Теһран диалогы – аймақта өзара сенімді арттыруға бағытталған форум
"Теһран диалогы" атты үшінші форум (TDF-2022) "ИИР-дың тату көршілестік саясаты – достық пен сенім тудыруға бастар жол" деген тақырыпта Иран Сыртқы істер министрі мен бірқатар шетелдік қайраткерлер мен ғалымдардың сөз сөйлеуімен дүйсенбі күні Теһранда басталды.
Бұл форумға әлемнің 36 елінен саяси қайраткерлер, зерттеу институттарының басшылары, ғалымдар және зерттеушілерден тұратын 70-ке жуық адам қатысты.
Форумның ашылу рәсімінен кейін басталған 4 секцияда Батыс Азиядағы кейінгі өзгерістер, Парсы шығанағының қауіпсіздігі, аймақтық байланыстар және энергетика қауіпсіздігі, Украина дағдарысы және оның аймақтық және жаһандық салдарлары, Ауғанстанда инклюзивті үкімет құру және бейбітшілік орнату перспективасы талқыланып, пікір алмасылды.
Бірінші және екінші кезеңі 2019 және 2020 жылдары өткен "Теһран диалогы" форумы Батыс Азия аймағына қатысты аймақтық және халықаралық зерттеулер саласында жұмыс істейтін ғалымдар мен саяси қайраткерлердің басып қосып, пікір алмасуда көрнекті рөл атқарады.
Биылғы форумның өзекті тақырыбы: ИИР-дың тату көршілестік саясаты – достық пен сенім тудыруға бастар жол.
Аймақтық мәселелерді шешіп, әріптестікті арттыру үшін аймақ елдері арасына қайта сенім орнату керегі айдан анық. Сол себепті интеграция жасап, сенім тудыру мақсатында "Теһран диалогы" сияқты форумдар аясында диалогты нығайту өте маңызды.
Көршілес елдермен достық қарым-қатынасты сақтап, тату көршілестік саясат жүргізу – ИИР мақсаттарының бірі. Иран кейінгі жылдарда Батыс Азия аймағында айрықша рөл ойнап келеді. Өйткені бұл аймақ саяси-экономикалық тұрғыдан аса зор маңызға ие болумен қоса, көптеген күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр.
Иран аймақтық маңызы бар көптеген әлеуетке, соның ішінде географиялық жағдайы, мәдениеті мен табиғи байлықтарға ие. Бұларды аймақ елдері арасындағы әрекеттестік пен әріптестікке тиімді пайдалана алады. Сол себепті Иран үкіметі аймақтағы көршілес елдерге басымдық бере отырып, олармен көпжақты ынтымақтастық жасап, қарым-қатынасты кеңейтуді көздеп отыр.
Иран сондай-ақ Батыс Азиядағы ислам елдері арасында әрекеттестікті жеңілдету үшін "Аймақтық диалог форумын" құруды ұсынды. Ол аймақ елдері арасында қабылданған жалпы принциптер мен ортақ мақсаттар негізінде жұмыс істейтін болады. Бұл принциптер мен мақсаттарға елдердің егемендігі, аумақтық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне құрметпен қарау, бұзылмайтын шекаралар, басқа елдердің ішкі істеріне араласпау, қайшылықтарды бейбіт жолмен шешу, қоқан-лоққы жасауға немесе зорлық көрсетуге тыйым салу, қарусыздану, аймақта тұрақтылық пен дамуға жағдай жасау жатады.
Осы орайда ИИР бұған дейін Парсы шығанағындағы кейбір араб елдерімен қайшылықтарды шешу мақсатында "Ормуз бейбітшілік жобасын" ұсынды. Соңғы бір жылда осы елдермен саяси-экономикалық әріптестікті арттыру арқылы қайшылықтарды азайту және жоюға қадам жасады және осы елдерді бөгде күштердің араласуынан тыс аймақішілік қауіпсіздік жүйесін құруға ынталандыруға тырысты.
Сондықтан Иранның көршілес елдерге қатысты ұстанып отырған саясаты өзара сенім тудырып, аймақтағы барлық елдердің ұлттық егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдауға бағытталған. Мысалы, Ауғанстанда тұрақтылық пен қауіпсіздік орнауына септігін тигізетіндей барлық қауым өкілдерінің қатысуымен инклюзивті үкімет құру мақсатында кеңестерді жалғастыру – Иран үкіметінің аймақтық саясатының басты басымдығы.
ИИР аймақ елдері ұсынған бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етуге бағытталған кез келген жоба, әрекеттестік пен диалогты қолдайды. "Теһран диалогы" атты үшінші форумның өткізілуін де осы аяда бағалауға болады. Өйткені Иранның көзқарасынша, бөгде күштердің араласуынсыз-ақ аймақ елдері арасында диалог өткізу – қазіргі мәселелер мен қайшылықтарды шешудің жалғыз дұрыс жолы.