Қар 18, 2018 23:38 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (161)

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, "Ғалымдардың сұлтаны" деген атпен танымал атақты құтпагер әрі мистик Бахаеддин Валад Мұхаммад бен Хосейн Хатиби және оның «Маариф» атты әйгілі кітабы жайлы сөз қозғаймыз.

"Ғалымдардың сұлтаны" деген атпен танымал Бахаеддин Валад Мұхаммад бен Хосейн Хатиби – х.қ.ж.с.б. 6-7 ғасырларда Хорасанда өмір сүрген мистик, уағызшы, шейх әрі Иранның ұлы мистик ақыны Джалаледдин Моулавидің әкесі. Бахаваладтың әкесі Хосейн бен Ахмад Хатиби өз заманының ғұлама тұлғаларының бірі болған. Олар Балхта өмір сүрген. Бахавалад х.қ.ж.с.б. 546 жылы (1151 жылы) Үлкен Хорасанның  маңызды қалаларының бірі Балхта әйгілі әрі тақуа әулетте туған. Бахавалад ата-бабасының кәсібін жалғастырып, Балхта уағызшы және мүфти болған. Бахавалад өз заманындағы уағызшылардың әдеті бойынша Хорасан, Мәуереннахр мен Түркістанның қалаларына, Вахш жеріне, Соғд даласы мен Хорезм аймағына сапар шеккен. Қай жерге барса да, әр қаланың мешіттерінде уағыз айтып, медреселерде сабақ берген, тіпті  дәруіштердің үйлеріне де барған. Оның уағызы экспрессияға толы, сабақтары да қызық өткен. Оның дәрістерінің басқа ғалымдар мен факихтер арасында кең таралған дүниелерден айтарлықтай айырмашылығы болған. Тазкерелерде айтылғандай, Бахавалад Хорезмшахтың әділетсіздігі мен залымдығынан туындаған қиыншылықтарға байланысты және моңғолдардың Иранға шабуыл жасайтыны туралы хабар жеткен соң Балхтан көшуге шешім қабылдаған. Бахавалад өз жанұясы және шәкірттерімен Ирак пен Шамда біраз уақыт тұрған соң Кіші Азияның шығыс аудандарына барған. Бұл аймақтарда парсы тілі сөйлеу, жазу және оқу тілі болған. Сол себепті оның уағыз айтқан жиындарын жұрт қолдаған. Бахавалад өмірінің соңғы жылдарында жанұясымен бірге Конияға барып, осы қаланың ақсақалдары, ойшылдары мен тұрғындарының құрметіне бөленген. Ол х.қ.ж.с.б. 627 жылы 83 жасында Алланың әміріне мойынсұнып, дүниеден озды.

Бахаваладтан қалған жалғыз еңбек – «Маариф» атты құнды кітап. Бұл оның шәкірттері тарапынан жазылып алынған дәрістерінің жиынтығы. Топтама көбінесе Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінің тәпсірі, теология мен шариғатқа қатысты сұрақтардың жауаптарынан тұрады. Кітаптың мазмұнынан исламның қасиетті шариғат заңдарын сақтауды көздеген  мықты, қырағы әрі мінезі ауыр насихатшының келбетін көруге болады. «Маариф» Бахаваладтың ұлы әрі Иранның ұлы ақыны Моулана Джалаледдин Балхиге айтарлықтай әсер еткен. Моулана өзінің сұхбаттарында әдетте осы кітапты «әкенің пайдасы» деген сөз тіркесімен атаған. «Маарифтің» мазмұндары мен тақырыптарының Моулавидің еңбектеріне тигізген әсері айқын байқалады. Моулави өзінің мәснәуилері мен ғазалдарында осы кітаптың мазмұндарын көп қолданған.

