Нау 21, 2016 11:09 Asia/Almaty

Экономиканың мағынасы қалыптылық дегенді білдіргендіктен, тұтынысты басқаруды және жанұя мен қоғамның істері туралы ойлау керек.

Исламның экономикалық тағылымдарының маңызды бөлімі тұтыну мен оны басқару жолдарына арналған. Құран Кәрімде илаһи нығметтерді пайдалану туралы кеңес берілген. Бұл кеңестер дұрыс тұтыну мен адамның дамуына қатысты. Алла Тағала «Бақаре» сүресінің 172-ші аятында: «Әй, мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер. Әрі Аллаға шүкірлік етіңдер, егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар»,- деп айтқан. Ислам дініндегі тұтынуға қатысты діни және ахлақтық негіздер мен құндылықтар исламдық өмір сүру тәсіліндегі  тұтынудың үлгісін анықтау саласында белгілі рөл атқарады. Тұтынудың үлгісі уақыт пен мекенге, адамдар мен экономикалық және мәдени жағдайларға байланысты әртүрлі болады. Бірақ олардың барлығынан ортақ негіздерді байқауға болады. Ислам тағылымдарындағы тұтыну негіздерінің біріне ысырап етуден аулақ болу жатады.  «Ысырап» деген сөз негізінде шектен артық шабуыл жасау дегенді білдіреді. Ысырап туралы діни тағылымдарға шолу жасау арқылы ол істің харам екендігіне күмән қалдырмайды. Әрине, «ысырап» деген жалпы түсінік. Оның әртүрлі түрі кездеседі. Мәселен, қаржылай ысырап етушілік. Алланың Құранда ысырап етуден аулақ болуды қуаттауы исламдық өмір сүру тәсіліндегі дұрыс тұтынудың үлгісін ұсынудың маңыздылығын көрсетеді. Ысыраптың ең айқын түрлеріне байлық, табиғи ресурстар мен материалдық мүмкіндіктерді ысырап ету жатады. Ысырап етуден бойтарту Жаратушының көптеген аяттарында кездесетін мәселе. Мәселен, «Анғам» сүресінің 141-ші аятының бір бөлімінен: «...Әрбірі жеміс берген кезде жемісінен жеңдер. Оны жиып алған күнде құшырын беріңдер; ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді»,- деп оқимыз. Илаһи тағылымдарда тұтынудың шектеулері бар.  Соларды сақтау жеке адам мен қоғамның дамуына көмектеседі. Егер шектеулер азайса немесе көбейсе, күмәнсіз күнделікті жүйе зардап шегеді. Сондықтан Ислам дінінде адамдардың теңдік пен бірқалыптылыққа бет бұру қажеттіліктері көп насихатталған. Ысырап ету қоғам деңгейінде ауыр  шығындар әкелуі мүмкін. Бұл құбылыс әсіресе кірісі мен мүмкіндіктері шектеулі қоғамды кедейшілікке ұрындырады. Осыған орай Исламның ұлық пайғамбары: «Ысырап ететін адамды Жаратушы кедейшілікке душар етеді»,- деп айтқан болатын. Ысырап басқалардың құқықтарын бұзу саналады. Исламның экономикалық негіздері бойынша жер бетіндегі материалдық көздер мен мүмкіндіктер барлық адамдарға тиесілі. Әр адам  өзінің қажеттіліктеріне сай соларды пайдалану құқығына ие. Сондықтан ысырап етуші басқаның үлесін пайдаланған болып табылады. Алланың Елшісі: «Жеңдер, ішіңдер, киіңдер, садақа беріңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Үмбетімнің ең жаманы – ойланбай ысырап ететіндер»,- деген болатын. Хазірет Әли (ғ.с.) да сөзінің бірінде: «Ысырап етушілердің үш белгісі бар: өзіне тиесілі емес нәрсені жейді; өзіне жарамайтын нәрсені сатып алып, өзіне жараспайтын нәрсені киеді»,- деп айтқан екен. Имам Садық (ғ.с.) та: «Ысырап – мал-мүлікке  шығын, денеге зиян келтіретін нәрсе. Денеге  пайдалы нәрсе ысырапқа жатпайды. Шектен шығу – ысырапшылық. Алла Тағала ысырап етушілерді жақсы көрмейді»,- деп ескерткен. Имам Реза (ғ.