Ақп 28, 2016 15:40 Asia/Almaty

Санасыз ақыл – қараңғы түнек, Сол кезде жол қылдай жіңішке. Сенің сәттілігің егер жол көрсетпесе, Бұл орындалмаған тілек ақылға қашан ашылады? Ей, ақыл, сен маған сай келесің, Мен іздеймін, ал сен маған жетекшілік ет...

Айтып өткеніміздей, «Низами Гянджави» деген атпен танымал хакім Абумұхаммад Илияс – х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда (12 ғасырда) өмір сүрген Иранның атақты ақыны. Низами х.қ.ж.с.б. 530-540 жылдар (1135-1145) аралығында Гянджеде дүниеге келіп, 70 жыл өмір сүріп, 599 жылы осы қалада қайтыс болды. Сондай-ақ, айтқанымыздай, ол өз заманында кең таралған ғылымдармен таныс болған, дәулетті жанұядан шыққандықтан кәсіп табу немесе кәсіби ақындық арқылы өміріне азық табуды қажетсінбеген. Сондықтан оқшауланып, оқу және зерттеумен айналысып, тәпсір, хадис пен калам оқып, философия мен мистиканы үйренген.  

Иранның ескі білім беру және тәрбиелеу жүйесінде хикмет калам мен философияны меңгеруден тұрған. Низами осы екеуін де жеткілікті деңгейде үйренген. Низамиден қалған барлық туындылар, әсірее «Махзан ул-Асрар» (Құпиялар қазынасы), Иқбалнама, барлық «Маснауилердің» кіріспесі осы сөзіміздің дәлелі әрі шын мәнінде оның хикметінің нышаны болып табылады.

Низамидің туындыларын зерттеушілердің көбінің сенімінше, одан қалған өлеңдерді поэзияның техникасы мен әңгіме айту өнері тұрғысынан ғана талдау жеткіліксіз. Өйткені ол әңгіме қалыбында өзінің ерекше тілімен әртүрлі хикметтік ойларды баяндаған. Шын мәнінде осы пікірлерді баяндау арқылы жалпы мен жалқыға өзінің ойлары мен сенімдерін ұсынып, тәлім берген. Низамиден қалған туындылар «Хамсе»-«Бес қазына» – қасидалар мен ғазалдар жинағынан тұрады. Оларды калам, ақлақ пен мистика тұрғысынан талдауға болады.

Низами өзінің кейбір туындыларында калам мен ақлаққа қатысты әртүрлі пікірлерді көркем әрі түсінікті тілмен баяндаған. Оның туындыларынан көрінетін хикмет – ирандық хикмет. Философия ғылымдарының доктор Асқар Дадбехтің сенімінше, бұл хикмет – Фердоуси қозғалысының немесе перипатетикалық хикметтің жалғасы.

Низами туындыларын зерттеушілер ешқандай әсірелеусіз Низамиді адамзат қоғамындағы ақлақтық және тәрбиелік қырларға ерекше көңіл аударған таза тұлға деп санауға болады дейді. Осы жайтқа оның туындыларында ерекше назар аударылған. Тек мынадай бір айырмашылық бар: «Махзан ул-Асрарда» ақлақтық тақырыптар ашық түрде, «Ләйлі-Мәжнүн», «Хосроу-Шырын» мен «Жеті сұлуда» жасырын түрде баяндалған, сондықтан олар көбірек көңіл қойып, нақтылап оқуды талап етеді.

Низами мәснәуилер, қысқа және ұзақ әңгімелер қалыбында ізгі мінез-құлық пен жоғары принциптерге негізделген өмірді үйретеді. Низами өлеңдеріне шолу жасай келіп, оның әртүрлі ертегілерді өлең тілімен баяндау арқылы жеке өмірде және қоғамда адамның өзі тектес адамдармен қалай қарым-қатынас жасау қажеттігін сипаттап, тәлім бергенін көреміз. Ол тіпті өзінің кейбір туындыларында бұдан да тереңдей бойлап, әлеуметтік мәселелер мен қиындықтарды сынап, билеушілердің халықпен қатынасын бағалап, өлең арқылы әділеттің не екендігі және әділ билеушінің қандай болу керектігі жайында нәтиже шығарады.

