Есірткі заттары - адамзатқа төнген қауіп (2)
Есірткі заттары бірнеше ғасырдан бері алуан түрлі формада адамзат қоғамында таралған. Есірткі заттары мен оны түрлі елдерде пайдалану мәселесінің тарихы тереңде жатыр. Есірткі заттары жайлы бағдарламамыздың топтамасы барысында есірткі заттарының өткені, қазіргі кезі мен келешегі жайлы сөз қозғап, осы бүлдіргі заттың неліктен және ғаламдық мәселеге қалай айналғанын баяндаймыз.
БҰҰ-ның күн тәртібінде есірткі заттарының көлемін азайту, оны бақылау мен шамадан тыс пайдаланумен күрес және оның контрабандасы туралы бағдарлама бекітілгеннен бері қаншама жыл өтті. Бұл құбылыстың саяси-экономикалық аспектілері мен өзгерістер легіне, сонымен қатар ұлттық және халықаралық іс-шараларға көз жүгіртсек, БҰҰ-ның бұл бағдарламасының әлі де есірткі заттарын және оны пайдалануды түп-тамырымен жою кезеңімен арада үлкен алшақтықтың бар екенін байқауға болады. Себебі, есірткі заттарымен күрес саяси қозғалыстар мен ағымдарға шырмалып отыр.
1909 жылдан Есірткі заттарының заңсыз саудасымен және шамадан тыс пайдаланумен күресу саласындағы халықаралық ынтымақтастықтар жолында алғашқы қадам жасалған Шанхай келісімі бекітлігеннен бері бір ғасырдан астам уақыт өтті. Бұл аралықта Есірткі заттарымен күрес жөнінде 1961 ж. және 1971 ж. екі конвенцияға қол қойылып, есірткі заттарымен күрес саласындағы әлемдік талпыныстармен бір бағытта қадам жасау мақсатында бірқатар халықаралық ұйымдар құрылды. Талпыныстардың жалғасында отыз жыл бұрын әлем халықтарының осы сұм құбылыспен күресуге деген берік шешімін мәлімдеу үшін 1987 жылы маусымның жиырма алтысы күні Вена қаласында конференция өткізілді. Конференцияда есірткі көлемін есептеу, білім беру, үгіт-насихат арқылы есірткіні пайдаланудың алдын алу жұмыстары, нашақорлардың қоғамға қайта оралуы мен оларды емдеудегі ақпарат құралдарының атқаратын рөлі, көкнәрдың заңсыз алқаптары мен есірткі заттары контрабандасының көтерме сауда желілерін жою, мемлекеттердің заңдық және құқықтық тұрғыдан бір-бірімен әріптестік жасауы секілді 35-тен астам шара мен әрекеттерді қамтитын 4 тараудан құралған құжат жазылып, бекітілді.
Бұл бағдарламаны жүзеге асыру әдісіне көз жүгіртсек, халықаралық деңгейде есірткі заттарымен күрестің біз күткендей еместігін көруге болады. БҰҰ ең жоғары халықаралық ұйым ретінде өзінің есептерінде есірткі заттары контрабандасының етек жаюына байланысты алаңдаушылық білдіріп, есірткі заттарымен күрес жөніндегі конвенциялардың мақсаттарына басымдық беру үшін халықаралық ынтымақтастықтарды нығайтуды сұрады. БҰҰ Есірткі заттары мен қылмыстармен күрес жөніндегі кеңсе тарапынан жарияланған мәліметтерге сәйкес, әлемде пайдаланылатын героин көлемі қазіргі таңда шамамен 340 тонна болса, жыл сайын шамамен 430-450 тонна героин әлемдік нарықтарға түсіп отырады.
Негізгі орталықтарда өндірілетін есірткі заттары алуан түрлі жолдар арқылы әлемдік нарыққа түседі. Балқан және Солтүстік бағыттар Ауғанстан героинінің Ресей Федерациясы мен Батыс Еуропаның ірі нарықтарына жеткізетін негізгі контрабандалық дәліздері саналады. Солтүстік Балқан бағыты Пәкістан, Иран, Түркия, Грекия мен Болгария арқылы өтіп, есірткі заттарын Батыс Еуропадан Еуропаның оңтүстік-шығысы мен Батыс Еуропаның нарығына жеткізеді.
