Босқындық – соғыс пен қатыгездіктің салдары 8: Рохиньялық босқындар – нәсілшілдіктің құрбандары
Нау 06, 2016 18:17 Asia/Almaty
Ислам пайда болып, арабтар мен ирандықтар Ислам дініне бет бұрған соң, араб және ирандық теңізшілер теңіз сапарлары мен мұсылман саудагерлер саудамен айналасуды бұрынғыдай жалғастырып, өз жолдарында әртүрлі аймақтардың халықтарын Ислам дініне шақырды.
- Мұсылман саудагерлердің Қытайға жететін жолдарының бірі Мьянманың батыс аймағы мен Аракан штатынан өтіп, Қытайдың батысына жететін құрлық жол болды. Жолаушылардың көбі Араканның жағалауындағы құнарлы жерлерде тоқтайтын. Сөйтіп, хиджридің бірінші ғасырында бұл жерлерде Мьянманың мұсылмандар өмір сүретін аймақтары пайда болды. Осы кезде бұл мұсылмандар Мьянманың батысындағы Рахин штатында өмір сүрулеріне байланысты рохиньялық мұсылмандар деп танымал. БҰҰ-ның мәліметі бойынша рохиньялықтар әлемнің зұлымдық көрген аз санды топтарының бірі саналады. Олар Мьянманың бүкіл халқының 4 пайызын құрайды. Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан Мьянма Одағы солтүстік-шығысында Қытаймен, шығысында Лаоспен, оңтүстігінде Таиландпен, батысында Бангладешпен, солтүстік-батысында Үндістанмен шекараласады. Сонымен бірге оңтүстік-батысында Бенгал шығанағы мен оңтүстігінде Андаман теңізінің суларына шығады. Шамамен 680 мың км² жер аумағына ие Мьянма Оңтүстік-Шығыс Азия аймағының екінші үлкен мемлекеті болып саналады. 1824-ші жылы Бирма деп аталған бұл мемлекетті британиялықтар басып алып, Британ Үндістанының құрамына енгізіп, Британ империясының отарына айналды. 1937 жылы Британия Бирман бүгінде Рахин деп аталатын Аракан аймағымен бірге үнді үкіметінен бөліп, оны Британияның Бирмасы деп атады. 1948-ші жылы Бирма өзінің тәуелсіздігін жариялап, сол кезден бастап атын Мьянма деп өзгертті. 1962-ші жылдағы генерал Не Винның төңкерісінің нәтижесінде У Ну премьер-министрінің әскери емес үкіметі құлап, өкімет басына әскерилер келді. Сол кезден бастап 2011-ші жылы өкімет басына әскери еместер келгенге дейін бұл елді әскерилер басқарды. 1962-ші жылы билік басына келген генерал Ни Винның үкіметі бұл елдің мұсылмандарына қарсы қатыгез әрекеттерін бастады. Ол мұсылмандардың қажылыққа баруына тыйым салды. Бұл тыйым 1980-ші жылға дейін жалғасты. 18 жылға созылған тыйымнан кейін 70 мұсылманға қажылық міндетін орындау үшін Меккеге аттануға рұқсат берілді. Әскерилер үкімет басына келгеннен бері рохиньялық мұсылмандардың көбі азаматтық құқықтарынан айрылып, апартеидке ұқсас жағдайда өмір сүреді. Рахин мұсылмандарының 1 миллион 300 мыңнан астамы Мьянма азаматтары. Олар буддалық сол мемлекеттің батыс жағалауында ауыр жағдайларда өмір сүріп, үнемі нәсілдік қатыгездіктермен бетпе-бет келуде. 2012-ші жылы дүниежүзі рохиньялық мұсылмандарға қарсы қолданылатын қатыгездіктерден хабардар болды. 2012-ші жылдың маусым айынан бері буддашылар Мьянманың билік басындағылары мен әскерінің қолдауына ие болып, алдын-ала жоспарланған бағдарлама бойынша мұсылмандарды қыруға кірісті. Олар «мұсылмандар буддашылардың бір діндарын өлтіріп, әйелдерінің біріне жыныстық тұрғыдан шабуыл жасады» деген негізсіз уәждерін сылтауратып, мұсылмандарды өлтіруді бастады. Кейбір мәліметтер бойынша, бұл қақтығыстарда 20 мың мұсылман өлтірілген. Мұсылмандардың мыңдаған үйлері өртеніп, олардың мыңдаған адамы үйлері мен туған жерлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Мешіттер де нәсілшіл буддашылардың қатыгездіктерінен аман қалмай, көбісі қиратылды. «Геноцидтің алдын алу инспекторлары» атты тәуелсіз ұйым өзінің 2014-ші жылы жариялаған есебінде бұл ащы оқиғаға тоқталып: «Соңғы кездегі қатыгездіктер жаппай қырып-жоюдан да арта түсіп, бүкіл аймақты бір елден тазартуға қарай бет алды»,- деп жазды. 