Алла елшісінің туған күні құтты болсын!
(last modified Mon, 02 Nov 2020 18:09:13 GMT )
Қар 03, 2020 00:09 Asia/Almaty
  • Алла елшісінің туған күні құтты болсын!

(Бірлік апталығы-7) Бүгін – Алла елшісі хазірет Мұхаммед Мұртазаның (с.ғ.с.) туған күні. Бұл пайғамбар – Алланың дүниедегі барлық тіршілік иелерінің арасында артық деп тауып таңдаған адамы. Қазіргі алмағайып заманда біреулер бейбітшілік пен рақымшылық пайғамбарының келбетіне сызат түсіруге тырысып жатыр. Алайда Алла елшісіне қанша тіл тигізілсе де, кері нәтиже беріп, исламға бет бұру арта түсуде.

Бүгін – мейірімділік пен рақымшылық пайғамбары хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған күні.  Алла елшісі өзінің рақымшыл тағылымдарымен текетірес, зұлымдық, басқыншылық пен менмендікке толған әлемде кекке толы сергелдең жүректерді бірлік мен мейірбандық ұялаған жүректерге айналдырды. Қазіргі бүлікке толы заманда біреулер Алла елшісін мазақ етіп, оның бейбітшілік пен рақымшылыққа толы келбетіне сызат түсіруге тырысып жатса да, Құдай мынадай уәде берген: «Олар Алланың нұрын өшіруді қалайды. Кәпірлер жек көрсе де, Алла нұрын тамамдайды. Ол сондай Алла, мүшріктер жек көрсе де, дінін бүкіл діндерге үстем қылу үшін Елшісін туралықпен хақ дінмен жіберді» («Сафф» сүресі, 8-9 аяттар).

Charlie Hebdo журналында Алла елшісіне (с.ғ.с.) қарсы дөрекі карикатуралар жарияланып, Франция Президентінің мұны қолдауы олардың Исламмен жауласуда ессіздіктің шарықтау шегіне жеткенін көрсетті. Олар исламнан қатты қорқатыны және оны өздерінің материалдық мүдделеріне қайшы санайтыны соншалықты, Алла елшісінің қасиетті де нұрлы бейнесін теріс айналдырып көрсетіп, әлемнің азат халықтарының  исламға бет бұруының  алдын алуға тырысады. Әрине тарих көрсеткендей, ислам мен оның пайғамбарына құрметсіздік көбейген сайын кері нәтиже беріп, олардың қадірі мен орны артып, исламға бет бұру одан ары арта түседі. Алла былай деген: «Негізінде ғиззат Аллаға, Елшісіне әрі Мұсылмандарға тән. Бірақ мұнафықтар білмейді» («Мунафиқун» сүресі, 8-аят)  

 

Біз баршаңызды Алла елшісінің туған күнімен құттықтай отырып, бүгінгі бағдарламада мұсылмандардың пайғамбарға махаббаты жайлы сөз қозғаймыз.

Меккеде ерекше бір қобалжу байқалды. Қаланы зұлымдық жайлап, жүректерді адасушылық жаулап алғанына жылдар болған еді. Қараңғы түнек жерге таралғаны соншалықты, қандай да бір мұғжизаға үміт болмады. Аспанда сәуле берер бірде-бір жұлдыз жоқ еді. Жаратушының соңғы елшісі болмыстың айшықты гүлі ретінде Хиджаз шөлінде пайда болды. Таурат пен Інжіл оның келетіні туралы сүйіншілеген болатын. Мұхаммед келіп, шарап, нәпсі мен семсерге құштарларға адами қасиет сыйлады. Ол келіп, Алланың рақымы жерге таралып, бірлік бұлағы бұлқына шықты. Ол келіп, ақлақтық қасиеттерді кемелдік шыңына жеткізді. Ол келіп, жерлік адамдарды аспандық періштелерге жалғады. Иә, Мұхаммед (с.ғ.с.) нұрға бөленіп туған. Ол туғаннан кейін надандық пен фанатизм шөлі мейірімдік пен ой-сана бағына айналды.

Алла елшісі раби-ул-аууал айының 17 жұлдызы күні таңертең дүниеге келді. Ол кеуделерде таным бұлақтарының көзін ашып, бүкіл әлемге рақымшылық сыйлады. Оған «Мұхаммед» деген ат қойылды. Осы есімді естігенде әуеде сәлем мен салауаттың әдемі әуені шарықтай жөнеледі.