Сарапшылардың пікірінше, Балқан бағыты арқылы өтетін транзиттік есірткі заттарының құны жылына шамамен 20 миллиард долларға жетеді. Солтүстік бағыт арқылы өтетін есірткі заттары Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан немесе Түркіменстан арқылы Қазақстан мен Ресей Федерациясына жөнелтіледі. Бұл бағыт арқылы тасымалданатын есірткінің құны жылына шамамен 13 миллиард доллар көрсеткішке жетеді. Бұл тізбекте Иран Еуропа және апиынның негізгі өндірушісі саналатын Ауғанстан арасындағы тасымал дәлізінің бойында орналасқан. БҰҰ-дағы Есірткі заттарымен күрес жөніндегі бөлімнің баяндамасына сәйкес, Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы шекаралық аймақ есірткі заттарының заңсыз саудасына арналған әлемдегі ең ірі әрі еркін аймақтардың бірі болып табылады. БҰҰ-ның мәліметтеріне сай, қазіргі таңда есірткі заттарының саудасы Ауғанстанның жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткішінің 15 пайызын құрайды.
Есірткі заттары контрабандасының тарихында есірткі заттарын емдік емес теріс бағытта пайдалану мен оның заңсыз саудасы бастау алған алғашқы жер Қытай екені айтылған. Қытай есірткі заттары қолданысқа еніп, заңсыз саудасы мен оны тарату етек жайған алғашқы ел және осы бүлдіргі құбылыстың қазіргі таңдағы алғашқы құрбандарының бірі саналады. Кезінде Ұлыбританияның Құпия барлау қызметі ұйымының (MI6) мүшесі болған Джон Коулман өзінің "Комитет 300" атты кітабында: ""Комитет 300" – әлемдегі барлық есірткі заттарының саудасына жетекшілік етіп, басқарып отырған ең негізгі құпия ұйым",- деп жазған.
Басқа деректерге сәйкес, уақыт өте келе апиын есірткі ретінде алдымен Үндістанға, содан кейін Қытайға келген. Испаниялықтар, голландиялықтар мен ағылшындардың он жетінші ғасырда Азия құрылығына келуімен апиын қолданысы кең етек жайды. Нашақорлықтың етек жаюының негізгі факторларының бірі Үндістандағы Шығыс Үндістан-Ұлыбритания кампаниясы болды. Бұл кампания қыруар үнді егіншілерін көкнәрді өсіруге мәжбүрлеген еді. Ал апиынның жаппай өндірісі Үндістаннан тыс алып нарықты қажет етті. 1820-1830 жылдары ұлыбританиялық капиталистер Қытайды есірткі заттарын пайдаланатын ең ірі нарық ретінде назарға алып, оған қол жеткізеді.
Ұлыбританиялықтар есірткі заттары саудасының мол табысына байланысты Үндістанда осы өнімді өте үлкен көлемде өндіре бастады. Ал Үндістанның апиыны Шығыс Үндістан-ұлыбританиялық кампаниялар арқылы Қытайға экспортталып, кең тарады. Ұлыбританиялықтар үнді диқандарын апиынды егуге мәжбүрлеп, Қытайға апиын экспорттау арқылы шай, жібек секілді басқа да қытайлық өнімдерді алып отырды. Бұл жағдайда есірткі Қытай халқы үшін жоқшылық пен кедейшіліктен басқа ешнәрсе әкелмеді. Апиын Қытайға өте үлкен көлемде ағылып жатты. Бірақ күндердің күнінде Қытай халқы оның шынайы қатерін сезіп, Қытай императоры Юн Шэнның бұйрығымен апиынды пайдалануға тыйым салатын заң қабылданып, жүзеге асырылды. Бұл саудамен күресу үшін 1840-1842 ж.ж және 1856-1858 ж.ж Қытай мен Ұлибритания арасында екі ірі соғыс орын алды. Ұлыбритания отарының қару-жарақ және экономкалық тұрғыдан басымдыққа ие болуына байланысты Қытай жеңіліске ұшырап, бұдан кейін Қытайда апиынның саудасы қайта заңды күшіне енді. Ұлыбританиямен қатар басқа да отарлаушы мемлекеттер өздерінің қоластарындағы аймақтарда есірткі өндірісі мен оны пайдалануды қолға алды. Осылайша есірткі заттары Қытай халқының барлық топтарына ықпал етіп, Қытай қоғамында миллиондаған нашақор пайда болып, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар шиелінісе түсті.
