Каталонияның Испаниядан бөлінуі туралы референдум: ішкі және сыртқы салдарлар
(last modified Tue, 17 Oct 2017 08:06:51 GMT )
Қаз 17, 2017 14:06 Asia/Almaty

Қазіргі таңда Еуропаның болашағына қатты әсер етуі мүмкін саяси мәселелердің бірі Каталонияның Испаниядан бөлінуді талап етуі болып отыр. Каталония – Испанияның солтүстік-шығысында орналасқан ауданы 30 мыңнан астам шаршы метрді алып жатқан автономды қоғамдастық. Каталонияның Испаниядан бөлінуді талап етіп келе жатқанына біраз уақыт болды.

2006 жылғы референдумда Каталония автономды қоғамдастыққа айналып, төл Конституцияға ие болып, Испания Парламентінің қаулысымен жаңа мәртебе алды. Испания Парламенті өзінің осы автономды аймақтың мәртебесін белгілеу туралы заңында Каталония халқын бір ұлт деп атады. Мұның өзі Испанияның кейбір аймақтары тәуелсіздік алуды талап еткен 1930 жылдардағы азамат соғысынан бергі бұл елде бұрын-соңды болмаған іс саналады. Каталонияның ауқымды автономды ғұмыры 4 жылдан аспады. 2014 жылдың қараша айында Каталонияда тәуелсіздік алу туралы формалды референдум өткізілді. Бұл референдумға Каталониядағы дауыс беруге құқылы азаматтардың тек 33 пайызы қатысып, дауыс берушілердің шамамен 80 пайызы Каталонияның Испаниядан бөлінуін қалайтындықтарын білдірді.  Алайда, Мадрид бұлреферендумды елдің Конституциясына қайшы деп тапты. 2017 жылдың шілде айының соңында Каталония Парламентінің 72 өкілі оң дауыс беріп, референдум өткізу жобасын бекітті. 52 қарсы өкіл наразылық ретінде Парламент залынан шығып кетті. Испания үкіметі Каталонияның тәуелсіздігі туралы референдум өткізуді заңсыз деп жариялап, елдің Конституциялық соты да 2017 жылдың 1 тамызында Каталония Парламентінің осы аймақтың тәуелсіздік алуы мен референдум өткізуді қолдау туралы қаулысын қабылдамады. Еуропа істері жөніндегі сарапшы Махмуд Фазелидің айтуы бойынша, Испания үкіметі референдум өткізу туралы өтінішке ел Конституциясына қайшы әрі елдің бірлігіне қатерлі деген дәлелмен қарсылық білдіріп отыр.

Каталония аймағының бөлінуді талап етуінің екі қыры бар: бірінші қыры Каталония аймағының Испания үшін маңыздылығына қатысты. 7,5 млн халқы бар Каталония – Испанияның бай аймақтарының бірі. Ол осы ел экономикасының бестен бірін қамтиды. Испаниядағы экономикалық дағдарыс пен экономикалық ұстамдылық саясаты және қаржы тапшылығы Каталонияда бөлінуді талап етушіліктің арта түсуіне себеп болды. Каталонияның жергілікті үкіметінің орталық үкіметпен қайшылықтарының бірі – алым-салық мөлшері. Каталония басшыларының сенімінше, бұл аймақтың орталық үкіметке қаржылық міндеттемелері Каталония жоғары экономикалық әлеуеттерге ие болуына қарамастан, Иcпанияның қарызға белшесінен батқан аймақтарының біріне айналып, орталық үкіметке ондаған миллиард еуро қарыз болып қалуына себеп болды.  Осы ретте Мадридтегі социалист және консерватор үкіметтердің аймақтың экономикасына қатысты әрекеттері Каталония азаматтарының сынына ұшырап, ашу-ызаларын тудырды. Кейбір сарапшылар тәуелсіз Каталония Еуроодаққа қабылданбаған жағдайда экономикалық тұрғыдан өмірін жалғастыруға шамасы келмейді деп санайды. Экономикалық себептен басқа Каталония халқы тарихи тұрғыдан да Испаниядан бөлек, өзіндік тіл мен мәдениетке ие. Олар каталон тілінде сөйледі. Каталондықтар көбінесе жұмысшы немесе ауыл шаруашылығымен айналысқан. Олар ақсүйектік пен Мадридтің символы саналатын орталық үкіметке әртүрлі жолдармен наразылық білдіріп отырған. Каталондықтардың көбі – католик христиандар.   