Бахаваладтың мәснәуилер жинағында  тоухид, Құран тәпсірі, Алланың есімдері мен сипаттары және исламдық теология мен сопылыққа қатысты басқа да тақырыптар жанға жағымды поэтикалық тілмен баяндалған. Бірінші рет Хельмут Риттер өз кітабына қосымша «Маариф» кітабын басып шығарды. 15 жыл өткен соң марқұм ұстаз Фрузанфар Риттердің еңбегінен хабарсыз күйде бұл еңбекті үш стамбұлдық және бір теһрандық нұсқалар негізінде «Бахавалад деген атпен танымал "Ғалымдардың сұлтаны" БахаваладМұхаммад бен Хосейн Хатибидің айтқан уағыздары мен сөйлеген сөздерінің жиынтығы – «Маариф» деген атпен х.ш.ж..с.б. 1333 жылы, сәйкесінше 1954 жылы Теһранда басып шығарды. Оның жалғасын х.ш.ж..с.б. 1338 жылы, сәйкесінше 1959 жылы Кония нұсқасының негізінде тура осы атаумен басып шығарды. «Маарифтің» осы түзеулері бар нұсқасы ұстаз Фрузанфар қайтыс болғаннан кейін жаңа қалыпта екі томда х.ш.ж..с.б. 1352 жылы, сәйкесінше 1973 жылы қайта басылып шықты.

«Маарифтің» бірінші томы үш бөлімнен тұрады. Ұстаз Фрузанфар екінші томды төртінші бөлім деп атап,  бұл бөлімнің шын мәнінде «Маарифтің» ең маңызды бөлігі әрі алдыңғы үш бөлімнің негізгі өзегі деп пайымдаған. Фрузанфар кімнің бұл кітапты бірінші бөлімде келтірілгендей әрлеп, толықтыруды міндетіне алғаны туралы, Бахаваладтың өзі бұл істі атқарды ма,  әлде Моулави немесе оның ізбасарларының бірінің атқарғаны жайлы нақты жауап бермеген. Хельмут Риттер бұл еңбекті Бахавалад уағыздарының конспектісі деп атаған. Алайда бұл кітапта Бахаваладтың жеке қалғандағы ойлары мен ішкі талап‑тілектері бар.  Бұлардың уағызда айтылуы екіталай. Сондай‑ақ, кітапта оқырманға қаратып айтылған сөздер бар. Бұл «Маарифтің» Бахаваладтың шәкірттері тарапынан жазылған конспектісі болу ықтималын төмендетеді. «Маарифтің» қашан және қай жерде жазылғаны айқын. Фрузанфар олардың кейбір тармақтары Кіші Азияға қоныс аударғаннан кейін жазылған деп жорамалдайды.  Бұл жазбалардың уақыты анықталған немесе оны анықтауға болады. Олар х.қ.ж.с.б. 597-607 жылдары жазылған.

Бахаваладтың «Маариф» еңбегі

Көрнекті неміс зерттеушісі Фритц Майер Бахаваладтың өмірбаяны, ойлары мен пікірлері жайында 27 тараудан тұратын «Бахаваладтың өмірі мен сопылығы» атты кітап жазды. Майер басқа атау және мазмұнда да кітап жазып, оның бір тарауын ғана Бахаваладтың өмірі мен сопылығына арнағысы келген. Алайда дереккөздері, әсіресе «Маариф» еңбегі мен Фрузанфардың осы кітапқа жазған түсініктемесін зерттей келе Бахаваладтың сопылық әлемінің басқа сопылардың әлемінен қатты айырмашылығы бар және соларды егжей‑тегжейлі түсіндіру керек деген нәтижеге жеткен. Майер осы ұстанымды ақтап, Бахаваладтың сөздері туралы өз түсінігімен шектеле алмағанын,  оларды дәлелдеу үшін «Маарифке» сілтеме жасауды жеткілікті санамағанын, неміс тілді оқырмандардың осы кітапты оқитынына үміттене алмағанын айтты. Сондықтан ол «Маариф» кітабының басым бөлігін неміс тіліне аударып, өзінің зерттеу еңбегіне қосуды қажет санаған.  

«Маариф» кітабы «морсал» қалыбында жазылған. Онда бейнелеу құралдары сирек қолданылғанымен, сирек кездесетін сөздер мен сөз тіркестері бар. «Маарифтің» прозасынан Балх халқының диалектісін байқауға болады. Бұл еңбекте сопылық, дін мен ойлау принциптері, ақлақтық мәселелер, Құран аяттарының тәпсірлері мен интерпретациялары, пайғамбарлардың хадистері өте жатық, көркем әрі анық тіркестермен баяндалған. «Парсы әдебиетінің тарихын» жазған ұстаз Забихулла Сафа «Маарифті» нәзіктік тұрғысынан өлең деп санаса, Фрузанфар оны «ең жақсы поэтикалық прозалардың бірі» деп атаған, ал тақырыптарды баяндау тұрғысынан Аттар, Санаи мен Хафиз сынды ұлылардың өлеңдеріне ұқсайды деп санаған.

