Хазірет Масуме – мұсылман қыздардың үлгісі
(last modified Mon, 15 Nov 2021 12:42:29 GMT )
Қар 15, 2021 18:42 Asia/Almaty
  • Хазірет Масуме – мұсылман қыздардың үлгісі

Хазірет Масуме әрқашан үлгі болды, көптеген ғұламалар оның алдында тізе бүкті. Оның білімі мен өз заманы имамының жақтасы болуы – қоғам қыздарының үлгі ететін құнды қасиеттерінің бірі.

Хазірет Фатима Масуме (ғ.с.) хижраның 173 жылы зиқаида айының бірінші күні Мәдина қаласында дүниеге келген. Бұл ханым әу бастан-ақ ата-анасы мен перзенттері өнегелі қасиетке бөленген ортада өсті. Ғибадат пен сопылық, тақуалық, шыншылдық пен сабырлық, қиыншылыққа төзімділік, жомарттық пен пәктік, сондай-ақ Алланы зікір ету осы пәк әрі ізгі әулеттің көрнекті қасиеттерінен болған. Бұл әулеттің әкелері баршаны дұрыс жолға нұсқаушылар, имаматтың жарқыраған жауһарлары және адамзат кемесінің жетекшілері болды.

Хазірет Масуме (ғ.с.) білімнің, тақуалық пен адамгершілік қасиеттердің бастауы болған отбасында өсті. Бұл ардақты ханымның әкесі шәһид болғаннан кейін   имамның ардақты ұлы хазірет Реза (ғ.с.) бауырлары мен қарындастарының тәлім-тәрбиесін және олардың шығынын да өз мойнына алды. Имам Резаның (ғ.с.) қамқорлығының арқасында имам Каземнің (ғ.с.) ұлдарының әрқайсысы жоғары дәрежеге жетіп, баршаға танымал болды. Осыған байланысты Ибн Саббағ Малики: «Казем деген атпен танымал Әби әл-Хасан Мұсаның (ғ.с.) ұлдарының әрқайсысында әйгілі қасиетке ие»,- деді. Күмәнсіз, хазірет Резадан (ғ.с.) кейін имам Казем (ғ.с.) балаларының арасында ғылым мен ахлақ жағынан хазірет Масуме ең жоғары мәртебеге ие. Бұл ақиқат имамдардың оны атаған есімдері, лауазымдары, сипаттауларынан айқын көрінеді.

Хазірет Фатиме Масуме бірнеше лақаб аттарымен танымал, олардың әрқайсысы оның жоғары қадір-қасиеттерін білдіреді. Бұл жұмақ ханымы өмірін Аллаға ғибадат ету және Оны мадақтаумен өткізіп, жамандықтардан алыс болды. Бұл ханымның «Масуме» деп аталуының бір себебі, оның бойында анасы хазірет Заһраның (ғ.с.) мінсіздігі көрініп, күнә мен лас болудан әрдайым алыс болуы болар. Рауаяттар бойынша, «Масуме» деген лақап атпен пәктігіне байланысты қарындасын имам Реза (ғ.с.) атаған. Ғұлама Мәджлесидің айтуынша, имам Реза (ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Құм қаласында хазірет Масуменің кесенесін зиярат еткен адам мені зиярат еткендей болады»,- деген болатын. Бұл бану  Пайғамбар әулетінің «Каримесі» деп  те атанған. «Кариме» яғни жомарт. Хазірет Масуме бақытты өмірді Құран мен Ислам ілімдеріме байланыстырып, өмірінің сәттерін Алланы еске алумен өткізді. Сөйтіп, ол дінді толық ұстануының және нұсқаған дұрыс жолдан шықпауының арқасында адам кемелділігінің жоғары деңгейіне жетті.

Хазірет Фатиме Масуме (ғ.с.) – ізгіліктер мен қадір-қасиеттердің көрінісі. Имам Садеқ (ғ.с.): «Біліңдер,  Алла үшін қасиетті орын –Мекке,  Алланың пайғамбары үшін қасиетті орын - Мәдина. Хазірет Әли (ғ.с.) үшін қасиетті орын - Куфа. Біліңдер, менің және перзенттерімнің қасиетті жері - Құм. Құм, біздің кішкентай Куфа. Жәннаттың сегіз есігі бар, оның үшеуі Құмға қарайды. Ол жерде менің балаларымнан Мұсаның (ғ.с.) қызы Фатима қайтыс болады, оның шапағатымен бүкіл шиіттеріміз жәннатқа кіреді»,- деген.