2012-ші жылдағы Мьянма буддашылардың қатыгездіктері бұл елдің әскерилерінің қолдауына ие болған нәсілшіл әрекеттердің жалғасы болды. Рохиньялық мұсылмандар үшін бұл елде қалу күннен күнге қиындай түсті. Ұлыбританиялық «Sunday Times» басылымы Мьянма әскерилерінің дене түршіктірер қылмыстарын әшкерелеп: «Бұл елдің әскерилері мұсылман халқын ұрып-соғып, баршаның алдында әйелдерді зорлап, ерлерді өлтіреді»,- деп жазды. Қысым, күнделікті тұрмыстың ауыртпалығы мен өмір сүрудің қиын жағдайы күн сайын көптеген мұсылманның босқынға айналып, шекаралардағы лагерлерге кетулеріне себеп болуда. Аталмыш лагерлерге азық-түлік жеткізілмей, әртүрлі аурулар таралуда. Мьянма үкіметі бұл қылмыстарды жасырып, елде бейбітшілік пен әділет орнатылды деп БҰҰ-на жоба тапсырды. Әлем мемлекеттерінің көбі Мяьнма үкіметінің мұсылмандарға қарсы саясаты өзгерді деп ойлап, бұл жобаны қолдады. Алайда ақиқат өзгеше болып отыр. БҰҰ-на тапсырылған жобада рохиньялық мұсылмандар үшін тек екі жол ұсынылған: бірінші жол бойынша олар көршілес Бангладеш елінің азаматтары болуды талап ете алады. Содан соң ғана барлық қажетті құжаттарды жинап, Мьянма азаматы болуға өтініш жасай алады. Кері жағдайда мұсылмандар босқындар лагерлерінің ауыр жағдайларында өмір сүріп, соңында ата-бабалары өмір сүрген елден кетуге мәжбүр болады. Бұл жобамен Мьянма үкіметі бұдан бұрын 1982-ші жылдағы заңы бойынша барлық құқықтарынан мақұрым рохиньялық мұсылмандардың қоныс аударып келгендерін жариялап, дәлелдегісі келеді. Өз елінде бөгде саналатын рохиньялық мұсылмандардың көбісі өздерінің жеке бастары мен Мьянмада өмір сүретіндіктерін дәлелдейтін қажетті құжат жинайтын мүмкіндіктерге ие емес. Өйткені барлық құжаттар мұсылмандардың барлық есептерімен бірге 2012-ші жылыорын алған бүліктер кезінде жойылған болатын. Сол себепті құжаттарды жинап, тапсыра алмайтын барлық адамдар өз елінде Бангладеш азаматы саналатын болады. Мұның үстіне Бангладеш үкіметі де бұл адамдарды өз азаматтары деп санамайды, өйткені олар Бангладеште туып- өспеген. Осылайша Мьянма үкіметі бір миллион рохиньялықты босқындардың тағдырына тіремек. Азия адам құқығы комиссиясы директорының орынбасары Филь Робертсон бұл жобаны сынап: «Рохиньялық мұсылмандар өз құқықтарынан мақұрым қалып, Мьянма үкіметі оларды белгісіз уақытқа арнайы қосындарда ұстамақ»,- деп мәлімдеді. Мұндай жағдай елдің ішінде қалған рохиньялықтарға ауыр жағдайға төзімділік таныту немесе сергелдең күй кешуден басқа мүмкіндік қалдырмады. 2015-ші жылдың тек екі айында, атап айтқанда қаңтар және ақпан айларында 20 мыңнан астам босқын мұсылман контрабандистердің қайықтарына отырып, теңіз арқылы өз елінен бастары ауған жаққа бет алған. БҰҰ-ның Босқындар комиссариаты: «Бұл 20 мың адам 2014-ші жылдың қаңтар, ақпан айларындағы статистикамен салыстырғанда екі есе артқан» деп мәлімдеді. Яғни, рохиньялықтар Мьянмада өздері үшін болашақ бар деп санамайды. Олар егер теңізден аман өтсе, қай жерде өмір сүрсе де Мьянмадан жақсы деп ойлайды. Мұсылмандардың көбі жандарын құтқару үшін Индонезия, Малайзия, Таиландқа жол тартады. Бірақ бұл мемлекеттердің оларды қабылдамауларына байланысты рохиньялықтардың көбі ұзақ уақыт бойы өте нашар жағдайда теңіздің бетінде қалып, құрбан болады. Көбісі адам контрабандасымен айналысатындардың қолына түседі. Бұл контрабандистердің көптеген жасырын абақтылары бар. Аталмыш абақтыларда Мьянманың жүздеген босқын мұсылмандары, соның ішінде әйелдер мен балалар өмір сүруде. Тұтқындалған мұсылмандар өте нашар мекендерге түсіп, өмір сүруге қажетті ең қарапайым жағдайлардан мақұрым болады. Азық-түлік пен ауыз су тапшылығы мен гигиеналық қажеттіліктердің болмауы мұсылмандардың ауруға шалдығуына немесе ажал құшуларына себеп болады. Айта кететін жәйт, Мьянманың босқын мұсылмандарының дене мүшелерін заңсыз сату адам контрабандасымен айналысатындар үшін пайдалы саудаға айналды. «Рейтерс» ақпарат агенттігінің журналистерінің бірі соңғы мәліметтерінің бірінде Индонезиядағы босқын рохиньялық мұсылмандардың азап-қорлықтарын көрсететін суреттерді жариялады. Мұсылмандардың кейбіреулері рохиньялықтардың геноцидінен қашқан кездегі ауыртпалықтармен бірге босқын мұсылмандардың көбінің адам контрабандасымен айналысатындардың қайықтарында өлгендерін айтып отыр. Бұл ащы оқиғаға жасалған шолу адам құқығы туралы уәж айтатын мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың, әсіресе кейбір исламдық елдердің адамгершіліктен жат оқиғаларға екітүрлі қатынас көрсетуі немесе уақытты босқа өткізулеріне байланысты құрбан болғандардың саның азайтатын уақыттан айырылып отырғанымызды көрсетті. Халықаралық ұйымдар осы кезге дейін ешбір шара қолданбады немесе адамгершілікке жатпайтын бұл қылмыстарды айыптамай, тек үндеу шығарумен шектелді. Олар осы күнге дейін өздерінің әділетсіз үнсіздігімен Мьянма мұсылмандарының көмек сұраған өтініштерін жауапсыз қалдыруда.