Ашура оқиғасына қатысты сұрақтар (2)
Бұл бағдарламада Ашура оқиғасына қатысты келесі бір сұраққа жауап береміз. Ашура оқиғасы тек шиіттердің мәдениетінде ғана ерекше маңызға ие ме? Исламның сүннит тармағына жататын басқа мазхабтар Аба Абдулла Хосейннің шәһид болуы мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) әулетіне жасалған зұлымдыққа бейқам қарай ма?
Хосейн Мұхаммад пайғамбардың иығында ойнап отыр еді. Пайғамбар оны сүйіп, иіскеп: «Хосейн менен. Мен Хосейндікімін. Құдай Хосейнді жақсы көретінді жақсы көреді»,-деген. Умма Салма былай деген: «Хосейн пайғамбардың жанында еді. Бір қарасам, пайғамбар жылап отыр екен. Одан жылауының себебін сұрап едім: «Жебірейіл мұнда Хосейн екеуімізбен бірге болды. Менен «Хосейнді жақсы көресің бе?» деп сұрады. «Ия» дедім. Жебірейіл: «Сенің үмбетің оны сенен кейін Кербала даласында өлтіреді» деді де, маған Кербала жерінің бір уыс топырағын берді»,-деген». Бұл рауаят шиіттік және сүннитік дереккөздерінде көп айтылған.
Хосейнге деген махаббат пен оның шәһид болғанына қайғыру дін мен географияның шекарасынан асып кеткенімен, Аба Абдулланы үшінші имам әрі пайғамбардың шынайы орынбасары санайтын шиіттер үшін Ашура ерекше мағынаға ие. Имам – шиіттердің мәдениетінде адамды Құдайға бастап баратын жалғыз жетекші. «Татхир» аятына сәйкес, олар кез келген қателіктен сақталған. «Шиіт» атауының Хосейн мен Ашура есімдерімен біте қайнасқаны соншалықты, онсыз тіпті мағынадан айырылатындай. Осындай жағдайда мынадай сауал туындауы мүмкін: Ашура оқиғасы тек шиіттердің мәдениетінде ғана ерекше маңызды ма? Исламның сүннит тармағына жататын басқа мазхабтар Аба Абдулла Хосейннің шәһид болуы мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) әулетіне жасалған зұлымдыққа бейқам қарай ма?
Сүнниттер өз кітаптарында шәһидтердің басшысы (ғ.) мен Ашура оқиғасы туралы рауаяттар мен мәліметтерді көп жазған. Сүннит ғалымдарының көбі Ахл-е бейтке құрмет білдіріп, оларды иманның жоғары дәрежесіне ие шыншыл әрі сенімді адамдар санайды. Бұл ғалымдар имам Хосейннің көтерілісін дұрыс деп бағалап, Язидті залым әрі озбыр, Алла елшісінің ұрпақтарына жасаған қылмыс үшін лағынет айтуға тұрарлық деп санаған. Осы топтың ұлылары арасынан Ибн Эмад, Тафтазани және Ибн Джузиге тоқталуға болады. Сүнниттердің ұлылары арасында имам Хосейннің ісін дұрыс санағанымен, Язидтің кінәсін мойындамайтын, үлкен қылмысқа басқа кінәлілерді іздейтін адамдар да бар.
Ірі сүннит тарихшылар, атап айтқанда Бұхари, Табари мен Захаби өз кітаптарында имам Хосейн көтерілісінің негізін азаттық, әділет пен шарапат талап ету деп біліп, хазіретті шәһид болу арқылы баршаға азат болып, қадір-қасиетті сақтау дәрісін берді деп санайды. Тафтарази – атақты сүннит мутакаллимдердің бірі. Ол: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) әулетіне жасалған зұлымдықты жасыруға болмайды. Өйткені, аса зор қатігездікпен жасалған бұл зұлымдыққа жансыз заттар мен тілсіз хайуандар да куәлік етеді. Осы оқиғадан аспан мен жер жылауға, таулар орнынан жұлынуға, жартастар үгіліп түсуге шақ қалды. Сондықтан бұл істі жасаған, соған риза болған немесе сол жолда талпыныс жасаған адамға Құдайдың лағынеті болсын, ақырет азабы күштірек әрі мәңгілік болсын»,-дейді.
7 ғасырда өмір сүрген сүннит тарихшы Сабт бен Джузиден Язидтің қарғысқа ұшырауы жайлы сұрағанда ол: «Ханбали мазхабының негізін қалаушы Ахмад бен Ханбал Язидке лағынет айтты. Біз де Алла елшісінің қызының ұлына жасаған қылмысына байланысты оны жақсы көрмейміз. Егер біреу осыған разы болмаса, біз Язидке лағынет айтылу керек дейміз»,-деп жауап берді.
Х.қ.ж.с.б. 13 ғасырда өмір сүрген сүннит үлемдердің бірі Шабланджи «Нур ул-абсар фи монағеб але ән-наби әл-мұхтар» атты кітабында Ашура оқиғасы мен имам Хосейннің ізгі қасиеттері мен оның жапа шеккеніне тоқталып, Аба Абдулланың екі қасиеті жайлы баяндаған. Бұл кітап бұрын сүнниттердің мешіттерінде Құран кітабының жанында тұратын. Ваххабиттер билік басына келгеннен кейін бұл кітап қойылмайтын болды.
Сүннит үлемдері мен ұлыларының көзқарастарына шолу жасағанда олардың көбінің Ашура оқиғасына қайғырып, осы көтерілісте Аба Абдулла әл-Хосейннің ісін дұрыс санайтынын көреміз. Олардың ізбасарлары да өздерінің ғалымдарына сүйеніп, осындай ұстанымда болған. Қолдан жасалған ағым болып табылатын ваххабизм мүлдем исламдық емес, толығымен әмәвилік және язидтік идеологияға негізделген. Бұл ағым осы идеологияны сүнниттердің көзқарасы ретінде таныстыруға күш салып жатыр. Бұл ағым Ашура мен имам Хосейннің шәһид болуын тек шиіт мазхабына тиесілі мәселе деп таныстырғысы келеді. Осылайша имам Хосейннің көтерілісін солғындатып, маңызсыз оқиға деп көрсетуге талпынуда. Тарих пен діни дереккөздерін білмеу осы негізсіз әрі жалған ойлардың кейбір хабарсыз адамдарды өзіне тартуына себеп болды. Алайда Әмави әулетінің имам Хосейннің нұрын сөндіруге талпынысы еш нәтиже бермегендей, олардың жақтастары да қай заманда болса да әшкере болып, сәтсіздікке ұшырайды.
Бүгінгі бағдарламаны сүнниттердің төрт мазхабының бірінің жетекшісі Шафеидің Ашура жайлы өлеңімен аяқтаймыз. Ол былай деп жырлаған:
«Ашура – менің ұйқымды ұрлап, шашымды ағартқан оқиғалардың бірі.
Жан-жүрегімді жаулап, мені қайғыға батырды. Көзімнен жас сорғалап, ұйқым қашты.
Хосейн жазықсыз өлтірілді, оның жейдесі қанға боялды.
Бір ғажабы, біз бір жағынан Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетіне сәлем жолдаймыз, екінші жағынан оның перзентерін азаптап өлтіреміз.
Егер менің күнәм Ахл-е бейтпен достығым болса, бұл күнәдан ешқашан тәубеге келмеймін. Пайғамбардың әулеті махшар күні – менің құтқарушым. Егер оларға шағымым болса, кешірілмейтін күнә жасағаным».