АҚШ Иранға тағы санкция салды
АҚШ-тың Қаржы министрлігі бейсенбі күні: «Иранның бірнеше азаматы мен бір компаниясына АҚШ-тағы сайлау ісіне араласты деген сылтаумен санкция салды»,-деп мәлімдеді.
Осы мекеменің активтерді бақылау кеңсесі Иранның бірнеше азаматы мен бір компаниясын 2020 жылы АҚШ-та өткен президенттік сайлауға ықпал етуге тырысты деген сылтаумен санкция тізіміне енгізді.
АҚШ-тың Қаржы министрлігінің мәлімдемесінде: «АҚШ кейбір елдер, соның ішінде Иран тарапынан қолдау тауып отырған белсенділердің кибер ену жайттарын анықтады. Бұл белсенділер АҚШ сайлау үдерісінде дауыс берушілердің сенімін әлсіретіп, іріткі салуды көздеді. Бұл адамдар әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратып, қоқан-лоққыға толы хаттар мен қолдан жасалған видеолар таратты»,-делінген.
Байден үкіметі Иранға қатысты қатынасын өзгертетіні туралы уәделеріне керісінше бұрынғыдай Иранға қарсы барынша қысым саясатын жалғастырып отыр. Ақ үйдің ақпарат өкілі Джен Псаки Байден үкіметінің Иранмен уақытша келісімге келуге талпыну ықтималы жөніндегі кейбір ақпараттарға тоқталып: «АҚШ-тың Иранға қатысты санкция қолдану қатынасы өзгерген жоқ»,-деп мәлімдеді.
Жаңа санкция салу үшін келтірілген сылтау көңіл аудартады: ирандық азаматтардың АҚШ сайлауына араласуы. АҚШ өз кінәсін өзгеге жабу әрекетінде өзіне бәсекелес немесе қарсы елдерді АҚШ сайлауына араласты деп айыптауға тырысады. Ал бұл жағдайда Вашингтонның өзі басқа елдердің ішкі ісіне араласуда ұзақ тарихқа ие. Олардың ішіне сайлауларға тікелей және жанама түрде араласу, билікті құлату, әсіресе түрлі түсті революциялар ұйымдастыру және төңкеріс жасау бар.
Байден үкіметі өз кінәсін өзгеге жабу арқылы Иранға қарсы қысымдарды күшейтуге сылтау табуды көздейд. Әрине Вашингтон тек Иранға емес, соңғы жылдарда осыған ұқсас айыптарды Ресей мен Қытайға да тақты.
Осының бәрі АҚШ-тың өз кінәсін өзгеге жауып отырғанын көрсетеді. Яғни өзі Екінші дүниежүзілік соғыстан бері басқа елдердің ішкі ісіне ең көп араласса да, өзіне бәсекелес және қарсы елдерді АҚШ-тың ішкі саясатына араласты деп айыптап отыр.