Қар 15, 2016 17:26 Asia/Almaty

Өткен бірнеше бағдарлама барысында сіздерге Теһран облысының ең маңызды көрнекті жерлерін таныстырдық. Бүгінгі бағдарламада Теһранның халық ең көп қатынайтын зиярат орындарының бірін таныстырамыз. Бұл жерге әлемнің маңызды саяси тұлғаларынан бастап Иранның ең алыс ауылдарындағы қарапайым адамдар келеді. Бұл жерде жетекшілігі және биік ойларымен соңғы ғасырда ислам әлеміне ұлы өзгерістер енгізіп, әлемнің саяси теңгерімін бұзған адам жерленген.

Ия, бүгін тау тұрғындарын сарай маңындағылардан артық көріп, өзін қызметші санаған Иран Ислам революциясының жетекшісі имам Хомейни (р.) жайлы сөз қозғаймыз. Бүгінгі бағдарламада сіздерді «Афтаб» қаласының ортасындағы хазірет имам Хомейнидің кесене‑кешенімен таныстырамыз.

Имам Хомейни (р.) кесене‑кешені Теһранның оңтүстігінен 8 шақырым,  имам Хомейни (р.) атындағы халықаралық әуежайдан 25 шақырым, Ислам революциясы шәһидтерінің мазарларына жақын жерде орналасқан. Бұл аймақ Иранның солтүстігі, оңтүстігі, батысы мен шығысын байланыстырудағы өзінің үздік географиялық жағдайына байланысты ерекше маңызды. Имам Хомейни (р.) кесене‑кешені негізгі кешен мен оның айналасындағы аулалардан тұрады. Бұл кешен «Афтаб» қаласы атты үлкен кешеннің бір бөлігі саналады.  «Афтаб» қаласы университеттік, зерттеу, мәдени, туристік және сауда‑саттық қалашығы болып табылады. Ол 10200 га ауданды алып жатыр.

600 мың шаршы метр ауданды алып жатқан имам Хомейни (р.) кесене‑кешені кесененің негізгі ғимараты, автотұрақтар, ашық кеңістік пен моторханадан тұрады. Кешеннің айналасы мен аулалар әртүрлі гүлдер мен ағаштар, жаяу жүргінші жолдары және субұрқақтармен әдемі безендірілген. Исламдық сәулет өнері стилінде ерекше әрі заманауи құрылыс материалдары мен геометриялық пішіндерді пайдалану имам Хомейни (р.) кесене‑кешенінен әрбір зияратшы қызығатындай символ тудырды.

Имам Хомейни (р.) кесене‑кешенінің инфрақұрылымы 16000 шаршы метр ауданды алып жатыр. Оның бір бөліктері уақытша түрде металл құрылғылардан жасалған, алайда бүгінде берік бетон құрылғысына  ауыстырылды.

Кешеннің ішкі кеңістігі 9 бөлікке теңдей бөлінген. Оның ортасы шаршы  қоршау орналасқан жер мен кесененің негізгі күмбезінен тұрады. Кесененің тура ортасында имам Хомейни (р.) мен оның ұлы ходжат ул‑ислам уа ал‑муслемин қажы Ахмад ағаның қабірлері орналасқан. Айтып өту керек, имамның қабірін қоршаған қоршаудың  айналасына имамның әйелі Хаджидже Сақафи, аятолла Сұлтани Табатабаи, имамның сенімді серіктерінің бірі аятолла шейх Мұхаммадреза Тавасоли жерленген. Хазірет имам Хомейни (р.) кесене‑кешеніндегі ескі қоршау ұзындығы 10 метрлік 8 қырдан тұрған, ал биіктігі 5 метр аллюминийден жасалған еді. Жаңа қоршау Иранның зиярат орындарындағы қоршаулар сияқты дәстүрлі пішінде жасалған. Бұл қоршау құрыштан жасалып, басқа металлдармен көмкерілген. Оның ішкі көрінісі мен безендірулері исламның өзіндік және заманауи өнерлерінің қосындысынан тұрады. 16000  шаршы метр ауданды алып жатқан ғимараттың төбесі 4 бағанмен тіреліп тұр. Бұл сәулет өнері тұрғысынан ерекше маңыздылыққа ие және тамашалаушыға ерекше ұлылықты паш етеді. Имам Хомейни (р.) кесене‑кешенінің жобасында таңдалған сандар ерекше символикалық мәнге ие болып табылады. Кешеннің негізгі күмбезінің әртүрлі үш биіктігі бар. Бірінші биіктік – 42 метр. Ол х.ш.ж.с.б. 1342 жылды (1963), яғни хазірет имам Хомейнидің (р.) Пахлави режиміне қарсы ашық түрде күрес бастаған жылын еске түсіреді. Келесі биіктік – 57 метр. Ол х.ш.ж.с.б. 1357 жылды (1978), яғни Ислам революциясының жеңіске жеткен жылын еске түсіреді. Соңғы биіктік, күмбездің ұшар басы – 68 метр. Бұл сан хазірет имам Хомейнидің (р.) қайтыс болған жылын (1989 жылды) еске түсіреді.