 «Кемпір мен сұлтан Санджар» әңгімесі немесе «Ануширван мен оның уәзірі» деген хикая осындай хикаяттардың қатарына жатады.

«Кемпір мен сұлтан Санджар» әңгімесінде: «Кемпір сұлтан Санджардың алдына әділеттік талап ете келіп, халық сенен зұлымдық пен әділетсіздіктен басқа ештеңе көрмейді, ал сенің қызметкерлерің қылмыс пен зұлымдық жасайды деп сынап: «Егер зиян шеккендердің қарғысынан аман қалғың келсе, зұлымдық жасама» деп ескертеді.

Шабытты әрі мистикалық көріністер Низами өлеңдерінің айшықты ерекшеліктерінің бірі саналады. Өнер сүюшілердің сенімінше, поэзия – ғашықтық, шабыт пен сезімнің туындайтын жері. Осындай өлең айта алмайтын ақын ақын емес. Низамидің туындыларын зер салып оқығанда оның өлеңдерінің осындай көркемдік құралдармен көмкерілгенін көруге болады. Мистикалық принциптер бойынша, ғашықтық махаббаттың кемеліне жеткен соңғы кезеңі болып табылады. Мистиктер өздерінің барлық дүниетанымын ғашықтықпен түсіндіріп, оны ақиқатты танудың жолы, болмысты жарату және адамның пайда болуының себебі деп санайды. Низами де мистиктердің тәсілі бойынша болмыс мен өмірдің негізін ғашықтық деп санайды.

Аспанның ғашықтықтан басқа михрабы жоқ,

Әлемнің ғашықтықтың топырағынсыз суы жоқ.

Егер әлемнің жаны ғашықтықтан кенде болса,

Бұл әлемде кім тірі болар еді?

Ғашықтықтан айырылған адам күйзеліске ұшырайды,

Ғашықтықсыз жүз жаның болса да, өліксің.

Низамидің сенімінше, тек ақылдың көмегімен ғана жетекшілік ететін жолды тауып, Алланың тағылымына жету мүмкін емес. Ол «Махзан ул-Асрарда» бұдан да ілгерілеп, ақылды қиялдың қатарына қойып, былай дейді: «Ақыл Алланың ақиқатын тануда қиял, ой мен сезім сияқты қауқарсыз. Ғашықтықтың көмегінсіз Алланы тану және Құдайды іздеудің жолын табу мүмкін емес». Сол себепті ақын туындыларында Алланың ақиқаттарын анықтауда ақылдың шорқақ, сананың әлсіз екендігіне тоқталады.

Низамидің хадис айтудан бастап калам, философия, дүниетану және астрономия сияқты рационалды ғылымдарға дейінгі исламдық ғылымдардың барлық қырларымен таныстығына қарамастан, оны перипатетикалық немесе ашари сияқты философиялық және діни-схоластикалық мектепке жатқызуға болмайды. Ол перипатетиктер, ашарилер мен мутазелиттердің философиясы мен каламын толығымен білсе де, иманға негізделген хикметті көздеген деп айтуға болар. Бұл хикмет Құранмен терең байланыста. Низами Алланың болмысы, есімдері мен сипаттары, адамның жаратылысы сияқты тақырыптарда ұстаз бен зерттеуші сияқты сөйлеп, рухани жолда алысқа сапар шегіп, өзінің түйсік көзімен абсолюттік және рухани әлемді көруге қабілетті болған. Ол өзінің өлеңдерінде Алланың жоғары болмыс-бітімі мен оның барлық жаратылыс сатыларындағы көріністерін сипаттау үшін ұлы мистиктер өз туындыларында қолданған жазба тіліне ұқсас тілді пайдаланған.

Әр бұлақтың бастамасы – жомарттық,

Болмысындағы заттың бәрі – жаңалық.

Алла тек Жаратушы ғана емес, ұлы мистиктер айтқандай, болмыстың басы мен барлық көріністердің бастауы болып табылады. Бұл әлемде және болмыстың барлық жерінде дүниеге келген әрбір зат Алланың есімдері мен сипаттарының көрінісінен басқа ештеңе емес.