозғалуы тиіс»,-деп жазды. Айлан суретінің қоғамдық пікір пен еуропалық елдерге әсері ұзаққа барған жоқ. Айланның суретінен кейін Жерорта теңізінің жағалауыларында жатқан балалардың жансыз денелерінің суреттері көптеп таралды, бірақ оларға аса реакция танытылмады.

Босқын балалардың жағдайы

Еуропалық елдер тіпті Еуропадағы мемлекеттік емес азаматтық органдар мен Еуроодақтың кейбір ресми органдарының қосындар мен еуропалық шекаралардың ар жағындағы босқындардың ауыр тұрмыс жағдайы жайлы статистикалық мәліметтеріне қатысты реакция білдірмеді. Босқындардың Еуропаға ағылуы жалғасқан соң еуропалық елдер сириялық босқындардың антигуманитарлық аянышты жағдайын ұмытып, босқындардың Еуропаға кіруінің алдын алу үшін қатаң қауіпсіздік шараларын қолданды. Олардың барлық талпынысы босқындарды Еуропаға кіргізбеуге бағытталды. Өздерін Еуропаға жеткізген босқындар, соның ішінде балалар ауыр жағдайда қалды. Еуропалық елдер осы босқындарға қатысты қандай да бір жауапкершілікті мойындарына алуға дайын болмады. Осындай жағдайда босқын балалар, әсіресе қамқоршысыз жүрген балалар әртүрлі психикалық жарақат алады, соның ішінде жыныстық тұрғыдан пайдаланылады. Еуропалық елдерде ұрланды деп айтылатын он мыңнан астам босқын бала адам саудасымен айналысатын контрабандистер мен жыныстық ләззатты саудалайтындардың қолына түсіп қалған. Босқындардың баратын елдерінің бірі – Швеция. Бұл ел басқа еуропалық елдермен салыстырғанда босқындарға жақсырақ қарайтындықтан босқындар үшін тиімдірек болып табылады. Алайда бұл елде де босқын балалар теріс жыныстық қолданудан аман қалып отырған жоқ.

 

Кейбір швециялық газеттердің жазуынша, Швециядан пана сұраған қамқоршысыз босқын балалар теріс жыныстық қолдануға ұшырайды.

Осыдан бұрынырақ швециялық ақпарат құралдары: «Швецияның оңтүстігіндегі Мальме қаласында өмір сүретін босқын балалар адам саудасымен айналысатын контрабандистердің тұзағына түсіп қалып, жыныстық тұрғыдан теріс пайдаланылуда»,-деп хабарлады. Швецияның «Афтунбладет» газеті осы елдің оңтүстігіндегі бір мектептің басшысына сілтеме жасап: «Мальме мектептерінде оқитын қыздар мен ұлдар жыныстық құлдықта пайдаланылу үшін мектептің ауласынан ұрланады»,-деп жазды. Атын атамаған бұл мектеп директоры: «Мальме полициясы осы қаланың мектептерінен босқын балалардың ұрланғаны туралы көптеген арыздарды алғанына қарамастан бұл мәселеге көңіл бөлмейді»,-деп қуаттады. Швецияның оңтүстігіндегі Скуна ауданындағы адам саудасымен күрес істерін үйлестіруші Лиза Грин де «Сидсвенскон» газетіне берген сұхбатында босқын балалардың жыныстық тұрғыдан теріс пайдаланылатынын растап: «Біз 2014 жылы 40 бала ұрлау фактісін полицияға хабарладық, бірақ Швецияның оңтүстігінде жыныстық тұрғыдан теріс пайдаланылатын босқын балалардың саны осы статистикадан әлдеқайда жоғары»,-деді.  

Босқын балалар Францияның Кале орманында

Франция үкіметі жуырда босқындардың Кале қаласындағы орманда жиналатын жерін тазартты. Осы қосынды жабу амалдары барысында ең көп зардап шеккен адамдар босқын балалар болды. Францияның Кале қаласындағы орманда бұзылған қосындағы босқындарға жедел жәрдем жеткізушілер осы қосында балаларды қорғау үшін шара қолданылмағандығына алаңдаушылық білдіріп, онда ұл балаларға жыныстық қорлық көрсетілетінін, Еуропа құрлығында босқын балаларды  жыныстық тұрғыдан теріс пайдаланылу қатерінің бар екендігін хабарлады. «Обзервер» басылымы бір мақаласында: «Әйелдер мен тіпті 7 жастағы балалар Грекиядағы қауіпсіздік сақталған деген қосындарда жыныстық тұрғыдан қорланады. Мысалы, қосындардың бірінің дәретханасында әйелдер мен балаларға жыныстық шабуыл жасалатындықтан бұл адамдар өз күркелерінен шығып, дәретханаға баруға қорқады»,-деп жазды. Грекия Парламенті депутаттарының бірі «Обзервер» басылымына берген сұхбатында: «Бұл хабарлар барлығымыз үшін ұят нәрсе болуы керек. Бұл қорғансыз балаларды қорғау үшін тез арада шара қолдану керек»,-деді. Тіпті «Еуропол» деп аталатын Еуроодақ полициясы осыдан бұрынырақ Еуропада босқын балаларды жыныстық тұрғыдан теріс пайдалану ықтималдығы туралы ескерткен болатын. Адам құқығын қорғаушымыз деп уәж айтатын еуропалық елдер бала құқығын сақтау туралы халықаралық келісімге сәйкес балаларды қорғау үшін шара қолдануға міндетті. Алайда олар босқын балалардың жағдайына көңіл аудармай, олардың қорланып жатқаны туралы хабарлардың жанынан бейжай өтіп, оған қатысты ешқандай жауапкершілік алмай отыр. Тіпті босқын балаларға осындай қатынас көрсетуді балалар мен олардың жанұяларында үрей тудырып, оларды Еуропадан кетірудің жолы деп санайды. 

Тегтер