Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Иран ғалымдары қатысқан конференция өтті
24 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әл-Фараби мұрасындағы ізгі адам, қайырымды қоғам және заманауи этика» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
2022 жылғы 19 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға ресми сапары барысында Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен кездесіп, мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегациялардың мүшелері Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі арасындағы 2022-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасына қол қойды.
Осы бағдарлама бойынша ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмаларының аясында 24 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әл-Фараби мұрасындағы ізгі адам, қайырымды қоғам және заманауи этика» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақстан Президенті Иран мен Қазақстан арасындағы тарихи және мәдени әріптестікті терең деп атады және Ислам революциясының мәртебелі жетекшісі Аятолла Хаменеидің Фарабитану бойынша ғылыми комитет құру туралы ұсынысын құптады. Аятолла Хаменеи сонымен қатар Иран мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты кеңейтуді маңызды деп атап, Иранда мыңдаған жылдар бойы зерттеліп келе жатқан Ислам философы және қазақ тектес ғалым ретінде әл-Фараби мәдени ынтымақтастықтың негізі бола алатынын айтты.
Конференция Иран Ислам Республикасының Ғылым министрлігінің мәдениеттану және қоғамтану ғылыми-зерттеу институтының, Иран Ислам Республикасының мәдениет ұйымы мен Ирана Ислам республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды. Иран ғылым академиясының мүшесі, Иран философиясы қауымдастығының президенті, доктор Авани Гуламреза бастаған ирандық делегация құрамында Мәдениет және Ислам коммуникациялары ұйымының ғылыми және академиялық ынтымақтастық жөніндегі бас директоры Халадж Монфаред, Мәдени, әлеуметтік және өркениеттік зерттеулер институтының басшысы, доктор Голами Реза, Тебриз университетінің профессоры, салыстырмалы философия докторы Омид Масуд, Иран Ислам Республикасы Ғылым, зерттеулер және технологиялар министрлігінің Мәдени, әлеуметтік және өркениеттану ғылыми-зерттеу институтының қауымдастырылған профессоры, PHD Махузи Реза, Ислам мәдениеті және коммуникация ұйымының ирантану және парсы тілі жүйесінің сарапшысы Джавад Джалали Киосари болды.
26 қазанда доктор Авани Гуламреза философия және саясаттану факультеті студенттеріне арнап дәріс оқыды. Осы күні ирандық делегация мүшелері шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімі жұмысымен танысып, кафедра ұжымымен кездесу өткізді.