Испанияның орталық үкіметі мен Каталония аймағы үкіметінің арасында осы аймақтың Испаниядан бөлінуі туралы референдум өткізу, өткізбеуге қатысты ұзаққа созылған қайшылықтардан кейін ақырында бұл референдум 2017 жылдың 1 қазанында Испания полициясының қатаң басып-жаншығанына қарамастан өткізілді. Референдум өткеннен кейін Каталонияның жергілікті үкіметінің ақпарат өкілі Жорди Турул: «Мадрид үкіметі тарапынан заңсыз деп жарияланған референдумға қатысқандардың 90 пайызға жуығы Испаниядан тәуелсіздік алуға оң жауап берді»,-деп мәлімдеді. Оның айтуынша,  Каталонияның бөлінуі туралы референдумға дауыс беру құқығына ие 5 млн 300 мыңға жуық адамның 2 млн 260 мыңы қатысып, 2 млн 20 мың адам Каталонияның Испаниядан бөлінуіне келісім берген. Испанияның Конституциялық соты референдум өткізуді заңсыз деп жариялаған болатын. Испанияның Премьер‑министрі Мариано Рахой тәуелсіздік туралы референдум өткізу уақыты аяқтала салысымен: «Каталония халқы алданды. Бүгін шын мәнінде Каталония аймағында тәуелсіздік туралы референдум өткізілген жоқ»,-деп қуаттады. Испанияның Ұлыбританиядағы елшісі Carlos Bastarreche Еуропаның қазір Каталонияның жергілікті үкіметі тарапынан жасалып жатқан «тыныш әрі шығыны аз төңкеріске» куә болып отырғанын ескертті. Шын мәнінде, Испания басшыларыКаталонияның жергілікті үкіметін соңы беймәлім жолды жалғастырудан бас тартуға шақырды.

Каталонияның жергілікті Парламенті сәрсенбі күні 4 қазанда Испанияның орталық үкіметі мен Конституциялық соты заңсыз деп жариялаған жуырдағы референдум жайлы сұхбаттасып, шешім қабылдау үшін жиналыс өткізді.  Жиналыста тәуелсіздікті талап етуші партиялар 9 қазанда Каталонияның тәуелсіздік алуы туралы референдумның нәтижесін жергілікті Парламенттің ашық алаңында талқыға салып, бұл аймақтың Испаниядан бөлінгенін ресми түрде жариялауға шешім қабылдады. Каталония басшысы алдағы күндері бұл аймақтың Испаниядан бөлінгені ресми түрде жариялануы ықтимал деп хабарлаған болатын. Испания патшасы Филипп сәрсенбі күні Каталонияның саяси басшыларын жік салып, бұл елдің жаңадан қалыптасып келе жатқан демократиясына қауіп төндірді деп айыптады. Еуроодақ, Еуропа Парламенті мен АҚШКаталонияның тәуелсіздігіне қарсылықтарын жариялады.

Каталонияның тәуелсіздігі саласында екі болжам жасауға болады: бірінші болжам бойынша, Каталонияның жергілікті үкіметі аймақтың тәуелсіздігін жариялайды. Мұндай жағдайда Мадридтегі орталық үкімет оның орындалуының алдын алу үшін  аймақтағы өз әскерилерінің санын арттырып, жергілікті үкімет пен Каталония Парламентін таратуға қатысты шара қолданады. Ол кезде дағдарыс физикалық қақтығыстар фазасына өтіп, Каталонияда халықтық бүлік туындауы ықтимал. Каталония Испания экономикасының бестен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Сол себепті оның бөлінуі Испания мен оның ұлттық қуатына ауыр соққы болады. Мұнымен қоса, Каталонияның бөлінуі Испанияның басқа аймақтарының, әсіресе Басктар пен Валенсия автономды өлкелерінің бөліну үдерісінің басталуымен бірдей. Испания Конституциясына сәйкес, бұл ел бөлінбейді.  Ал екінші болжам бойынша, Мадрид үкіметі бітімшіл ұстаным көрсетіп, Каталонияға көбірек артықшылық беруі мүмкін. Осылайша бөлінуді талап етуші аймақты райынан қайтаруға үміттенеді. Бұған қарамастан, Каталонияның жергілікті үкіметі көптеген себептерге, соның ішінде мәдени-әлеуметтік, бәрінен маңыздысы экономикалық себептерге байланысты Испаниядан бөлінуді талап етіп отыр.

Карлос Пучдемонт осы болжам орындалған жағдайда «Егер Испания үкіметі Каталонияның ісіне араласып, жергілікті үкіметтің билігін  бақылауға алуды қаласа, не болады?» деген сауалға: «Бұл – барлық нәрсені өзгертуі мүмкін қателік»,-деп жауап берді. Шын мәнінде, қазірИспания Еуроодақтың маңызды мүшесі ретінде ауыр сынға ұшырап отыр. Мадрид басшылары Каталонияның тәуелсіздігіне қатысты пассивті ұстаным танытса, Испания өзінің ұлттық құдіретіне, әсіресе экономикасына өте маңызды аймақтан айырылуына куә болуымен қатарКаталонияның бөлінуінің бұл елдің басқа да өңірлерінің, әсіресе Басктар автономды өлкесінің тәуелсіздік талап етуіне түрткі боларын жақсы біледі. Басктар автономды өлкесі ондаған жыл бойы «Ата» деп аталатын ұйым тарапынан Испаниядан бөлінуге бағытталған қарулы күрес жүргізген.  

