Сәу 13, 2016 19:45 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (62)

Сәулет – кеңістік тудыру өнері. Әралуан қолданыс түріне арналған кеңістіктер көрерменнің ынтасы мен сезімін оятады. Әрбір елдің сәулет өнері сол жердің тұрғындарының наным-сенімі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының ықпалында болады. Сондықтан да салт-дәстүр айырмашылығы әртүрлі қоғамдардың сәулет өнерін бір-бірінен ерекшелендіреді.

Сәулет өнерінің маманы Джордж Мишель "Ислам әлемінің сәулет өнері" (Architecture of the Islamic World) атты еңбегінде: "Сәулет өнері – шын мәнінде мәдениет пен қоршаған орта факторларының нәтижесі және оны тудырған адамдардың тұрмыс салтының белгісі. Ислам әлемінің сәулет өнері – әрбір топ пен кәсіп түріне жататын мұсылман халықтарының сәулет өнері", -деп жазған. Ол содан соң исламдық мектептер жайлы: "Исламда тәлім-тәрбие ғибадат етумен тығыз байланысты. Әу бастан-ақ мешіттер ғибадат етіп, ғылым үйрету үшін пайдаланылған. Бірақ ғасырлар өткен соң бұл екі қолданыс аясы бір-бірінен бөлініп кетті. Тәуелсіз медреселер пайда болды. Ислам елдерінің көбіндегі медресенің архитектуралық жобасы Иран мешіттері, әсіресе Үлкен Хорасан аймағының жобаларынан үлгі алып салынған. Медресе әрбір жағында террасасы бар тіктөртбұрышты аула түрінде салынған", -деп жазған. Содан соң Джордж Мишель Бағдад, Стамбұл, Мысыр, Үндістан, Сирия және Исфахандағы медреселерге тоқталып өткен. Олардың алғашқы үлгісі Селжұқтар кезінде Иранда салынғандығын айтқан. "Сұлтани" немесе "Мадаршах" медресесі бүгінде "Имам Джафар Садеқ (ғ.) " медресесі деген атпен әйгілі. Ол Исфахан қаласындағы исламдық ғимараттардың бірі. Бұл медресе шәкірттерге діни ғылым беруге арналған Сефевилер дәуірінен қалған ең соңғы салтанатты ғимарат болып табылады. Ол Исфаханның Чахарбақ көшесінде орналасқан. Сұлтани медресесі шах Сұлтан Хұсейн Сефевидің кезінде он жыл ішінде салынған. Оның салынып біткен уақыты х.қ.ж.с.б. 1186 жыл. Эжен Фланден, Див Лафу пен Кант де Гавино сынды саяхатшылар бұл медресені таңғажайып, тартымды әрі жанға жайлы деп сипаттаған және оны Сефеви дәуірі сәулет өнерінің бірегей туындысы деп атаған. Бұл медресенің тарихында былай делінген: Шах Сұлтан Хұсейннің анасы бірнеше керуен сарай, базар мен экономикалық мекеменің табысын осы медрсенің қаражатын қамтамасыз етуге вакфқа берген, сондықтанда ол "Мадаршах", яғни "Шах анасы" медрсесі деп аталып кеткен. Сұлтани медресесі (Имам Джафар Садеқ) төрт терраса түрінде салынған және оның сыртқы бетінде биік әрі әдемі кіреберіс маңдайша және оның екі жағында екі қабатты он жеті кішкене арка бар. Маңдайшадағы жазба көгілдір түсті керамикалық тақташалардың үстіне насталиқ жазуымен ақ түспен жазылған. Медресенің есігі алтын және күміспен безендірілген. Есіктің бетінде әдемі жазумен бедерлі түрде жазылған өлең жолдары бар. Имам Джафар Садеқтің (ғ.) медресесі тас қашау, сырлы кірпіш жапсыру, каллиграфия, ағаш ою және Исфахан халқының басқа да өнерлерінің көрініс тапқан мекені болып табылады. Ауланың төрт жағындағы террасалар мен құжыралардың есігі шынар ағашына толы баққа қараған. Бақты кесіп өтіп арықтан су ағып жатыр. Бұл су осы құрылыстың жалпы сұлулығын арттыра түседі. Діни ғылым іздеушілердің мекендеуіне арналған екі қабатты бөлмелер салынған. Осы бөлмелердің барлығы бір жоба негізінде салынған және шамамен алғанда қазіргі қонақ үй бөлмелеріне ұқсас. Бөлмелердің іші түрлі түсті керамикалық тақташалармен жабылған. Медресенің солтүстігінде кішкене әдемі базар бар. Ол да Севефи дәуірі базарларының құнды үлгілерінің бірі болып табылады. Медресенің жанындағы керуен сарай бүгінде "Аббаси қонақ үйі" деп аталады және Иранның ең салтанатты әрі ең ежелгі қонақ үйлерінің бірі болып саналады. Сұлтани медресесі мешіт қызметін де атқарған. Ол 8500 шаршы метр ауданымен Иран сәулет өнерінің құнды ескерткіштерінің бірі болып саналады. Х.қ.ж.с.