Иракта Исламдық ояну әлемдік ассамблеясының жоғары кеңесінің отырысы өтті
https://parstoday.ir/kz/radio/west_asia-i17398-Иракта_Исламдық_ояну_әлемдік_ассамблеясының_жоғары_кеңесінің_отырысы_өтті
Бұл бағдарламада Исламдық ояну әлемдік ассамблеясының тоғызыншы саммиті туралы баяндаймыз.
(last modified 2026-03-19T19:42:26+00:00 )
Қар 05, 2016 11:02 Asia/Almaty
  • Иракта Исламдық ояну әлемдік ассамблеясының жоғары кеңесінің отырысы өтті

Бұл бағдарламада Исламдық ояну әлемдік ассамблеясының тоғызыншы саммиті туралы баяндаймыз.

Исламдық ояну әлемдік ассамблеясының тоғызыншы отырысы дүйсенбі, қазан айының 24 күні Бағдадта мәлімдеме жарияланғаннан кейін аяқталды. Бұл Исламдық ояну әлемдік ассамблеясының 2011 жылы құрылғаннан бері Ираннан тыс жерде өткен алғашқы отырысы болып табылады. Исламдық ояну ассамблеясы Африканың солтүстігі мен Азияның батысында езгі көрген елдерде исламдық ояну қозғалысы басталғаннан кейін Иран Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеидің бастамасымен құрылды. Ирактың астанасы Бағдадта өткен Исламдық ояну әлемдік ассамблеясының тоғызыншы отырысының  қорытынды мәлімдемесінде былай деп қуатталды: «Ислам әлемі қазіргі кезде түйткілдермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл түйткілдер исламдық қағидалар негізінде қарастырылды. Исламдық болмыс пен Құран Кәрімдегі жоғарғы құндылықтарды сақтау Ислам үмбетінің дамуына жол ашады. Ваххабилік ағым исламдық ой-пікірге қайшы. Бұл ағым Ислам дұшпандарының бұрмаланған ой-пікірлерінен туындаған. Ал Ислам бірлік пен зұлымдықтан аулақ болу қағидаларына негізделген. Жаңа мәдени әдіс-тәсілдер мен саясаткерлер, ойшылдар мен таңдаулылардың оң рөл атқаруы арқылы Ислам мазхабын қорғауға болады. Өркениетті халықтар лаңкестікке қарсы».

Исламдық ояну қозғалысы 2011 жылы Тунисте Зин әл-Абидин бин Әлидің диктаторлық үкіметі құлатылған кезде басталып, қысқа мерзім ішінде Африканың солтүстігі мен Азияның батысындағы езгі көрген халықтардың арасында тарады. Мысырдың екінші президенті болған Хосни Мобарак Зин әл-Абидин бин Әлиден соң  мысырлық жастардың Каирдің әт-Тахрир алаңында 18 күндік қорғанысынан кейін тақтан  құлатылды. Осы екі диктатор құлатылғаннан кейін АҚШ пен оның еуропалық одақтастары аймақтағы заңсыз мүдделеріне қауіп төнгендіктен исламдық ояну қозғалысын бейтараптандыру үшін амалдар қолдана бастады. Исламдық ояну қозғалысының осал тұстарының бірі – осы  қозғалысты басқарып, диктаторлар құлатылғаннан кейін билік орнататын тұрақты жетекшінің болмауы. Мысырдың «Мұсылман бауырлары» сияқты кейбір исламдық партиялар мен қозғалыстар Батысқа сеніп, олардың исламдық ояну қозғалысын бұрмалау үшін құрған тұзағына түсіп қалды. Оның салдары Мысырдың халқы алғаш рет өздері таңдаған президенті Мұхаммад Морсидің үкіметінің құлатылуы болды.

АҚШ пен оның еуропалық одақтастары халықтың үстемшіл үкіметтерге қарсы қозғалысын басқаратын тұрақты жетекшінің болмауы сияқты осал тұсын  исламдық ояну қозғалысын бұрмалау үшін барынша пайдаланды. Ливияда батыстық үкіметтер халықтың Қаддафиге қарсы көтерілісіне қарап отырмай, бұл көтерілісті қолдау арқылы оның үкіметі құлатылғаннан кейін елдің үкіметтік құрылымына ықпал етуге талпыныс жасады. Батыстық үкіметтердің бұл саясаты әл-Каида мен ДАИШ-тің осы елге кіруінен кейін Ливияның бірнеше бөлікке ыдырап кетуіне әкеп соқтырды. Бахрейнде АҚШ пен Ұлыбритания өзгеше саясат ұстанып, Арабстанның Бахрейннің ішкі істеріне араласып, Халифе әулеті үкіметін қолдау әрекеттері мен саясаттарын  демеп отырды.