Хазірет Масуме (ғ.с.) - шиіт әлеміндегі ең ардақты және жоғары дәрежелі әлі ғылыми дәрежесі жоғары әйелдердің бірі. Рауаяттардың бірінде Пайғамбар (с.ғ.с.) жақтастары керуенінің Мәдине қаласына кіргеннен кейін сұрақтарына жауап алу үшін  имам Каземнің (ғ.с.) үйіне қарай бет алғаны туралы айтылған. Шаршап-шалдыққан жолаушылар имамның үйіне жеткен кезде хазіреттің жол жүріп кеткенін ұғыпты.  Не имамды көре алмағанға, не сұрақтарына жауап ала алмағанға мұңайған адамдар жол ауырлығынан одан сайын күйзеліпті. Сөйтіп, керуенді үнсіздік жайлапты. Олар қайтуға бет алған кезде имам Каземнің үйінен үстіне хиджаб киген ибалы қыз шығып, керуендегі адамдарға: "Сұрақтарыңызды маған қойыңыздар",-дейді.  Шыққан қыз хазірет Фатима Масуме (с.) еді.  Ол сұрақтарды жазбаша алып, әрқайсына бөлек-бөлек жауап жазып, керуендегілерге қайтарыпты. Керуендегілер жас қыздың фикхтың осындай сұрақтарына жауап бере алғанына қайран қалыпты.  Керуендегілер жолда сапардан оралып келе жатқан имам Мұса Каземді (ғ.с.) көріпті. Қуана-қуана имамның алдынан шығып, оған болған жайтты баяндап, қызының қолжазбасын әкесіне көрсетіпті. Имам Казем (ғ.с.) қолжазбаны ашқан кезде шаттықтан жүзі  жайнап кетіпті. Ол керуендегілерге қарап, жымиып: "Жолыңда құрбаның болайын!"- дейді.

Шапағаттың ең жоғары дәрежесі – қасиетті Құранда «Махмұттың мақамы» деп сипатталған Исламның ардақты пайғамбарының қадір-қасиеті. Алла елшісінен (с.ғ.с.) басқа   Пайғамбар әулетінен екі әйел  барлық адамдарды қамти алатын кең ауқымды шапағатқа ие. Бұл екі ұлы ханымдар – Седиғе Тахире лақаб атына ие хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) және қиямет күнінің шапағатшысы хазірет Фатима Масуме.  Хазірет Заһраның (ғ.с.) кең ауқымды шапағатына келетін болсақ, шиіттер мен сүнниттердің құжаттары бойынша, шапағат - Пайғамбардың сүйкті қызының мәһірі. Үйлену кезінде шабарман Алладан жібек тәж әкеліп, онда «Алла Тағала Фатима-Заһраның мәһірін Мұхаммад (с.ғ.с.) үмметінің күнәһарларына шапағатшы болу етті» деген сөйлем жазылған. Хазірет Фатиме-Заһрадан (ғ.с.) кейін   хазірет Масумеден басқа ешбір ханым шапағатшы болу дәрежеге жете алмайды. Имам Джафар Садық (ғ.с.): «Оны шапағатымен бүкіл шиіттеріміз жәннәтқа кіреді»,- деді.

Хазірет Фатима Масуме тұлғалық және рухани кемелдік жағынан ағасы Әли ибн Мұса Резадан (ғ.с.) кейін жоғары деңгейге жеткен имам  Мұса ибн Джафардың (ғ.с.) баласы. Құжаттарына сәйкес, имам Каземнің (ғ.с.)  кем дегенде он сегіз қызы болған және Фатима Масуме олардың арасында ең көрнектісі болған. Шейх Аббас Қуми имам Мұса ибн Джафардың (ғ.с.) қыздары туралы айтқанда, Фатиме Масуме туралы: «Бізге жеткен мәлімет бойынша, сол қыздардың ең жақсысы хазірет Масуме деген атпен танымал Фатиме бент имам Мұса Казем (ғ.с.) болып табылады»,- деп жазған. Шейх Мұхаммед Тақи Тустари хазірет Масумені үлгі ретінде деп таныстырып, оның қасиетін   хазірет Мұса Каземнің (ғ.с.) қыздары мен ұлдарының арасында оны имам Резадан (ғ.с.) кейін ерекше қадір-қасиетке ие деп санайды.

Хазірет Масуменің (ғ.с.) ағасы имам Резаға (ғ.с.) деген сүйіспеншілігі оның ағасын зиярат ету үшін Мәдинадан Мешхедке жолға шығуына себеп болды. Бірақ жол ортасында Саве қаласында Әһл-Бәйт (ғ.с.) дұшпандары мен хазірет Масуменің (ғ.с.) керуені арасындағы қақтығыстың салдарынан   керуеннің кейбір адамдары  қаза болып, басқалары жараланған. Хазірет Масуме ауруға шалдығып, қасиетті Құм қаласына 10 фарсах қашықтық жерде қалып, серіктерінен оны Құмға жеткізуін өтінді. Өйткені олар Құм шиіттерінің Әһл-Бәйт (ғ.с.) жақтастары екенін және адамдарының бұл әулетке құрметпен қарайтынын білді. Бірақ   бұл ханымның жағдайы нашарлап, хижраның 201 жылы раби сани айының 10 күні Құм қаласында дүние салды. Хазірет Масуме  әрқашан үлгі болды,  көптеген ғұламалар оның алдында тізе бүкті. Оның білімі мен өз заманы имамының жақтасы болуы –   қоғам қыздарының үлгі ететін құнды қасиеттерінің бірі.

 

 

Тегтер