Діни жетекшінің көзқарасы
Ислам революциясының Сақшылар корпусы – әртүрлі салаларда дұшпанға қарсы тұратын күштердің бірі.
Имам Хусейннің (ғ.с.) туған күні мен Сақшылар күніне орай Ислам революциясының жетекшісі бірқатар сақшы және олардың отбасыларымен кездесті. Аятолла Хаменеи кездесуде оларды шағбан айындағы мейрамдармен құттықтап, Сақшылар корпусын Ислам революциясының барлық кезеңдерінде рөл атқарған маңызды орган деп атап, америкалықтардың Сақшылар корпусына дұшпандық білдіруінің себебін бұл органның ел мен революцияны қорғаушылардың көшбасшысы болуымен байланыстырып: "АҚШ пен басқа надан дұшпандар қырық жыл бойы Ислам республикасына қарсы қолдарынан келген кез келген қастықты іске асырғанымен, бірақ еш нәтижеге жетпей, бүгінде Ислам революциясы мен ислам жүйесінің әсері аймақтан асып, әлемге таралып отыр",- деді.
Айта кететін жайт, Трамп үкіметі Иранның Ислам республикасы жүйесіне қарсы өзінің дұшпандық үдерісі мен қысым көрсету және санкция салу саясатын жалғастырып, сәуірдің сегізі күнгі мәлімдемесінде Иранның Ислам революциясы Сақшылар корпусын лаңкестік топтар тізіміне тіркегенін жариялады. Трамп өз мәлімдемесінде бұл шешімінің Пентагонның қолдауымен қабылданғаны туралы уәж айтты. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео де бұл әрекеттің мақсаты ИИР-на қарсы қысымды арттыру болғанын қуаттады. Бір үкіметтің басқа елдің әскери бөлімін біржақты түрде лаңкестік ұйым деп жариялауы халықаралық тарихта бірінші рет болғандықтан сарапшылар ішкі қайшылықтарына байланысты осы күнге дейін АҚШ басшыларының өздері Трамптың шешіміне пікір білдіре алмай отырғанын айтып отыр. Бірақ бұл әрекеттің Таяу Шығыс аймағында орны толмас салдарларға ие болатыны анық. Аятолла Хаменеи сақшылар және олардың отабсыларымен кездесуінде Сақшылар корпусын әртүрлі майдандарда дұшпанмен бетпе-бет келетін маңызды орган деп атап: "Сақшылар корпусы шекаралар мен хазірет Зейнабтың кесенесінен бірнеше мың километр жерде дұшпанға қарсылық танытып жатыр. Сондай-ақ, саяси салада да дұшпанмен күресін жалғастыруда",- деді. Ислам революциясының жетекшісі америкалықтардың Сақшылар корпусына кек білдіруін дәл осы мәселемен байланыстырып: "Америкалықтар Сақшылар корпусына қарсы шығу арқылы негізінде революция мен Иранға қарсы әрекет етіп отыр. Құран аяттарының бірінде "Кәпірлерге өздерінің айлалары қайтып келеді" деп айтылғандай, олардың қастандықтары нәтижеге жетпей, өздеріне қайтып оралады. АҚШ-ты басқарып отырған Трамп пен оның қасындағы ақымақтар құрдымға қарай құлдырап барады",- деді.
Аятола Хаменеи Ислам республикасына қарсы қырық жылдық қастандықтарға қарамастан Ислам революциясының ілгерілей түсуін америкалықтардың Иран халқы дамуына тосқауыл қоя алмауының белгісі деп атап: "Иран дұшпандары қырық жыл бойы біздің халқымызға қарсы саяси, экономикалық салалар мен үгіт-насихаттық тұрғыдан қысым жасап келеді. Бірақ, тіпті Ислам республикасы енді құрылған кезде де еш нәрсе жасай алған жоқ",- деді. Аятолла Хаменеи ИИР-ның аймақтағы құдіреті мен айбынын қуаттап: "Дұшпанның пікіріне қайшы, исламдық жүйенің бүгінгі ғиззаты мен құдыреті атом бомбасымен байланысты емес. Өйткені, біз басынан бастап ядролық қарудың біздің діни негіздерімізге қайшы екенін әрі оны қажет етпейтінімізді қуаттадық. Сондықтан Иран халқының ислам әдеміндегі айбыны мен абыройы халқымыздың табандылығы, жанкештілігі және қырағылығымен байланысты",- деп баса айтты.
Ислам революциясының жетекшісі елдің мақтан тұтатын дамуының жалғасуын халықтың міндеттерін жақсы түсініп, соларға сай әрекет етуі деп атап: "Ислам революциясы алға ілгерілей түседі. Бірақ, ол үшін халық, әсіресе жастардан бастап, Сақшылар корпусы мен бүкіл Қарулы күштер және үкіметтік органдар бірігіп, әр қайсысы бұл қозғалыстағы өз рөлін анықтауы керек. Сондай-ақ, мүміндер имам Хомейнидей илаһи тұлғалардан үлгі алып, Алла үшін және Алланың жолында өз міндеттерін орындауы керек» деді.
ИИР-ның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі өз мәлімдемесінде АҚШ-тың Ислам революциясы Сақшылар корпусын лаңкестік ұйымдар тізіміне тіркеген заңсыз әрі қатерлі әрекетін айыптап, Иранның АҚШ-ты лаңкестікті қолдайтын үкімет, ал CENTCOM деп аталатын Батыс Азия аймағындағы америкалық әскери күштер мен оның қарамағындағы барлық күшті лаңкестік топ санайтынын жариялады.
CENTCOM деп аталатын АҚШ Орталық Басқару Штабы – 1983 жылдың 1 қаңтарында АҚШ Қорғаныс министрінің қолбасшылығымен құрылған АҚШ армиясының бірқатар штабының бірі. CENTCOM-ның қазіргі орталығы АҚШ-тың Флорида штатындағы Mac Dale әуе базасында орналасқан. Оның қарамағына АҚШ армиясының Таяу Шығыс, Шығыс Африка мен Орталық Азия аймақтарындағы Бас штабтары кіреді.
Сондай-ақ, Иран Ислам Кеңесінің Мәжілісі де тоғызыншы сәуірде АҚШ үкіметінің әрекетіне реакция білдіріп, Ислам революциясы Сақшылар корпусын күшейту саласында төтенше жоба бекітті.