Жел 18, 2017 19:44 Asia/Almaty
  • Құдстың келешегіне байланысты трансатлантикалық елдер арасындағы алауыздық артып келеді

Дональд Трамптың АҚШ президенті болып билік басына келуімен және 2017 жылдың қаңтар айындағы жанжалдан кейін трансатлантикалық алауыздық пен қарама-қайшылықтың орнағанына куә болдық. Шындығында, Трамптың түрлі мәселелерде Еуроодақтың ұстанымынае өзгеше әрі қарама-қайшы позициясы қазіргі уақытта трансатлантикалық елдер байланысының ерекшеліктерінің біріне айналып отыр.

Еуроодақтың жоғары лауазымды тұлғалары, соның ішінде, Еуроодақтың сыртқы саясатының жоғары өкілі Федерика Могерини мен одақтың маңызды екі мемлекетінің басшылары – Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Эмануэль Макрон Трамптың ұстанымына қатысты екіжақты және әлемдік  қарым-қатынастың маңызды мәселелерінде әрқилы көзқарас білдірді. Трамптың ұстанымы, әрекеттері мен атқарушылық бұйрықтары сыналып қана қоймай, Еуроодақ пен АҚШ қарым-қатынасының болмысының стратегиялық ынтымақтастықтан қарапайым әріптестікке дейін өзгергеніне куәміз. Қазіргі таңда трансатлантикалық қарым-қатынас Трамтың бірбеткей экономикалық және сыртқы саясатына байланысты күрделене түсті. Тіпті, көптеген аналитиктер АҚШ пен Еуроодақтың бөлінетіндігі туралы айтып жатыр. Ресейдің саяси және стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Владимир Захаров Трамптың біржақты іс-әрекетіне, соның ішінде CATSA заңын бекіткеніне тоқталып: «АҚШ өзінің жуырдағы әрекетімен шынтуайтында Еуроодақтың дәрменсіздігі мен Еуропа мемлекеттеріне соққы беруді қалайды» деді. Трансатлантикалық әріптестердің соңғы қарама-қайшылықтары Трамптың Құдсқа қатысты мәлімдемесіне байланысты.

АҚШ президенті Дональд Трамп 6-шы желтоқсанда аймақтық және әлемдік жаппай қарсылықтарға қарамастан АҚШ-ның Құдсты Израильдің астанасы ретінде ресми түрде мойындайтынын жариялады. Трамп АҚШ Мемлекеттік департаментінен де елдің елшілігін Тель-Авивтен Бейт әл-Мұқаддасқа көшіруді сұрады. 1995 жылдың қазан айында АҚШ Конгресі елшілікті Құдсқа көшіру жобасын бекіткен болатын. Алайда содан бері АҚШ үкіметі қоғамдық пікір мен үкіметтердің реакциясынан сескеніп, Конгрестің қаулысын жүзеге асырудан тартынып келген болатын.

Трамптың бұл салада бірінші болып іске кірісуі оның Израиль режимінің заңсыз қалауларына ерекше көңіл бөлетінін көрсетеді. Сионистік режим Құдсқа 1967 жылдан бері басқыншылық жасап отыр. Трамп тек өзінің сайлауалды уәдесін орындағанын айтуда. Тіпті, ол АҚШ-тың бұрынғы президенттерін бұл мәселеде уәделерін жүзеге асырмағаны үшін айыптады. Трамптың әрекеті Палестина аумағында, ислам және араб мемлекеттерінде, халықаралық деңгейде де қатаң реакцияға тап болды. Халықаралық ұйымдар мен түрлі мемлекеттің лауазымды өкілдері Трамптың Палестинаға қарсы әрекеттерінің Палестина бейбітшілігі келіссөздеріне жағымсыз салдарлары туралы ескертті. Әсіресе, Еуроодақтың реакциясы мен ұстанымы назар аударарлық. Еуроодақ пен Еуропа мемлекеттері қарсылық білдірді. АҚШ-тың стратегиялық одақтасы саналатын Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Трамптың бұл әрекетін сындарсыз деп атап, оны қабылдамады.

