Қаң 14, 2017 17:05 Asia/Almaty

Теһран облысы мен оның тарихи және табиғи тартымдылықтарымен таныстыруды жалғастыра келіп, бүгінгі бағдарламаны Дамаванд ауданымен таныстыруға арнаймыз. Бұл жап-жасыл ауданға «Дамаванд» деген мифологиялық атау берілген. Бағзы замандарда Дамаванд ауданының Иранның үш маңызды ауданы – Рей, Қумес және Табарестанның тоғысқан жерінде орналасуы оның маңыздылығының бір себебі болды. Бұл аймақ бүгінде Теһран, Семнан мен Мазандеран облыстарын алып жатыр.

Дамаванд тауының етегінде орналасқан Дамаванд ауданы өте әдемі, тартымды әрі бірегей табиғатқа ие. Бұл сұлулықтың басым бөлігі көк тіреген Дамаванд шыңына байланысты. Дамаванд тауынан бастау алатын көптеген өзендер аудандағы бақтар мен егіс алқаптарын суаруда ерекше рөл атқарады әрі осы ауданда ерекше панорамаға ие жайлаулардың қалыптасуына себеп болды. Жайлаудағы гейзерлік және минералды су көздері, әртүрлі маусымдық панорамалар, тұрақты және маусымдық үлкенді-кішілі тұщы көлдер Теһран облысының осы ауданындағы Иранның табиғатының сұлу көріністерін құрайды. Бағдарламаның соңына дейін бізбен бірге болыңыздар!

Дамаванд ауданының орталығы – Дамаванд қаласы. Бұл аудан Теһран облысының шығыс жағында, орталық Альборз таулы сілемінің оңтүстігінде шамамен 188 мың га аумақты алып жатыр.

Теһран облысы бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижесі Дамавандтың Килан атырабынан табылған адамдардың қонысының 14 мың жылға тиесілі екенін көрсетті. Бұл жердегі адамдар үңгірде өмір сүрген. Олар азық жинап, аң аулау арқылы тіршілік еткен. Археологиялық ескерткіштер тұрғысынан кейбір саяхатшылар Дамавандты әлемдегі ең көне қала деп санаған. «Дамаванд» атауының Таурат пен Авеста сияқты кітаптарда әртүрлі аттармен берілуі – осы сөзіміздің дәлелі.  «Мошир уд-Доуле тарихы» кітабында былай деп жазылған: «Шығыстан Иранға келген арий тайпасының алғашқы тобы Дамавандта қоныс тепкен. Кейбір қираған ауылдар мен қамалдар, ескі өткелдер мен үңгірлердің атаулары Шахнамада айтылған Киани әулеті мен басқа да әулеттердің болғанын дәлелдейді».

Көне кітаптардың көбінде Дамаванд пен Дамаванд тауы туралы айтылғанда Киумарс, Рустам, самұрық, Заххак пен диюлар жайлы сөз қозғалып, бұл жер қорқыныш, қауіп-қатер мен салтанаттың символы деп саналған.   

Профессор Артур Кристенсен «Иран Сасанилер заманында» атты кітабында Фавстос Бузандқа сілтеме жасап: «Сасанилер заманындағы ақсүйек әулеттердің бірі Дамавандта тұрған. Олар да Дамаванд деп аталған.

Исламға дейінгі дәуірлерде Дамаванд ұзақ уақыт бойы зороастрлардың діни билігінің орталығы ретінде ерекше маңыздылыққа ие болған. Иранға ислам діні келіп, ирандықтар ислам дінін қабылдаған соң сол кезде аумағы үлкен әрі халқы көп Дамаванд аймағы Рей және Табарестанмен бірге мұсылман әскерлеріне берілген.

Дамаванд Табарестан аймағын Алавилер басқарған шақта, исмаилиттердің көтерілісі кезінде, Селжұқтар билігі мен моңғолдардың Иранға шабуылы кезінде және Сефевилер дәуірінде аумалы-төкпелі заманды басынан өткерді. Осы аралықта табиғи құбылыстардан, әсіресе жерсілкінісінен аман қалмады»,-деп жазған.

Тұрақты өзені, минералды су көздері, кең алқабы, өте суық желдердің соғуынан аман болуы, егіс алқаптары, бау-бақшалар мен жайылым жерлерінің қолайлы болуы Дамаванд аймағында егін және мал шаруашылығы үшін қолайлы мүмкіндіктер тудырды. Бәрінен маңыздысы – Дамаванд қаласының керуендер тоқтайтын орталықтардың бірі болғаны. Экономика тұрғысынан Дамаванд шын мәнінде бай аудан болған әрі аудандық биліктің орталығы саналып, Рей патшалары мен ақсүйектерінің жазда жайлайтын жерлерінің бірі болған. Рей халқы да жаз кезінде Дамавандтың атырабында орналасқан тауларға  келіп отырған. Сонымен қатар, Дамаванд малшылардың тоқтайтын  жері болған. Олар Дамавандтан Ларға келіп-кетіп жүрген. Бұл қала өзінің айналасындағы Фирузкух пен Гүлхандан сияқты қамалдарды қорғау қызметін атқарған. Табарестанның (Мазандеранның) басты өнімі – жібек осы жол арқылы Рейге жіберіліп  отырған. Сондай-ақ, жүннен жасалған маталар мен киімдер Дамавандтың негізгі тауарлары болған.