с.): «Жанұяның қаржысын ысырап етпеңдер. Ұлы Алла ысырапты жақтырмайды. Мүмін деп қайырымдылық жасайтын, бірақ ысырап етпейтін адамды айтады»,- деп айтқан болатын. Ысырап етуге қарсы бірқалыптылықтыңнегізін сақтау насихатталған. Бірқалыптылық исламдық өмір сүру тәсіліндегі тұтынуға қатысты негіздердің бірі болып табылады. Діни тағылымдар бұл негізді қуаттағандықтан  адамның ақылы мен болмысы да  оны қуаттайды. Адамның қажеттіліктері әртүрлі болғанымен, мүмкіндіктер мен табиғи ресурстар шектеулі. Кейбір топтардың қажеттіліктерінен артық тұтынуы басқаларды сол заттардан кенде етеді. Сондықан басқалардың құқықтарымен санасу тұтыныс кезінде бірқалыптылықты сақтауды талап етеді. Тұтынуда ортаны ұстау экономикалық істерді алға ілгерілетіп, шығындарды азайтуға көп әсер етеді. Нәтижесінде кедейшілік пен артта қалушылықтан құтқарады. Хазірет Әли (ғ.с.): «Ортаны ұстау азғантай мүлікті көбейтеді»,- деген болатын. Исламның ұлық пайғамбары да бірқалыптылықты сақтаудың маңыздылығы туралы: «Әрбір адам күнделікті өмірінде ортаны ұстаса, Алла оның ырзығын береді. Ысырап еткен адамды Алла ырзығынан айрады»,- деп ескерткен. Көптеген аяттар мен рауаяттар адамның шынайы тұрмысы мен тыныштығының шексіз тұтынуда емес, басқаларға тәуелді болмауда екендігін дәлелдейді. Егер адам өзін дүниелік қажеттіліктерден босатып, өзін мұқтажсыз ете алса жеңілірек өмір сүреді. Ислам діні адамдардың күнделікті өмірі мен тұрмысына жеткілікті назар аударады. Бірақ адамды Алла мен ақыретті ұмыттыратын тұтынушылықты қабылдамайды. Сол себепті исламдық өмір сүру тәсілінде қызғаныш пен артық талап етуден алыстау насихатталған. Хазірет Әли (ғ.с.) қызғаныштың салдарына қатысты сөзінде: «Дүниеге тойымсыз адам құриды»,- деді. Қанағат – тұтыну үлгісіндегі негіздердің бірі. Имам Әли (ғ.с.) адамды тыныштыққа бөлейтін, экономикалық қауіпсіз, ең жақсы өмірді қанағатқа сүйенген  өмір деп атап: «Ең жақсы өмір қанағатпен өмір сүру»,- деп айтқан  болатын. Қанағат деген азғана нәрсені қанағат тұту.  Қанағатшылық байлықпен бірге адамның өмірін жақсартып, қызғаныштан туындайтын бұзақылықтарды азайтып, экономикалық шығындардың алдын алады. Исламның ұлық пайғамбары: «Менің үмбетімнің ең жақсылары – қанағат етушілер, ең жамандары – тойымсыздар»,- деген. Исламның тұлғаларынан жеткен рауаяттар бойынша нығметтердің таусылмауы, мұқтажсыздық, тыныштық – исламдық өмір сүру тәсіліндегі қанағат етудің нәтижелері. Хазірет Әли (ғ.с.): «Әр адам өз қажеттіліктерінің  мөлшерінде  қанағат етсе, тыныштыққа бөленеді», келесі бір сөзінде: «Алла оған қанағатшыл қасиетті  сыйлаған адам ең жақсы өмір сүретін адам»,- деген болатын.Тұтынуға әсер ететін ең маңызды негіздердің қатарына қаржының дұрыс айналымы, қоғамның кірісі мен байлық жинаудан алыстау жатады. Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 34-35-ші аяттарында алтын-күміс пен мүлікті және байлықты теріске шығарып,  бұл істі илаһи азапқа себеп болады деп атаған. Сараң тұтыну, яғни өзі мен басқаларды илаһи нығметтерден мақұрым ету – исламдық тағылымдарда қабылданбайтын іс. Исламның ұлық пайғамбары: «Сараңдық танытып, ата-бабалары үшін жұмсамаған адамның мүлкін Алла  жамандардың ықтиярына береді»,- деп ескерткен. Имам Әли (ғ.с.) атта қалушылықтың себептерінің бірін ауқатты, бақуатты адамдардың сараңдығы деп атаған.  Сондықтан мал-мүлік пен қаржы жинап, оны өнім шығару үшін тұтынбау қоғамның дамуына нұқсан келтіреді. Тұтынушыға ысырап етуге тыйым салынған сияқты ол өзінің кірісі мен қорын пайдаланбай отырмауы тиіс. Ол шариғат бойынша мүлкі мен табысын пайдалануға міндетті.

Тегтер