Еуроодақтың сыртқы саясатының жоғары өкілі Федерика Могерини Трамптың әрекетіне білдірген алғашқы реакциясында сионистік режимнің астанасы ретінде Құдсты мойындауын айыптап, Вашингтонның біржақты шешімдерінің дүниежүзінің бейбітшілігі мен тұрақтылығына зиян келтіріп, Палестина дағдарысын шешу жолындағы талпыныстарды жоятынын айтты. Келесі ретте Еуроодақ сыртқы саясатының жоғары өкілі бейбітшілік орнату және Палестина мемлекетін қалыптастыру үдерісін қатаң ұстану қажеттігін қуаттады. Могерини жұма күні егемендігі, астанасы және заңды органдары бар тәуелсіз Палестина мемлекетін құру перспективасының болмауының аймақ қауіпсіздігіне зор қауіп төндіретінін мәлімдеді. Мұндай перспектива Еуроодақтың Палестина мәселесін шешу үшін АҚШ-ның бағытынан бөлек көзқарас ұстанатынын көрсетеді. Қазіргі уақытта Трамп Құдсқа қатысты ұстанымын мәлімдеуімен тығырыққа тірелді. Тікелей бейбіт келіссөздер үдерісін ілгерілету үшін аймақтық және халықаралық кеңес құрылуы қажет. Могеринидің пікірі бойынша, бұл келіссөздер Иордания мен Мысырдың қатысуымен жалғасуы тиіс. Еуропалықтардың ұстанымдары Могерини мен өзге Еуропа мемлекет басшыларының Трамптың әрекетін айыптаған мәлімдемелерімен шектеліп қалған жоқ. Бұл салада еуропалықтардың бірлескен әрекеттеріне де куә болдық.

Қауіпсіздік кеңесіне мүше 4 еуропалық мемлекет пен Германия 8-ші желтоқсан күні Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін Трамп әрекетіне қатысты ортақ мәлімдеме жариялады. Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты және тұрақсыз мүшелері Франция, Германия, Швеция, Ұлыбритания мен Италия өкілдері Германиямен бірге ортақ мәлімдеме жариялап, АҚШ-тың сионистік режимнің астанасы ретінде Құдсты мойындау шешімінің Қауіпсіздік кеңесінің резолюцияларына қайшы келетінін және аймақ бейбітшілігі үшін мәнсіз екенін айтты. Мәлімдеменің келесі бөлімінде: «Құдс жағдайы қорытынды келісімге келу үшін израильдіктер мен палестиналықтар арасындағы келіссөздер арқылы айқындалуы тиіс. Еуроодақ келесі тұрақты ұстанымға ие: Құдс екі тараптың да астанасы болуы тиіс. Ол уақытқа дейін Құдстағы ешбір билікті ресми түрде мойындамаймыз. Халықаралық заңдар мен тиісті резолюцияларға сәйкес, біз шығыс Құдс аймағын басып алынған Палестина жерінің бір бөлігі ретінде танимыз. Қорытынды келісім 1967 жылдың шілде айындағы шекара мен аумақтық бөлініске сәйкес екі тарап арқылы келісілуі тиіс. Еуроодақ 1967 жылға дейінгі шекаралық өзгерістерді ресми түрде мойындамайды» - деп баса айтылған.  Ұйымға мүше елдердің жартысының қалауымен ұйымдастырылған Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ толығымен оқшауланып, сионистік режим өкілінен басқа мемлекеттердің барлығы АҚШ үкіметінің шешіміне қарсы позиция ұстанды.

АҚШ пен Еуропаның сионистік режимді қолдауы мен аталмыш режимге материалдық және саяси демеуінің салыстырмалы түрде бір жақты болғанын назарға алсақ, Трамп еуропалықтар бұл шешімге қарсылық көрсетпейді немесе әлсіз оппозиция ұстанады деп ойлады. Алайда Еуропаның қатаң ұстанымы мен осы саладағы бес еуропалық мемлекеттің ортақ мәлімдемесі Құдстың келешегіне қатысты қарама-қайшылықтың артып келе жатқан трансатлантикалық алауыздықтың тізіміне қосылатын көрсетеді. Палестина мәселесіне қатысты Еуроодақтың ресми позициясы Палестина жерінде екі мемлекеттің құрылуына қолдау көрсету болып табылады. Бұл орайда Еуроодақтың сыртқы саясатының жоғары өкілі Федерика Могерини 2017 жылдың наурыз айында тәуелсіз екі мемлекеттің шешімін тұрақты бейбітшілік орнатудың ең үздік шешімі атады. Могеринидің айтуынша, бұл саладағы Еуроодақтың саясаты өзгерген жоқ. Бейт әл-Мұқаддас екі елдің де астанасы болуы керек. Ол Бейт әл-Мұқаддастың шығыс аймағында палестиналықтардың болуын қолдайтынын қуаттады.