Әлемдік зерттеулерге сәйкес, АҚШ-тың Орталық Барлау Агенттігі (CIA) қазіргі есірткі саудасын басқарып отыр. Александр Чакберн және Джефри Келер "Ақ өлім – ОБА мен есірткі заттары" атты кітабында АҚШ-тың Орталық Барлау Агенттігінің қылмыстық және есірткі саудасымен айналысатын ұйымдармен 50 жылдан бергі қатынасын әшкереледі. Олар бұл кітапта АҚШ-тың Ауғанстанға шабуыл жасауындағы себептердің бірін есірткі саудасын ОБА-ға қайтарып, оның есеңгірететін экономикалық пайдасын пайдалану деп атады.
Есірткі заттарының заңсыз саудасы бүгінде әлемнің саяси жүйесінің түкпір-түкпіріне еніп кеткен. Есірткі заттары саудасымен айналысатын "мафия" осы салада әрекет етіп, ақырында әлемнің есірткі заттарымен күресі басқыншы үкіметтері тарапынан солғын тартып, маңызынан айрылады.
Есірткі заттары нарығында бар қаржының көлемін назарға алатын болсақ, әлемдік экономикадағы айналымда қанша заңсыз қаржының жүргенін байқауға болады. Бұл қаражат көлемінің үлкендігі соншалықты, ол әлем елдерінің экономикасына шынайы қауіп төндіруі мүмкін. Осы сұм сауданың әлемдік деңгейге шығу үдерісінде есірткі тасымалының бір елдің шекарасынан шыққанын, әлемнің Шығысында өндірілетін тауардың Батысқа сатылып, сонда пайдаланылып жатқанын байқауға болады.
Бұл үдерістің жалғасуы есірткі заттары бандалардың етек жаюына соқтырды. Кей кезде олардың әрекеттері әлемдік салада ауыр қылмыстар жасаумен қатар орын алып жатады. Бұл бандалар түрлі мемлекеттердің шекараларынан өте оңай өтіп, есірткі заттарын әртүрлі жолдармен ұлттық және халықаралық бақылаудан алыстатып, Батыс елдерінің табысы мол нарығында қоғамдар үшін жойқын салдарларға соқтыратын есірткі заттарын сатып жатады.
Есірткі заттары оны пайдалану қатаң бақыланбайтын болса, оны жоғары мөлшерде пайдалану арқылы нашақорды міндетті түрде өлімге жеткізеді.
Есірткі заттарын пайдалану адамдардың жұмыстағы және білім алудағы қабілеттерін төмендетіп, олардың денсаулығына қатер төндіреді. Түрлі мемлекеттердің нашақорлықты емдеуге жұмсайтын шығыны күннен-күнге артуда. Ал нашақорларды емдеуге көп қаражат жұмсай алмайтын елдер үшін бұл мәселе күрделі әрі шешілмейтін қиындыққа айналады. Бүгінгі таңда есірткі заттарының кең тарауы әлемдегі үлкен қасіретке айналған. Ал есірткі заттарына қарсы өздерін қорғай алатын мемлекеттердің қолында дамудың ең негізгі құралдарының бірі болмақ.
Бұл топтамамыздың келесі бөлімінде осы мәселені тереңірек қарастырамыз.