Фритц Майердің пікіріне сәйкес, Бахавалад сөзінің тартымдылығы оның жасандылықтан ада ашық стилінде жатыр. Майер «Маариф» еңбегінің маңыздылығына себеп болған нәрсені Бахавалад  ұсынған исламдық сопылықтың жаңа бір түрі санады. Сопылықтың бұл түрінде Құдайдың көрініс беруі мен жоғарылауы арасындағы қашықтық, Құдайдың әлемнің өн бойындағы болмысы мен ғаршыда жайғасуы арасындағы қашықтық жойылған. Бахавалад сопылығының жаңашылдығы туралы және оның тәсілінің басқа сопылардың тәсілдерінен айырмашылығы  жайлы басқа зерттеушілер де өз пікірлерін білдірген. Ұстаз Фрузанфардың пайымдауынша, «Маарифтің» маңыздылығының себептерінің бірі Бахаваладтың Құран Кәрімге көңіл аударуы мен осы аспандық кітаптың сырларын баяндауында жатыр. Тараулардың көп бөлігінде Құранның аяттары келтіріліп, мағыналары айтылған. Автор Құранның құпияларын айқын тіркестермен,  көбінесе сезім мен соған жақын түйсіктерден тұратын аллегориялармен ашуға тырысқан. Бахавалад Құранның құпиялары, хадистер мен сопылықтың нақты тақырыптарын жанға жағымды поэтикалық сөздер және сөз тіркестерімен келтірген.

«Маариф» кітабының әдемі прозасына қатысты ұстаз Зарринкубты былай деген: «Бахавалад осы еңбекті жазу барысында басқа әлемде, материалдық дүниенің ар жағында болған, тіпті қалам оның жүрегінің ықтиярында болған сияқты. Ол жүрегінде болып жатқан нәрселерді қаз‑қалпында баяндаған».

"Ғалымдардың сұлтаны" деген атпен танымал атақты  ирандық құтпагер, мистик Бахавалад туралы сөзімізді оның бір көзқарасын баяндаумен аяқтаймыз. Бахаваладтың «Маариф» кітабында ең жиі қолданылатын сөздердің бірі – Алла.  Автор өз кітабының өн бойында Құдай сөзінің орнына оның есімдерінің бірі болып табылатын «Алла» сөзін көп қолданған. Фритц Майердің пайымдауынша, Бахаваладтың «Маариф» еңбегінде «Құдай» сөзінің орнына «Алла» сөзін қолдануының себебі мынада: ол илаһилануды адам үшін ең жоғары дәреже санаған. Бахавалад «Маарифте» дұға тілеудің пайдасы туралы сұхбатында «Алла» сөзінің түбірін «Елаһ», яғни халықтың пана табар жері деген мағынадан алынған деп санаған. Оның ойынша, барша ғалымдар, соның ішінде астрономдар мен хакімдер Алланың әрбір тіршілік иесінің арғы беті екендігіне келіседі. Ол Алланы жоқ болу, қарапайым болу деп санайды, Оны бүкіл нәрсенің бастауы, барлық тақырыптарды қамтушы және баршаның тіршілік ету ортасы деп біледі. «Оның орны – жоқтық мекені. Ол барлық тіршілік иелерінің іші мен сыртында». Бахаваладтың ойынша, Алланы қалайтын адам жоқтыққа жетеді, ойға батып, таңдана қарайды. Жоқтық оның алдында ор сияқты,  су немесе ауаның көрінбейтін беті секілді. Бахавалад Құдайдың сыртқы сипатының болмауына, себеп‑салдарсыз болуына сүйеніп, барлық сипаттар Аллаға қарайды, баршаның назарындағы Оның өзі сипат тудыру үшін формасыз болуы керек.

Тегтер