Мұндай ұстанымдарға қарамастан Еуроодақ бұл салада әсерлі қадам жасамады. Германияның Гамбург университетінің бейбітшілік және қауіпсіздік саясатын зерттеу институтының маманы Маргарет Йоханссон Еуроодақтың Палестина үкіметінің құрылуы жолында жеткілікті іс-шараны жүзеге асырмағанына сенімді. Палестиналықтарға қарсы сионистік режимнің басқыншы әрекеттеріне Еуроодақтың қарсыластығы тек мәлімдеме жариялау мен сионистерге қарсы санкция салумен шектеледі. «Medico international» ұйымының Таяу Шығыс бөлімінің басшысы Тессафэйр Коэннің айтуынша, Еуроодақ аталмыш мақсатты көздемейді және Израильдің басқыншылығын тоқтатуға жәрдемдесуді де қаламайды. Джордж Уокер Буш билігінің бірінші кезеңінде «Жол картасы» атты бейбіт жоспар ұсынылған уақытта жоспар палестиналық және еврейлердің тәуелсіз екі мемлекет құру шешіміне негізделген болатын. АҚШ-тың кейінгі президенттері бұл жоспарға сырттай қолдау көрсеткенімен, бүгін Трамптың сионистік режимнің астанасы ретінде Құдсты мойындауы іс-жүзінде орнаған жағдайдың үздіксіздігін, тіпті 1967 жылдан бері басып алынған  жерлерде сионистік режимнің нығайғанын қуаттады. Сонымен бірге, палестиналықтардың тәуелсіз Палестина елінің астанасы ретінде Құдсты мойындау құқықтарына қарсы тұрып, тәуелсіз екі мемлекет құру шешімін жоққа шығарды. Бұл жағдай Трамп билікке келген соң өзінің күйеу баласы Джаред Кушнерді Таяу Шығыс істерінің арнайы елшісі, соның ішінде палестиналықтар мен сионистердің арасында бейбітшіліктің бітімгері ретінде тағайындауымен қатар орын алып тұр. Дегенмен, Трамптың жуырдағы шешімі Кушнердің миссиясына күдік-күмән тудырды.

Трамптың билікке келуімен оның ұстанымы мен әрекеттері көп жағдайда еуропалықтардың наразылығы мен ызасына себеп болды. Трамптың Париж климаттық келісімінен шығу мәселесіне қатысты ұстанымы, Еуроодақ пен АҚШ арасында еркін сауда келісіміне қарсылығы, экономика саласындағы  саясаты, NATO ұйымының еуропалық мүшелерінен әскери бюджетті және NATO ұйымында өз елінің үлесін арттыруды бірнеше рет сұрауы, ядролық келісімнің беріктігіне қарсылығы, Корей түбегінде соғысқа арандатуы Еуропа мен АҚШ арасында алауыздықтың пайда болуының себептері болып табылады. Француз зерттеушісі Мари-Сесиль Навестің айтуынша, көп полюсті әлемді тоқтату мақсатын көздейтін Трамп саясаты үстемшілік пен өтірікке негізделген. Қазіргі уақыттағы мәселе, яғни Израильдің астанасы ретінде Құдсты мойындау мәселесі Брюссель мен Вашингтон арасындағы даудың себебіне айналды. Трамптың өз шешіміне табандылығы мен аталмыш мәселеге қатысты әлемнің қарсылығын елемеуі трансатлантикалық елдер арасында қайшылықты күшейтті. Сол себепті Еуропа мемлекеттері халықаралық мәселелерде тәуелсіз позиция ұстанады деп жорамалдауға болады. Саяси эксперт Кристиан Вайперфодтың пікірінше, Германия, Еуроодақ және өзге де мемлекеттер үшін бар күшімен жеке және тәуелсіз түрде әрекет ету маңызды. Еуропалықтардың көзқарасы бойынша, Дональд Трамптың саясаты, соның ішінде, әлемнің жаппай қарсыласуына соқтырған Құдс мәселесі Америка Құрама Штаты күшінің артуына емес, керісінше бұл елдің әлемдік  деңгейде оқшаулануына себеп болды.

 

Тегтер