 

Хазірет Мұхаммед Мұртаза (с.ғ.с.) – Алланың  әлемдегі тіршілік иелері арасынан артық көріп таңдаған пайғамбары. Алла өзінің бүкіл пайғамбарлары арасында Мұхаммедтің өмірі мен жанымен ант етіп, өзінің оған ерекше махаббатпен қарайтынын көрсетті. Жаратушы «Хижр» сүресінің 72-аятының басында пайғамбардың жанымен ант етіп: «(Мұхаммед Ғ.С.) Өміріңе серт!»,-дейді. Исламның ұлы тәпсіршісі Абдулла бен Аббас осы аятты түсіндіре келіп: «Құдай пайғамбардан қадірлірек ешкімді жаратпады. Сол себепті Ол пайғамбардан басқа ешбір адамның өмірі және жанымен серт етпеді»,-деді. Алла тағала «Бәләд» сүресінің 1-2 аятында пайғамбар өмір сүрген Мекке қаласының атымен ант етіп: «Жоқ, осы (Мекке) қаласына ант етемін; (Мұхаммед Ғ.С.) сен осы қалада тұрасың»,-деген. Маңыздысы мынау: Алла тағала өзі ғана емес, барлық мұсылмандарға пайғамбардың тұлғасына махаббатпен қарауды міндет қылған. Тіпті мұсылмандардың Алла елшісіне махаббаты олардың Аллаға иманының белгісі саналады. Таңқаларлығы: бұл махаббат олардың басқа махаббаттары мен қызығушылықтарынан жоғарырақ болуы тиіс. «Тәубә» сүресінің 24-аятында осындай махаббат жайлы айтылған: «(Мұхаммед Ғ.С.): «Егер әкелерің, балаларың, туыстарың, әйелдерің, ағайындарың, тапқан малдарын, тоқтап қалуынан қорыққан саудаларың, жақсы көрген үйлерің сендерге Алладан, Пайғамбарынан әрі Оның жолында соғысуынан артық көрінсе, Алланың әмірі келгенге дейін күтіңдер» де. Алла бұзық қауымды тура жолға салмайды». Бұл аят барлық мұсылмандарға жүректеріңдегі ешбір махаббат Алла мен Оның елшісіне деген махаббаттан басым түспеуі керектігін айтады. Жүрегінде осындай махаббатқа ие бола алмаған кез келген адам азапқа лайықты.

Шынайы махаббат пен ғашықтықтың белгілері бар. Солар арқылы осы ішкі сезімнің барын түсінуге болады. Алла елшісіне махаббаттың ең айқын белгілерінің бірі – пайғамбардың тағылымдарын толық ұстану. Жақсы көремін деп уәж айтып, бірақ пайғамбардың айтқандарына мән бермейтін, оның бұйрықтарын орындамайтын адам кез келген есті адам тұрғысынан өтірікші әрі махаббат туралы жалған уәж айтушы болып табылады. Өйткені ғашық адам әрдайым сүйіктісінің сөзін тыңдайды. Сол себепті Алла тағала «Ниса» сүресінің 59-аятында былай деген: «Әй, мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаға, пайғамбарға ұсыныңдар: Егер сендер Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы, қайырлы да нәтижеде жақсы».

 

Ғашық адам өзінің жүрегінің түбінде сүйіктісіне деген ерекше құрметті сезінеді және өзінің сүйіктісіне қарсы сөз естуге және оған төзуге мүлде шыдамайды. Ол сүйіктінің әрбір амалын құрметтеп, мақтап қарайды және оның бары мен жоғында оның ізет-құрметін сақтайды. Сондықтан Алла елшісіне шынайы махаббаттың белгілерінің бірі мынау: әр мұсылман кез келген жағдайда Алла елшісінің ұлылығын ескеріп, оған қатысты әдеп пен құрметті сақтайды. Құдай мұсылмандарға «Менің ардақтыма әдемі сөйлеңіздер» деп айтқан. «Хужурат» сүресінің 2-аясында: «Әй мүміндер! Дауыстарыңды Пайғамбардың дауысының үстіне көтермеңдер. Өзара бір – біріңе дауыстағандай Пайғамбарға дабырлап сөйлеспеңдер. Амалдарың жойылып, аңғармай қаласыңдар»,-делінген. Құдай осы аяттың жалғасында пайғамбармен жұмсақ сөйлесуді тақуалықтың бір бөлігі деп атап: «Шынында Пайғамбардың жанында дауыстарын бәсеңдеткендер, міне солар, Алла жүректерін тақуалық үшін сынағандар. Оларға жарылқау әрі зор сыйлық бар(3)». Сол себепті мұсылмандар пайғамбардың сөздері мен хадистері айтылатын кез келген жиында ізет пен құрметті толық сақтауы тиіс.

Пайғамбардың бұйрықтарын орындау және оның тағылымдарын қорғау да Алла елшісіне махаббат пен ықыластың белгілерінің бірі саналады. Алла елшісін жақсы көремін деп айтатын адам пайғамбардың Құдай тарапынан адамзаттың игілігі үшін әкелген бағдарламалары мен бұйрықтарын тарату жолында қиындықтарға төзіп, бар күшін салуы керек. Пайғамбардың өмір салтын алдымен өз өмірінде сақтап, ізгі ниетпен оның барлық сүннетін орындауы керек, екінші кезекте басқаларды осы жолға шақырып, даналық және мейірімділік көрсетіп, халықты сүннетке қайшы істерден бас тартқызу арқылы пайғамбардың ризалығына бөлене алады.  

 

Бағдарламаның соңында тағы да Исламның ұлық пайғамбарының туған күнімен құттықтаймыз. Жуырда Алла елшісіне көрсетілген құрметсіздік бос дақпырттан басқа ештеңе емес. Мұндай әрекеттер хазіреттің күндей нұрлы да мәңгі келбетіне әсер етпейді. 

Тегтер