Ұлыбритания Бахрейн әмірі үшін оның сол елдің азаттықты талап етуші халқын басып-жаншу әрекеттеріне қарамастан Лондонға келген кезде қызыл кілем жайып қарсы алды. Шын мәнінде, батыс үкіметтері өз мүдделері мен Африканың солтүстігі және Азияның батысындағы езгі көрген халықтардың дағдарысты жағдайына байланысты түрлі саясаттар қолданады. Олар Зин әл-Абидин бин Әли мен Хосни Мобарактың құлатылуын өз мүдделері үшін пайдалы санады. Ливияда осы елдің халқына Қаддафидің үкіметін құлатуға көмектеспек болды. Батыс үкіметтері Бахрейнде Халифе әулеті үкіметін осы елдің азаттық және әділет талап етуші шиіттердің қозғалысын басып-жаншуда қолдады. Сирияда дағдарыс тудырып, Башар Асадтың үкіметін құлату арқылы сионистік режиммен күресудегі табандылық таныту ошағына зарар келтірмек болды. Батыс үкіметтері Сирияда осы ел халқының азаттық талап ету қозғалысына көмектесу сылтауымен лаңкестік-тәкфіршіл топтарды қолдап, бұл елді әлемдегі лаңкестік топтардың ең көп шоғырланған мекеніне айналдырды. Лаңкестік-тәкфіршіл топтар Сирия мен Иракта және аймақтағы тағы бірнеше елде адамзатқа қарсы апатты қылмыстар жасады. Батыс үкіметтері лаңкестікпен күрес ұранын айтып, ДАИШ-ке қарсы коалиция құрғанымен, исламдық елдерде лаңкестік-тәкфіршіл топтарды нығайту арқылы исламдық түрлі мазхабтардың ізбасарлары арасында алауыздық тудырып, мұсылман елдердегі исламдық ояну қозғалысын бұрмалауды көздеп отыр. Алайда АҚШ-тың одақтастары Арабстан мен Түркия және оның еуропалық серіктестерінің Таяу Шығыс аймағындағы лаңкестік-тәкфіршіл топтардың ең басты қолдаушылары екенін кім білмейді?! ДАИШ басқарған лаңкестік-тәкфіршіл топтардың Сирия мен Ирак жерінің басым бөлігін өз бақылауына алуы мүмкін бе еді? Қалайша әлемнің түкпір-түкпірінен, әсіресе, Еуропадан мыңдаған адам лаңкестік-тәкфіршіл топтарға қосылу үшін Сирия мен Ирак жеріне келді? Ал Түркия лаңкестердің Сирия мен Иракқа кіруіне жол ашқан басты дәліздердің  бірі болып табылады.

Арабстан, Катар мен БАӘ – ДАИШ және басқа да лаңкестік-тәкфіршіл топтарды қаржы және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін басты тараптар. Біраз бұрын Toyota компаниясы Арабстан, Катар мен БАӘ-нің Ирак пен Сириядағы топтар үшін 60 мың дана Pickup және  Land Cruiser көліктерін сатып алғанын мәлімдеген болатын. 

ДАИШ – Батыстың Исламдық ояну қозғалысын бұрмалауына қолдау көрсетіп отырған ағым

Исламдық ояну ассамблеясының құрылуының басты себептерінің бірі – Батыстың лаңкестік-тәкфіршіл топтарды нығайту арқылы исламдық мазхабтардың ізбасарлары арасында алауыздық құру амалымен күресу. Исламдық ояну ассамблеясының жиналыстарына қатысу үшін исламдық мазхабтардың басым бөлігінің үлемдері шақырылды. Бағдад отырысына басым бөлігі сүннит болған 22 елден келген үлемдер қатысты. Исламдық ояну ассамблеясының отырысында көтерілетін өзекті мәселелердің бірі – басшылығында ваххабилік тұрған тәкфіршіл ағымдармен күрес. Ирактың бұрынғы премьер-министрі Нури әл-Малеки Исламдық ояну ассамблеясында жасаған баяндамасында лаңкестік топтардың, әсіресе, ДАИШ-тің тәкфірлік ой-пікірі мен олардың мұсылмандар арасына іріткі салу талпыныстарына тоқталып: «Тәкфірлік ой ағымы тайпалық алауыздықтарды сақтап қалуды көздейді» деді. Ирактың премьер-министрі Хайдер әл-Абади Исламдық ояну ассамблеясы жоғары кеңесінің тоғызыншы отырысының ашылу рәсімінде: «Лаңкестік үшін шиіттік пен сүнниттік ағымның арасында айырмашылық жоқ. ДАИШ көбінесе сүнниттерді нысанаға алды» деп қуаттады. Исламдық ояну ассамблеясының бас хатшысы Әли Акбар Велаяти осы ассамблеяның жоғары кеңесінің тоғызыншы отырысында жасаған баяндамасында: «Бүгінде аймақта көптеген мүмкіндіктер пайда болды. Мұсылмандардың міндеті – исламдық оянумен тәкфірлік ой ағымына қарсы табандылық таныту. Исламдық үкіметтер мен халықтардың етегінен алған барлық қиындықтарға қарамастан исламдық ояну толқыны өз  жолында көптеген кедергілерге тап болса да, бұрынғысынша халықтық қолдаудың арқасында өз қозғалысын жалғастырып келеді» деді.

Ливан мұсылмандары үлемдері тобының мүшесі шейх Хадар Мұхаммад әл-Кебеш Бағдадта Исламдық ояну ассамблеясы жоғары кеңесінің тоғызыншы отырысы аясында: «Түрлі мазхабтардың діни қайраткерлерінің Бағдадтағы Исламдық ояну қозғалысы отырысына қатысуы ДАИШ-тің лаңкестеріне көрсетіліп отырған ең үлкен реакция болып табылады» деді.

Ирак пен Сирия үкіметтері қазір лаңкестік-тәкфіршіл топтармен күрестің алдыңғы шебінде тұр. Осы екі күндік отырысқа қатысушылар Ирак пен Сирияға лаңкестік-тәкфіршіл топтармен күресте өз қолдауын білдірді. Бағдад отырысына қатысушылардың баяндамаларының басым бөлігі осы тақырыпта болды.

Иракта өткен Исламдық ояну ассамблеясы жоғары кеңесінің тоғызыншы саммитінен суреттер