Қыр 17, 2020 18:47 Asia/Almaty
  • Вашингтон Иранға қарсы қару-жарақ санкциясының жойылуының алдын алуға жаңа айла тапты

АҚШ 2019 жылдан бері Иранға қарсы қару-жарақ санкциясының жойылуының алдын алу үшін ауқымды кампания бастады. Негізі №2231 қарарға сәйкес аталмыш санкция 2020 жылдың 18 қазанында күшін жояды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде жасаған талпыныстары нәтиже бермеген соң, Вашингтон енді Теһранмен мәміле жасайтын қару-жарақ компанияларына санкция салатынын айтты.

Трамп үкіметі сәрсенбі күні Иранмен мәміле жасайтын кез келген халықаралық қару-жарақ компаниясының Вашингтонның санкциялық тізіміне ілінетінін мәлімдеді. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео да: «Вашингтон Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзартуға талпынып жатыр»,-деді.

Вашингтон бұрын БҰҰ Қауіпсіздік  кеңесінің құрамына сәйкес өзінің Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзартуға қатысты қарарын оп-оңай бекітетініне сенімді еді.

Алайда АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік  кеңесінде бұрын‑соңды болмаған жеңіліске ұшырады. Ресей мен Қытай ғана емес, АҚШ-тың еуропалық серіктестері де аталмыш қарарға қарсылық білдірді.  

Италияның халықаралық қатынастарды зерттеу институтының директоры Натали Тучидің айтуынша, БҰҰ Қауіпсіздік  кеңесінде АҚШ-тың Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзарту туралы ұсынған қарарына теріс дауыс берілуі Трамп үкіметінің дипломатиясы үшін «жойқын жеңіліс» болды.

АҚШ келесі кезекте өзінің мақсатына жету үшін Иранның ядролық келісімді түбегейлі түрде бұзғанын жариялап, сондықтан халықаралық санкциялардың, соның ішінде Иранға қарсы қару-жарақ санкциясының 20 қыркүйекте қайта іске қосылатынын мәлімдеді. Алайда бұл шара да БҰҰ Қауіпсіздік  кеңесіне мүше елдердің басым бөлігінің кесімді қарсылығына ұшырады.

Қазір АҚШ-қа қалған жалғыз жол біржақты негізде БҰҰ санкцияларын қайта іске қосып, орындау болып отыр.

Стокгольм университетінің халықаралық құқық пәнінің ұстазы Саид Махмудидің айтуынша, құқық тұрғысынан АҚШ-тың өткен екі жылдағы көптеген шараларының негізі болмағандай осы жолғы әрекетінің де еш негізі жоқ. Ол халықаралық құқыққа қайшы, сондықтан көптеген елдердің заңгерлері тарапынан айыпталды.

АҚШ-тың Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзартуда сәтсіздікке ұшырауының басты себебі мынада: Вашингтон Иранның қорғаныс және экономикалық құдіретінің нығаюынан қорықты, сондықтан БҰҰ Қауіпсіздік  кеңесінің №2231 қарарына керісінше Иранға қарсы қару-жарақ санкциясының ұзартылуын талап етті. Алайда осы күнге дейінгі жағдай АҚШ-тың заңсыз талпыныстарының жеңіліс табатынын көрсетті.

Тегтер