Еуропа басшылары Испаниядағы Каталония дағдарысының Еуропаның басқа елдеріне таралу ықтималынан алаңдап отыр. Каталонияныңтәуелсіздік талап ету мәселесін 21 ғасырда Еуропаның саяси сахнасында қатігез текетірестердің қайта пайда болуына себеп болар жайттардың бірі деп айтуға болады. Егер осы өңірдің Испаниядан бөлінуі жүзеге асса, Еуропа мен АҚШ-тың басқа жерлерінде де бөліну үдерістері басталады деп түсіну керек. Бұл Батыстың саяси режимдері үшін ауыр түйткіл екені анық. Еуропа істері жөніндегі сарапшы Пируз Язидидің айтуынша, Еуропадағы барлық  тәуелсіздік талап етушіліктердің тамыры экономикалық мәселелерде жатыр. Бұл сала жақсартылмайынша, бөліну талабы көтеріле беретін болады.  Еуропадағы басқа бөліну ошақтарына шолу жасағанда бұл мәселенің маңыздылығы көбірек айқындала түседі.  Еуропа басшылары Каталонияның Испаниядан бөлінуі туралы референдум салдарынан туындаған дағдарысты тоқтату үшін  тез арада шешім жолдарын табу қажеттігін қуаттап отыр.  Алайда Еуропа басшылары бұдан да маңыздырақ алаңдаушылыққа ие: ол (Каталонияның бөлінуінің) Еуропадағы бөлінуді талап етуші басқа аймақтардың өздерінің орталық үкіметтерінен бөлініп шығуға көбірек талпыныс жасауға ынталандыруы болып отыр.

Сарапшылардың айтуынша,  негізінен Еуроодақ өзінің интеграциялық болмысына байланысты еуро аймағында қандай да бір бөлінушілік пен тәуелсіздік талап етушілікке қарсы.  Сондықтан, егер Каталония сияқты бір аймақ Испаниядан бөлінуді қаласа, оны ресми тану, Еуроодаққа мүшелікке қабылдау және оған қатысуға қатысты барлық үдерістердің   қайтадан қарастыратырылатындығы табиғи нәрсе.  Нәтижесінде Еуроодақ ешқашан осы одаққа мүше бір елдің қандай да бір бөлігінің бөлініп шығуына қатысты оң көзқарас білдірмейді.  Мұндайаймақтардың басында Шотландия тұр.  Ұлыбританияның Еуроодақтан бөліну туралы референдумынан кейін бұл аймақ қазір шынайы түрде Ұлыбританиядан бөлініп, тәуелсіз ел ретінде Еуроодаққа қосылуды көздеп отыр. Каталонияның Испаниядан тәуелсіздік алуы жүзеге асатын болса, Шотландияның жергілікті басшылары осы жайтты негізге алып, Ұлыбританиядан бөлінудің тезірек жүзеге асырылуын талап ете алады.  Мұнымен қоса,  Бельгия мен Италияның солтүстігіндегі бөлінуді талап етуші ошақтар да белсене түсті. Бұл Еуроодақтың ең негізгі болмыстық принципі, яғни еуропалық интеграцияны түбегейлі бұзумен бірдей. Еуропа істері жөніндегі сарапшы Әлиреза Мусави Еуропада бөлінуді талап етуші аймақтардың бар екендігіне тоқталып: «Испанияда бөліну туралы референдум өткеннен кейін бұл аймақтар тәуелсіздік алу үшін құқықтық тұрғыдан әрекет ете алады»,-деді. Еуроодақ осы ұйымға мүше елдердің барлық салалардағы бірлігі мен интеграциясын сақтау қажеттігін қуаттап отырған жағдайда бұл елдердегі бөліну талап етушіліктер интеграцияға теріс әрекет етумен тең. Шын мәнінде Еуроодақтың ыдырауымен бірдей болмақ. Сондықтан Еуроодақты Каталонияның қазіргі жағдайын жіті бақылап, ондағы референдумның нәтижесіне көңіл аударуы тиіс орган ретінде атаған Каталония аймағы басшысының талабына қайшы Еуроодақ ешқашан Каталонияныңтәуелсіздік алуын жақтамай, керісінше Каталония мен Мадрид арасындағы қазіргі саяси дағдарыстың бейбіт жолмен шешілуін талап ететін болады.  

Тегтер