Ибн Надимнің «Тізім» атты кітабында Дамавандтың байланыстырушы рөлі туралы былай деп жазылған: «Дамаванд ауылы шыңның айналасында орналасуы және жанартаудан газдың шығуына байланысты  «Дамаванд» деп аталған. «Дәм» «газ», ал «аванд» «ыдыс» және «орын» деген мағынаны білдіреді.

Соңғы саяси-әкімшілік бөлініс бойынша, Дамаванд ауданы шамамен 2800 шаршы шақырым ауданды алып жатыр. Ол орталық және Рудехен деген екі бөліктен тұрады. Онда Дамаванд (Гилаванд пен Джиларад), Рудехен, Килан, Абсард пен Абали деген 5 қала бар. Бұл ауданнан Хараз бен Фирузкух атты екі күре жол өтіп, Теһран мен Мазандеран облыстарын бір-бірімен байланыстырады.

Дамаванд қаласы – Дамаванд ауданының орталығы. Дамавандтың алғаш қалыптасуы «Пашиан» атауымен байланысты. Ол Табарестан уалаятындағы  билік орталықтарының бірі ретінде Рей тарихи орталығымен бір мезгілде қалыптасқан.

Аймақтың табиғи құрылысы және шығыс пен солтүстік-шығыста орналасқан Альборз тауларының болуы қаланың осы бағытта дамуына тосқауыл болды. Сондықтан Дамаванд қаласы табиғи тұрғыдан Тар өзені ағып жатқан сайдың ішінде солтүстіктен оңтүстікке қарай салынған.

Соңғы бірнеше онжылдыққа дейін Дамаванд қорғаныстық тұрғыдан жақсы жағдайда орналасқандықтан және Мазандеранды Реймен жалғайтын негізгі  қатынас жолы ретінде ерекше маңыздылыққа ие болған. Сонымен қатар, қолайлы климат осы қала мен оның атырабында егіс алқабын өсіріп, бау-бақша мен мал шаруашылығымен айналысуға жағдай жасады. Дамавандта жер асты су көздері, жүздеген өзен мен тұщы су көздері, «Деличай» мен «Тарруд» тұрақты өзендерінің болуы ауыл шаруашылығының күннен күнге қарқындап, алма, алмұрт, шие мен тағы жа басқа жеміс-жидек бақтарының дамытылып, картоп, бидай, арпа, түйе бұршақ пен басқа көкөністерді өндіріп, әртүрлі гүлдер өсіруге себеп болды. Аталған өнімдермен қоса, омарта шаруашылығы және мал шаруашылығы осы аудан тұрғындары арасында кең таралған жұмыстардың бірі саналады. Сонымен қатар, ауа райы жайлы жап-жасыл жайлаулар, сайлар, таулардың ортасындағы лала гүлдеріне толы алқаптар, минералды су бұлақтары, құнарлы жерлер, таза да көңілді шаттандыратын ауа, сыңсыған миуалы бақтар, көлеңке мен суы мол өзендер –  осының барлығы бұл жерді армандағы ерекше бір аймаққа айналдырды.

Соңғы жылдары қалада тұрудың тартымдылықтары, ауылдық жерлердің босауы, Дамавандтың қолайлы жағдайы әрі Теһран қаласына жақын орналасуы Дамаванд қаласының салыстырмалы түрде жылдам дамуына себеп болды. Сонымен қатар, Дамаванд жайлаулық қала ретінде көршілес қалалардың лас ауасынан шаршаған тұрғындардың назарын аударып отыр. Олар демалу үшін Дамаванд қаласына келеді. Сондықтан қала тұрғындарының жайлауда өмір сүруге бет бұруы Дамавандтың қолайлы жерлерінде бақтар мен жаздық үйлердің пайда болуына себеп болды.

Кейін басқа қауымдардың келгенін есептемегенде Дамаванд ауданы тұрғындарының этносы арийліктердің 16 тармағының біріне жатады. Бұл тармақ «Қумес»  деп те аталады. Олардың өзіндік тілі бар. Бұл қауым уақыт өте келе «Гиль мен Джорджан» қауымдарымен араласып кеткен.

Тарих бойында моңғол, араб және парсы тайпаларының бір тобы осы аймаққа келіп, жергілікті ұлтпен араласып кеткендіктен жергілікті тұрғындар өз тілінен айырылған. Иранның солтүстік-батысындағы Урумиенің атырабынан пазуки түріктері, Қучан мен Боджнурдтың атырабында тұратын Аблу және Кушанлу күрдтері мен парсы тайпаларының көшіп келуі халықтардың Дамаванд аймағына қоныс аударуының бір үлгісі болып табылады.

Дамаванд халқының негізгі тілі «тати» деп аталады. Бұл Қумес халқының тілі. Қумес тілі уақыт өте келе Гилян тілімен араласып кеткен. Дамавандтың солтүстігіндегі ауылдардың тілі мазандерандық тілге жақындай түскен. Бірақ басқа жерлерде таза сақталған. Кейбір жерлерде аймақта өмір сүретін басқа ирандық ұлттардың тілімен араласып кеткен.

Тегтер