б. 11 ғасырда Шираз қаласы Шираз стилінде салынған ең соңғы архитектуралық құрылыстың салынуының куәсі болды. Бұл бірегей туынды – Фарстың билеушісі Аллавердихан мен оның ұлы Имам Ғалиханның көмегімен салынған "Хан" медресесі. Бұл ғимарат 5000 шаршы метр ауданда екі қабатты етіліп салынды. Онда шәкірттердің өмір сүруіне арналған 100 құжыра бар. Медресе ауласының ортасында сегіз қырлы хауыз, оның төрт жағында 4 бақша бар. Олар грейпфрут және құрма ағаштарымен көркейтілген. Медресенің кіреберіс даланы жеті түсті керамикалық тақташа, әдемі гүлдер және бұталардың суретімен көркейтілген. Медресенің кіреберіс даланы хешти-каридор сияқты салынған. Оның төбесі күмбезбен, ал іші көгілдір түсті керамикалық тақташалармен жабылған. Оның сырлы кірпіш жамылғысы Исфаханның шейх Лүтфулла мешітіне ұқсайды. Төбенің жиегінде Құран аяттары сұлс жазуымен жазылған. Кіреберіс даланның жоғарғы жағында бір зал бар. Кезінде онда Молласадра деген атпен әйгілі Садр ол-Мұталахин Ширази философиядан сабақ берген. Шираздың "Хан" медресесінде архитектураның маңызды элементтері, атап айтқанда геометрия, баланс, су, сәуле және т.б. өте жақсы көрініс тапқан. Осы элементтердің барлығы ақыр соңында ирандықтардың өнері мен жасампаздығын білдіреді. Х.қ.ж.с.б. 1296 жылы Мырза Хұсейн хан Сепахсалардың бұйрығы бойынша Теһранда бір мешіт-медресе салынды. Бұл мекен Сепахсалар медресесі деген атпен әйгілі. Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін бұл медресе "Шахид Мұттахаридің жоғары медресесі" деген атпен аталды. Бұл ғимарат бүгінде Иран астанасының тарихи ғимараттарының бірі болып саналады. Сепахсалар мешіт-медресесінің сәулетшісі қажы Хасан Құми болған. Оны салуға 5 жыл жұмсалған. Бұл ғимараттың архитектуралық жобасы Иран сәулет өнері мен Түркиядағы Стамбұл мешіттерінің архитектуралық жобаларының қосындысынан тұрды. Оның көрнекті күмбезі өзінің 10 мұнарасымен Иранның басқа ғимараттарынан ерекшеленеді. Қаджарлар дәуірінің сырлы кірпіш жабыстыру өнері мен басқа да архитектуралық өнерлерін қолдануы оны Иранның ең әдемі ғимараттарының біріне айналдырды. Шахид Мұтаххари (Сепахсалар) медресесінің ауласында биік төрт терраса салынған. Оның ең биік мұнарасы 37 метр. Мұнара жартысына дейін таспен, ал одан кейін күйдірілген кірпішпен жабылған. Сепахсалар медресесі кеңістігінің маңызды ерекшеліктерінің бірі – екінші қабатта көктем мезгіліне арналған кең террасалардың болуы. Бұл Қаджарлар дәуірі сәулет өнерінің бастамасы болып табылады. Шахид Мұтаххари медресесін Иран сәулет өнерінің ең соңғы төрт террасалы бірегей туындысы деп атауға болады. Ғимаратта алты кіреберіс есік бар. Оның террасаларының биіктігі шамамен 18 метр. Аулада 4 бақша, 4 кең тротуар және үлкен дөңгелек хауыз бар. Бұл хауыз Мехран жер асты су желісінің суымен қамтамасыз етіледі. Ағынды су медресенің кеңістігін одан да жайлырақ етті. Солтүстік террасада 1880 жылы жасалынған үлкен әдемі сағат ілінген. Бұл сағаттың екі беті бар. Оның бір беті медресе ішіне, екінші беті Бахарестан ғимаратына қаратылған. Сепахсалар мешіт-медресесінің күмбезханасы оның архитектуралық ерекшеліктеріне байланысты Иран сәулет өнеріне өзгеріс енгізген құрылыс болып саналады. Медресенің михрабы мен безендірулері, каллиграфиямен жазылған жазба тақталары, дөңгелек терезелері мен түрлі түсті шынылары өте әдемі жобамен жасалынған. Бұл ғимараттардың даландары мен дәліздерін кішкене күмбездер жауып тұр. Шабестан, яғни намаз оқитын залдың айналасында сабақ беріп, сөз сөйлеуге арналған залдар орналасқан. Олар ұзақ жылдар бойы шәкірттерге діни ғылым үйрету мақсатында қолданылған. "Чехел шир" залы – шахид Мұтаххари жоғары медресесінің ең әдемі бөліктерінің бірі. Мұнда тастан жасалған хауызды айнала 8 баған орнатылған. Хауыздың айналасына ғұсыл алуға арналған крандар бекітілген. Бүгінде бұл мекен діни тәлім берумен қатар, көптеген маңызды саяси және діни рәсімдерді өткізетін жерге айналып отыр. Оның есімі Ислам революциясының тарихымен біте қайнасып жатыр.

Тегтер