Имам Хомейни (р.) кесене‑кешені күніне көптеген зияратшыларды қабылдайды. Белгілі бір мезгілдерде зияратшылардың қалың нөпірі осы кесенеге қарай ағылады. Зияратшыларға қолайлы жағдай тудыру үшін негізгі шабестан‑намаз оқитын залдың айналасына төрт аула салынған. Олар Батыс аула (Қажы аға Мұстафа), Шығыс аула (Шоһада), Ислам революциясы ауласы және Йадегар‑е имам ауласы деп аталады. Кешен жалпы алғанда көгілдір ақық түсті төрт күмбез бен төрт маңдайшалы кіреберіс ғимараттан тұрады. Күмбездер Гаухаршад мешітінің бір кішкентай үлгісі болып табылады және іш жағынан әдемі алебастр жапсырмаларымен көмкерілген. Оны ирандық өнер иелері мен сәулетшілер жаслған. Негізгі күмбез бен басқа төрт күмбездің жиынтығы ішкі жағынан дөңес түрінде исламдық сәулет өнерінің стилімен салынған, ал сырт жағынан қарапайым заманауи геометриялық көрініске ие.

Аулалар әртүрлі тәсілдермен салынған. Олардың сыртқы бетінде травертин тасы қажетті құралдар, әртүрлі жазбалар және аяттармен көмкерілген. Кесенеге жалғанып жатқан шығыс және батыс маңдайшалар ең әдемі өнер түрі тас пен жазба тақташасынан жасалған оюлармен көмкерілген.

Кесене‑кешенде ең үлкен символ әрі жаңашыл бастаманың нышаны болып табылатын күмбез төрт жүз тонналық төрт бағанның үстіне қоршаудың жоғары жағына салынған. Ауладағы кіреберіс есіктерде көгілдір ақықтан жасалған төрт күмбез шын мәнінде негізгі ауланы қамтып жатыр. Кесене‑кешенде жалпы бес күмбез бар. Олар ислам пайғамбарының ұрпақтары арасындағы Аба әулетінің бес адамын еске түсіреді.

Айта кету қажет, кесененің негізгі күмбезі мен мұнаралары металдан жасалған. Күмбездің үстіндегі жамылғы алтын түсті. Оны алыстан байқауға болады. Әсіресе, қараңғы түндерде оның алтын түсті күмбезі өте әдемі әрі қызықты көрініс тудырады.

Жалпы алғанда имам Хомейни (р.) кесене‑кешенінің архитектуралық жобасы ирандық діни дәстүрлі сәулет өнері мен заманауи сәулет өнерінің қосындысынан тұрады. Бүкіл ғимараттың негізгі қаңқасы бетоннан салынған. Иран елінің геологиялық ерекшеліктерінің бірі Иран үстіртінде ішінара жерсілкінісінің болуында. Теһран мен Рей аймақтары да бұл мәселеден тысқары емес. Сол себепті имам Хомейни (р.) кесене‑кешенінің инженерлік жобалауы негізгі бетон құрылыстардың беріктігі жоғары болып, он баллдық жерсілкінісіне төтеп бере алатындай жасалған. Бұл жағдайдың осы кешеннің ерекше ирандық‑исламдық архитектуралық жобасымен қоса, кешеннің бірегей көрсеткіштерінің бірі болып саналатындығы анық. Имам Хомейни (р.) кесене‑кешенінің әртүрлі кеңістіктерінің тартымдылығы мен әдемілігін бәрінен көп арттырған нәрсе ғимараттарды салуда қарапайым, арзан әрі берік құрылыс материалдарының пайдалануында. Соның ішінде имам Хомейни (р.) кесене‑кешенінің сырты түгелімен таспен қапталған. Кешеннің аумағында мыңдаған шаршы метр ирандық тастардың әралуан түрі қолданылған. Онда осы күнге дейін 230 тастың түрі анықталған. Кешенде әртүрлі тастар, соның ішінде ақ, ашық қызыл, қызыл,  сары, сұр, қара мен жасыл түсті тастар ирандық қашаушылардың көмегімен тәжірибелі ирандық жобалаушылар мен инженерлердің бақылауымен қолданылып, әртүрлі өнер түрлерінің көрмесін тудырды. Әрбір бұрышта әртүрлі тастардың қосындысы Иранның өзіндік өнерлері түрінде, соның ішінде муаррақ – ағаш бетіне ойып өрнек салу, мұқарнас – архитектуралық сталактит жасау, каллиграфия өнерлері түрінде көзге көрінеді. Кешеннің бүкіл аулаларынан тастың бетіндегі ең әдемі өнер түрлерін көруге болады. Онда каллиграфия мен муаррақ өнерлерінің қосындысы көрініс тапқан. Аулалардың бірінің есігінің айналасында ирандық каллиграф әйелдердің бірінің қолымен сұлс жазуымен жазылған Құран Кәрімнің аяттары, тас қашаушылар тарапынан жасыл мәрмәр тастардың бетіне қара сиямен муаррақ өнері негізінде ойылып жазылған. Алланың аттары, пайғамбарлардың есімдері аулалардың айналасындағы қабырғаларда да түрлі түсті таспен және муаррақ өнерімен жазылған.

Біліп жүргендеріңіз жақсы, имам Хомейни (р.) кесене‑кешеніне келетін зияратшыларға жағдай жасау мақсатында әртүрлі қызмет көрсететін кеңістіктер назарға алынған. Бұл кеңістіктер дәретханалар, монша, киім жуатын орын, орталық аспазхана, мейрамханалар мен емдеу орталықтарынан тұрады. Бұлар шамамен 150000  шаршы метр ауданды алып жатыр. Жатын жер мен қонақ үйлер де екі бағытта кешеннің солтүстік‑батысы және солтүстік‑шығысы жағында салынған. Зияратшылар жеке, жанұя және топтар құрамында осы қонақ үйлерде тұрақтай алады. Сонымен қатар имам Хомейни (р.) кесене‑кешенінде кітапхана, фильм мен слайдтар орталығы, имам Хомейнидің (р.) мұражайы, бақылау және қауіпсіздік, әкімшілік және күзет және сауда‑саттық бөлімдері бар.

Тегтер